Ерекше дарын иесі

0
96

Екі ішекті 40-қа тарта аттың ұзын қылы керілген ысқышы бар қобыз аспабы. Бұл қазақ халқының тарихи-этникалық мәдениетінің көне көзі, рухани қазынасы. Бүгінде осындай рухани қазынамызды дәріптеп жүрген ағаштан жасалған туындылары шет елдің мұражайында сақталған хас шебермен сұхбаттасқан едік.

Дәурен Исламұлы 2007 жылы Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Бейнелеу өнері және сызу мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. Қазіргі таңда жайсаң мінезді қолөнер шебері ағашты ырқына көндіріп мүсіншілік өнерімен ұштастырып келе жатқан азамат.

Ендеше, шебердің өзін тыңдасақ: – Бұл салаға мектеп жасымнан қызығатынмын. Ол кезде мерекелік күндерде баннерге түрлі жазу жазып, қылқаламмен сурет салып жүретінмін. Кейін, 2001 жылы О. Таңсықпаев атындағы сәндік – қолданбалы өнер колледжіне оқуға түсіп, «Мүсінші» мамандығын алдым. Одан кейін бейнелеу өнері мамандығы бойынша оқыдым. Бертін келе, дипломдық жұмысымды қобыз тақырыбында алдым. Сол сәттен бастап бұл салаға деген қызығушылығым одан әрі арта түсті десем қателеспеймін. Бастапқыда мұғалім мамандығы бойынша бір жыл ғана жұмыс жасадым. Өйткені, оқытушы болған кезімде қобызды жасауға мүлде қолым тимей кетті. Сондықтан, осы іске қайта оралуды жөн көрдім,- деп ұлттық өнерге деген бетбұрысының сырымен бөлісті.

Шеберіміздің шағын шеберханасынан қабырғаға қаз-қатар ілінген қобыздың бірнеше түрін көруге болады. Кейіпкеріміздің пікірінше, қобыз аспабынан шығатын үн оған пайдаланылатын ағаш пен төрт түліктің қылына байланысты екен. Көбінесе қобыз жасаушы ұсталар өздерінің туған өлкелерінің табиғатына қарай таңдап, ешкімге ұқсамайтын өзіндік технологияны пайдалануға тырысады. 15 жылдан бері бұл өнерді ата кәсібіне айналдырған ұстаның аспапты жасау тәсілі де ерекше.

– Қобыздан бөлек, астау, тегенек, кәдесыйлар жасаймын. Мәселен, көлемі шағын кәдесыйдың эскизін ойлануға 1 аптаға жуық уақыт өтсе, ал жасау 1 сағаттың көлеміндегі дүние. Ең бастысы бұл дүниелерді сапалы етіп шығару үшін ағашты дайындап аламыз. 1 жыл кебу керек, су ағаш жарылып кетеді. Одан соң нобайын сызамыз. Сосын қағазға түсіріп, бетін тегіс қылып қойып, сызып аламыз, қобыздың формасын шығарып аламыз. Ағаштың көзі, жарығы, шірігі жоқ болуы тиіс. Формасы дайын болған соң қобыздың қабырғасын қолмен сезіп тегіс қылу керек,- дейді ол.

Қобыз шебері түрлі конкурстарға қатысып жүретіндігін де тілге тиек етті. Атап айтқанда, «Qobyz uni» атты республикалық қолөнер шеберлерінің көрмесінде І орын, ұлттық музыка аспаптар фестивалінде бас жүлде, «Ұлттық қолөнер-Ұлы мұра» фестивалінде «Ағаш ою» өнері бойынша ІІ орынды иеленген. Сондай-ақ, 2018 жылы Түркия мемлекетіне Қазақстаннан екі шебер арнайы шақыртылған. Соның ішінде Дәурен де бар. Қазіргі таңда ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі.

– «Шәкіртсіз ұстаз-тұл»,- дейді қазақ даналығында. Сіз кімнің шәкірті болдыңыз?

– Қазіргі таңда елімізде көп шеберлер ою мен өрнекті өз орнына дұрыс пайдалана бермейді. Ағаш бұйымдарына салынатын ою бір бөлек, киімге салынатын ою бір бөлек болады. Осылардың ара жігін ажыратып, бұл саланы бойыма сіңдіре білген ұстазым Абай атындағы ҚАЗҰПУ-дың профессоры, ұлт аспаптарын жаңаша жаңғыртқан шебер Жолаушы Тұрдығұловты айта аламын.

Осындай талант иесі Дәурен Миншарипов жұбайы Ақжанар Тапаевамен 10 жылдан астам бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп, төрт қыз тәрбиелеп келе жатқан бақытты жан.

Бүгінде Дәурен сынды шеберлер барда, қобыз аспабынан шыққан үннің де сөнбесіне сеніміміз мол.

Leave a reply