Сенім бар жерде табыс бар
Түркістандық Үсен Тұңғышбекұлы дәнекерлеуші мамандығын өзі талаптанып жүріп үйренген.
– Мектепті бітірген соң Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Кез келген студент секілді маған да қаражат керек болды. Ата-анамның қалтасына салмақ түсірмеу үшін қара жұмыс істеп, ақша тауып жүрдім. Ешқашан «істей алмаймын, бұл қолымнан келмейді» деген емеспін. Сөйтіп жүргенде дәнекерлеуші жұмысына тап болдым. Бұл тірлік қаншалықты ауыр болғанымен соншалықты қызықты да болатын. Сабақтан бос уақытымда тәжірибелі дәнекерлеушілердің жанында жүріп, ақыры бұл жұмысты да тез үйреніп алдым. Дипломды қолыма алған соң бұл кәсіпке біржола бет бұрдым, – дейді Үсен.
Үсен жаңа кәсіп бастаушы азаматтарға арналған грант арқылы 500 мың, кейінірек, «Zhas Project» жобасы бойынша бір миллион теңгеге дейін қаражат алған. Сол қаржыға кемпи, аргон, инверторлы металды балқытып біріктіретін аппараттар сатып алған. Бүгінде сынған көліктер мен түрлі техникаларды дәнекерлейді. Сондай-ақ, түрлі тапсырыстар қабылдап елдің игілігі үшін жұмыс істеп жүр. Бұл ісін бастағанда мемлекеттік бағдарламалардың да көмегі тигенін жасырмайды. Жаңа іс бастағалы табысы еселеп арта түскен. Алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді көздеп отыр. Ол «мемлекеттің кәсіпкерге көрсеткен қолдауы кәсібінің дамуына, сапалы өнім өндіруіне және өркендеуіне жол ашады» дейді. Үсеннің жалға алған цехында алты адам жұмыс істейді.
– Соңғы жылдары заңгер, қаржыгер, экономист секілді мамандықты оқыған жастар көбейіп кетті. Жастардың биік мақсаттар мен армандарға ұмтылғаны дұрыс та шығар. Бірақ, елімізде құрылысшы, тракторшы, монтажшылар, электромонтер, токарь, слесарь, электргазбен дәнекерлеуші секілді жұмысшы мамандар тапшы. Қарапайым ғана еңбек мамандығын алып, адал табыс таба жүріп-ақ, жоғары оқу орнына түсіп, өзің армандаған мамандықтың иесі атануыңа болады. Бұл бір жағынан ата-анаңның қалтасына салмақ салмай, өзіңе қажет қаражатты өзің табуға деген зор мүмкіндік. Және бұл мамандық иелеріне қай кезде де жұмыс табылады. Қайндай да бір экономикалық дағдарыстар оларға әсер ете қоймайды, – дейді кейіпкеріміз.
Оның қызметіне деген сұраныс уақыт өткен сайын артып келеді. «Біздің жұмысымыз да оңай емес. Күн ұзағына елге қызмет етеміз. Әрбір клиенттің көңілін табуға тырысамыз. Тірлігімізді мұқият, сапалы етіп атқарамыз. Сондықтан да тапсырыс берушілер бізге сенеді. Ал, сенім бар жерде табыс та болады. Адал еңбек несібені арттырады. Ең бастысы, жалқаулыққа салынбау керек» дейді Үсен Тұңғышбекұлы.
Үсеннің негізгі мамандығы – режиссер. Бос уақытында той басқаратыны тағы бар. «Адал еңбек еткен адамның абыройы биіктеп, ырысқа бөленіп, бәсекеге қабілетті бола алады. Еңбек етудің өзі де – өнер. Ал, өнері мен білімін қатар алып жүрген жан ешқашан далада қалмайды. Әрбір азамат қолға алған ісін еркін меңгеріп, ақырына дейін жеткізер болса, өзінің ғана емес, мемлекеттің де көркейіп, нығаюына үлес қосады. Данышпан Абай атамыздың «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ – өнерсіз иттің ісі. Әуелі Құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жер де береді, құр тастамайды» деген нақылында терең мән жатыр» дейді Үсен Тұңғышбекұлы.