Түркістандық зияткер республикалық ғылыми жобалар байқауында тың жоба ұсынып, үздіктер қатарынан көрінді

0
146

2023 жылғы 15 наурызда «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Биомедицина, инженерия и технологиялар» атты ХII Наурыз кездесулері өтті.

 

Наурыз кездесулері – оқушылардың ғылыми таланттары мен зерттеушілік шабыттырын көктем мерекесінің ең маңызды салт-дәстүрлерімен тоғыстыратын «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының айрықша дәстүрі. Наурыз кездесулері 2011 жылдан бері өткізіліп келеді және заманауи ғылымның жаһандық басымдықтары ішіндегі ең өзекті тақырыптарға арналады.

 

Астанада денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект, робототехника, машиналық ойлау және үлкен деректерді енгізу жобаларымен табысты жұмыс істеп келе жатқан барлық Зияткерлік мектептердің жас ғалымдары жиналды. Мектеп оқушыларының ғылыми-зерттеу жұмыстары 3D-биопринтингке, ақылды протездер мен биоинтерфейстерді жасауға және заманауи медицинаның басқа да өзекті басымдықтарына арналды.

 

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев NIS-тің Наурыз кездесулерін үлкен ғылымға жасалған алғашқы қадам деп атады.

 

Елордадағы физика-математика бағытындағы NIS-те өткен дәстүрлі ХІІ Наурыз кездесулерінде түркістандық зияткер 9 сынып оқушысы Алтынай Исаева үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі 3-орын иеленді.

Жас өнертапқыш Алтынай Исаеваның «Жүректі диагностикалау үшін жасанды интеллект көмегімен электрокардиограмманың прототипін жасау» жобасы Наурыз кездесулерінің «Медициналық бейнелерді, биосигналдарды өңдеу мен талдауға арналған компьютерлік технологиялар» секциясы бойынша 3-орынды иеленді. Жас өнертапқыштың айтуынша Arduino және жасанды интеллект негізінде жасалған прототиптің көмегімен пациент бір арналы электрокардиограмманы алып тастай алады дейді.

 

  • Қазіргі таңда табысы орташа және төмен елдерде жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын жоғары өлім-жітім және симптомдардың жиі орын алуы актуалды мәселелердің бірі. Осы орайда мен жетекшілеріммен бірлесе халықтың әртүрлі топтары үшін бағасы қолжетімді электрокардиограмманың прототипін жасадық. Жоба өзектілігі осы құрылғы арқылы ауылдық жерлердегі адамдарға уақыт пен ақша тұрғысынан жүрек ауруын тексеру процесін тездетуге және жеңілдетуге мүмкіндік береді, деп жобаның ерекшілігін айқындап берді.

 

Еске сала кетейік, «Жасанды интеллект және мехатроника» тақырыбындағы ХІ Наурыз кездесулері Түркістандағы NIS-те өткен болатын. Бұл жолы рухани шаһардағы оқу ордасынан 3 оқушы өз жобасын ұсынды.

Сонымен қатар, ХІІ Наурыз кездесулеріне алғаш рет ауылдық аймақтағы 17 тірек мектептің оқушылары келіп қатысты.

– 2023 жылғы Наурыз кездесулерінің басты ерекшеліктерінің бірі – 17 тірек мектептерінің қатысуы, ауыл мектептерінің білім алушылары жаңа ілім мен дағдыларды меңгеріп, ғылымға жаңаша көзқарас танытатына, NIS оқушыларымен дос болып кететініне сенеміз. – деп атап өтті Назарбаев Зияткерлік мектептерін дамыту департаменті директоры Рустам Абилов.

Leave a reply