ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫ АДАЛ АЗАМАТТАР ҚҰРАДЫ

0
100
Президент қоғамдағы жауапкершілік, әділеттілік принциптері туралы жиі айтады. Расында салғырттық жайлаған елде өсу-даму болмайды. Адамның бойындағы әдет-дағдылар бала кезден қалыптасатындықтан, жауапкершілікті сезінуді балаға ерте жастан үйреткеніміз абзал. Былтыр президентіміз Қазақстан халқына арналған жолдауында еліміздің саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын ұсынатынын айтқан болатын. Өзінің жолдауы аясында Ұлттық құрылды.
“Сөз басында бірден атап өтейін, меніңше, Ұлттық құрылтай бұл – арқаны кеңге салып отыратын жиын емес. Сән-салтанатпен өткізетін той да емес. Бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырған.Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Ел басына түскен қиындықтар, ең алдымен, біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы – шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар.Ұлттық құрылтай – халқымызды ортақ мақсатқа ұйыстыратын бірегей құрылым. Мен былтыр наурыздағы Жолдауымда осы құрылтайды шақыру туралы бастама көтердім. Бұл қадам қоғамдық диалогты нығайта түсу үшін жасалды. Сондай-ақ мұнда ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелер талқыланады.Біз құрылтайдың алғашқы отырысын осыдан дәл бір жыл бұрын ұлт ұясы – Ұлытауда өткіздік. Көптеген маңызды істер мемлекеттігіміздің негізі қаланған қастерлі өлкеден бастау алды. Осы игі үрдіс биыл да жалғасын табуда.Бүгінгі басқосу бүкіл түркі халықтары үшін киелі шаһарда өтіп жатыр. Халқымыз әдетте Түркістанды қазақтың рухани астанасы дейді. Дегенмен қаланың мән-маңызы бұдан әлдеқайда жоғары.Киелі шаһар еліміздің тарихында айрықша рөл атқарған. Көне заманнан бері Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қала болған. Бауырлас халықтардың бәріне ілім-білім таратқан руханият ошағы саналған. Сондай-ақ қазақтың тарихында өшпес із қалдырған көптеген тұлғаларымыз осы жерден мәңгілік мекенін тапқан.Шежірелі шаһардың қабырғасына қазақтың жылнамасы түгел жазылған деуге болады. Шын мәнінде, киелі Түркістан – ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығы. Түркістан ғасырлар бойы қазақ халқының маңызды саяси орталығы болып келді. Қазақ мемлекетінің бас қаласы ретінде тарихқа алтын әріппен жазылды. Көптеген хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ұлан-ғайыр далаға билігін жүргізген. Қара қылды қақ жарған билеріміз түрлі дау-шарға төрелік айтқан. Ел-жұртын береке-бірлікке шақырған. Мұның бәрі еліміздің ерте заманнан бері бір орталықтан басқарылған біртұтас мемлекет болғанын көрсетеді. Сондай-ақ қазақ мемлекеттілігінің тамыры тым тереңде жатқанын білдіреді.Ұлы Дала төрінде Жошы хан әулеті Кенесары ханға дейін 6 ғасырдан астам уақыт ел басқарды. Тіпті, әлем тарихында мұндай мысалдар көп емес.Біз қазір бабаларымыз кеңес құрған әйгілі Күлтөбенің іргесінде отырмыз. Әбіш Кекілбаев «Қазақ рухының қағбасы» деп атаған Ордабасы осы жерге тиіп тұр. Осынау әйгілі төбелерде халқымыздың игі жақсылары сан рет бас қосқан. Ұлт тағдыры сынға түскен сәттерде бәрі ақылдасып, елдің болашағын айқындаған. Қалың жұрт салиқалы сөзге тоқтап, ел бастаған ерлеріне көш тізгінін ұстатқан. Бір ел, бір халық болып, сыртқы қатерге қарсы тұрған. Қазақтың бірлігі мен тұтастығының ордасы болған киелі Түркістан болашақта да осы мәртебелі миссиясын атқара береді. Сондықтан осы аймақты басқарып отырған басшыларға зор жауапкершілік жүктеледі. Қанша дәуір өтсе де, ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді.Биылғы құрылтайдың сипаты – өзгеше, мазмұны да – ауқымды. Кешеден бері бірнеше тақырып бойынша жан-жақты, қызу талқылау болды. Құрылтайға қатысушылар Үкімет мүшелерімен пікір алмасты, ойларын ортаға салды. Тың бастамалар көтерді. Президент Әкімшілігі соның бәрін мұқият зерделейді. Ортақ бір тұжырымды әзірлейді. Салмақты ұсыныстар алдағы жұмыс кезінде міндетті түрде ескеріледі”, деді.
Түркістанда өткен құрылтайда Президент жас ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән берді. Балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы дұрыс мәселе көтерді.
Президент атап өткендей, ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптаспақ.
«Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз», – деп мәселе көтерді Президент.
Мемлекет басшысы әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайтынын да атап өтті.
«Шын мәнінде, біз айтып жүрген Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Бұл – бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие болады. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал, арлы адам әділетсіздік жасамайды. Әр салада адалдық басты орында тұрса, әділ қоғам орнайды. Жемқорлыққа жол берілмейді, ел мүддесіне сай шешім қабылданады», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент адал ұрпақ тәрбиелеудің маңызына тоқталды.
«Бір сөзбен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әділетті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз Адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Сонымен бірге, жас ұрпақты Адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Адалдық — ардың ісі. Кейбір ата-аналар балаларына «айналаңды ластама, қоқыс тастама» деген сияқты қарапайым ғана әдепті үйретпейтін сияқты. Біреуден әділетті, адалдықты талап ету үшін ең алдымен өзің сол талапқа сай болуың керек деп санаймын.
“Қоғам тынысы әрдайым назарда болуы өте маңызды. Шешім қабылдағанда жұрттың ұсыныс-тілектерін, пікірін ескеру қажет. Барлық құзырлы органдар осындай тәсілмен жұмыс істеуге міндетті. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Түптеп келгенде, бұл – тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы, өзегі – осында.Қазір әлеуметтік зерттеу жүргізу үшін түрлі мекемелерге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ жұмыс жүйелі емес, сондықтан нәтижесі күмәнді болып шығады. Бұл жұмысты бір жерден ұйымдастырып, кешенді түрде жүргізу керек.Жалпы, талдау қызметі сапалы жүргізілсе, мемлекеттік басқарудың тиімділігі арта түсері сөзсіз. Мемлекетке кешенді түрде жүргізілген зерттеулер мен ұсынымдар өте қажет. Бұл маңызды әлеуметтік мәселелерді шешіп, елдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету үшін айрықша маңызды. Алайда құзырлы органдардың отандық «ақыл-ой орталықтарымен» және консалтинг компанияларымен қарым-қатынасының тиімділігі төмен. Олардың қызметіне қажет болғанда ғана жүгінеді.Мемлекеттік «ақыл-ой орталықтарының» да қызметі көңіл көншітпейді. Олар нақты бір мәселемен тиянақты айналыспайды. Көбінесе бір-бірінің жұмысын қайталайды.Бізге сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет. Бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс. Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар. Сараптама орталықтары еліміз егемендік кезеңінде жүріп өткен жолдың әр бағытын зерттеуге тиіс. Кемшіліктердің себеп-салдарын анықтау қажет. Үкімет жаңа жоспар жасағанда осы факторлар ескерілуі керек. Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады”, деді.

Жиынның соңында елдің рухын көтеретін тағы бір жақсы жаңалықпен президент  бөлісті.

 

“Әйгілі Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылды. Бұл – еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға. Марал ишан барша қазаққа танымал адам болған. Ол – төл тарихымызда ерекше орны бар Кенесары ханның үзеңгілес серігі. Бұл Құран екі ғасыр бойы қолдан қолға өтіп, ақыры шетелге шығарылған екен. Оны жанашыр азаматтардың, меценаттардың көмегімен Қазақстанға қайтарып алдық. Құранда Марал ишанның және Кенесары ханның мөрі бар. Жәдігерге жан-жақты сараптама жасалды. Отандық және шетелдік ғалымдар Құранды мұқият зерттеді. Құранның, расында, Марал ишанға тиесілі болғаны және Кенесары ханға берілгені анықталды. Кез келген өркениетті ел өзінің тарихи мұраларына зор құрметпен қарайды. Оны қастерлеп, мұражайға немесе басқа да арнайы орындарға қояды. Біз де бабалардан мирас болған әрбір жәдігерді қадірлеп, сақтай білуіміз керек. Осы Құранды жақында Қазақстан мұсылмандарының Діни басқармасына табыс етеміз. Өйткені бұл – бүкіл елге ортақ қазына. Құнды мұраның барша халқымыз үшін қастерлі орында тұрғаны абзал. Сондықтан Құранды қалпына келтіріп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қойған жөн деп санаймын. Кезінде Тайқазанның елге оралуын жұрт жақсы ырымға балаған еді. Көп ұзамай Қазақстан Тәуелсіз мемлекет болды. Ұлт азаттығы үшін күрескен Кенесарының қолында болған Құран кітабының елге келуі де жақсы ырым деп ойлаймын. Бұл оқиға Қазақстанның жаңа дәуірінің берекелі бастауы болсын деп тілейік”, деді президент.

Былтыр Ұлытауда, биыл киелі Түркістанда бас қосып, елдік мәселелері талқыланды. Ел тарихында айрықша орны бар тағы бір аймақ – Атырау облысы. Ондағы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз ордасын тіккен. Президент Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын осы шежірелі аймақта өткізуді ұсынды.

Жарылқасын ӘЗІРЕТБЕРГЕНОВ,
Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы

Leave a reply