ҚАЗЫҒҰРТ – ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ БОЙЫНДА ОРНАЛАСҚАН ТУРИСТІК АЙМАҚ
Түркістан облысының тарихи тағылымды, шежірелі өңір екені, оның жер-су аттарынан да байқалады. Қазығұрт тауының атауы соның бір дәлелі іспетті. Осы атаудың пайда болғанына мыңдаған жылдар болды дейді ғалымдар және бұл туралы ел аузында жыр да, аңыз да көп. Мұның бәрі бекерден-бекер болмаса керек, өйткені халық бірнәрсені білмесе айтпайды, ал ғалымдар кез келген нәрсені зерттемесе жазбайды.
Бабаларымыздың: «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса, неге қалған?!» – деп айтып кеткен ғажап сөзі осының айқын дәлелі. Жоғарыда айтылғанның барлығы да Қазығұрттың киелі атау, қасиетті жер екендігіне күмән келтірмейді. Қазығұртқа байланысты қазір де көптеген көркем туындылар жазылып, ғылыми зерттеулер жүргізілуде.
Рас, байтақ Қазақ елі үшін Қазығұрт өңірі ыстық мекен. Аңызға тұнып тұрған қасиетті жер. Қасиетті демей не дерсіз, ол туралы аңыз-әпсана, жыр, дастан қаншама. Көнеден жеткен аңыз бойынша, бүкіл әлем су астында қалып, топан су басқанда Қазығұрт тауының жоғарғы шыңына Нұх пайғамбар кемесі келіп тоқтаған деседі. Ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан ескі аңыз осылай дейді. Желмаясына мініп, жерұйық іздеген Асанқайғы бабамыз: «Қазығұрт – Алланың мейірімі түсіп, шапағатын шашқан тау екен, Нұх пайғамбардың кемесі қалып, бар қасиет бойыңнан табылғандай тау екенсің…» деп жырлаған. Ежелгі жер-су атауының мифтік түсінігіне қарағанда «Қазығұрт» атауының ең ежелгі түркілік нұсқасы – «қаңғұқ-урт» болған деседі. Мұндағы «Қаңғұқ» (қуыс, үңгір, шұңқыр) сөзі «бастапқы тіршілікті жаратқан құрсақ, Ұлы ана» дегенді білдіретіні айтылады. Тағы бір пікір бар. «Қазығұрт» атауы «Қазық» сөзіне «йурт» (жұрт) деген сөз тіркесу арқылы жасалған, яки адамзаттың «Қазық жұрты» дегенді білдіреді. Тізе берсек, Қазығұрт туралы маңызды дерек көп.
Ежелгі дәуір әдебиетінің інжу-маржаны саналған «Оғызнамада» және араб тілінде жазылған көптеген шығармаларда Қазығұрт тауының аты ерекше аталады екен. Аңыз түбі ақиқат деген, Пайғамбар кемесінің Қазығұртта тоқтағанына сол өңірдегі жер атаулары да нақты дәлел бола алса керек. Мысалы, онда «Пайғамбар тоқтаған», «Пайғамбар саусағы», «Нұх пайғамбардың мешіті», «Әбрахмат бұлағы», «Ғайып ерен, қырық шілтен», «Ата тас пен Ана тас», «Ақбура ата», «Көзді ата», «Кеме қалған» т.б. әулиелі жерлер, үш жүзден астам бұлақ, бірнеше үңгір бар.
Ғалым Қ.Өмірәлиевтың пікірінше, Қазығұртта осылайша аталатын қала б.д.д. бірінші ғасырда болған. Қазығұртта Кемеқалған аталатын жер бар. Сол маңайдан тастан қаланған қосу белгісі бар үлкен доңғалақ табылған. Бұл таңбаның өркениет әлемінде кең тарағаны белгілі.Оны шумерлер udu «Күн құдайы» («бог солнца») деп оқығанын Олжас Сүлейменов атап көрсеткен.
Этнограф ғалым Жағда Бабалықұлының пікірі мынадай: «Орыс ғалымдары Тәжікстанның теңіз деңгейінен 300 метр биігінен акуланың сүйегін тапты. Яғни, 12 мың 680 жыл бұрын Орта Азия топан су тұтқынында болған делінетін ғылыми дерек Нұх пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтаған деген аңызды тірілте түседі».
Бұл тау ел арасында «Қазығұрт әулие» деп те аталады. Ерте заманда бүкіл әлемді топан су басатынын Нұқ ғалаһи-уәссалам алдын ала біліп, ертерек қамданып, кеме жасатады. Топан қаптаған кезде жан-жануарлардың аталық және аналық жыныстарын алып, кемеге мінгізеді. Мұның ішінде төрт түлік малдың да тұқымы болады. Нұқ пайғамбардың жақсы адамдары мен туған-туысқандары – барлығы сексен жан ғана кемеге кіреді. Су тасқыны алты айға созылып, Нұқтың кемесі Қазығұрт тауына қайырлайды. Қасиетті осы таудың жоталарына төрт түлік малдың, аң мен құстың алты айлық аштыққа арып-ашып қалған тұқымы түседі. Оларға Жаратушы ие мен пірлерінің шарапаты тиіп, аман қалады. Содан жер үстінде тіршілік қайта қалыптаса бастайды. Тау жоталарындағы жан-жануарлардың аяғы тиген жерлері киелі, әулие болып саналады. Олар Қазығұрт ата, Ақбура ата, Көзді ата, Әңгір ата, Шілтер ата, Мейрам ата, Қайнар ата, Қызыл ата деп аталады. Кемеден түсіп, қоныстануға қалған 80 адамның 73-і шейіт болып кетеді. Нұқ пайғамбардың өзі, Хам, Сам, Иофес атты үш ұлы, Әшиат, Ләйла, Айша деген үш келіні ғана аман қалған екен. Олардан адамзат ұрпағы қайта өрбіп шығады дейді бізге жеткен аңыздардың бірінде. …Алатаудың батыс баурайында аласа тауда Қазығұрт атты әулие өмір сүріпті. Ол ақылды да әділ болып, өмірінің соңына дейін Құдайға қызмет етіпті. Талай рет елін апаттан аман алып қалған екен. Күндердің күнінде, Қазығұрт әулие қартайып, шашын ақ шалған сәтте төскейдегі халыққа үлкен апат келеді. Олар бірін-бірі тонап, ел ішінде ұрлық пен зорлық көбейеді. Әлдісі әлсізін, көбі азын тонау әдетке айналып, халық арасында алауыздық етек алады. Адамдар арасындағы ынтымақтан береке кетеді. Осы кезде жаратушы Алла оларға жыландар мен шаяндарды жіберіпті. Аспаннан у аралас жаңбыр жауып, егістіктері уланады. Өзара тіл табыса алмай, Құдайдың қаһарына ұшыраған адамдарды жыландар мен шаяндар шағып, ажал құшағына алады. Ел арасын қорқыныш пен үрей жайлап, зор азапқа ұшырайды. Көбі өліп, аз қалған адамдар Қазығұрт әулиеге келеді. Олар бұл арада жыландар мен шаяндардың жоқ екенін көріп, таң қалады. Қазығұрт әулиеге: – Бізді мына азаптан құтқарып, ажалдан алып қалу тек сенің қолыңнан келеді. Сенің арың Құдай алдында таза, біз сияқты күнәһар пендеңе араша түсіп, ажал мен азаптан құтқар. Қателігімізді мойындап, алдыңа бас ұрып келіп отырмыз, – деп жылап-еңіреп, аяғына жығылып, бас иеді. Сонда Қазығұрт әулие: – Сендер құдай алдында күнәға батып, кешірілмес қылмыс жасадыңдар. Сол үшін Алла сендерді жазалап отыр. Егер сендер ақымақтық істеріңді тастап, бір-біріңді қинаудан, тонаудан аулақ болсаңдар, араша түсейін, – дейді. Ажалдан қорқып, азаптан үрейленген әлгілер: «Тастаймыз, енді қайталамауға уәде етеміз, егер осыдан құтқарсаң, бәрін де орындаймыз!» – деп шуласып, ант береді. Қазығұрт әулие күнәһарлар күнәсін кешіру үшін Құдайға мінәжат етіп, дұға оқиды. Құдай Қазығұрттың дұғасын қабыл алып, әлгілердің күнәсін кешіреді. Жыландар мен шаяндарды жіберуін тоқтатады. Содан «Қазығұрт – киелі, әулие тау» атаныпты, – дейді тағы да сол көп аңыздың бірі. Қай халық болса да ежелден елді мекендер мен жер-су атауларының мағынасы мен мәніне, шығу тарихына аса зор мән берген. Бұл жөнінде, түрколог С.Сахабаттың пікірі мынадай: – Біздің ата-бабаларымыз атаулар мәселесінде көне тілдерге барып, қазақ жеріне ислам діні келгенше, біздің халық тәңірдің бар екенін мойындап, өздерінің дәстүрлік наным-сенімдерімен өмір сүрген. Оңтүстік топонимдерінде сақ, түркі элементтерінің молдығы соншалық, өзгені қоя тұрып, әуелі өзіміздің тісіміз батпай жүрген мәселелер баршылық. Эпосқа, тарихи аңыздарға, тіпті қазақы шежіреге мүлдем қарсылығымыз жоқ. Қайта керісінше, кәдеге жаратамыз. Мәселе ауызекі шежіреге ойысып бара жатқан ойсыздықта. Қазаққа мейлінше етене, айтылуы бір болғанымен мағынасында айырма жетерлік, һәм «ғ» литургы түркімен, түрік, әзери оғыздарында, араб-парсы, орыс фонетикасында емге ұшыраспағандықтан, яки түсіп қалады, яки өңге литургке (г) айналып кетеді. Қазығұрт оронимінің «қазығ» буынына Көк түркі нұсқасында ой қыдыртып көрелік. Келесі буын ұрт /юрт /йурт / жұрт – бізге аса таңсық емес. Қасиетті айлақ – Жер кіндігі (аxus mundi) – Ғарыш бәйтерегі (aror mundi) – қазығ йурт – Қазығұрт. Қазығ йурт қазақы көмейге ауысқанда – Қазығұрт! Қазтуған жыраудың алаң да алаң жұртын, елең де елең жұртын ескерсек, ештеңесі де жоқ. Бойымызға да, ойымызға да шап-шақ, таза ұлттық пайымға ие боларымыз хақ. Көшпелінің жағрапиялық білімі аса жоғары. Осалдығы хатқа түспегенінде, жолай кимелегеннің аузында кетіп өңі айныған мінезінде. Тірнектеп көрелік: 1. Ғарыш – көк 2. Ғарда – тау (аталық) 3. Ғар – йурт (жұрт, ел, қоныс). «Қазығұрт» деген сөздің қалай шыққандығы туралы нақты дерек жоқ, дегенмен ғалымдар бұл жөнінде өз ойларын ортаға салады. Е.Қойшыбаев Қазығұртты көне түріктердің тайпа аттарымен байланыстырып, қос этнонимнен құралған атау – «қаз» және «құрт» түркілері VІІ-VІІІ ғасырларда өмір сүрген тайпалар деп анықтама берсе, С.Бақбергенов «қазы» – төреші, әділ төреші «құрт» – қасқыр деген мағынаны берсе керек деп тұжырымдайды. Қазығұрт атауы тарихта оғыз бен печенектер арасында болған соғысты бейнелейтін Қорқыт туралы жырда Қазығұрт тауы ретінде кездессе, Әбілғазының «Түркімендер шежіресінде» Қазығұрт туралы екі дерек бар. Оның бірінде Қазығұрт Оғыз ханның алты ұлының бірінің баласы ретінде, екіншісінде тау ретінде аталады. 1043 жылы Оғыз ұлысы ыдырап, кейбір тайпалары батысқа көшкен сәттен бастап, бұл өлкені «Қазығұрт халқы» деп атай бастаса керек. Біздің халқымыз Қазығұрт атауы арқылы рухтанады. Қазығұрт тауын – Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған, адамзаттың алтын бесігі ретінде ардақ тұтады.
Қазақтар қасиетті санайтын төрт түлік (жылқы, қара мал, түйе, қой-ешкі) құрметтеліп, Қамбар ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара деп аталады. Аңыз бойынша Нұх кемесі таудың бөлігіндегі найзатастай болып тұрған жартастардың арасына қайырлаған. Осы жерде үңгір де бар. Сондықтан, бұл бөлігі-Кеме қалған деп аталады. Шығыс бөлігінің төбесі биіктігіне қарамай жазықтау болып келеді. Бұл жерді «Орда қонған» деп атайды. Нақ осы нүктеден айнала төңірек анық көрінеді. Аңыз бойынша осы жер сонау біздің дәуірімізден бұрын, кейініректе де қаңлы, үйсін мемлекеттерінің хандарының жазғы ордасы қонған жер. Соңынан түрік хандары (Истеми), ал одан беріде қазақ хандары жаз кезінде ордаларын тіккен (Тәуке хан т.б.) қазақтың көптеген руларының атасы саналатын Бәйдібек жазғы ордасын осында тігіп, қасиетті Домалақ ана Албан, Суан, Дулатқа осы жерде енші берген. Қазығұрт қазақтардың ақылгөйі саналатын Төле бидің жайлауы болған. Қаз дауысты Қазыбек би жаз жайлауына осында шыққан. Абылай ханның Төле бидің түйесін бағатын жер осы маң.
Кезінде Қазығұрт Ұлы Жібек жолының Орта Азияға кететін тармағының дәл төсінде жатқан асу. Қазақ даласына ислам діні ең алғаш осы өңір арқылы тараған. Аңыз бойынша Ақсақ Темір жас кезінде осы тауды паналап, қазақ тапқан әкесі Тарағайды оыс маңдағы Жыланды деген жерге жерлеген.
Қазығұрт тауының пайда болу жөнінде тағы бір мынадай аңыз бар. Ертеде қазақ елін жау шапқанда алып бір батыры шайқасқа жалғыз өзі қалып, елін жазықтыққа көшіріп жіберіпті. Шайқастың арасында елін және бір көрмек болған батыр кетпенін алып, жерді екі рет опарып үйе салған екен. Сол өзі үйген төбенің үстіне шығып батысқа қараса елі Сырдария бойында кетіп бара жатыр екен дейді. Сол үйілген төбелері Қазығұрттың екі шетіндегі екі биіктік екен Қазығұрттың төбесінен Сырдария бағаналарға тартылған сымдай болып, жалтырап көрінеді). Қазығұрт айналасында қасиетті саналатын орындар аса мол. Олардың кейбірі Қазығұрттың үсті мен баурайларында болса, кейбірі таяқ тастам жерде-айналасында. Олар-Ақбура әулие, Қайып ерен-қырық тілтен, Көз ата, Тесік тас, Алып үңгір, Ордабектің бауы, Үңгір ата, Көкібел, Қазығұрттың Оңтүстік беткейіндегі диаметрі 60 м. Тас қоршаудың ішіндегі крест белгісі, Өгем қойнауына түсе берістегі «Қырық қыз» деп аталатын тас мүсіндер т.б.
Қазығұрт өңірі бұрын-соңды көп зерттелмеген аймақ. Соңғы жылдары етектегі Ақбура әулиенің бейітіне мазар, сыйынуға келгендер үшін демалатын арнайы орындар салынған. Қайып ерен-қырық шілтен тарихи-қасиетті комплекске айналдырылған, Кеме қалған шыңына «Осы жерде Нұх пайғамбардың кемесі қайырлаған» деген жазуы бар ескерткіш тақта орнатылған.
Қазығұрт ауданындағы туристік нысандар негізінен туризмнің тарихи-діни мінәжат ету және табиғи-экологиялық түрлеріне бейімделген. Халық арасында аты аңызға айналған тарихи маңызы бар Ысмайыл ата, Ысқақ ата, Ақбура әулие кесенелері секілді көпшілік мінәжәт ететін әулиелі жерлер көптеп кездеседі және «Кеме қалған» («Нұх пайғамбар кемесі») монументі, «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасы, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі аймақтары бар. Облыстық туристік маршруттар тізіміне «Кеме қалған» монументі – Ақбура әулие кесенесі – «Ысмайыл ата» архитектуралық кешені» маршруты енгізілген.
Ақбура әулие кесенесі Қазығұрт тауының оңтүстік-батыс баурайындағы бұлақ жағасына орналасқан (Ақбура әулие Қ. А. Ясауидің әрі замандасы, әрі шәкірті болған. Заманында ақ бураға мініп, зікір салып жүретіндіктен, оны ел іші Ақбура әулие атаған). Қазір мұнда кесене және қонақжайлар салынып, зиярат етуге келгендер үшін қосымша құрылыстар жүргізілген. «Кеме қалған» («Нұх пайғамбар кемесі») монументі – халық аузындағы аңыз желісін негізге ала отырып, жер бетіне тіршілік нәрін сепкен Нұх пайғамбар кемесін бейнелеуге талпынған. Авторлардың көшпелі халықтың дүниетанымымен санаса отырып жұмыс істегені айқын көрінеді, төрт түлік тегінің өрбуі (Қамбар ата, Ойсыл қара, Зеңгі баба, Шопан ата, Сексек ата) туралы аңыздар лебі айқын сезілетін кеме бейнесі ұлттық ою-өрнектермен безендірілуі тамаша үйлескен.
Қазығұрт тауы Тянь-Шань тауларының батысында орналасқан жеке дара тау екенін бәрі біледі. Ал енді оның сырт жағында тұрған Қаржан, Өгем таулары бар. Көрген көзге әсемдік сыйлайды. Қарап тұрғанда санаңды сергітетін сұлу сарқырамаларын айтсаңшы. Әсіресе, Қаржан тауының етегіндегі Қырыққыз шатқалының кереметі кім-кімнің де есінде мәңгі сақталып қалары сөзсіз.