Президент реформасы: Тұрғындардың талап-тілектері бақылауға алынды

0
112
ҚР Президентінің “Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы” Жарлығына сәйкес, қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын және жауапкершілігі мен есептілігін арттыру мақсатында және бекітілген жоспар бойынша бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Өткен кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталып, биылғы жылы атқарылар жұмыстарды баяндады.
-Шу өңірі алыс болса да, біздің назарымыздан тыс қалмайды. Мұнда белгіленген жоспардан тыс уақытта да келіп тұрамын. Бұған дейін сіздер ұсынған мәселелер аяқсыз қалмай, ретімен шешілуде. Биылғы жылы сұраныстарыңызға орай мал өлекселерін тастайтын «Беккери» шұңқырын салып, Абай және Мұқанов көшелеріне көше жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін тиісті жұмыстар атқарылуда. Осында келіп, сіздермен кездесудегі басты мақсатымыз мұң-мұқтаждарыңызды тыңдап, соның төңірегінде тиісті жұмыстарды атқару,-деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Ашық аспан астында өткен жиында тұрғындар бірқатар ұсыныс-пікірлерлерін жолдады. Сондай-ақ жеке мәселелері бойынша да жүгініп, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласы бойынша өтініштерін жеткізді. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, шешу үшін жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Бүгінде аудан орталығы ауданның айнасы болғандықтан әкімдік тарапынан ең алдымен жол бойындағы тұрғын үйлердің сыртқы келбеті мен көшелердің тазалығына басым бағыт берілуде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков бұл бағыттағы жұмыстарды күнделікті назардан тыс қалдырмау керектігін айтып, ауыл, кент округ әкімдері мен бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеді. Қазіргі таңда аудан әкімдігіне қарасты бөлім, мекемелер мен Шолаққорған ауылдық округ әкімшілігі тарапынан Қазыбек би мен М. Мәметова көшесінің бойында орналасқан екі қабатты, көп отбасылы тұрғын үйлердің қасбеттері әктеліп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бұған қоса әлеуметтік нысандар мен саябақтар да қоса қамтылды.
Сонымен қатар, аудан орталығында орналасқан индустриалды аймақта 2013 жылы құрылысын толық аяқтап, жұмысын бастаған «UKO-S Star» ЖШС-гі бүгінде өндірісі қарқынды жүріп жатқан зауытқа айналды. Кәсіпортын бүгінгі таңда уран өндірісіне арналған 210 литрлік металл бөшкелерін шығарып өндіріс ошақтарына өткізуде. Бірер жылдан бері кәсібін дөңгелетіп отырған бұл зауыт жылына 170 000 дана металл бөшке шығарады. Қазіргі таңда 35 адам жұмыспен қамтылып, жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Осы ретте, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков отандық өндірісті дамытып, бірлескен инновациялық әзірлемелердің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы экспорттық нарықтарды игеруге басым бағыт беруде.
Көптеген игі бастамалардың ұйытқысы болып жүрген «UKO-S Star» ЖШС директоры Дәурен Умаров өз сөзінде – ауданымызда өндіріліп жатқан уран өндірісіне қажетті құрал жабдықтарды жергілікті өніммен қамтамасыз етудеміз. Қазіргі таңда техникалық майларға арналған бөшкелерде шығарылуда. Мұнда жұмыс жасайтын азаматтардың барлығы осы аудан тұрғындары,-дейді.
Биылдан бастап Республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында ауыл азаматтарының тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие берілуде.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков пилоттық жобаның өзектілігін ескеріп, арнайы лездемелік жиындар өткізіп келеді. Жиында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаны ұтымды пайдалану мақсатында ауыл округ әкімдері мен жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеліп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары түрлі бағытта жүзеге асырылуда. Бұл жөнінде облыстан арнайы жұмысшы топ келіп, шаруалар мен кәсіпкерлік бастамасы бар халықпен кездесулер өткізді. Жеңілдетілген несиелер бойынша қажетті ақпараттармен бөлісіп, несиенің алу жолдарын түсіндірді.
Айта кетейік, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын жүзеге асыру үшін бірінші кезеңде ауданда Созақ және Құмкент ауылдық округтері ұсынылды.
Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 62 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 42 азаматтаң құжаты 187,700 млн теңгеге мақұлданып, 13 азамат 61,0 млн теңге жеңілдетілген несиеге қол жеткізді. Бағдарламаның екінші кезеңінде Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылып, кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда кооператив мүшелері тіркелуде.
Бұдан бөлек, бүгінде ауданда шаруа қожалықтарды өркендету, оның ішіндегі етті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту күн тәртібінен түскен емес. Бұл жөнінде аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков, халықпен есептік кездесу барысында ауыл шаруашылықты дамытудың маңыздылығына тоқталып келеді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылып, субсидия бөлінуде. Бірнеше шаруа қожалықтар жаңбырлатып суғару әдісіне көшті. Аудан басшысының тапсырмасына сәйкес, сала орынбасарлары мен тиісті бөлімдер ауыл округтер мен елді мекендерді аралап, субсидиялау, жеңілдетілген несие, грант алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ аудан мал шаруашылығына қолайлы аймақтың бірі болғандықтан жылдан-жылға мал басының саны артып келеді.
Бүгінде жұмысын жандандырып отырған қожалықтың бірі Созақ ауылындағы “Балтабай” шаруа қожалығы. Қожалық 2005 жылы құрылған. 2018-2019 жылдары мал бордақылау алаңын салып, ет өндіру бағытына басым бағыт берген. Заман талабына сай соғылған жайдың сыймдылығы 250 бас малды бордақылауға мүмкіндік береді. Арнайы мал сою алаңы, қора жай, мал азығын сақтайтын орын бар.
Шаруа қожалық төрағасы Темур Балтабаев -Біздің шаруа қожалықтың басым бағыты – мал басын көбейтіп, ет өнімінің сапасын арттыру. Мұнда жылына 250-300 тоннаға жуық ет өнімін өндіреміз. Бүгінде шаруа қожалықта 26 адам жұмыспен қамтылуда, – дейді.
Сондай-ақ, аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жастарға көңіл бөліп, мәдени спорттық шаралар мен кездесулерге қатысып, қолдау танытып келеді. Оларды жұмыспен қамту, грант, арзандатылған несие алу бойынша жүйелі түрде жұмыстар жүргізіліп келеді. Аудан басшысының жастармен өткен кездесуіне білім, мәдениет саласы өкілдерімен жас кәсіпкерлер, ерікті жастар қамтылады. Жастар өз кезегінде толғандырған мәселелерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізеді. Олардың ұсынысы аяқсыз қалмай, С.Қожанов атындағы ескі музей ғимараты балалар шығармашылық үйіне арналып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жастар тарапынан мектеп оқушылары бос уақытын тиімді өткізетін «Оқушылар сарайын» ашу жұмыстары да қолға алынды. Бұдан бөлек өз кәсібін ашқан жас кәсіпкерлерді де жеке дара аралап, тиісті қолдауларын көрсетіп келеді.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жыл басынан бері тұрғындармен 29 жеке қабылдау өткізді. Азаматтар, негізінен жұмысқа орналасу, жер телімін алу, әлеуметтік мәселелер бойынша жүгінді. Қабылдау барысында бірқатары оң шешімін тапса, кейбір мәселелерге заң аясында шешу жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ аудандағы шағын елді мекендерді аралау барысында, жеке қабылдаулар өткізілді. Ауыл, кент округтер мен елді мекендердегі кездесу барысында тұрғындар сұранысына сай жобалар қолға алынып, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, ауыз су сынды бірқатар мәселелер оң шешімін тауып, кезең-кезеңімен орындалып келеді.
Айта кетейік жалпы жыл басынан бері 29 жеке қабылдау өткізілді. Жеке қабылдауға келген 21 азаматтың мәселесі шешіліп, 33 азаматтың мәселесі бойынша жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда тұрғындар көтерген түрлi мәселелер мен олардың шешiлуiне ықпал ету күн тәртібінен түспек емес. Халықтың сұранысы басты назарда.

Осы орайда Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Аталған кездесуге аудан прокуроры Д.Тлемисов, аудандық мәслихаттың төрағасы Ш.Халмурадов, аудандық мәслихаттың депутаты А.Керімов, аудан әкімінің орынбасарлары М.Оразалиев және Ш.Убайдуллаев, аудандық мекеме-ұйым, бөлім басшылары және ауыл тұрғындары қатысты. Ауылдық округінің әкімі М.Оразбаев аудан әкімінің ағымдағы жылдың екінші тоқсанында өткен кездесуінде көтерілген ұсыныс-пікірлердің нәтижесін таныстырды. Олардың ішінде ағын сумен қамту және қайтарымсыз грант алу туралы өтініштер орындалған. Ал, бақылауға алынған мәселелерден «Ауыл аманаты» жобасын халыққа түсіндіру, интернет желісін жақсарту, жаңақұрылыс аумағына балалар алаңшасын салу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы аталып өтті.

Сұрақ-жауап кезегінде 94 жастағы қарт, еңбек ардагері Қ.Көмекбаев ауылда отырғызылған ағаштардың уақтылы суарылмайтыны, сонымен қатар аудан әкімінің қабылдауына кіруіне кедергі жасалғаны туралы тілге тиек етті. Айтылған сын шұғыл ескеріліп, нақты жауабы берілді. Бірінші мәселе бойынша ауылдық округінің әкіміне тапсырылса, ал екінші мәселе бойынша алдағы аптаның сәрсенбі күні кестеге сәйкес белгіленген уақытта қабылданатын болады. Мұнан кейін ауыл тұрғындары атынан сөз алған ауыл биі Р.Сәбденов ауа райының қолайсыздығы кезінде электр жарығының сөну жағдайы орын алатыны жөнінде уәжін жеткізді. Көшелердегі тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстырып, кәсіпкерлік нысандарға өз алдына бөлек трансформаторларды орнатуды ұсынды. Бұдан басқа, 3 көшенің тұтынушыларын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді, облыстық маңызы бар «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» автомобиль жолындағы Ақсу өзені арқылы өтетін көпірді орта жөндеуден өткізуді, кезінде жеке меншікке беріліп кеткен, мектеп жанындағы мақсатсыз пайдаланылмай жатқан 0,62 га жерді мемлекеттің мұқтаждығына алып, жергілікті жастар үшін спорт кешенінің құрылысын салуды, жер қойнауын пайдаланушылардың жұмысын және үлкен жүк көліктерінің ауыл аумағынан кіріп-шығуын, олардың шектік мөлшерден артық жүк артуын болдырмауды қадағалауды сұранды.

Соңғы кезекте ақбұлақтықтар қоқыстардан тазарту, көгілдір отынның бағасын төмендету, жеке меншікте тұрған газ құбырларын мемлекеттің меншігіне алу секілді қосымша талап-тілектерін жеткізді. Аудан басшысы тұрғындардың көкейіндегі мәселелерін тыңдап, бірқатар тапсырмаларды жауапты сала басшылары мен өкілдеріне жүктеді. Талқыланған мәселелердің тиісті шешу жолдары алдағы уақытта заң аясында зердене отырып, қарастырылатынын түсіндірді. Жиын соңында ақсақал ақ батасын беріп, басшылардың алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қарабұлақ ауылына арнайы келіп, кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Ұсыныстары мен пікірлерін тыңдады. Алдағы уақытта аудандағы мал бордақылау алаңдары мен мал сою бекеттерінің жұмыстары қадағаланып, ретке келтірілетін болады. Малдың қаны мен сүйегін ретсіз тастаудың жолы кесіліп, санитарлық талапқа сай болуы бақыланады. Сонымен бірге малдың қанын, сүйегін, ішек-қарнын, терісін терең өңдейтін зауыттар ашылады.
Санитарлық салаға жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдары басшыларына жұмысты ширату жөнінде ұсыныс берді.
– Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі берген ұсыныстарыңыз бойынша жұмыс жүреді. Қолдаймыз. Бірақ, қазір бірінші кезекте санитарлық жағдайды ретке келтіріп, қоғамда талқыланып жатқан мәселені реттеуіміз қажет. Малдың қанын арыққа ағызу, қоршаған ортаны ластау мүлдем дұрыс емес. Тоқтатылады. Ауылдағы әрбір мал сою бекеті, кәсіпкерлер, мал саны толық есепке алынып, тіркелсін. Жұмыс тобы құрылсын. Жауапты басқарма мен аудан, ауыл әкімдігіне осы мәселені шұғыл шешуді тапсырамын. Бірінші кезекте малдың қалдығын тастайтын арнайы шұңқыр дайындалады. Оған жер бөлініп, тиісті жұмыс жүреді. Жауапты мекемелер осы шаруаны жүзеге асыруға күш салуы тиіс. Бірақ бұл жүйелі әрі түбегейлі шешу үшін мал қалдықтарын терең өңдейтін зауыттар салған жөн. Қалдықтардан балық, құс шаруашылығына қажетті азық әзірлеуге мүмкіндік мол. Осы бағытта біз шетел инвесторларымен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Малдың қанын, ішек-қарнын, терісін, сүйегін өңдейтін кәсіпорындар ашамыз. Дегенмен, осы кәсіпорындарды өздеріңіз ашқандарыңыз ұтымдырақ болады. Егер өзара келісіп, зауыттар ашатын болсаңыздар алдымен сіздердің ұсыныстарыңызды қолдаймыз. Өздеріңіз ақылдасып, бірігіп, араларыңыздан үйлестіруші азаматтарды сайлап, осы бағыт бойынша ұсыныс беріңіздер, – деді Дархан Сатыбалды.
Еркін форматтағы кездесуде аудан кәсіпкерлері мал сою бекеттерін дамыту, мал қалдығынан балық шаруашылығына қажетті азық дайындау, кондитер өнімдерін шығару, кәсіпкерлікке сертификат беру, инфрақұрылыммен қолдау көрсету және өзге де жобалар бойынша ұсыныстар берілді. Бұл өтініштер бақылауға алынып, алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізіледі. Жұмыс сапарында облыс әкімі Қарабұлақ ауылындағы мал сою бекетінің жұмысымен танысты. 30 адам жұмыспен қамтылған бекетке 200 млн. теңге инвестиция салынған. Жобаның қуаттылығы – тәулігіне 100 бас мал. Өңір басшысы кәсіпкердің ұсынысын тыңдап, ауыл шаруашылығына, кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Аудан орталығы Ақсу ауылындағы «Орталық саябақ» халықтың демалыс орнына айналу тиіс. Жер көлемі үлкен, халықтың келіп кетуіне ыңғайлы жерде орналасқанымен қазіргі таңда тұрғындардың бір мезгіл дем алып, серуендеуі үшін жағдай жасалмаған. Осы уақытқа дейін көңіл бөлінбеген. Осы мәселеге ерекше назар аударып, оның оң шешімін табу мақсатында аудан әкімі Арман Сәбитов Орталық саябақтың заманауи талаптарға сәйкес келетіндей етіп, эскиз жобаларын дайындатты. Халықтың игілігі үшін жасалған эскизді аудан басшысы облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының іссапары барасында арнайы көрсетіп, алдағы атқарылатын жұмыстар жайындағы жобаны ұсынды. Аталған ұсыныс облыс басшысы тарапынан қолдау тауып, жақын арада құрылыс жұмыстары басталмақ. Одан бөлек, абаттандыру жұмыстары да күшейтілетін болады. Ал саябақ ішіндегі «Неке сарайы» ғимаратын ыңғайластырып, «Белсенді ұзақ өмір орталығына» айналдыру көзделіп отыр.
Сонымен қатар, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков Сайрам ауданында арнайы іссапарымен болды. Алдымен халық қалаулысы «AMANAT» партиясы Сайрам аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауға аудан әкімі Арман Сәбитов, аудандық мәслихаттың төрағасы Шамхат Халмурадов, аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев, тиісті дербес бөлім басшылары және ауылдық округтерінің әкімдері қатысты. Ақсукент, Қарабұлақ, Қарасу, Манкент ауылдық округтерінен келген тұрғындар өз өтініштерінде жерді заңдастыру, электр жарығы және ауыз су жүйелерімен тұрақты қамту, каналды күрделі жөндеуден өткізу, жаңа мектеп интернатын салу, сонымен қатар кадрға қатысты мәселелерін заң аясында қарап, шешілу жолдарын қарастыруды сұранды.
Аталған мәселелер тыңдалған соң, Мәжіліс депутаты және аудан басшысы Арман Сәбитұлы бақылауларына алып, нәтижесі хабарланатынын түсіндірді. Сапар барысында Қарасу ауылдық округінің Жаңақұрылыс аумағына инфрақұрылым жүйелерін жүргізу, сонымен қатар Қарасу және Ынтымақ ауылдарына жоспарланып отырған спорт кешендерінің құрылыс жобаларымен танысты. Бұдан кейін депутат сапары Көлкент ауылдық округіне қарасты Ақсуабад ауылындағы М.Қашқари атындағы мектебінің алаңшасында ауыл тұрғындарымен кездесті. Жүздесуде М.Оразалиев және Қосбұлақ ауылдарын инфрақұрылым жүйелерімен қамтамасыз ету және Ханқорған ауылына спорт кешенінің құрылыстарының жобалары және өзге де мәселелер талқыланды. Депутат ауылды дамыту, салаларды жетілдіру, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың әрі қарай жалғасатынын айтты. Барлық ұсыныс-пікірлер назарға алынып, алдағы уақытта зерделенетінін жеткізді.

Leave a reply