ҚАЙ ТҰРҒЫН ҮЙ БАҒДАРЛАМАСЫ АРҚЫЛЫ ҮЙ АЛҒАН ТИІМДІ?

0
109

Соңғы жылдары Түркістанда бірқатар нысандардың құрылысы аяқталып, ел игіліне ұсынылып келеді. Соның бірі тұрғындар тарапынан талқыға жиі түсетін тұрғын үй мәселесі болып отыр. Өздеріңізге мәлім биыл Түркістан облыс атауын алғанына бес жыл. Мерекелі жылда қалада бірқатар тұрғын үйлердің іргесі қаланып, орталыққа қоныс аударушылардың да саны еселенуде. Дегенмен көші қон жайланып, халық санының артуы облыста әлеуметтік нысандардың көбеюіне себеп болары анық.

Түркістан көз алдымызда көркейіп келе жатқан киелі мекен. Мұнда салынған баспаналардың түрі бір-бірінен асып түседі. Аталмыш тұрғын үйлердің барлығы дерлік жуырда ғана іргесі қаланған Жаңа қала мөлтек ауданында орналасқан. Шымкент қаласынан рухани шаһарға кірген бойда көздің жауын алар баспаналардың қатары жетерлік. Сонымен бірге тұрғын үй құрылысына қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын іске асыру өз жемісін беруде. Ең маңыздысы биыл бағдарлама бойынша кредиттеу үшін 100 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінбек. Алайда әрбір қарыз алушы азамат аталмыш бағдарламаға бір рет қана қатысуға қауқарлы. Осы секілді халыққа қолжетімді Отбасы банктің құзыретіне кіретін «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» «5-10-20», «Жас отбасы» бағдарламасы сынды бірнеше бағдарламалар іске қосылған. Сонымен қатар, мәліметтерге сәйкес Түркістан қаласында 2020 жылдан бастап көпқабатты 89 үй оның ішінде 5649 пәтердің құрылысы басталған. Биыл пайдалануға берілген пәтер саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артқан. Бүгінде 12 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұрғаны белгілі. Сонымен бірге, 7 қабатты 64 тұрғын үйдің жобасы жасалып, құрылысын бастауға қаржы бөлінбек.

Айта кетейік, құрылыс нысандарының сапасы басты назарда. Яғни сапаға қатысты мәселе туындаған жағдайда шұғыл қалпына келтіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы тұрғыда арнайы мердігер мекемелердің қызметкерлері жедел қызмет етуде. Сондай-ақ, аталған мәселелер аясында облыс әкімі Дархан Сатыбалды жұмыс барысын қадағалау кезінде, «Облыс орталығында салынып жатқан барлық тұрғын үйлер көркем келбетімен ерекшеленген, ең бастысы өте сапалы болуы тиіс. Құрылысқа жауаптылар өз жұмыстарына жанашырлықпен қарау керек. Тапсыру мерзімі белгіленген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Құрылыстың сапасына басты назар аударып, көпқабатты тұрғын үйлердің сейсмоқауіпсіздігінің сақталуына қатаң бақылау жүргізіп, құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Талапты орындамағандарға шара қолданылады» – деді өз сөзінде. Сондай-ақ, облыс әкімі қала тұрғындарымен кездесуінде Түркістан қаласының тұрғын үй қорынан 2023 жылы 720 пәтер берілетіндігін оның ішінде көпбалалы 500 отбасына пәтер беру жоспарланып отырғанын жеткізді.

Жоғарыда аталған бағдарламалардың халыққа қызмет көрсетуі қандай, сонымен бірге аталған банктің қызметіне жүгінген пайдаланушыларға қандай жеңілдіктер қарастырылған осыған байланысты Отбасы банктің кеңесшісі Олжас Шерәліұлының мәліметіне сәйкес, Нұрлы жер бағдарламасы әкімшілік үй кезекке тіркелген көпбалалы аналарға, толық емес отбасылар мен ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған бағдарлама.

– Нұрлы жер бағдарламасының тиімділігі үй кезекте тұрған адамдар осы аталған бағдарламаның шарттарын орындай отырып, конкурсқа қатысуға мүмкіндік алады. Оның шарттарына тоқталсам, ең әуелі әкімшілік үй кезекке тұруы керек, соңғы бес жылда некеде тұрған екі жастың атында ешқандай тұрғын үй болмауы қажет, және де табыс көзі 150 мың теңгеден аспаған болуы маңызды. Сонымен қатар, биылғы жылдың басынан бері шамамен 700-ге жуық үй конкурс арқылы ойнатылды, мәселен 200 үй конкурсқа қойылса шамамен 400-ге жуық адам өтінім қалдырған. Сол өтінімдердің арасынан депозиті ұзақ уақыт сақталып, жинақталған адамдардың құжаттары іріктеледі. Айта кетсем, Нұрлы жер бағдарламасында конкурс бір айға созылады. Яғни өтінім қабылдау бір ай бойы үздіксіз жүріп отырады. Тұрғындардың басым көпшілігі Отбасы банктің басқа банктерден айырмашылығын сұрап жатады. Мәселен Отбасы банктің ішінде Бақытты отбасы деген бағдарлама бар, сол арқылы 2% – бен үй алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Ал банк центр кредит тұрғын үйге 19-20% – бен құжат қабылдайды екен. Сондықтан да, екі пайызбен үй алу, үстемесі көп банктерде мүмкін емес жағдай. Отбасы банктің артықшылығы осында. Тағы бір айта кететіні Отбасы банкінде бірнеше жылдан бері ақша жинаған, жұмыссыз адамдар болады. Заң бойынша 3 жыл бойы ақша тоқтаусыз жинақталған болса, бағалау көрсеткіштеріне қарай тұрғын үйге арналған несие арқылы үй алуға мүмкіндік туындайды, – дейді Олжас Шерәліұлы.

Осы тұста «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасымен үйлі болған түркістандық тұрғын Динара Серікқызы «7-20-25» бағдарламасымен үй алу оңай дейді.

– Менің есімім Динара, қазіргі таңда жаңа қала мөлтек ауданында тұрамын. Яғни бұл үйді алуға шамамен бір ай уақыт кетті. Биылғы жылдың қазан айында конкурсқа іліндім. Құжаттарымды жинап, тұрғын-үй құрылыс бөліміне бардым. Сонан соң банк маған кредит бере ме, жоқ па соны анықтадық. Алла қолдап екі бөлмелі 58,60 квадрат метр үй таңдап құжаттарымды өткіздім. Қазан айының 18-күні комиссия мүшелерінің қорытындысымен аз уақыт аралығында үйлі болдым. Дәл осы бағдарламаны таңдау себебім, бұған 21 жастан жоғары үйлі болғысы келетін кез-келген адам қатыса алады. Яғни аталмыш бағдарламаның өзіндік критерийлері болады, олардың бірі алатын үйіңіздің 20 пайыз ақшасын жинайсыз. Олар ең ұзағы 25 жылға дейін бере алады. Отбасы банктің бағдарламаларымен салыстырғанда ыңғайлы. Олай дейтін себебім, Отбасы банкте төмен пайыз болғанымен біршама қиындықтар бар. Оларда ОП деген бар бағалау көрсеткіші, яғни сізде конкурқа қатысу үшін ОП жоғары болу керек.

Айта кететіні мемлекеттік қызметкер болсаңыз, Нұрлы жер бағдарламасы арқылы 10 пайызын жинап, бағалау көрсеткішіңізді толықтырып қатыса аласыз. Ал сіздің жұмысыңыз жартылай жеке меншік болса яғни ЖК, ЖШС-да жасайтын болсаңыз, Отбасы банкте депозитіңіз болса онда үйдің 50 пайызын жинау арқылы қатысу керек. Мен жартылай жеке меншік қызметте (ЖШС) жұмыс жасайтын болған соң, ол бағдарламалар маған тиімсіз болды. «Бақытты отбасы» деген бағдарламасы да бар екен. Алайда тұрмыста емес жалғыз басты жандарға қатысуға болмайды екен, сондықтан мен «7-20-25» бағдарламасын таңдадым, – дейді Динара Серікқызы.

Нұрсұлу ҚУАНЫШҚЫЗЫ.

 

Leave a reply