«Kaztor LTD» мекемесі тор шығарумен айналысатын бірегей мекеме
Мемлекеттің басты саясатының бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті экономиканың жетекші бағытына айналдыру. Себебі кәсіпкерлік – нарықтық қоғамның ажырамас бөлігі. Орта және шағын бизнес халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Сондай жаңа құрылған шағын өндіріс орны Түркістандағы «Kaztor LTD».
– Түркістандағы «Kaztor LTD». Түркістан индустриалды аймақта орналасқан «Kaztor LTD» мекемесі тор шығарумен айналысатын бірегей мекеме. Олай деп айтуымыз заңды, өйткені нарықта сұранысқа ие мұндай өнім Түркістан өңірінде енді ғана бастап шығарыла бастаған тың дүние.
«Kaztor LTD» мекемесі 2015 жылдан бастап, өндіріске, ауыл шаруашылығы, аулалар мен ғимараттарды қоршауға арналған торларды өндіріп, нарыққа шығаруда. «Біз тор шығарумен біраздан айналысып жүргенбіз. 2019 жылы Индустриалды аймақтан орын алдық. Осы кезге дейін 3-4 түрлі тор өнімдерін шығарып келдік. Сұрыпталып, екшеле келе қазір тордың 2 түрін шығарамыз. Бірі – 3D тор деп аталады, ол – мекемелерді, көпқабатты үйлердің аулаларында спорт алаңшаларын, түрлі ғимараттарды, жалпы қалалық нысандарға қоршауға арналған торлар. Екіншісі – егінжай, бау-бақша, қора-қопсы, фермерлік, жалпы ауылшаруашылығына пайдаланылатын, жол бойларын қоршауға арналған торлар. Әзірге, тиімді деген осы екі түрлі өнімдерді шығарып жатырмыз, алдағы уақытта ассортиментті көбейтсек, өнімнің жаңа түрлерін қоссақ деген ниет бар. Бірақ ол үшін, біршама мәселелерді шешу керек. Несие алуымыз керек: оның өз шарттары бар. Банктер кепілге үй-жайдан бөлек, өндіріс орны ғимаратын қоюды талап етеді. Ғимаратымыздың құжаттары әзірленуде, таяуда дайын болады. Сабақты ине сәтімен дегендей, өз кезегінде бұл мәселе шешімін табады деп ойлаймын», – дейді кәсіпорын басшысы Еркебай Жингилбаев.
«Kaztor LTD» мекемесінде – 15 адам жұмыс істейді. Өнімдерді облыс көлемінде ғана емес, интернет сауда нүктелері арқылы барлық өңірлерге жеткізіліп, ел көлемінде сатылып жатыр екен. Мекеме басшысының айтуынша соңғы кезде жарнамаға ден қойып, таргетті қосып, SMM мамандарын тартып, өнімді өткізіп сауда жүйелі жүріп жатқан жайы бар.
-Тор шығаруға қажетті шикізатты қайдан аласыздар? Металл өнімдерінің дені өзімізде шығады емес пе? Сондықтан да шикізаттан тапшылық жоқ шығар?-деген сауалымызға кәсіпкер ойын былай сабақтады. «Иә, елімізде Менделеев кестесіндегі элементтердің түгелге жуығы бар. Қазба байлығымыз орасан, бізде темір де, көмір де, түсті металл да барлығы жетеді. Өкінішке орай, көбі шикізат күйінде көрші елдерге жөнелтілуде. Қазба байлығымыздың игілігін өзімізден бұрын өзгелер көріп отырғаны жасырын емес. Қазақстанда сонша мол шикізат қоры бола тұра қарапайым сым шығарылмайды. Себебі, Қазақстанда әзірге металл өңдеуші ірі зауыттар жоқ. Ондай ірі зауыттар салынбағаны кәсіпкер ретінде ғана емес, ел азаматы ретінде де мені қатты ойландырады. Тіпті, ірі мұнай өндіретін елміз, сол мұнай қалдықтарынан қаншама өнім өндіріп қарапайым заттар арқылы ел экономикасын дамытуға болады. Осының өзі бізде кенжелеп қалған. Шикізатты Ресейден алдыртамыз. Яғни, торға қажет сымдарды Ресейден алдырып, арнайы станокпен торды тоқып, дайын өнім шығарамыз. Станоктарды Қытайдан, Еуропа елдерінен алдырттық, сапасы жақсы. Өндірістің ауқымдылығы көңілден шығады. Соңғы жылдары Ресей тараптан келетін шикізат бағасы қымбаттап кетті, бұл әлбетте біздің шағын өндірісімізге кері әсерін тигізеді. Осындайда сонша қазба байлықты пайдалана алмай, барды ұқсата аламай отырғанымызға іштей қынжыласың. Бірыңғай шикізат өндіруші елден, өнім өндіруші елге айналатын уақыт жетті. Бәлкім, экономистер, саясатшылар маған дау айтуы мүмкін: қос бүйірден екі алпауыт ел қысып отырғанда, шығарған өнімді нарықта өткізу қиындық туғызады деп. Әрине, бұл да ақиқат, бірақ біз бірінші кезекте отандық өндірісті қолдауымыз керек емес пе? Мемлекет ел нарығындағы отандық өнімді қолдауы да, қорғауы да керек, алып-сатарлыққа жол ашып қоймай. Тек шикізат өндіруді қанағат тұтып отыра берумен алысқа бармайтынымыз анық», – деп ағынан жарылды кәсіпкер бізбен сұхбатында.
Иә, шағын кәсіпкерлік өркениетті елдердің әлеуетті тірегіне айналды. Шағын және орта бизнесті жолға қойған елдер бүгінде дамудың даңғыл жолына түскенін тәжірибеден көріп отырмыз. Біздің мемлекетіміз де бұл салаға мән беріп, түрлі бағдарламалар қабылданды. Солардың бірі де бірегейі – «Қазақстан Республикасының 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» бағдарламасы. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы № 728 қаулысымен бекітілген бұл жобаны жүзеге асыру үшін қазынадан 8455 329 919 мың теңге қаржы бөлінгені айқын. Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымы» Даму «Кәсіпкерлікті Дамыту Қоры» АҚ қаржы операторы болып бекітілген бұл жобаға мемлекеттің 8 триллионнан астам қаржы қарастыруы тегін емес. Басты мақсат – кәсіпкерлікке қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту мүддесін көздейді. Осы ретте кейіпкерімізден мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауы туралы ойын білгіміз келді.
«Мемлекеттің кәсіпкерлерді қолдауы көңіл көншітпейді. Бізде индустриалды сертификат деген құжат бар. Ана құжатты жасату үшін берілген тізімді көрсеңіз, жүрегіңіз айнып, іске деген құлшынсыңыз су сепкендей басылады. Бір адам әлгі құжаттың соңында ұйқы-күлкіні ұмытып, бір-екі ай түрлі мекеменің табалдырығынан аттап, табаны тозып жүруі керек секілді. Қағазы сұмдық енді! Жеңілдетілген кредит берілсе дейміз, кәсіпкерге ең бірінші демеу осы жеңілдетілген несие. Бірақ оның да мәселесі көп, кісіні сандалтып жібереді. Кәсібімді жүргіземін, өнім өндіремін деген адамды қолдап-қуаттап, кепілге қоятын мүлкі болса, кідіртпей кредитті беретін жүйе енгізілсе деген тілегіміз бар. Шағын кәсіпкерлерге 5 млн-ға дейінгі сомада жеңілдетілген кредиттер бар, бірақ ол біздің өндіріске түк те болмайды. Ол әрине кондитер цехы, тігін цехы, шаштараз ашамын деген кәсіпкерді қанағаттандыратын болар. Өндіріске 100 миллионнан әрі қарай несие керек. Несиені беру механизмдері дұрыс емес, осыны жүйеге қою керек. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды дейді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барсаң да сол жағдай: 1,5 млрд теңгеден әрі қарай инвестиция құятын ірі кәсіпкермен сөйлесуге бейіл береді. Әзірге 100-150 млн-нан бастайық та десең сөйлескісі келмейді. Бұдан шығатын түйін: кәсіпкерлердің адымын аштырмайтын кедергілер әлі де азаяр емес. Орта және шағын кәсіпкерлерді, өз сұранысына қарай несиелендіріп, жұмыстың жүйелі жүруіне жағдай жасау керек деп есептеймін. Қағазбастылық пен төрешілдікті (бюрократияны) азайту керек. Кәсіпкер өнімін өндіріп, саудасын жүргізе ме, қырық құжат түгендеп, табаны тозып жүре ме? Осыған жауап таба алмай жүрмін. Кей-кездерде әкімдіктен, тиісті мекемелерден бір адамдар келіп фотоға түсіріп, видео түсіріп есеп беріп жатады: «міне, біздерде мынадай бар, мынадай бар. Түркістанда осындай өнім шығарылуда деп». Бұл көрініске (жасандылыққа жаным қас негізі) қарап тұрып іштей зығырданым қайнайды. Есепте бәрі керемет шығар, өмірде олай емес. Билік халықтың, қарапайым кәсіп иелерінің мүддесі үшін жаны күйіп жүрген жоқ.
Мемлекеттің саясаты, кәсіпкерлікке деген көзқарасы әлі де мәз емес. Біз бүгінгі жағдайымызға, осы деңгейге жанкешті еңбектің арқасында әзер жетіп отырмыз. Әлбетте, өндіріс өнімділігін арттырып, бұдан да әрі дамытқымыз келеді ісімізді. Кәсіпкерлік дамыса, өндіріс жүйелі болса ел дамиды деп ойлаймын. Бірақ бізде жүйе де, бақылау да ойдағыдай емес. Көп жұмыстар басталып, су аяғы құрдымға айналып, нәтижесіз болуы мемлекет тарапынан бақылаудың жүйелі еместігін аңғартады», – деп түйіндеді өз сөзін кәсіпкер.
Әтіргүл ТӘШІМ.