ОЛҚЫЛЫҚТАР ОРНЫНА КЕЛЕДІ

0
114

Түркістан Облыс орталығы мәртебесін алған сәттен бастап Түркістанда ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Дайын өнімдерді тереңдете өңдеп, сапалы тауарларды заманауи құрал-жабдықтарды пайдаланып, тұтынушыға жеткізетін орындар облыстың барлық аудандарынан ашыла бастады. Оның үстіне, еліміздегі индустриялық аймағы көп өңірдің бірі – Түркістан облысы. Осы тұрғыда, «Turkistan» Индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясының» Бас директоры Қанат Ұзақбайұлымен әңгімелесіп, саладағы біршама өзгерістер мен сын-пікірге жауап алдық.

– Қанат Ұзақбайұлы, бүгінде «Turkistan» Индустриалды аймақта қандай өзгерістер бар? Сыртқы инженерлік-коммуникациялық желілер жүргізіліп, олардың қанша пайызы игерілді?

– Түркістан облысында жалпы көлемі 538 га құрайтын 9 индустриалды аймақ орналасқан. Олар Түркістан қаласында, Кентау, Созақ, Қазығұрт, Мақтаарал, Шардара, Бәйдібек және Түлкібас аудандарында. Бүгінде барлық жобалар өз деңгейінде, кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Мысалы 2019 жылы жобалар құны 33-34 миллиардты құраса, бұл көрсеткіш 2022 жылы 44,4 млрд болды. Ал биыл 77 миллиардтық өсімді беріп отыр. Облыс көлемінде бүгінде 66 жоба қолға алынса, Түркістан қаласының өзінде 28 жоба, ал оның бүгінде он тоғызы жүзеге асты. Алдағы уақытта 3 500 адамды жұмыспен қамту көзделуде. 2023 жылдың І-тоқсанында атқарылған жұмыстарды айта өтсек, «Grand Stroy Kaz» ЖШС әзірлеген құны 1 500 млн.тг. және 30 жұмыс орнын құратын жобасы Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің оң қорытындысын алып, индустриалды аймақтан өз құрылысын бастады. Сондай-ақ, 2023 жылдың І-тоқсанында Бәйдібек индустриалды аймағына әлеуетті инвестордың әзірлеген жалпы құны 1 600 млн.тг. және 72 жұмыс орнын құрайтын 2 жоба Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің кезекті отырысына ұсынылды. Сондай-ақ, өңіріміздің экономикалық жағдайын жақсарту және индустриалды аймақтарды дамыту бойынша іс шаралар ұйымдастырылуда. Оған дәлел, 2023 жылы құны 74,4 млрд.тг. және 972 жаңа жұмыс орнын ашатын 8 инвестициялық жобаны тарту көзделуде.

– Жақында ғана, облыс әкімі Дархан Сатыбалды индустриалды аймақтар бойынша атқарылған жұмыстарға көңілі толмайтынын айтты. Өзіңіз айтқандай жылдық өсім жоғары болса, неліктен бұл сала сынға ұшырады?

– Әрине, айтылған сынның барлығы дұрыс. Оны былай түсіндірейін. Жаңа жоғарыда сізге жылдық өсімді тарқатып айттым. Сонда байқасаңыз әр жыл сайын индустриалды аймақтың көрсеткіші 5 миллиардқа ғана жоғарылап отырған. Бұл салыстырмалы түрде өте төмен көрсеткіш. Себебі жылдық өсім 30-40 млдр болуы керек еді. Демек бұрындары біз сол межеге жете алмадық. Ал биыл бұл көрсеткішке біз жеттік. Яғни 44,4 миллиардтан 74-ке өстік. Демек үлкен қозғалыс енді басталды. Алдағы уақытта біз қойып отырған меже бұдан да жоғары болмақ. Енді барлығын уақыт көрсетеді. Қазір индустриалды аймақта жұмыс өте қарқынды деп сенімді түрде айта аламын.

 

– Өңірлер арасында 5 облыстың шоқтығы биік: Индустрияландыру картасы жобаларының 50 пайызы солардың еншісінде. Тарата айтсақ, бұлар – Жамбыл (38 жоба), Қызылорда және Ақмола (34 жобадан), Павлодар (32) және Қарағанды (31) облыстары. Тізімде Түркістанның жоқтығын қалай түсіндіре аламыз?

– Сіз айтып отырған көрсеткіш, индустриалды карта. Сәйкесінше оның шарттары да басқа. Мысалы оған көбіне инновациялық жобалар енеді. Ал Түркістан облысы көбіне аграрлық өнеркәсіпке бағытталған. Тиісінше осы тұрғыда бізде жобалар көп. Ал инновациялық жобалар аз, тіпті жоқ деуге болады. Бұл тізімде Түркістанның жоқтығын осылай түсіндіре аламын. Одан бөлек, өзіңізге белгілі Түркістан облысы бөлініп шыққанына небәрі 5 жыл ғана толды. Көп жобалар Шымкент қаласында қалды. «Turkistan» Индустриалды аймаққа тек облыс көлеміндегі жобалар енді. Бұл қозғалыс та әсер етті. Мен ойлаймын, енді барлығы өз орнына түседі, әлі көрсеткіштер жақсы нәтиже береді деп. Бәрі жоспар бойынша, алдағы уақыт еншісінде.

 

– Индустриалды аймақтың инфрақұрылым жұмыстары осы уақытқа дейін кәсіпкерлердің ең басты проблемасына айналғаны белгілі. Дегенмен, сіздің ойыңызша нені бақылаудан шығарып алдық? Индустриалды аймақтың инфрақұрылым жұмыстары неліктен кешеуілдеп кетті?

– Өте орынды мәселе. Мен сіз айтып отырған мәселені жоққа шығара алмаймын. Соның бірі өздеріңіз көтерген темір жол тұйығы болатын. Темір жол тұйығынан өзіңіз хабардарсыз деп ойлаймын. Негізі темір жол салынғаны рас. Осы уақытқа дейін кәсіпкерлер керек етпегендіктен қараусыз қалған. Алайда, дәл осы мәселені қазір өзіміздің қарамағымызға алуға әрекет етудеміз. Себебі инфрақұрылым жұмыстары осы уақытқа дейін «инфрақұрылым және коммуникациялар» бөліміне тиесілі болды. Сол себепті біз оны толықтай бақылауда ұстай алмадық. Ал темір жол тұйығын сенімгерлік басқаруға беруге әрекеттеніп жатырмыз. Екі жақа да сол тиімді. Жалпы айтқанда, индустриалды аймақ толықтай кәсіпкерлер кәдесіне жарауға дайын тұр. Тек сол вагон келтіру мәселесі тоқтап тұр. Оның үстіне, адами факторлар себеп болған. Дайын жұмыс қараусыз қалып, жарамсыз хәлге ұшырады. “Grand MIKS” компаниясының шағымы да орынды. Себебі темір жол тұйығы олар үшін маңызды. Бірақ дәл осы мәселе қыркүйек айына дейін шешіледі. Қазіргі таңда келіссөздер жүруде.

 

– Қыркүйек айына дейін темір жол тұйығы іске қосылады дедіңіз. Демек әлі де бақылауда болатыны сөзсіз. Бірақ бұл инфрақұрылым саласындағы бір ғана мәселе емес. Мәселен индустриалды аймақтағы жарық, газ, су деген секілді жұмыстар тек биыл ғана кірген. Бұл да кеш қимылдау емес пе?

– Иә, индустриалды аймақта темір жол тұйығы ғана ең басты проблема емес. Одан бөлек жарықтың тариф бағасы да үлкен тақырып. Мысалы 2021 жылы тариф бағасы 26тг құраса, 2022 жылы 18тг арзандаттық. Биыл тағы да төмендетуге күш салып жатырмыз. Себебі тариф бағасы кәсіпкерлер үшін ең басты мәселе. Ал осы уақытқа дейін индустриалды аймаққа кәсіпкерлердің сұранысы аз болды. Сол себепті биыл инфрақұрылым жұмыстары қолға алынып, көңіл бөлініп жатыр деп ойлаймын. Ал газ мәселесі бүгінге дейін үлкен тақырып. Себебі облыста газ әлі бармаған аймақтар бар. Мысалы, Созақ ауданы. Ондағы индустриалды аймаққа әлі де газ кірмеді. Бірақ біз газ кірмеді деп қарап отырмаймыз. Сондықтан ол аймаққа газды қажет етпейтін жобаларды орналастырдық.

 

– Қалай ойлайсыз, «Turkistan» Индустриалды аймақтың кемшілігі не? Сіздіңше не жетіспейді, нені өзгертуге болады?

– Жаңа жоғарыда атап өткенімдей біздің өңірге инновациялық жобалар жетіспейді. Егер біз өндірістің осы саласын мықтап қолға алатын болсақ жақсы болар еді. Ал ондай жобалардың өркендеуіне ең алдымен, инфрақұрылым мінсіз болуы тиіс. Қозғай берсек, қайтадан тариф бағамына келіп тірелеміз. Сондықтан тарифтік бағам дұрысталуы тиіс. Осы бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын жаңа айтып өттім. Одан бөлек, өңіріміздің инвестициялық климатын жақсарту мақсатында өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен өндіріс саласын дамытуда жеңілдетілген 1 % қаржыландыру жоспарлануда. Облыс тарапынан 5,4 млрд.теңгеге СПК арқылы өтінім жіберілді. Ал инвесторлар тартуға облыстық инвестиция және экспорт басқармасы, «Kazakh Invest» АҚ, «Turkistan Invest» және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы тарапынан қолдау болады. Жалпы айтқанда, «Turkistan» индустриалды аймақта жұмыс қарқынды. Биыл жоспарымыз ойдағыдай болса, екі есе өсім болары сөзсіз.

 

-Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рақмет. Шағын және орта бизнесті өркендету жолында аянбай еңбек ете беріңіз!

Ғалия ДҮЙСЕНАЛЫҚЫЗЫ.

Leave a reply