ЖОЛ – ЭКОНОМИКАНЫҢ КҮРЕ ТАМЫРЫ

0
104

Бүгінде Түркістан қаласындағы көшелердің жағдайы және негізгі даңғылдарда орын алып жатқан көліктердің сыйымсыздығы айтарлықтай мәселеге айналып отыр. Осы жағдайға байланысты жергілікті биліктің бірқатар жобаларды қолға алып жатқанын да айта кетуіміз қажет.

Аталмыш бағытта тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында өткен жылы жылы Түркістан қаласында жүргізілген жолдың құрылысы мен орташа жөндеу жұмыстарының нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 333,6 шақырымды құраған болатын. Ал биылғы жылы атқарылып жатқан тірліктерді есепке алатын болсақ, орындалған орташа жөндеу жұмыстарға сәйкес, 399,34 шақырым асфальт жол, 445,6 шақырым тас жол халық игілігі үшін қолданысқа беріледі.

Бұдан басқа 2022 жылы қала аумағындағы сарқынды су жүйесі жүргізілген сондай-ақ, қоғамдық көліктер қатынайтын 48,6 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта соның 17,1 шақырымды құрайтын 18 көшесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Осы жұмыстардың қатарында өткен жылы жалпы құны 19,2 миллиард теңгені құрайтын төрт нысанның құрылысы басталған еді. Қаржысының көлеміне қарай бұл жұмыстардың ауқымдылығын байқап отырған боларсыз. Олар, Ә.Жангелдин, І.Қожабаев көшелері, Қазыбек би мен О.Жарылқапов аралығындағы жол және Қалаби көшесі. Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты етіп кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол (тротуар), веложол, суағар науа, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізіледі. Көпір құрылысы «Бекзат» ықшам ауданының тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болып отыр.

Батырдың есімімен аталған мөлтек ауданды қаладан темір жол бөліп жатқаны белгілі. Бұл маңдағы тұрғындардың саны жыл санап артып, аудан көлемі кеңейе түсті. О.Жандосов пен С.Ерубаев көшелерін біріктіретін, темір жол үстіне салынған көлік көпірі «бекзаттықтардың» қала орталығына апарар басты жолы. Енді шойын жолды кесіп өтер көпірдің қатары артады. Қалаби көшесі ұзартылып, жаңа қаламен ұштасады. Нақты айтатын болсақ, Б.Қалаби көшесін реконструкциялау (О.Жандосов пен Ж.Майкөтов көшелерінің аралығы) – 7 шақырым. Нысан іске асқан жағдайда, индустриалды аймақтан шығатын ауыр жүк көліктерінің және Балтакөл бағытынан келетін жүргізушілердің Шымкент тас жолына тікелей шығуына, қаланың ішкі көшелеріндегі көлік кептелісінің азаюына ықпал етеді.

Сонымен бірге, осы жылы 2 жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы басталуда. Бұл да «бекзаттықтарды» мазалаған мәселенің бірі еді.

Енді біз атап өткен жобалардың бірқатарын оқырманға түсінікті болуы үшін анықтамалық ретінде ұсынғанды жөн көріп отырмыз. Ә.Жангелдин көшесі – 3,8 шақырым. І.Қожабаев көшесі – 5,6 шақырым. Қазыбек би – О.Жарылқапов аралығындағы жол – 2,5 шақырым. «Бекзат» ықшам ауданындағы тұрғындар арасында «түрік ауылы» аталып кеткен аумағына орнатылатын жаяу жүргіншілер көпірі бар.

2023 жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан, жалпы 42 шақырымды 43 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның 16,7 шақырым құрайтын 22 көшесінде құрылыс жұмыстары толық аяқталды. Қалған құрылыс жұмыстары толығымен ІІ-тоқсанда аяқталатын болады.

Сонымен қатар, қала аумағындағы топырақ жолдардың санын азайта отырып, тас төселген көшелердің санымен сапасын арттыру мақсатында қала аумағындағы 6 секторда ақпан айынан бастап тас төсеу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда 56 шақырымды құрайтын 65 көшеде тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

2023 жылы орташа жөндеу жұмыстары 65,74 шақырымды құрайтын 48 көшеде жүргізіліп, нәтижесінде жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 47,2 пайызды құрайды деп күтілуде.

 

Leave a reply