ТАРИХЫ ТЕРЕҢ САУРАН ҚАЛАШЫҒЫ

0
121

Тарихы терең Сауран қалашығына барып көргенсіздер ме? Бүгінде туристер мен мектеп оқушыларын да Сауран қорғанының қираған үйінділері аса қызықтыратындықтан, олар мұнда жиі экскурсия жасайды. Сауран қалашығы Түркістан қаласынан 43 км қашықтықта орналасқан ортағасырлық қалашық, ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. XIV ғасырдың бірінші жартысында Сауран Ақ Орданың астанасы болған. Сауран 1723-1727 жж. жоңғарлардың тас талқан еткен қалаларының қатарында болған. Қазақстанның ортағасырлық қалалар мәдениетінің ең маңызды ескерткіштерінің қатарынан болғандықтан мемлекеттік «Әзірет Сұлтан» мұражай – қорығының құрамына кіреді.

Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 – 800 м дөңгелек алаң. Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашық. Көне тарих құпияларымен өзіне тартып тұратын қаланың ішіне көпірден өтіп қақпа арқылы кіруге болады. Мұнда ең алдымен таң қалдыратыны қыш құмыра, уатылған кірпіштер мен түрлі-түсті әшекейлі қыш ыдыстардың үгінділерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Сәл қазып көрсеңіз – міндетті түрде біреуі шыға келеді. Осыларды таң қала тамашалай жүріп қорған алдағы уақытта жан-жақтан келген туристер үшін ашық аспан астындағы нағыз мұражай болар еді деген ойға қаласың.

Өзіміз сонау мектеп қабырғасынан, одан кейін жоғары оқу орындарынан қызығып оқып білгеніміздей, тарихи деректерге, жүргізілген зерттеулерге сүйене отырып білетін Сауран қаламыз ортағасырлар кезінде шырайлы шаһарлардың бірі болған. Көне деректер бойынша Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деседі. Сауда-саттық және қолөнердің ірі орталығы болған қала дала халқы мен қала тұрғындарын бір ортаға жинаған.

Сауранның қираған орны Қазақ тарихының талай құпия сырларын бүгіп жатқан секілді. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналған. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген.

Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған ордың тереңдігі үш метрден астам. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмаған.

Сауранға археологиялық зерттеу жұмыстары жүз жылдан астам уақыт бұрын жүргізілгені туралы деректер кездеседі. Сауранның көне орны Қазақстандағы ортағасырлық қала мәдениетіне жататын маңызды ескерткіштердің бірі болып саналады.

Leave a reply