САУРАН: ТӨЛ ӨНЕРДІ ТӨРГЕ ОЗДЫРҒАН АУДАН

0
66


Түркістан облысы әкімдігінің тікелей қолдауымен, Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен облысымыздың құрылғанына алты жыл, Сауран ауданының құрылғанына үш жыл, Қазақстан республикалық мәслихатының құрылғанына отыз жыл және мемлекет, қоғам қайраткері, Алаштың біртуар азаматы, жерлесіміз Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толуына арналған «Жібек жолының жауһары» атты республикалық ақындар айтысына еліміздің түкпір-түкпірінен айтыс өнерін пір тұтқан он ақын қатысып, аламан бәйгеде бақ сынасты.
Сауран ауданында өткен аламан айтыстың беташарын Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретберген сөз сөйлеп ашып, сәйгүліктей сыланып, топқа қосылғанша тағат таппай тұрған хас жүйріктерге ақ батасын берді:
– Сауранға да айтыс келді – деп бастады ол сөзін. Мен 1939-жылы туылып, осы жерден метірке алғанмын. Алла жар болып, қазір қазақтың үш ұлы ауданы пайда болды. Бірінші Арыстан бап, екінші Түркістан, үшінші Сауран қосылды. Былай қарасаңыз, үшеуі бір сызықтың бойында жатыр. Мұны жақсы ырымға балаймыз. Негізі айтысты ашқан Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов. Жұрттың бәрі ұйықтап жатқанда, Ұлы Отан соғысы қайнап жүріп жатқанда Нұртас Оңдасынов И. Сталинге кіріп, Микоян арқылы, қазақтың әрбір елдің рухын көтеретін, патриотизмге тәрбиелейтін осындай керемет дәстүрі бар деп, сол кезде Сталин құрмет тұтқан Жамбылдың да ақындар айтысынан шыққандығын дәлелдеп, Қазақстан Республикасы бойынша ақындар айтысын өткізген. Сол ақындар айтысының тұсауын бірінші Жамбыл Жабаев кескен. Он үш жыл бойы, ел басына күн туған ең қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның үкіметін басқарған. Сол осы Шорнақта туылған. Бүгін ең мықты ақындар жиналып, аламан бәйгеге түскелі тұр. Ал, ағайындар, той құтты болсын!
Қазақ елінің дастарханынан нан кетпесін! Шаңырағынан ән кетпесін! Қорасынан мал кетпесін! Жастарының өмірінен ешқашан сән кетпесін! – деді қадірменді қария.
Сауран ауданының орталығында дүрілдеп өткен бұл айтыстың мақсаты да, міндеті де – тұғыры биік тәуелсіздікті, ерлікті, елдікті, егемендікті, облысымызда болып жатқан оңды істерді, түлеген, түрленген Түркістанда атқарылған жұмыстар, Сауран ауданының құрылған үш жыл ішіндегі қол жеткізген жетістіктері, Қазақстан мәслихатының отыз жылдық тарихы, сондай-ақ, жерлесіміз Н.Оңдасыновтың ғибратты ғұмырын жырға қосу. Мақсат-мүддесі де, мән-маңызы да салмақты айтыстың бұл жолғы ерекшелігі де, елге белгілі, талай аламандарда ат оздырған, жыр бәйгелерінде жүлде салған небір тұлпарлар қатысты.
2021 жылғы «Алтын домбыраның» иегері, Алаш айтысының арыстаны, жырдың жолбарысы Бекарыс Шойбеков, 2022 жылғы «Алтын домбыраның» иегері, асқақ Астананың төрінен, еңселі ел орданың төрінен Сауран ауданының Үшқайық ауыл округінде туылып, үш жүздің сөзін сөйлеген Еркебұлан Қайназаров, 2023 жылғы «Алтын домбыраның» иегері, «Қыз бен жігіт айтысы» өнерінің шыңына шыққан, қазақ айтысының мақтанышы Мақсат Аханов бастаған кіл жүйріктер аламан айтыста бақ сынады. Сондай-ақ, барша «Жүрсіннің жүйріктері» Шұғайып Сезімхан Алматыдан, Қалижан Білдәшов Түркістан облысынан, Айым Асылбекқызы Алматы облысынан, Нұрзат Қару Қызылорда облысынан, Нұрдәулет Өмірбек Астана қаласынан, Нұрғали Әнәпия Шымкент қаласынан, Ахметрасул Баянбай Түркістан облысынан келіп, бес жұпқа топтасып, сөз сайысына түсті. Қазылар алқасының сараптауы тұрғысынан көрермендердің қошеметімен бағалар болсақ бұл жолғы айтыс басқа айтыстарға қарағанда өте жоғары деңгейде өтті деп тұжырым жасауға болады. Олай дейтініміз, айтысқа келген ақындардың құрамы өте мықты болды. Өзгесін былай қойғанда, үш бірдей «Алтын домбыра» иегерлерінің қатысуының өзі сайыстың жоғары деңгейде өтетінін аңғартса керек.
Қазылар алқасының төрайымы, айтыстың үлкен анасына айналған, «Құрмет» орденінің иегері, айтыскер ақын Маржан Есжанова, «Сауран» газетінің редакторы Ләззат Сарыбаева, белгілі ақын, ұстаз Бекмұрат Анарбай, ХҚТУ аға ғылыми қызметкері Сәттібай Айтбаев қазылық жасап, өз бағаларын берді.
Ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан халық ауыз әдебиетінің інжу-маржаны айтыс өнерін бағалау арқылы халқымыздың халықтығын, ұлтымыздың ұлттығын, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды құрметтейміз. Жасампаздығын арттырып, өмірін ұзартамыз. Жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпағымыздың бойында өнер жауһарына құштарлықты оятамыз. От тілді, орақ ауызды ақындар айтысы арқылы өткен тарих шежіресін қозғап, қоғамда орын алған түйінді мәселелерді алға тартамыз. Бұл – ежелден белгілі жайт. Ал, енді осы халықтың басын бір арнаға тоғыстырып, небір аузымен құс тістеген арқалы ақындардың делебесін қоздырып, ауыздарына аталы сөз салып дүркіреп өткен айтыстың: «Халыққа берері не?»- деген сауал туындауы мүмкін көпшілік көкейінде. Берері мол дер едік. Себебі айтыс та, сол айтыста өзін-өзі ұмытып, жанын сала айтысатын айтыскер ақын да -бұқара халық пен билік арасындағы алтын көпір. Ахмет Байтұрсынов атамыз айтқандай қоғамның «тілі» мен «көзі». Бұл пікіріміздің шынайылығына көктемнің алғашқы күні – «Алғыс айту» күнімен орайластыра Сауран ауданының орталығында өткізілген «Жібек жолының жауһары» деген тақырыптағы ақындар айтысында куә болдық. Аудан халқы «халықтың еркесі», шашасына шаң жұқтырмас ақындарын сағынып-ақ қалған екен. Еліміздің түкпір-түкпірінен қасиетті қос ішекті «қара домбыраларымен қоса жүрек тебірентер жыр-шашуларын ала келген жүйріктерін зор қошеметпен қарсы алды. Осындай мереке-думанды ұйымдастырған облыс, аудан басшыларына алғыс сезімдерін білдіре отырып, киелі сахнаға ынтыға көз тікті. Алғашқы болып сахнаға қазақ айтысының арыстаны, жерлесіміз Бекарыс Шойбеков пен арман қала Алматыдан келген жыр жолбарысы Шұғайып Сезімхан шықты. Айтысты ауыздығымен алысып кермеде тұрған жүйріктей «жер тарпыған» Шұғайып бастады:
Болады деп ауылыңда анық думан,
Аттандым Алатаудай алып қырдан.
Бұл ауданда Алашқа қызмет қылған,
Нұртас Оңдасыновтай алып туған.
Еңбексүйгіш ел едің диқандық қып,
Төрт түлігін мыңғыртып бағып тұрған.
Ордалы Оңтүстіктің көп ауданын,
Өзіңсің көкөніспен қарық қылған.
Текедегі шығатын ыстық суың,
Термостан шыққан судай тамып тұрған.
Шомылған адамдардың бойындағы,
Сырқатты сығып алып сауықтырған.
Армысың Саурандағы сауықшыл ел,
Тектілік, ірілігін таныттырған.
Түркістан облысының қысы-жазы,
Аяғын жылы суға малып тұрған.
Алты атанға жүк болар бар атағың,
Ұлылардың мұнда өткен бала шағы.
Қайраткер Оңдасыновқа айтыс жасап,
Ақындар кеп кіруде аудан сәні.
Кемеңгерің емес пе ед терін төккен,
Кемел болсын деп елдің болашағы.
Ұлы Отан соғысында 43-те,
Айтыс жасап қуантқан қарашаны.
Тартысып Жамбыл, Нартай, Шашубайлар,
Тартысты өнер көрсетіп тарасады.
Соғыста айтыс қылған сол Нұртасқа,
Арнағаның жөн болды тамашаны.
Бейбітшілік уақытта бір түгілі,
Он айтыс жасасаң да жарасады, – деп Шұғайып Сезімхан айтыс көрігін қыздырып, аудан халқын шабыттандырды.
Алаштың азулы ақыны Бекарыс Шойбековтің домбыра қағысы да ерекше ғой, шіркін. Көрермен халықты ұйытып өзіне баурап алғандай.
Бекарыс: Жиылса Сауранменен Шауғарлықтар,
Мәз болар мерекеге барған жұрттар.
Көктемді аңсап күткен шаруадай,
Айтысқа асығады таңнан жұрттар.
Шорнаққа алғаш рет айтыс келді,
Сөзімде менің қандай жалғандық бар.
Сауранда зәулім сарай болмағанмен,
Кеңдік бар, батырлық бар, аңғалдық бар.
Сыйғандар осы залда көріп отыр,
Құлақтарын түріп жүр қалған жұрттар.
Көктемнің мерекесі құтты болсын,
Су жаңа біздің Сауран аудандықтар!
Сарайдай кең сарайы болмағанмен,
Даладай кең пейілі бар саурандықтар.
Саураным болғанымен шеттегі аудан,
Жері жоқ несібеден шетте қалған.
Себебі еңбексүйгіш адамдары,
Жыл он екі ай бақшасын еккен адам.
Түркістаннан енші алып бес жыл бұрын,
Бірер жыл Кентауда өткен аудан.
Үш жылдың бедерінде Шорнағымды,
Самаладай жап-жарық еткен аудан.
Сондай-ақ, Бекарыс пен Шұғайып аға мен іні арасындағы сыйластық символын көрсетіп, әзіл нақыштарын да өре отырды. Үзінді келтірсек: Шұғайып:
Жұп қылып Бекарыстай бас ақынды,
Селк еттім иіскегендей нашатырды.
Себебі мына Сізбен айтысам деп,
Талайдың жанарынан жас ағылды.
Айтыстағы Киллер деп жұрттың бәрі
Жоламай жаныңыздан қашатын-ды.
Сіз көне Түркістанда ескі ақынсыз,
Қазақ үшін қадірлі, аса құнды.
Мен жаңа Сауран сынды жас ақынмын,
Тыңдайтын қарттың айтқан бар ақылды.
Бекеңменен айтысып алдарыңда,
Тарихта қалдырамын осы ақынды.
Жас та болсам өздеріңе сеніп келдім,
Қолдайды деп жас ақынды.
Бұл Бекең депутаттың бірі еді,
Депутатпен айқасар шама қайда?
Қарабасып қарабайыр тілемейін.
Ақындармен күнде айтысамыз,
Депутатпен айтысып бір көрейін» деген Шұғайып Сезімхан әзіл көрігін қыздырды.
Осы орайда Бекарыс та қарсыласының жарасымды әзіліне әзілмен жауап беріп:
Армысың айналайын Шұғайыбым,
Жұртты көрсе қалатын жаны байып.
Мені көрсең қалтылдап- селкілдейсің,
Алпыс екі тамырың адырайып.
Депутатты көргенде шошыдың ғой,
Диназавр көргендей бадырайып.
Жас аудан жас ақынды қолдайды ғой,
Дегенің көкейіме қонбайды ғой.
Сен кәрісің, мен болсам жас екем деп,
Адамдарды қорлауға болмайды ғой.
Алдыңда қазыналы қарттар отыр,
Оларды жабырқатқан оңбайды ғой.
Сен қайта үлкендерге құрмет жаса,
Одан қылың қисайып қалмайды ғой.
Өгіздердің басына туған күнің,
Бұзаудың да басына орнайды ғой, – деп көпшілікті бір серпілтіп алды да, жас ауданның түпсіз терең тарихынан келелі әңгіме қозғап кетті:
Бұл өңір шежіреге тұнған аудан,
Аллаһтың сөзін сөйлеп туған аудан.
Депутаттың қаншасы осында отыр,
Тілегі халықпенен бір жаралған.
Сауранның перзенттері тұрады ылғи,
Тарихта аты қалған тұлғалардан.
Оңдасынов Нұртастың Отаны бұл,
Халықтың қызметіне шын жаралған.
Он үш жыл өкіметті басқарса да,
Айнымаған адамдық тура жолдан.
Бұл Сауран, білесің бе, дәл осындай,
Дарабоздардың дарын- белін буған аудан.
Біледі депутаттар таң қалмайды,
Премьер-Министрді туған аудан.
Шұғайып заты бөлек зиялымдай,
Қиял бар ма – әй, бұның қиялындай.
Жетіліп өсіп едің кеше ғана,
Желкілдеп Құшатаның құрағындай.
Өлеңіңнің өрнегі өз алдына,
Мөп- мөлдір Қаратаудың бұлағындай.
Қызанақтай қызарып екі беті,
Екі көзі электр шырағындай.
Тілінің өткірлігі шамаменен,
Қыранның қиып түсер қияғындай.
Алты Алашқа танылып үлгерген жан,
Кешегі тұлпарлардың тұяғындай.
Жүрсін ағамның жанында жүргеннен соң,
Жарнамаң жұлдыздардың қиялындай.
Сорайып қайда кетіп бара жатсың?
Иқанның қыста піскен қиярындай-, деп тағы да залды күлкіге көміп тастады. Жалпы, айтыс барысында бұл жұптың бір-біріне тең қарсыластар екені әлсін-әлсін бір-біріне қайтарған жауаптарынан байқалып, көрермен қауым құшырлана қол соғып отырды. «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дегендей, Шұғайып Сезімхан да «оңай шағыла қоятын жаңғақ емес» екендігін мынадай жауаптарымен дәлелдеп отырды:
Айтыста жүрген жанмын талап қылып,
Өмірде жасағам жоқ ағат қылық.
Екі бетің қызанақ деп айтасыз,
Таң қалдым теңеуіңе қарап тұрып.
Одан мені қияр деп қыста піскен,
Не нәрсені отырсыз сабақ қылып.
Сөзіңіздің қарасам жобасына,
Жегіңіз кеп отыр-ау «салат» қылып» – деп қиыннан қиыстырған жауабымен салиқалы ойлардың жалғасын жарасымды қалжыңдармен «тұздықтап» жіберуі де көпшілікті желпінтудің бір көрінісіндей әсер қалдырды.
Қара домбыраның шанағын екпіндете қағып, Сауранның аспанын жыр жауһарына бөлеген, әрқайсысы бір-бір тұлға, аузы дуалы, қасиетті сөзден бойтұмар-алқа таққан ақындардың әрқайсысы бір қаралық шумақтарын түгелдей баяндап шығу мүмкін емес. Біз тек әдемі айтыстың әдемі сәттерінен үзінді келтірдік.
Киелі сахна төріне шыққан екінші жұп Нұрғали Әнапия мен Нұрзат Қару халқымыздың айтыс өнерінің алтын моншағындай» «Біржан мен Сара» айтысы арқылы шежіре-тарихта қалған «Қыз бен жігіт» айтысының көрігін қыздырды.
Өзіндік өрнегі, дара жолы бар Нұрғали ақынның айтыс кезінде айтқан:
Ұзатылып бара жатыр екенсің,
Барған жерде бақытты бол, жарығым, – деген бір ауыз сөзінде қазақы кең жүректен шыққан ізгі тілек, ағалық мейірім, халқымыздың болмысы, қала берді айтыскердің ара қашықтық мәдениеті тұнып тұр.
Нұрғали Әнәпияның:
Саураным наурыз тойды бастап жатыр,
Дәстүрді сары майдай сақтап елім.
Қандай қонақ келсе де жат көрместен,
Қымыз бенен көжені баптап елім.
Осы жерге кеп жатыр деп ойлаймын,
Әрбір істің байыбын тапқан елім.
дей келіп:
Сіздерге Мақсат әкім құт боп келді,
Тірлігіне қарасаң таң қаласың.
Осы елге басшы боп келе сала,
Талайлардың жазыпты жан жарасын.
Жұмыспен қамтып жатқан сияқты ғой,
Қазақтың өрге ұмтылған әр баласын.
Еске алып Нұртастайын атамыздың,
Ұлықтап жатыр екен нар бағасын, – деген жыр жолдары өтіп жатқан айтыстың тақырыбын ашып, көпшілікке ой салды. Қызылордадан келген Нұрзат Қару қызымыз да айтыс өнерінің айдынында кездейсоқ еместігін әзіл аралас шумақтарымен жеткізіп, қарсыласына да қалжыңның «қармағын» тастап, жұртшылықты серпілтуге тырысты.
Қалың елім, қазағым, қағанатым,
Бір Аллаға қол жайған жамағатым.
Нұртастай бабалардың ұрпағы едік,
Ол жайлы естіледі ғаламатың.
Ұл- қыздары үлкеннің жолын кеспейд,
Қазақтың шығармаған жаман атын.
Арқасы ақындар мен батырлардың,
Қазақтың танып жатса ғалам атын, – деп төккен жырлары мәнділігімен есте қалды.
Ал, енді көрермен көзайымына айналған үшінші жұп туралы кеңірек тоқталғымыз келеді. Үшқайықта туылып, үш жүздің сөзін сөйлеп жүрген «Алтын домбыра» иегері, қазақ айтысының мақтанышы, Астанадан келіп, Сауранның намысын қорғаған Еркебұлан Қайназаров пен арқалы ақын, өткірлігі мен дәл тауып айтар шешендігі жағынан қарсыласымен тең түспесе кем түспейтін Түркістан облысының намысын қорғаған Қалижан Білдашовтің айтысы шын мәніндегі аламан айтыстың үлгісін көрсетті. Қос ақынның бірде артық, бірде кем түсіп жатқан әзілді-шынды айтысынан басталған сөз бәсекесі бірте-бірте ауылдың, туған жердің тақырыбына ауысып, «тыңдар құлақ болса, айтар адам бар» екендігінен хабардар ететін өзекті мәселеге ұласты.
Біссіміллә, құлақтарда үнім қалсын,
Жатталып ел есінде жырым қалсын.
Ассалаумағалейкүм ағайындар,
Бәріңізге бақ қонып, қыдыр дарысын, – деп сөз бастаған Қалижан ақын Еркебұлан екеуінің ежелден таныс- білістігін айта келіп:
Сол ағам жұп боп бүгін кеп отыр ғой,
Қалижан қағып-қағып жыныңды алсын- деп әзілдейді. Астарлы әзілін одан әрі жалғастырып:
Бұл өлкеде туғаның кімге керек,
Төрінде аунап- қунап жүрмегесін.
Сарыарқада жүргенің кімге керек,
Саураныңның қадірін білмегесін.
Түркістандық екенің кімге керек,
Түркістанда өмірді сүрмегесін.
Ауылым- ауылым деп аңқау елді,
Құр сөзбен алдап жүрген қу немесің.
Ал, қанеки, ағыңнан жарылшы бір,
Бүгін- дағы сайрайтын мінбедесің.
Күнде келіп жатқан жоқсың ауданыңа,
Мына елді бір жылда бір көресің.
Саудияға баратын саудагердей,
Сауранға анда-санда бір келесің, – деп Еркебұлан ақынға тілін түйреп-түйреп алған Қалижан әрі қарай ел жағдайына көшіп:
Үш қайықты ауылдың баласы едің,
Өзен қыстайық деп.
Өзендердің қалғаны сарқылыпты,
Бойынан кеткеннен соң күш қайып боп.
Осы сұрақ мазалап жатыр бізді,
Тұрсақ та бүйіріңнен қыспайық деп.
Қайықпенен жүзетін суларың жоқ,
Ауылыңды кім қойған Үшқайық деп, – деп жырлаған Қалижанның бүйірден қойған сауалдарына Еркебұлан Қайназаров ұтымды жауап қайтарды:
Ауылда аунап жатар уақытым жоқ,
Қызмет жасау керек қазір маған.
Өйткені, Нұртас туған топырақтанмын,
Өтпейді сондықтан да уәжің маған.
Ол кісі өмір бойы сыртта жүріп,
Халықтың қызметіне әзір болған.
Мәскеуде 27- жыл тұрса да,
Жүрегі туған жерде дамылдаған.
Нұртас атам екеуміз тағдырымызға,
Ауылда аунап жату жазылмаған, – деп
айтқан Еркебұлан ақынның дәлеліне сүйсінген көрермен ризалықтарын қошеметпен білдірді.
Ол рас түбім осы елден деймін,
Қорықпаңдар намысты мен бермеймін.
Ей, Саудияға саудамен бармасам да,
Сауранда сайран салып серуендеймін.
Әркімге туған жері- Мысыр шәрі,
Сондықтан да намысын мен бермеймін.
Текеден келгендерді көрген кезде,
Меккеден келгендерді көргендеймін.
Бұл Сауран көңілімді шатты еткен жер,
Балалық балғын шағым тәтті өткен жер.
Ассалаумағалейкүм, жерлестерім,
Сендерсіңдер сапарымды сәтті еткендер.
Мен мынау Теке деген жерден шыққам,
Сондықтан бөтенсініп датты етпеңдер.
Ол ауыл Аша болып құрылғанда,
Шебінен қой түгілі атты өткен жер.
Егін егіп, мал бағып, бейнет қылып,
Іргесін қазақ- өзбек нақты еткен дер.
Таңдай шөлін қандырып қарбызбенен,
Маңдай терін сыпырып мақта еккендер.
Қаулап қырда- сырдағы қойшылардың,
Баласын түйе жиып атты еткендер.
Интернатта оқытып, көзін ашып,
Шетінен азаматты мәрт еткен жер.
Жарылқасын көкеміз айтқандай- ақ,
Метірке алып көңілін шат еткен дер.
Тіл үшін өмір бойы қызмет қылып,
Мұсахан Дүйсекеев тер төккен жер.
Біздер оқып тұрғанда менің әкем
Атпен келіп айлығын ап кеткен жер.
Әкеңнің көзін көрген өлмесін деп,
Өсиетті есімізге сап кеткендер.
Ассалаумағалейкүм, сәлем бердім,
О бастан құдай дәулет- бақ төккен жер.
Шетелдің курортынан мың есе артық,
Әкемнің басқан ізі қап кеткен жер.
Өскесін осы ауылда тәй- тәйім көп,
Кеп тұрмын Қалижанды шайнайын деп.
Мені де адам қылған осы жер ғой,
Мынау жолың, мынауың шай- пайың деп.
Не биікке шықсам да содан бері
Батамен өсіп келем тал- қайың боп.
Туған жер есімізден бір шыққан жоқ,
Жүрсем де Атырау, Арқа, Алтайым деп.
Тұп- тура «Алғыс күні» айтыс қылған,
Бұл жақты тағы да бір байқайын деп.
Айтысты сылтауратып келіп қалдық,
Туған елді бір көріп қайтайын деп.
Алыстан қолым бұлғап сәлем айтпай,
Алғысты алдыңа кеп айтайын деп, – деп жырлаған Еркебұлан Қайназаровқа ел риза болды.
Сөз жауһарынан түйін түйген додалы айтысқа қатысқан бес жұптың осалы жоқ. Әрбір ақын өздерін толғандырған қоғамдағы келелі мәселелерді қозғап көпке ой тастады. Дегенмен, Қалижан мен Еркебұлан айтысындағы мына жыр жолдары қалың жұрттың көкейіндегі қордаланған жағдайды дөп басты:
Дүниенің басы қатты, арты жалған,
Өмірден сыбағасын әркім алған.
Ей, бала, ауылыма тіл тигізбе,
Бұл жерде тектілердің салты қалған.
Ауылға ат қойғанда тұңғыш рет
Біз де, су да, қайық та, бәрі болған.
Нұртастар сол ауылда өсіп- өнді,
Артында ол келер деп анты қалған.
Қазір ғой суы құрғап, қайығы жоқ,
Қара суға зар болып халқы қалған.
Оған себеп Түркістан облыс боп,
Атағы күллі әлемді шарпып алған.
Қаланы гүлдендіріп, көркейтем деп,
Жер асты судың бәрін сарқып алған.
Кесененің қасына канал салып,
Үшқайықты Түркістан тартып алған.
Су жайлы сөз бастасаң бас қосуда,
Ақындар елдің жырын тастасын ба?
Ақбұлақтан атқылап су келмесе,
Ақындар тектен- текке қақсасын ба?
Баяғыда бұл елде әрбір үйдің,
Құдығы болушы еді бас- басында.
Сулары да бұрқырап жатушы еді,
Егетін мақтасын да, басқасын да.
Бір жусан шапсаң бірден штраф деп,
Салатын айыппұлын, ақшасын да.
Сол жерлер үңірейіп карьер бопты,
Талайлар астын қазып, тас тасуда.
Тасыды ғой құмды да сапалы деп,
Салып жатыр сарайын, трассасын да,
Қазған сайын төмендеп су деңгейі,
Құдықтың түбі құммен астасуда.
Сыр менен дарияның ортасында,
Отырмыз жарымай-ақ асқа – суға.
Бүгін ел қара суға зар болып жүр,
Бұл сөзді көпшілігім растасын да.
Біз аудан дамыды деп мәз боп жүрміз,
Тас зауыт жеткізіпті тас ғасырға.
Заманында Шорнаққа алтын артқан,
Бір керуен кеп түнепті нар қозғаған.
Таңертең тек түйелер аттаныпты,
Түсіріп үстіндегі теңді аздаған.
Содан бері бұл жерде алтын бар деп,
Мақта зауыт маңайын ел қозғаған.
Ал қазір алтын түгіл ауыз су жоқ,
Айтайық мәселені енді аздаған.
Қара су отыз метр тереңдікте,
Құдық қазған адамдар бел жазбаған.
Әкім мырза шешпесе мәселені,
Шөлден қырып аламыз елді аздаған.
Алтын жатыр десе де біздің халық,
Бұрын- соңды дәл бұлай жер қазбаған.
Кезінде 26-қой фермасы заманында,
Қойлары шулап жатқан төңірек бұл.
Ал, қазір, екі сиыр, төрт- бес қоймен,
Ауылдар күн кешіп жатқан төңірек бұл.
Кеткен патша көреген екен ғой деп,
Әр үйде екі сиыр мөңіреп тұр.
Кезінде сыйдырған жер сонша адамды,
Кезіміз келді бүгін жар салатын.
Отбасын құрып жатқан қанша жігіт,
Тұрсақ деп мына елде аңсары ауды,
Бірақ та он сотық жер табылмайды,
Осы жағы қинайды барша адамды.
Жер болса келуші еді қаншама адам,
Кеудесін кере жұтып таң самалды.
Осы жағын әкімдер шешсе дейміз,
Білмейміз, шындықты айтып, шаршаған- ды.
Кезекпенен жер аламын деп жүргенде,
Қара жер ап кетті ғой қанша адамды.
деген Еркебұлан ақынның сөздері жүректерге жеткендей еді.
Төртінші жұпқа шыққан қос ақын, жас ақындардың бірі Нұрдәулет Өмірбек Сауранға жиен болса, енді бірі қазақ айтысының анасы Әселхан Қалыбекованың немересі Ахметрасул Баянбайдың мына бір ұтқыр сөзі ел аузына тарап кетті:
Бұл өмір талайлардан қалған екен,
Бұл өмір жалған десе жалған екен.
Ал, енді осы жалған өміріңді,
Сауранда да бір сүру арман екен.
Қалалардың мықтысы- Түркістан ғой,
Аудандардың мықтысы Сауран екен.
Ең мықты әкімдері Мақсат болса,
Ең мықты ауылдары Шорнақ екен.
Ең мықты ақындарды алдырыпты
Айтысты да қолдайтын аудан екен.
Шынында, Ахметрасул Баянбай тауып айтты.
Айтыстың бас жүлдесін Астанадан келген Еркебұлан Қайназаров, бірінші орынды Бекарыс Шойбеков, екінші орынды Мақсат Аханов, екі үшінші орын арулар мерекесінің қарсаңында бүкіл Сауран даласынан, Түркістан топырағынан шаттанып қайтсын деген ниетпен, қазылар алқасының әділ шешімімен Нұрзат Қару мен Айым Асылбекқызы ие болды. Сондай-ақ, басқа бес ақынға да арнайы жүлделер тағайындалды. Әселхан Қалыбекова атындағы арнайы жүлде Нұрдәулет Өмірбекке, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың арнайы жүлдесі Нұрғали Әнапияға, Ә.Манапов атындағы арнайы жүлде Ахметрасул Баянбайға, Н.Оңдасынов атындағы жүлде Шұғайып Сезімханға, Тәушен Әбуова атындағы жүлде Қалижан Білдәшовқа бұйырды.
Сөз соңын айтыскер ақын, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық Одағының» Түркістан облысындағы филиалдың төрағасы Тұрар Тілеулиевтің айтыс жайлы пікірімен аяқтағымыз келді:
– Бұл айтыстың мақсаты, маңызы, ең бастысы, қазақ төл өнерінің төрден түспеуі, ел ішіне рузани демалыс сыйлау. Наурыз мерекесінің басын қазақтың төл өнері – айтыспен бастау. Тек айтыс қана емес, ол жерде облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы, абыз ақсақал, руханият жанашыры Жарылқасын Әзіретбергеновтың үлкен батасымен басталды бұл айтыс. Қазақ «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» – демекші, бүкіл елдің, наурыздың «Алғыс айту» мерекесі осындай үлкен батамен басталды.
Ары қарай ақындардың жақұт жырларынан сусындаған халық серпіліп, өнердің болмысы ерекше екенін, ақындардың елге қуаныш сыйлай алатыны, үлкен күш бере алатыны өз алдына бір төбе. Өмір бойы халқының қамын жеп, адалдықты ту етіп өткен Нұртас атамыздың ғибратты ғұмыры, елге жасаған еселі еңбектері, баға жетпес қаншама жұмыстары, өзгесін былай қойғанда кешегі Ұлы Отан соғысы қайнап тұрған уақытта, 1943- жылы Нұртас Оңдасынов үлкен айтыс берген. Ол айтысты «Алатаудан, Арқадан ақындарым келіпсің», – деп Жамбыл бабамыздың өзі бастап берген. Сол айтыста осы төл өнеріміздің бастауында тұрған Шашубайлар, Нартайлар төрінен табылған. Н. Оңдасыновтың осындай елге жасаған еңбегі тілге тиек болды. Бұл биылғы жылы алдағы атқарылар үлкен іс- шаралардың бастауы десек те болады.
Алдағы уақытта да облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен үлкен-үлкен айтыстар жоспарланып жатыр. Жас ақындардың, оқушылардың айтысын өткізу жоспарлануда. Бұның барлығы жастардың руханиятқа ден қоюына ықпал етеді. Жастарды телефонға тәуелділіктен арылту, кітап оқуға құштарлығын ояту, қаламгерлер шығармашылығына ден қоюға баулу – түпкі мақсат болып табылады.
Сондықтан айтысымыз өлмесін деген бір ауыз пікір айтқым келеді. Төл өнеріміз төрден түспесін. Наурыз құтты болсын!
Ләззат САРЫБАЕВА,
Роза НАРЫМБЕТОВА.

Leave a reply