САУРАН: ТЕРБЕЛМЕЛІ МҰНАРА – ТАҢҒАЖАЙЫП ТАРИХ
Қазақ халқы көшпелі өмір салтын ұстанды десек те, маңызды стратегиялық миссиясы бар қалалар аз болмаған. Қазақ жеріндегі қалалардың басым бөлігі елдің оңтүстік аумағында орналасқан. Тұңғыш президент “Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында: “Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары” немесе “Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы” жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі”, – деген еді. Осы орайда Қазақстан жеріндегі киелі жүз нысан белгіленген болатын. Соның бірі һәм бірегейі, бізге дейін бұзылмай, тұтас жеткен аз жәдігерлеріміздің бірі, ХІІ ғасырда негізі қаланып, ХІХ ғасырға дейін гүлденген – Сауран қаласы.
Сауран – Түркістан қаласының солтүстік-батыс жағында 45 шақырым жерде орналасқан. Қазіргі күнде қаланы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалпына келтіру кезінде орта ғасырдан бұзылмай бүгінге жеткен арка табылған. Тарихшылар: “Бұл біздің ғасырға бүлінбей жеткен ел аумағындағы жалғыз арка”, – дейді.
Қала Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан өте дамыған, халқы өте мәдениетті болған. Шаһардың дамығанын қайта қалпына келтіру кезінде қабырға ішіндегі өте тығыз орналасқан күйген қыштан салынған ерекше үйлерден де байқауға болады. ХІІІ ғасырда қала Ақ Орданың иелігіне өтіп, біршама астанасы да болған. ХIV ғасырда шаһарды Әмір Темір жаулап алып, өзінің бекінісіне айналдырған.
Қалада екі мешіт бар. Олардың қалдықтары бүгінге жеткен. 5 жыл ішінде екі мешіт те толықтай топырақ астынан қазып алынды. XV ғасырдың соңында бой көтерген мешіттің бірі, діни-ағарту мектебі – “Байдулла ханның медресесі” деп аталады. Мешіттің аумағы 1200 шаршы метр, ені 31 метр. Ол Самарқандтағы Бибі-ханым, Ташкенттегі Жами мешіттерге ұқсас етіп салынған.
Қазіргі Сауран қаласының аумағы оңтүстіктен батысқа қарай 800 метр, солтүстіктен оңтүстік шығысқа қарай 500 метрге созылған биіктігі 2 метр үйінді. Алғашқы деректер Х ғасырдан бастап тарихшы Мақдисидің шығармаларында кездеседі. Қаланы жеті қабат дуалмен қоршалған құдеретті бекінісі бар шаһар деп суреттеген. Сол кезгі хандар үшін бұл қала қорғанысы мығым, анау-мынау дұшпанға алдырмайтын шаһар болыпты. Жергілікті тұрғындардың саны кейбір деректерде 11 мың деп жазылған.
Жергілікті өлкенушылар Сауран қаласының негізі “Түркістан қаласынан көшіп келген егіншілердің бақташылықпен айналысуы негізінде пайда болған” деп жорамалдайды.
Шаһарда әлемнің жеті кереметінен кем түспейтін тербелмелі мұнара болған
Қаланың тағы бір ерекшелігі ол жерде әлемнің жеті кереметінен кем түспейтін тербелмелі мұнара болған. Өкінішке орай аталған жәдігер бүгінге жетпесе де, ол туралы жазылған деректер сақталған. Соның бірін орта ғасырда өмір сүрген тәжік ақыны Зейнаддин Васифи жазып қалдырған. Ол Сауран қаласында барғанда ерекше аспанмен таласқан тербеліп тұратын қос мұнараны көргендігін жазады. Бірақ оны тұрғызған шеберлер мен құрылыс техникасы туралы ешбір дерек келтірмеген.
Бұдан бөлек қала туралы деректер “Худуд-әл-алам” анонимдік географиялық шығармасында (Хғ.), ибн әл-Асирде (ХІІІғ.), Якуттың “Елдер сөздігінде” (ХІІІғ.), Гетум 1 кіл-армян патшасы Меңгу моңғол ханының ордасына кері қайтарда жасаған сипаттамасында (ХІІІғ.ортасы) бар.
Аталған шаһар егіншілікпен айналысқанын жоғарыда айтып өттік. Сол үшін де елде кәріз құдығы ерекше дамыған екен. Қаратаудан арнайы бұлақтарды осы кәріз құдығы арқылы қалаға бұрған. Оны Араб әміршісі сыйға тартқан 200 үнді құлы қазып, құрып шыққан екен. ХІХ ғасырға келіп осы құдықтар қараусыз қалуынан, қалаға су келмей, қала дамуы құлдырап халық толықтай көшіп кеткен.
Жергілікті халық өткен ғасырдың 60-70 жылдарында шаһар қорғанынан 4-5 аттылы қатар жүретінін айтады. Осыдан-ақ қала қорғанысының қалай құдіретті болғанын елестете беріңіз.
Сауран қаласы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1982 жылғы 26-қаңтардағы қаулысымен республикалық маңызы бар археологиялық ескерткіші ретінде есепке алынған.
Бабалар рухын қайта жаңғырту мақсатында елімізде 75 бөлімнен тұратын “Қасым хан” фильмі түсірілу үшін алғашқы қадамдар жасалды. Бұл орайда Сауран қаласының орны ерекше. Осы мақсатта Түркістан облысына Ертұғрыл және басқа да түріктің танымал фильмдерін түсірген белгілі режиссер Гюнай Метин келген. Мақсаты сериалға шикзат болатын тарихи орындарды іздестіру. Осыған орай режиссер Сауран қаласына барып, ондағы жәдігерлермен танысқан.
“Фильмнің сценарийін жазу барысында Қазақстандағы тарихи жерлер жайлы да көп іздендім. Түркістан қазақтың хандары мен батырларының сүйегі жатқан жер. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының да ұсынысы менің ізденісіме ұштаса түсті. Сондықтан Отырартөбе мен Сауранның деректері және тарихи іздері фильмде көрініс тапса деген ой туындады. Алдын ала танысып көру жұмыстарын бастадық”, – деді режиссер Метин Гюнай.