ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІП ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП ЖАТЫР
Келес ауданында шағын және орта бизнесті дамытуға, мемлекет тарапынан келген барлық мүмкіншіліктерді пайдалануға зор мән берілуде. Орта және шағын бизнесті дамыту – өңірдегі жұмыссыздықты жоюда, нарықты халыққа қажетті тауарлармен толтыруда, өңірдің экономикасын тұрақтандыруда шешуші фактор.
Аграрлы аудан саналатын Келес жерінде кәсіпкерлік жыл санап өркен жайып келеді. Мәселен осы жылдың үш айының қорытындысы негізде жұмыс істеп тұрған орта және шағын кәсіпкерліктің 11 мың 949 субъектісі тіркелген. Ауданда жеңіл өнеркәсіп, мал шаруашылығы, дүкендер желісі, қызмет көрсету салалары қанат жайған. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып отыр.
Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға қатысты тапсырмасы және қабылданған мемлекеттік бағдарламалар мен жан-жақты қолдаулар жеке кәсіппен шұғылданамын, кәсібімді кеңейтемін деушілерге мол мүмкіндік қарастырған.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыспен қамтылғандар саны 16 мың 592 адамға жетті. Ал, өнім шығарылымы 69 млрд 474 млн.теңгені құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 117,2 % өскен. Сонымен қатар, өткен жылы ауданда 12 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жалпы құны 2,4 млрд. теңгені құрайтын инвестиция тартылды. Нәтижесінде 161 адамға жаңа жұмыс орындары ашылды.
Ауданда былтырдан бері ауыл шаруашылығы бағытында жобалар көп қаржыландырылуда. Сондай-ақ, жұмыссыздарға арналған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы басталған. Оның аясында жобаға Қошқарата, Ошақты, Ақтөбе, Біртілек ауылдық округтері қатысты. Жалпы 337 жобаның өтінімі қабылданып, 1,4 млрд.теңгеге 252 жоба қаржыландырылды.
Айта кетейік, бүгінде Келес ауданында әйел кәсіпкерлер ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім беру, сауда ісі сынды кәсіпкерліктің барлық саласында жұмыс істейді. Осылайша, кәсіпкерлік субъектілерінің 60%-ын әйел азаматтар басқарып отыр.