Thursday, November 21

КЕНТАУЛЫҚ КӨПБАЛАЛЫ АНА «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫМЕН КОНДИТЕРЛІК ЦЕХ АШҚАН

0
78

Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылының тұрғыны Муаттар Азизова «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5%-дық несие алып, кондитерлік цех ашқан. Кәсіпкер 7 млн. 700 мың теңге көлемінде несие алып, кондитерлік өнімдерді пісіруге арналған құрал-жабдықтарын сатып алған.
Бұл салада келе жатқанына 10 жылдан асқан.Оның айтуынша, кондитер цехын іске қосқалы сұраныс артқан. Алдағы уақытта отбасылық кәсібіне наубайхана жұмысын да іске қосуды жоспарлап отыр.

Қазір күніне 15 келідей бәліш түрлерін, 150-200 самса, тапсырысқа орай түрлі тәтті тоқаштар пісіреді. Жасаған өнімдері ауыл тұрғындарынан-ақ артылмайды. Негізгі мамандығы журналист Муаттар Азизова бұл салада 15 жылдай қызмет етіп, кәсіпкерлікке бет бұрған. Отбасында үлгілі келін, 4 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана.

Қазіргі таңда ел аузында жүрген «Ауыл аманаты» жобасы енді ғана пайда болған бағдарлама емес. Бірнеше жыл бұрын бірер облыста сынақтан өткізілген. Ал, 2023 жылы республика көлемінде пилоттық режиммен енгізілді. Осылайша, еліміздегі мыңдаған азамат жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, ойларында пісіріп жүрген ауыл шаруашылығына қатысты бизнес-жобаларын іске асыра бастады. Бағдарламаның өсімдік, мал шаруашылығы, құс және балық ісі, техникаларды алу және жеке кәсіп ашу сынды алты бағыт бойынша жүзеге асырылып, 2,5 пайыздық несиенің бес жылға берілетіндігі де тиімділігін көрсетті деп айта аламыз. Әсіресе, Түркістан облысының тұрғындары үшін 20 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, мыңдаған адам бағдарламаның игілігін көріп жатыр. Дәлірек айтсақ, 2023 жылы бағдарлама шеңберінде күнгей өлкеге 19,8 миллиард теңге қаржы бағытталып, үш мың екі жүзден аса жоба қаржыландырылыпты. Нәтижесінже үш жарым мыңға тарта жаңа жұмыс орны құрылып, ауыл шаруашылығы саласына тың серпін сыйлаған. Оның ішінде бройлер ет өнімін өндіру, балық шаруашылығын ілгерілету, наубайхана ісін дөңгелету, асылтұқымды мал асырап, ет көлемін ұлғайту сынды көптеген кәсіпорындар ашылған.

Leave a reply