Түркістан облысында балық шаруашылығына қолдау көрсетілуде

0
58

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде балық шаруашылығына қолдау көрсетілуде. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова тауарлы балық шаруашылығын дамыту мақсатында Келес, Шардара аудандарында балық шаруашылығымен айналысатын және жаңадан шаруашылық ашып, балық өсіруге қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен кездесті.

Іссапар барысында Келес ауданы, Ақтөбе ауыл округінде орналасқан «Жанель» шаруа қожалығында болды. Мұнда жалпы аумағы 15 гектар жер телімінде тоғанды көл жасап, тауарлы балық шаруашылығымен айналысып отырған Жанат Бауановтың шаруашылығына ат басын бұрып, өсірілетін балық көлемін арттыру және қосымша көлдің бір бөлігін жаңадан іс бастаған кәсіпкерлерге жалға беру мүмкіндіктері талқыланды. Биыл 10-нан астам шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында арнайы несиелендіру бойынша өтінімдер тастап, аталған көлдің бір бөлігіне алғашқы балық шабақтарын салуды жоспарланып отыр.

Өңірде бұл салаға қолдау жақсы. Шардара ауданында тауарлы балық шаруашылығын дамытуға қызығушылық танытқан 15-тен астам шаруаға облыс әкімдігі тарапынан тоған қазу жұмыстарына демеушілік жасау қолға алынды. Атап айтқанда, Қызылқұм каналы бойынан жалпы аумағы 15,4 гектар жерде 10 дана тоған қазу жұмыстарын «Тұран су» мекемесінің техникаларының күшімен атқару және Шардара ауданы әкімдігіне қажетті жанар-жағармай отынының бір бөлігін жергілікті демеушілердің көмегімен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілді. Бүгінгі таңда Келес, Шардара аудандарынан 30-дан астам шаруа «Ауыл аманаты» бағдарламасының негізінде балық шаруашылығымен айналысуға ниет білдіруде.

Соңғы жылдары өңірімізде балық шаруашылығы жедел дамып келеді. Мемлекет тарапынан да салаға қолдау күшейтілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірде 2024 жылға дейін 10 мың тонна тауарлы балық өндіруді қамтамасыз ету мақсатында жоспар түзілген. Арнайы жұмысшы топ арқылы тұрғындарға жаңадан балық шаруашылықтарын ашу, оларды заңдастыру, тиісті органдарда тіркеу және «Ауыл аманаты» жобасы аясында жеңілдетілген несие алу тетіктері түсіндірілді.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жаңадан 97 шаруашылық ашылып, тауарлы балық өсірумен айналысатындардың саны 224-ке жетті. Алдағы уақытта балық шаруашылығын жетекші салалардың біріне айналдыру көзделіп отыр. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде өңір басшысы Дархан Сатыбалды осы саланы дамыту, жұмыстарды ширату жөнінде тапсырмалар берді.

– Аудан, қалаларды аралау барысында өз үйінің жанынан су тартып, балық шаруашылығын дамытып жүрген кәсіпкерлермен жүздестік. Негізі балық шаруашылығы өте әлеуеті зор сала. Әлі де елге осы саланың қыр-сырын түсіндіріп, насихаттау керек. Бағын осы салада сынап жүргендерге қолдау көрсеткен жөн. Бірінші кезекте бұл арқылы тұрғындар жұмыспен қамтылып, табыстарын арттырады. Екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін шешуде де бұл саланың маңызы айрықша, – деді Дархан Сатыбалды.

Leave a reply