ОТЫРАРДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУМЕН КӘСІП АШҚАНДАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Бүгінде Отырар ауданында мемлекет тарапынан түрлі бағытта арнайы бағдарламалар аясында жеңілдетілген несие алып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтардың қатары артып келеді. Соның бірі аудандағы Қарғалы ауыл округінің тұрғыны Айдар Жүнісбай. Ол жеке кәсіпкер ретінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында мемлекеттен 3 миллион теңге несие алып, Жамбыл облысынан сүт бағытындағы алты бұзаулы сиыр сатып алған.Кәсіпкердің айтуынша, ол мемлекеттік бағдарламаның арқасында жеке кәсіп ашып, біршама табыс тапқан. Қазіргі таңда әрбір сиырдан күніне 10-15 литр сүт алады. Алдағы уақытта сүт өнімдерінен құрт, май, ірімшік секілді өнімдерді өндіруді көздеп отыр. Айта кетсек, аталған бағдарлама аясында Қарғалы ауыл округінің 47 азаматы өз кәсіптерін қолға алу мақсатында «Ырыс» МҚҰ-на ұсыныс берсе, қазіргі таңда 25 азаматтың өтініші мақұлданып, оларға 132 миллион теңге қаражат берілген.
Түркістан облысының тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасына ерекше қызығушылық танытып келеді. Осылайша, ауылдық жерлердің тұрғындары өздері қадаған кәсіпті ашуға қол жеткізіп қана қоймай, өңірдегі әлеуметтік ахуалдың түзелуіне де үлес қоспақ. Биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы – ендігі кезекте ауылдардың ғана емес, шағын қалалардың тұрғындары да аталған бағдарлама арқылы несие алмақ. Бұл тұрғыда бағдарлама арқылы бөлінген қаржының жартысынан аспайтын бөлігі балық, құс және мал алуға бағытталмақ. Ол үшін ел қазынасынан 13,2 миллиард теңге бөлініп, алпыстан астам елді мекенде кооперативтер құрылады деп жоспарланған. Жалпы, екі жарым мыңнан астам жобаға қаржы қаралып, төржарым мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жалпы, жоғарыда айтқанымыздай Түркістан өңірінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдаланып, кәсіп бастап жатқан тұрғындар саны күн санап көбейіп келеді. Ал, өткен жылы республикалық бюджеттен бағытталған 19,7 миллиард теңге үш мың екі жүзден астам өтініш берушіге үлестірілген. Нәтижесінде үш жарым мыңнан асам жаңа жұмыс орны құрылған. Соның арқасында, ауылдық елді мекендерде екі қолға бір күрек таппай жүргендердің саны азайып, ауыл халқы тұрақты табысқа қол жеткізіп, уақыт өте келе кәсіпорныдар кеңейе түсіп, Түркістан облысындағы агрокешеннің ауқымы ұлғайып келеді.