ОРДАБАСЫДА ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНЫҢ САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Ордабасы ауданы, Бадам ауылында тәулігіне 50 тонна сүт өнімі өңдейтін «Бөрте милка» сүт зауыты бүгінде қарқынды жұмыс жүргізіп келді.. Сүт өңдеу зауытына Италия мемлекетінің «Технолат», «SPX», «FBF» компанияларының құрал-жабдықтары қойылған. Кәсіпорын мемлекеттен алған көмек аясында қарқынды дамып келеді.
Атап айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұйрығының аясында және Түркістан облысы әкімінің қаулысының негізінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылық басқармасына өтінім тапсыру арқылы инвестиция салынды. Сол инвестиция мен техниканың 25-тен 30% дейін, өңдеу мекемелеріне өткізген көлемге яғни сауылған сүттің әр литрына 30-дан 45 теңгеге дейін субсидия ретінде көмек алынады. Бұдан бөлек, сиырды қолдан ұрықтандыруға әр ұрықтың дозасына кеткен шығынның 50 %, шаруашылықтың аналық басының саны 600 бастан асқанда әр сиырға 120 мың теңгеден жылына субсидия беріліп отырылады. Ал шетелден сатылып алынған құнажындардың әр басына 400 мың теңгеден субсидия беріледі. Сүт зауытында қазіргі таңда 47 адам жұмыспен қамтылған, ал сүт фермасында 60 адам еңбек етеді. Бастапқыда фермаға 2016 жылы 408 бас ірі қара мал Венгриядан әкелінген екен. Содан бері мал басы жылдан жылға өсіп, бүгінгі таңда 1041 басты құрап отыр. Сиырлар – «Голштейн» тұқымына (породасы) жатады. Жалпы сүт фермасында төрт қора бар, әрқайсысында 150-200-ден ірі қара малы орналасқан. Сиырлардың құлағында чип орнатылған. Сауын орнына осы чип арқылы кіріп шығады. Оларға бар-жоғы 9 ветеринар маман қарайды. Оның ішінде 3 адам сиырлардың тұяқтарына, 3 адам жалпы ірі қара малының денсаулығына күтім жасаса, 3 адам олардың ұрықтануын қадағалап отырады. Толығымен автоматтандырылған сиыр фермасында ауа температурасы 25 градусты құрайды. Одан жоғарыласа арнайы желдеткіштер іске қосылады. Мүйізді қараның малағы аппаратпен тазаланады, ал желінін жуып тазалап, сауып алу роботтарға жүктелген. Кәсіпорын шығарған өнімдердің барлығы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында сатылады. Компания басшысының айтуынша, алдағы уақытта Тараз және Алматы қалаларына да сатылымға шығару жоспарланып отыр. Зауыт қаймақ, кефир, тұзды айран, йогурт, құрт, май және балмұздақ өнімдерін өндіреді. Бұл таза, ешқандай қоспасыз өнім болғандықтан, оларды сақтау мерзімдері бір айдан аспайды. Кәсіпорын басшысы адамдар белгілі бір өнім сатып алар кезде оның таза, қоспасыз екендігін айыра білу үшін алдымен не нәрсеге мән беру керектігіне тоқталып өтті. Фермадағы 4 қорада 8 сиыр сауатын робот және сиырларға жем-шөпті беріп отыратын 4 қосымша робот орналасқан. Сиырды сауатын роботтың 6-уы Швециядан және 4 қосымша жем-шөп беретін робот пен 2 сиыр сауатын робот Голландия мемлекеттерінен әкелінген.
Ал сүт зауытындағы барлық техникалық құрал-жабдықтар Италия мен Ресей Федерациясынан әкелініп қойылған. Короновирус індетінің барлық салаға кері әсері тигені рас. Пандемия кезінде де жұмысын тоқтатпай, шаруасын дөңгелеткен «Бөрте милка» ЖШС сүт өңдеу зауыты жабық түрде жұмысын жалғастырды. Жұмысшылардың сапалы еңбек етуі үшін барлық тиісті іс-шаралар қабылданды. Сатылымға келетін болсақ, шектеулер кезінде барлық шекаралар жабық болғандықтан, шет мемлекеттен көп өнімдер біздің мемлекетке кірмеді. Соның әсерінен жергілікті өнім есебінде «Бөрте милканың» сүт тағамдары өте жақсы өткен. Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті Түркістан өңірінде осылай іске асырылып жатыр. Компания басшысы жаңа қондырғылар алып, қайта өңделген сүт өнімдерін көбейте түскен.
Еске сала кетсек, «Бөрте милка» кәсіпорны 2017 жылы «Үздік инновациялық жоба номинациясы», 2018 жылы «Үздік инновациялық жоба номинациясы», Түркістан облысының ең үздік тауар өндірушілерінің «Turkistan Onimderi 2019» көрме жәрмеңкесінде «Жыл бренді» аталымын жеңіп алған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Түркістан облысы әкімдігі «Облыстың кәсіпкерлік саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін» дипломының иегері атанған.