АГРОӨНЕРКӘСІП: АГРОБАНКІСІЗ КҮНІМІЗ ҚАРАҢ

0
77


Президент Жолдауынан кейін ауыл шаруашылығы саласына дара банк қажеттігі туралы мәселе көтерілген болатын. Елімізде 20 жылдың ішінде шаруаларға арзан пайызбен несие беретін жүйе құрылмады. Мәжілісте өткен мемлекеттік құрылымдар мен банкирлер, ауыл шаруашылығы саласының басшылары қатысқан дөңгелек үстел отырысында осы мәселе көтерілді.
«Біз шаруаларға 20 жылдың ішінде арзан пайызбен несие беретін жүйе құра алмадық. Оны Үкімет мойындауы керек. Қазіргі жағдайдың бәрі шаруалардың қаржыға деген қажеттілігін қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан аграрлық банк құрып, оны шаруалардың әлеуметтік проблемаларын шешуге бағыттау керек. Бүгінде Отбасы банкі жұмыс істеп тұр. Өте арзан пайызбен несие береді. Себебі халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету керек. Қазақстан даму банкі бар. Қажетті ірі инвестициялық жобаларды қаржыландырады. Осы екі банкті құрған кезде еш сұрақ жоқ, ал фермерлерді қаржыландыру мәселесінде Ұлттық банкте де, Үкіметте де қарсы дәлел пайда бола қалады. Бұл дұрыс емес», — деді Мәжіліс депутаты депутат Анас Баққожаев..
Оның атап өтуінше, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шаруаларға арзан және ұзақмерзімді несие беру жүйесін құру қажет.«Ұлттық банк бізге қарсы болмаса, енді қалғаны — Үкімет пен Қаржы нарығы н реттеу және дамыту агенттігі. Біздің есептеуіміз бойынша агробанк 2,5 пайызбен несие бере алар еді», — деді Анас Баққожаев.
Осы орайда ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевпен болған сұхбатты ордабасылық тұрғындардың назарына ұсынып отырмыз.
-Оразгелді Өтегенұлы, осы кең ауқымдағы дөңгелек үстелде көршілеріміз Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытайда Агробанк барлығы соның арқасында ол мемлекеттерден Қазақстан 6 млрд доллардың ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттап отыр? Біз неге Агробанк аша алмаймыз? Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізге үш шетелдік банк тарту мәселесін алға тартып отыр. Өзіміздегі жиырмадан астам банк аздық ете ме деген орынды сұрақ туындайды.
– Ия, сұрағыңыз орынды. «Банк саласындағы тағы бір өзекті мәселе – барлығы бірнеше банктің қолында шоғырланған. Қазір Қазақстанда 21 банк бар. Бірақ корпоративті секторға несие берумен, яғни экономикалық жобаларды қаржыландырумен бірнеше ірі банк қана айналысады. Сондықтан осы саладағы бәсекені арттыру үшін елімізге шетелден сенімді үш банкті тартқан жөн»,-дейді Президент.
Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын қаржыландыру жүйесі өте икемсіз. Баяу жүргізіледі. Қазір мысалы «Казагроқаржы», « Несие серіктестігі» корпорациясы арқылы қаржыландырылады. Ал бұлар қаржыны қайдан алады деген заңды сұрақ туындайды. Бұлар қаржыны мемлекеттен 1-2 пайызбен алады екен де, 16 пайызбен шаруаларға береді. Осы екі қаржылық ұйымның құрамында мыңдаған адамдар бар. Олар миллиондап айлық алады. Жылдың аяғында ғана емес, тоқсан сайын бонусы тағы бар. Енді келіп осы «ҚазАгроқаржы» холдингі 400 млрд теңге қарыз болып отыр. Бұл сыбайлас жемқорлықтың салдары. Сонда шаруалар ала жаздай кетпен арқалап, үй көрмей жүргенде, сол ат төбеліндей байшігештерді байыту үшін жұмыс істеп жүрміз бе?
Дамыған мемлекеттерді айтпай ақ қояйық. Өзімізбен іргелес Ресейде, Белорусьта, Өзбекстанда, Қырғызстанда агробанк бар да, бізде неге жоқ? 21 банктің артында олигархтар отыр. 21 банктің артында олигархтар отыр. Бізде Қазақстанды осы агробанкті ашуға жібермей отырған алпауыттар осылар деп ойлаймын. Мен шетелден келетін үш банкке келіспеймін. Егер олар 16-30 пайыз көлеміндегі несиемен кіретін болса, одан бізге пайда жоқ. Ол қаражаты қалтасына басып, шетелге кетеді деген сөз. Ал, егер де халыққа 5-6 пайызбен несие беретін болса, әкелгені жөн деп ойлаймын. Банк саласының сарапшыларының пікірінше, елімізге «Агробанк» ауадай қажет. «Агробанк» ашып мемлекеттен екі пайызбен несие алып, шаруаларға үш пайызбен берсе тамаша емес пе? Бұл қадам халыққа үлкен жеңілдік әкелген болар еді. Шетелдің банк шекемізді шылқыта қоймас. Сондықтан, «Агробанк» құрмай-шаруалардың көсегесі көгермейді! Онсыз күніміз қараң.
-Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының тұралап қалуының сырын ашып, оны жедел оңалтудың жолдарын көрсетті. Осыған байланысты өңірде қандай жұмыстарды алдымен қолға алып жатырсыздар?
-Мен ауыл шаруашылығы саласының маманы болғандықтан Жолдаудағы өзіме жақын мамандығыма қатысты түйткілді мәселелер бойынша айтылған пікірлер мен тапсырмалардың астын сызып қойдым. Алдағы уақытта талдау, сараптау жасауыма қажет болады деп отырмын. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Маған ұнағаны көп қордаланған мәселелер ашық айтылған.
Мәселен, «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет»,-деп отыр Президент.
Бұл рас. Өйткені біздің жеріміз ұлан-байтақ. Халқымыз ата-бабамыздан келе жатқан мал бағып, егін өсіруді кәсіп еткен халықпыз. Жер көлемі бойынша дүние жүзінде тоғызыншы орында тұрғанымыз Президент айтқан мақсатқа жетуге болатын үлкен негіз болып табылады. Біз Еуразия құрлығына ғана байланып қалмай, әлемдік ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттайтын қуатты мемлекетке айнала аламыз.
-Отыз жыл бойы мемлекет «нашар менеджер» деп жекеменшікті дамытуға үндедік. Енді ірілендіруіміздің жайы қалай болар екен?
-Иә. Отыз жыл бойы жекеменшікті дамытуда біраз жұмыстар атқарылғанымен Президенттің айтуынша, енді шаруашылықты ірілендіруге көшуіміз керек. Қазір енді ірілендіру үдерісі оңай болмайды. Өйткені, біз үлкен ауылдарды таратып, «жердің иесі болуы керек. Әркім өз жерімен жұмыс жасайтын болуы керек» деген оймен әсіресе, егін шаруашылығында 2-5 гектар жерлерді бөліп беріп, өте ұсақ шаруашылықтарға айналдырып алдық. Мұны енді қайтару қиын. Сондықтан, оларды кооперативтерге бірлесіп, жұмыс жасауға тартуымыз керек. Негізі, ірілендіру деген тіркесті пайдалабасақ екен деймін. Егер, ірілендіру деген тіркесті айтсақ, халық оны жерін қосып жібере ме, қайта тартып ала ма деп баяғы колхоздастыру секілді бола ма деп үрейленеді. Яғни, барлық техникасы, жері бір орталыққа беріліп, шаруаларға бір адам билік ете деп қорқады. Себебі, осы Түркістан, Қызылыорда облыстарында осындай ірілендіру, бірігу жүргізіліп,оны басқарғандардың қолы таза, адал болмау оқиғалары жиі кездесті. Жерді, техниканы кепілге қойып, бас пайдасына пайдаланып кеткендер де болды. Ірілендірудің бір ақ жолы бар. Ол кооперацияға біріктіру. Соған мүше етіп қабылдау. Қазіргі «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заңның аздап кемшіліктері бар болғанымен жақсы. Дегенмен, осының өзі орындалмай жатыр. Себебі, орындалу тетіктері дұрыс емес. Заңда бірігу тек өз еркімен және кооператив қаулысымен бірігеді деп жазылған. Оны апарып әділет басқармасына тіркеу деген жері жоқ. Соған қарамастан облыс, аудан әкімдіктерінің шенеуніктері әділет басқармасына тіркелуді талап етеді. Оны талап етуші негізінен қаржы ұйымдары. Себебі, олар бәрін апарып тіркемесек, жауапты мекемеден айрылып қаламыз деп сескенеді. Ал, бұл жерде кооперацияға бірігу келісім шартпен жүзеге асырылады. Азаматтық кодексте көрсетілген. Келісім шартпен бірігіп, нотариалды мөрленген соң ол әділет басқармасына тіркелген құқықтық құжатпен бірдей заңды құжат болып табылады. Мұны заңгерлер түсіндіріп жатқан жоқ.
КООПЕРАТИВТЕГІ ТЕХНИКАНЫ ЖАҢҒЫРТУ – ЗАМАН ТАЛАБЫ
-Шаруалар кооперативтерге бірігуден не ұтады? Олар тозығы жеткен техникаларымен алсықа бара алмайтыны белгілі емес пе?
-Міне, нақты сұрақ. Қазір әрқайсысының жеке жері бар. Жұмысын істеп жатыр. Кооперативтерге бірігудің мәселесі бірлесіп қызмет жасау. Яғни, техниканы бірлесіп пайдалану, минералды тыңайтқышты, жанар-жағармайды бір жерден алу жүзеге асырылады. Одан кейін өнімді жинау, өткізу мәселесі де бірге атқарылады. Бұған барлық техника жұмылдырылады. Бұл жерде айта кететін нәрсе. Бірігудегі мақсат – кооперативті заманауи үлгідегі жаңа техникамын жарақтандыру. Мәселен, Жолдауда айтады.
«Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал».
Бұл өте қиын мәселе. Жеке-дара жүрсе, шаруалар техникаларын жаңалай алмайды. Себебі, жаңа техникалардың бағасы шарықтап кетті. Мәселен, 2010 жылдары бес миллион теңге тұратын трактор қазір он миллион теңге тұрады. Бағасы екі есеге өскен. Оны шаруалардың алуға шамасы жоқ. Сондықтан, кооперативтерге бірігіп, оларды техникамен қамтамасыз ету керек. Біздегі майда, ұсақ шаруашылықтарды біріктірудің ең негізгі тетігі осы. Мемлекет техниканы кооперативтерге 50 пайыздық субсидиямен (қайтарымсыз қаржы) береді.
-Меніңше қазіргі кооперативтерге берілетін 28 миллион теңге қаржының өзі теңізге құйған тамшыдай ғана емес пе?
-Дұрыс айтасыз. Қазіргі кезде кооперативтерге 28 миллион теңге шамасында қаржы береді. Ол жаңа бір техника, пайдаланылғаны болса, асып кетсе екі техникаға ғана жетеді. Ал, жаңадан құрылған кооператив бір-екі техникамен алысқа ұзай алмайды. Мәселен, келесі жылы «Ауыл аманаты» жобасына берілетін қаржыны көбейтейін деп жатыр. Сол кезде осы бастаманы өндіріске батыл енгізу керек. Мен осы мәселе туралы Түркістан облысының әкімі Ермек Кенжеханұлына кіргенімде, ол кісі мені қолдап министрлікпен сөйлескенде, «келесі жылы бөлінетін қаржы еселенеді» деген пікір білдірілді. Осы мәселе созбалаңға салынып кетпесе болғаны.
СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ТЕЗ МЕҢГЕРУІМІЗ КЕРЕК
-Жақында облыстың «Алтын күз» ауыл шаруашылығы саласының жыл қорытындысында бірқатар аудандар су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізуден облыста алға шықты. Алайда, өзіңіз көріп-біліп жүрген олқылықтарымыз да шаш етектен емес пе?
– Президент Жолдауында «судың да сұрауы бар» деген мәселеге ерекше тоқталды. Біздің елімізде барлық егістік жерлердің жеті пайызы ғана суармалы жерлер. Сол жеті пайыз суармалы жер жалпы егіннен түсетін түсімнің 40 пайызын беріп отыр. Суарылмайтын жерлерден алты есе көп өнім береді. Бұған мемлекет өте қатты көңіл бөлуі керек. Баяғы Кеңес Одағының кезінде осы мәселеге өте үлкен көңіл бөлінген болатын. Сол кезде министрлікте осы суландыру және су жүйелерін техникамен қамтитын гидрогеологиялық басқарма болатын. Біз соны жоғалтып алдық. Мынаған қараңыз. Осы су шаруашылығымен айналысатын мекеме біз егемендік алғалы бері алты ведомствоға қараған екен. Министрліктері алты рет ауысқан.
«Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады»,-деді Мемлекет басшысы.
Ал енді Президентіміздің осы олқылықты жою үшін өз алдына Су ресурстары және иригация министрлігін құруы өте үлкен батылдық және шынайы жанашырлық деп есептеуіміз керек. Ал, Ұлттық гидрогеология қызметі әлі құрылған жоқ. «ҚАЗСУШАР» реформаланып біткен жоқ. Бұл бізге қолбайлау болып отыр. Оның сыртында, біздің еліміздегі су қорларының 45 пайызы трансшекаралық өзендерден келеді екен. Бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі болған Ақылбек Күрішбаев «Егемен Қазақстан» газетінде су шаруашылығындағы дағдарыс туралы, Су комитетінің төрағасы болған Ислам Әбішевтің «Жас Алаш» газетіндегі су шаруашылығын дамыту тұрғысындағы мақалалары өте өзекті. Аса маңызды өте әрі өзекті жайларды жасырмай жазып жатыр. Президенттің өзі де: «Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені, оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу,-дейді.
Менің ойымша, елімізге жиырма бөген салу өте аз. Оның ішінде біздің оңтүстік өңірді алайық. Бізде екі ақ су қоймасын салмақшы. Бізде су қоймасын салуға сұранып тұрған жерлер өте көп. Өзіміздің Түркістан облысын айтайық. Арыстың, Бөгеннің суы қыс бойы дарияға құйылып жатыр. Саурандағы Қарашық өзені қыс бойы дарияға кетіп жатыр. Қысқы жауын, қар суларын көктемде жинауымыз керек. Су жинайтын тоғандарды көбейту керек. Қазір міне қала іргесінде 8 млн текше метрден астам су жиналатын Қосқарған-Көлсай қоймасы бір жылдың ішінде салынды. Ол Түркістан қаласын суландыру үшін ғана салынды. Қазір ауылдарды суландыруға болатын су қоймаларын салуға сұранып тұрған үш төрт жер бар. Мәселен, Сауран ауданындағы Иқан су. Оның жобасы дайын. Шағада да су қоймасының жобасы бар. Оны да бастауға болады. Қошқорған және Майдантал су қоймаларын үлкейтуге, аумағын кеңейтуге толық мүмкіндік бар. Соны жүзеге асырсақ, едәуір еңсеміз көтеріліп қалады.
ЖЕР АСТЫ СУЛАРЫ – ҚОСЫМША ҚОР
-Оның сыртында жер асты суын пайдалану да қосымша көз емес пе?
-Иә, дұрыс айтасыз. Түркістан өңірінің астында үлкен су асты теңізі бар. Мен 1980 жылдары Майдантал совхозында партком болып қызмет істедім. Сонда жүзден астам құдық қазылды. Солардың бәрі қазір тоқтап тұр. Себебі, құдықты пайдалануда электр қуаты тым қымбатқа түседі. Тарифтері де қымбат. Соған жеңілдік жасалып, жер асты суларын пайдаланатын болсақ, диқандарымыздың мәселесі шешіледі. Бірақ, бұрын 30-40 метрден су шығатын. Қазір енді жер асты сулары да төмендеп бара жатыр.
-Оның сыртында тоғаннан келетін ағын суларды жеткізетін тасарықтар әбден тозған. Ол тасарықтарды қайта жаңаласақ, маңына су жайылмағандықтан көк те шықпай қалады. Елдің пайдаланып отырған ауыз суының деңгейі де түсіп кетеді. Мәселен, өзіңіз айтқан Қосқарған-Көлсай су тоспасын салып, тасарықтармен жүргізген соң, Түркістандағы жер асты суының деңгейі түсіп кетті. Оранғайдағы қиыршық тас зауытының үңгіп қазуынан жұрт зардап шегіп отыр.
-Бұрын да қазір де ағын сулардың 40 пайызы жер астына сіңеді. Сауран ауданында Иқан шекарасынан бермен қарай Қарашық ауылдық округі шекарасына дейін тастақ. Шорнаққа дейін де тастақ деуге болады. Содан мінеки судың елу пайызына дейін жерге сіңіп кете беретін.
Қазір Арыс-Түркістан каналының 60 шақырым жерін бетондады. Сөйтіп, ол сулар жер астына сіңбейтін болды. Соның салдарынан 10-15 метрден шығатын құдық суы тереңдеді. 20-30 метр қазып алуға болады. Келіп тұрған суды ысырап етіп, жер астына жіберудің не қажеті бар? Егін жердің астында өспейді. Жердің бетінде өседі. Сондықтан, өзен көлдерден, тоғандардан келетін тасарықтарды бетондау керек. Кеңес Одағы кезінде үлкен зауыттар тасарықтар үшін бетон лотоктар құятын. Ол арықтарға төселетін. Қазір қалайда суды жер астына жібермеудің әрекетін жасау керек. Президент айтып өтті.
«Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет».
-Қазір бірқатар аудандар жаңбырлатып, тамшылатып суару технологиялары өндіріске енгізіліп жатыр. Жаппай енгізуге бұл тым қымбат технология ма? Ондай болса, мемлекеттік тұрғыда субсидиямен, лизингпен алуға болмас па еді?
-Бұл жаңбырлатып, тамшылатып суару барынша суды үнемдеуге мүмкіндік әпереді. Бірақ электр қуатын көп қажет етеді. Бәрібір соған көшуіміз керек. Мәселен, Президентіміз: «Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет»,-деп отыр.
Шұғыл міндет болуы үшін мұны біз тез арада жасауымыз керек. «Жыл сайын 150 мың гектарға жаңа технология енгізуіміз керек» деп тапсырма беріп отыр.
Бұл жаңа технологияларды солтүстік облыстарға да қолдану қиын. Ал, суармалы жерлердің дені оңтүстік облыстар. Оңтүстік облыстардағы шаруашылықтар мұндай технологияға күші жетпейтін майда. Ол үлкен қаражатты қажет ететін технология. Оны мемлекет қолдап, субсидия беріп жатыр. Бірақ, меніңше ол қолдау аз. Себебі, бұрын 25 пайыз болатын. Қазір кооперативтерге ғана жеңілдік 50 пайыз етілді. Ал, жеке шаруалар алса 25 пайыз жеңілдік жасалады. Мұны жеке шаруалар алуы керек деп ойлаймын. Мұның бірнеше түрлері бар. Үлкен гектарларға пайдалану. Мәселен елу гектардан жоғары жерді пайдаланатын болса, оған жаңбырлатып суару техникасы, одан төмендерге трактор керек. Меніңше, елу пайыз субсидияның өзі де аз. Ең кемі 70-80 пайыздық субсидия беруі керек деп есептеймін. Бұрындары шалғайдағы жайылымдарға құдық қазатындарға осындай мөлшерде субсидияны осыдан үш жыл бұрын беретін. Екі жылда шалғайдағы жайылымдарға құдықтар қазылды. Солай 80 пайыздық субсидия берілуі керек деп есептеймін. Бірақ, оны екінші жағы бар. Бізде осындай көлемде субсидия берсе, шашпашылыққа салынамыз. Оның артында қадағалау болмаса, әрине солай болады. Сол кезде электронды жүйемен беріліп, қадағалау болмады. Оны әрбір ауданның ауыл шаруашылық мамандары басына барып, орындалуын көзбен көруі тиіс еді. Олай болмады.
-Неліктен олай болмады? Мүмкін, бұл жерде сыбайлас жемқорлық тәуекелінің басы қылтиып тұрған жоқ па?
Қазір өзіңіз ойлап қараңыз, облыста 75 мың шаруашылық бар. Оны облыстық ауыл шаруашылығы басқармасындағы жеті адам қайтіп бақылайды? Оны әр аудан ауыл шаруашылығы саласына қадағалау функциясын беріп қойса, олар түрлі шара қолданар еді. Осы жағы кемшін болып отыр.
– Оразгелді Өтегенұлы, салиқалы сұқбатыңызға үлкен рахмет!
Түркістан қаласының құрметті азаматы, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевпен сұхбаттасқан:
Ескендір ЕРТАЙ

Leave a reply