СОЗАҚТЫҚ ТҰРҒЫН БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛҒА АЛЫП, КӘСІП КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРҒАН

0
85

Аудан экономикасы мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, бизнестің тұрақты көзі болатын саланың бірі – балық шаруашылығы. Сондықтан балық өсіруді қолға алып, шаруашылықтың бұл түрін кәсіп көзіне айналдыруды көздеген кәсіпкерлер саны артып келеді.

Айта кетейік, ауданда «Ауыл аманаты» жобасы арқылы балық шаруашылығын жолға қойған азаматтардың кәсібі жандана түсуде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа жобаны қолға алған Жартытөбе ауылдық округің тұрғыны Әлтеков Нұрлыбектің тоғандық балық шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер жаңа жобаның тиімділігіне айрықша тоқталып, жұмыс барысымен таныстырды.

Айта кетейік, Әлтеков Нұрлыбек «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8 млн 300 мың теңге 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алды. Мамыр айында 10000 дана сазан шабағын қолдан қазылған тоғанға жіберді. Қазіргі уақытта бұлақ суын ұтымды пайдаланған кәсіпкер өнімін сатуға дайындауда.

Соңғы жылдары Түркістан өңірінде балық шаруашылығы жақсы дамып келеді. Мемлекет тарапынан да қолдау күшейтілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес өңірде 2024 жылға дейін 10 мың тонна тауарлы балық өндіруді қамтамасыз ету мақсатында жоспар түзілген. Арнайы жұмысшы топ арқылы тұрғындарға жаңадан балық шаруашылықтарын ашу, оларды заңдастыру, тиісті органдарда тіркеу және «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алу тетіктері түсіндірілді.

Аудан, қала әкімдіктері мен балық шаруашылығы инспекциясының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, бүгінгі күнге облыс бойынша 10400 тонна тауарлы балық өндіріліп, тапсырма орындалған. Сонымен қатар облыстағы балық өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар 4900 тонна балық өңдеді («Хамит» Агроөнеркәсіптік кешенін дамыту жөніндегі ұлттық жоба бойынша 2023 жылға бекітілген «Балық өнімін өндіру» индикаторы толығымен орындалды.

Leave a reply