САУРАН: АУДАННЫҢ ІРІ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЕСКЕРТКІШТЕРІ

0
58


Түркістан оазисі Сырдария өзені бойында тізбектеле орналасқан қала мәдениетінің жазираларының арасында ерекше орынды алады. Ежелгі заманнан бастап, бұл аймақ қоныстандыру мен отырықшы шаруашылық жүргізу үшін өте қолайлы болған. Орта ғасырларда Жібек жолы ретінде танымал болған сауда жолының Сырдария маңындағы бөлігі Шаш/Ташкен – Тарбанд/Отырар – Түркістан/Шауғар – Сауран – Сығанақ сияқты және т.б. шағын оазистердің орталығына айналған белгілі қалалар арқылы өтті.
Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында, Түркістан археологиялық экспедициясы (жетекшісі Е.Смағұлов, археолог М.Тұяқбаев, маман А.Ержігітова) Түркістан оазисінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, мұнда әр түрлі ауқымдағы отырықшы және қалалық мәдениет ескерткіштерінің бар екенін анықтады. Олардың ішінде, жаңадан құрылған Сауран ауданында орналасқан ең маңыздысы ретінде ортағасырлық Сидақ, Қаратөбе, Сауран, Міртөбе археологиялық ескерткіштері ерекшеленеді.
Шорнақ елді мекені жанында орналасқан Сидақ қалашығы киелі ескерткіштердің бірі екендігі анықталды. Қазба жұмыстары барысында табылған материалдар, бұл бекініс, ерте ортағасырлық және кейінгі ежелгі дәуірде кейінгі сармат қауымы үшін ықпалды арғы аталарының ғибадатханасы болғандығын дәлелдейді. Ал кейінірек, ислам дінінің салтанат құруы кезінде оған осы аймақта белгілі сопылық бағытты уағыздаушы, миссионер, ислам дінін таратушы, Қожа Ахмет Ясауимен бірдей дәрежеге ие болған замандасы болып табылатын Шайда-и-шейх жерленген. Қазірге кезде, оның қабірінің үстіне салынған қарапайым кесене толығымен қираған. Бірақ, бұл жер жергілікті халық үшін осы күнге дейін тартымды болып тұр.
Қала б.з. І ғ. Ұлы Жібек жолы бойындағы бекініс (форпост) түрінде пайда болып, б.з. ІV-ші ғасырында Қаңлы мемлекетінің ірі қалаларының біріне айналады. Қаңлы мемлекетінің халқы зоростризм дінін ұстағандықтан V-VІІ ғғ. қала осы аймақтағы ең ірі діни орталықтардың біріне айналып, көптеген ғибадатханалар салынады.
Қазба жұмыстарының нәтижелеріне сүйенсек, Сидақ қаласының өмір сүруі, ғұрыптық құрылыстар мен оған іргелес тұрған тұрғын үйлеріндегі өрттің әсерінен тоқтақтағандығы анықталды. VІІІ ғ. екінші жартысында (775-777) болған араб шапқыншылығы кезінде үлкен өртке ұшыраған қала тұрғындары басқа елді мекендерге қоныс аударады. Қазба барысында табылған олжалар, Қазақстан халқының мәдениеті мен идеологиясының көптеген қырларын сипаттайды. Сидақта ашылған ғибадатханалардың жоспары мен құрылымы Сырдария маңындағы аймақта орналасқан және IV ғасырдан бастап Соғды мен Орта Азияның басқа да тарихи-мәдени облыстарында таралған ескерткіштердің кең шеңберіне ұқсас екендігі анықталды. Осы ғибадатханалармен байланысты дінді анықтау мәселесі ғылымда әлі күнге дейін пікірталас тудыруда.
Көпжылдық археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде ортағасырлық Сауран қаласының тарихымен бірқатар әртүрлі археологиялық ескерткіштер тығыз байланысты екендігі негізделген. Олар, Қаратөбе және Міртөбе қалашықтары. Әрине, олардың әрқайсысы өзінің жеке құрылымына ие, бірақ барлығы бірге ортағасырлық қала сияқты құбылысты сипаттайтын кешенді құрайды. Сондықтан, соңғы кезде, біз Қазақстанның ортағасырлық қалалық мәдениетін неғұрлым толық және жан-жақты сипаттайтын «Сауран археологиялық кешені» (Қаратөбе, Сауран, Міртөбе қалашықтары) ұғымын тұжырымдап, ұсына аламыз (Смагулов Сауранский арх комплекс).
Сауран археологиялық кешенінің маңызды бөлігі – Қаратөбе қалашығы болып табылады. Түркістан археологиялық экспедициясының 1998 жылдан бастап Сауран және Қаратөбе қалашықтарында жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде, осы екі ескерткіштің тарихи байланысы бар екендігі дәлелденді.
Қаратөбе қалашығы Сауран қалашығынан оңтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан. Қаратөбе (Ежелгі Сауран) қаласының төңірегінің топографиясын зерттеу мен аэрофототүсірілімді жете талдау кеңістігін үш шектеулі бекініс қабырғалар қоршап жатқандығын анықтауға мүмкіндік берді. Екі өзен арнасының аралығындағы осы аумақтың ортасында толығымен күрделі құрылысы бар қаланың шахристаны орналасқан. Осы жердің орталығында оңтүстік қабырғасы түзу келген дұрыс емес сопақша пішіндегі қаланың орталық төбесі (цитадель) көрініп тұр. Ескерткіштің топографиялық ерекшеліктеріне қарасақ, қала нақты қала құрылысы және сәулет жоспары бойынша салынғанын көруге болады. Оның негізгі топографиялық элементтері мен құрылымдық бөліктерінің сипаттамасын (бекініс, сумен қамтамасыз ету және т.б.) ескерсек, бұл жерде қала құрылысы өнерінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Көп жылдар бойы Түркістан өңірінің археологиялық ескерткіштерін зерттеген белгілі ғалым Е.Смағұлов 2011 жылы жарық көрген «Древний Сауран» ғылыми еңбегін Қаратөбеде жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижелеріне арнады. Қаратөбе қалашығы жайлы «Өз ауқымы бойынша моңғол шапқыншылығына дейінгі Ежелгі Сауран қаласының шынында да, Қазақстанның оңтүстігіндегі ірі қала орталығының бірі екенін және өлшемдері жағынан Отырар қаласымен салыстыруға болатынын көрсетеді» деп қорытынды жасайды.
Ортағасырлық Сауран қалашығы Қазақстанның ортағасыр мәдениетінің ең маңызды ескерткішінің бірі екендігі белгілі. Өзінің сақталу дәрежесі бойынша ол бірегейлікке ие.
Сауран қаласы жайлы XVI ғ., сол заманның тарихшысы Рузбихан былай сипаттайды: «Бұл қала керемет сұлу және шексіз көңілді, ауасы өте таза, адам жанын көңілдендіріп, сергітеді. Маңайы құлпырған бау-бақша, әртүрлі ағаштар, қаланы айналдырып биік дуалдар қоршап тұр, ешқандай жау ала алмайды. Бұл қаланың топырағы — білім мен ғылымның ордасы. Халқы ерекше білімқұмар, зеректік және қонақжайлылық олардың табиғатына әбден сіңген». Сауран қаласы XVIII ғ. жоңғарлардың шапқыншылығына ұшырады. Одан кейін Қоқан хандығының езгісіне де түсті. XIX ғасырдың ортасында қала біржолата күйреген.
Археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде қаланың бірегей сәулет құрылыстарының қирандылары ашылған болатын. Атап өтсек, қаланың орталық алаңында орналасқан жұма-мешіт, XIV-XVI ғасырлармен мерзімделетін ханака мен медресе, солтүстік бекініс қақпаларының құрылымдары, қала сыртында орналасқан намазгох деп аталатын мешіт, үй-жайлар зерттелген болатын. Бүгінгі таңда бұл нысандардың басым көпшілігі қайта жаңғыртылды.
Қала қамалының сыртында орналасқан ортағасырлық агроирригациялардың іздері, бақшалардың, жүзімдіктер мен бақтардың тікбұрышты қоршалған жеке учаскелері, каналдар мен арықтар желісі айқын көрінеді. 60-шы жылдардың соңында қалашық маңайындағы аэрофототүсірілімдердің шифрын ашу нәтижесінде, кәріз деп аталатын, қалаға ыза су әкелген жерасты су тарту галереяларының іздері анықталды.
Сауран археологиялық кешенінің келесі ескерткіші Міртөбе қалашығы Түркістан қаласынан солтүстік-батыста 47 шақырым, көне Сауран қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 5 шақырым жерде орналасқан. Ол, Қазақстанның ортағасырлық мәдениеті үшін қала сыртындағы бақ-саябақ сәулетінің бірегей ескерткіші болып табылады.
Зайн-ад-дин Махмуд Васифи «Бадаи ал-вакаи» еңбегінде Сауран қаласын сипаттап, қаланы сумен қамтамасыз етіп отырған кәріздер туралы айта келе, жергілікті ірі дін өкілі Мір-Араб қаржысына Сауранды сумен, көкөніспен жабдықтау үшін кәріздер салғандығы жөнінде мәлімет келтіреді. Яғни, ортағасырлық Сауран қаласын сумен қамтамасыз еткен кәріз қалдығы Мір-Арабтың есімімен байланысты Міртөбе деп аталғандығын айғақтайды. Қаланы кәріз жүйесі арқылы сумен қамтамасыз ету, Сауран археологиялық кешенінің бірегейлігін арттырады.
Осылайша, жаңадан жинақталған жаңа археологиялық деректер, ежелгі дәуірдегідей, ортағасырларда да қалалық, отырықшы-егіншілік мәдениеті қазақтардың дала мәдениетін дамытудың маңызды факторы және құрамдас бөлігі болғандығын дәлелдейді.
А.ЕРЖІГІТОВА,
Түркістан облыстық тарихи өлкетану музейі археология бөлімінің меңгерушісі.

Leave a reply