САУРАН: ТІГІНШІЛІКТЕН ТАБЫС ТАПҚАН ТАЛАПШЫЛ ЖАН

0
71


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.
«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек»,-деген болатын. Жақында өмірін тігіншілікке арнап өзі ғана емес, отбасын, жақын-жуықтарын бақытқа бөлеген жанды жолықтырдық.
Журналистер қауымы жүрген ортасында өз кейіпкерін іздеп жүретіні рас. Жақында, саурандық апалармен басқосып отырғанда, ерекше қасиет иесін тапқаныма қуанғаным бар. Он жасынан тігіншілікті кәсіп еткен Несібелі апа бүгінде сексеннің сеңгіріне келсе де, инені көзілдіріксіз сабақтап, «Сауран» газетінің соңғы нөміріндегі жақсы мақаланы тілге тиек етіп отырады. Балаларына, қыздарына, таныстарына кітап, газет оқуды үнемі тапсырып отырады. Әлеуметтік желіде көбіне жаңсақ ақпарат болады дейді. Сонымен Несібелі апамыздың өнегелі тағдырына көз жүгіртелік.
ШАТАССАҢ ҰЛ-ҚЫЗЫҢНЫҢ АТЫНАН ШАТАС
Несібелі Қасымбайқызы Мәуленова 1945 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Құдай қосқан қосағы Сейіт Мәуленов 1936 жылғы, көкенің өмірден өткеніне 22 жылдың жүзі болыпты. Несібелі апа Фрунзе мектебінде оқыған. 17 жасында 10 сыныпты бітірер жылында 1963 жылы тұрмысқа шығыпты. Несібелі апа тоғыз, яғни 3 ұл мен 6 қызды дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Тұла бойы тұңғышы Сакен 1965 жылғы, мамандығы мұғалім. Бүгінде тұңғыш ұлының өзі 3 ұлын ұяға, бір қызын қияға қондырып, 6 немере сүйіп отыр. Екінші перзенті Камила 1967 жылғы, Түркістан қаласындағы Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың клиникасында бас есепші қызметін атқарады. Айтпақшы, қызы Камила 3 қыз, бір ұлынан 6 немере сүйіп отыр.
Үшінші перзенті Гүлназ 1968 жылғы, тұрмысқа шықпапты. Ал, төртінші перзенті Ақмарал 1971 жылғы, Алматыдағы шет тілдер университетінде шет тілі пәнінің мұғалімі, 2 ұл мен 2 қыз тәрбиелеп, оларға өнегелі тәрбие беріп отырған ардақты ана. Бесінші перзенті Ләззат 1973 жылғы, бір қызынан екі немере сүйіпті. Алтыншы перзенті Сержан 1976 жылғы, 5 қызы мен 1 ұлы бар. Сержан Қ. А. Ясауи атындағы ХҚТУ-де оқытушы қызметін атқарады. Несібелі апа 1978 жылы Айман, Шолпан есімді егіз қыздарды дүниеге әкеліпті. Алланың құдыретінде шек жоқ деген осы болар, сірә. Айтайын дегеніміз Айман мен Шолпан тұрмысқа шығып,екеуі де 3 қыз бен 2 ұлды дүниеге әкеліпті. Екі егіз қыз да 5 ұл-қыздың анасы атаныпты. Шіркін, сүт кенженің орны бөлек қой. Тоғызыншы перзент, қарашаңырақтың иесі кенже ұлы Ержан 1981 жылғы, 3 қыз бен 1 ұлы бар. «Шатассаң ұл-қызыңның атынан шатас» дегендей, Несібелі апа тоғыз ұл-қызының есімдерін айтып отырғанында шатасқаны-ай. Мен жазып отырып, «апа сегіз ұл-қызыңыздың атын айттыңыз, тоғызыншысының есімін айтыңыз» деймін әлгі жерде. Апам: «Барлығын айттым, тоғыз болды. Мүмкін, Айман мен Шолпанды бірге есептеп отырған шығарсың»,-дейді. «Апа-ау, Айман мен Шолпанды бөлек-бөлек жазып қойдым. Біреуін айтпай отырсыз», -деп, тоғызға жеткізе алмай мен отырмын… Мүмкін мен шатасып отырған шығармын,-деп, қайта-қайта есімдерін қайталаймын. Сонымен не керек, ұлдарын бөлек, қыздарын бөлек жазып алайын,-деп, қайтадан жазып шықтым. Сөйтіп отырғанда, қыздардың есіміне келгенде, саны жетпей тұрғаны – өзіммен аттас Ләззат есімді қызының жазылмай қалғанын әрең тапқанымыз бар… «Күлсең кәріге күл», – деген атам қазақ. Барлығымыз бір күліп алдық.
ТАБИҒИ ТАЛАНТЫ – ТУМЫСЫНАН
Әңгіме барысында бірге жүрген замандастары Несібелі апаның «Сегіз қырлы бір сырлы» он саусағынан өнері тамған тігінші екені жайлы айта отырды. Біз де осы сәтті пайдаланып, Несібелі апаға өзімізді толғандырған сауалды қоя отырдық.
– Несібелі апа тігіншілікті кімнен үйрендіңіз, қай жастан бастап тіге бастадыңыз?
– Мен 3-сынып оқып жүрген кезімнен бастап киім тіге бастадым. Алланың берген қабілеті болар, кішкентай кезімнен өз көйлегімді өзім тігіп алатынмын. Күні кешеге дейін ауылдағы әйелдердің көйлектерін тіктім. Әлі де қолым тігістен шыққан жоқ. Бүгінде көбіне кимешек тігемін,-деген апамыздың жауабына риза болдық. Осы арада әңгімеге қосылған ұлағатты ардагер ұстаз Мавлюда апа: «Несібелі апаның тіккен көйлектерін әлі де армандаймыз. Қараңызшы, үстіндегі көйлегін өзі тігіп алған. Апамыз дайын көйлек сатып алмайды, материалдан өзі тігіп алады» деп, Несібелі апаның көйлекті өте жақсы тігетіні жайлы айта кетті. Сондай-ақ, Мавлюда апа Несібелі апаның өзге тігіншілерден ерекшелігі тапсырыс берген адамның өлшемін қолмен өлшемей, көзбен өлшейтін ерекше қабілетке ие екендігін айтып, бізді қызықтыра түсті. Бұл рас па дегендей таңданған түрімізді көрген Несібелі апа сөз тізгінін қолына алды.
– «Мен 3-ші сынып оқып жүрген кезімнен тігіс тігемін. Алланың берген қабілеті болар. Көбіне, көйлек, костюм-юбка тіктім.
Иә, несін айтайын қиын күндерді басымнан өткердім. 40 жасымда бүйрегімді алдыртып, мүгедек болдым. Алматы қаласындағы ауруханада ота жасады. Ота жасап болғаннан кейін біраз күнге дейін тамақ іше алмайсың. Өз-өзіме келгеннен кейін құнарлы тамақ ішкім келді. Үйден жырақтамын, әйтпесе үйден күнделікті тамақ келіп тұрар еді. Содан, санитарка қызға: «Айналайын, маған тамақ істеп бере аласың ба?» дедім жалынып. «Жоқ, тәте ренжімеңіз» деді. Өзім әбден әлсірегенмін. Сонда сол қызға қарап: «Бір Құдайдан басқа ешнәрсем жоқ. Құнарлы тамақ ішсем, тез жазылып кететіндеймін. Менің өмір сүруім осы тамаққа байланысты болып тұр» дедім әлсіреген дауысыммен зорға сөйлеп. Жауап бермей, үнсіз кеткен қыз 15 минуттан кейін жаныма келіп, «Тәте жарайды» деді. Жүрегім жарыла қуандым. Шалым қасымда маған қарап жатқан болатын. Жаңағы қыз кетіп бара жатқанда: «Қызым уақытың шектеулі екенін білемін. Пәлен уақытта тамақ пісіріп, әкеліп бер деп айтпаймын. Қолың қай уақытта босайды, сол уақытта пісіріп әкеліп берсең болды. Мен әкелген тамақты плиткаға жылытып іше беремін» дедім. Сондағы менің жейтінім бір дана түшпара. Екі сағатта біреуін жеп отырамын. Содан тамақ пісіріп әкеліп берді.
АҚ КӨЙЛЕК КИГЕН ҚЫЗ, КӨК КӨЙЛЕК КИГЕН ҚЫЗ
Сол кезеңде қыз-келіншектер олпы-солпы болып киінбейтін. Ал, мына қыздың киімі олпы-солпы екенін байқадым. Содан сол қызға көйлек тігіп берейін деген ойға келдім. Қыздың есімі Бота болатын. Содан бір күні оған: «Бота материалың болса әкелсей, көйлек тігіп берейін» дедім.
«Ойбай тәте қалай тігесіз? Отадан жақында шықтыңыз? дегенде: «Жоқ , маған жай-жайдан қозғалыс жасау керек. Әрі жата бермей, көйлек тігуді ермек етейін» дедім. Материалын әкелді, тігуді бастадым. Алғашқыда аз ғана тіксем шаршап қалатын едім. Оның үстіне қолмен тігемін. Сөйтіп, азғантайдан тігіп жүрдім. Бір күні түнгі сменде істейтін қыз: «Тәте сіз киім тігіп жатырсыз ба?»деді. Мен ұрысады ма деп қорқып: «жоқ» деппін. «Жіп жатыр, айта беріңіз» деді. «Ботаның көйлегінің етегін туралап берейін дедім»,-деп жауап бердім. Сөйтсем: «Осындай халде жатып, қолыңызға ине ұстаған сіз үлкен ұста екенсіз» деді. Мен ұрыспағаннан кейін: Иә, үлкен ұстамын» ,-дедім.
Содан не керек, бір ай ашық тұрған ішімді тікті. Иә, ішім бір ай ашық болды. Сөйтіп, «маусым айының 24-іне ауруханадан шығасыз» деді дәрігерлер. Шығуға аз уақыт қалғанына жүрегім жарыла қуандым. Түнгі ауысымда істейтін әлгі қыз: «Тәте менің ертең туған күнім. Соған комбинированный көйлек тігіп бересіз ба» деді. Есімі Салтанат болатын. «Айналайын, Салтанат неге ертерек айтпадың. Мен наркоз алдым. Тез арада тігіп беруге миым жетеді ма?»деймін ғой әлгі жерде. Содан ол қызға: «сатен матаның ақ және сирень түсінен ал, тігіп көрейін»,-дедім. Сонымен не керек, матаны әкелді. Шай қамын жасап, столдың үстін жайнатып жіберді. Екеуміз жақсылап шай ішіп алдық. Күндізгі сағат 11.00-де көйлек тігуді бастап, үлкен 25 сантиметрлі линейка алдырттым. «Бісмілла деп асханада тұрып, киімін пішіп, тігістерін сызып бердім. Салтанат қыз: «Тәте сіз шаршамаңыз, қайырып тігуді білемін. Сіздің сызып берген жеріңізді тігіп беремін» деді. Содан көрсеткен тігістерді тігіп, үтіктеп келеді. Мен көріп, тексеріп, не керек сағат 15.00-де тігіп болдық. Киіп көріп еді, үстіне құйып қойғандай әдемі жараса кетті. «Тәте рахмет» деп қуанып жүр өзі. Үш сағатта тігіппіз.
Сөйтіп өзім ертеңіне шыққалы отырсам, кезекші мейірбике келіп: «Тәте бір күнге қалып, маған да көйлек тігіп беріңізші?» демесі бар ма. «Қой айналайын. Өзім үйіме жете алмай жатырмын» деп, ертесіне ауруханадан шығып, үйіме қайттым.
БІР БҮЙРЕКПЕН 40 ЖЫЛ ӨМІР СҮРІП КЕЛЕДІ
Қырық жасымда бір бүйрегімді алдыртқан болсам, 65 жасымда екінші бүйрегіме де ота жасады. Бүгінде, сексенннің сеңгіріне шығып жатырмын. Өткенге көз жүгіртіп қарасам, жалғыз бүйрекпен жүргеніме 40 жыл болыпты. Аллаға мың қайтара шүкір етемін,-деген Несібелі апа әңгімесін ары қарай жалғастырды.
-Жалғыз бүйрек болған соң күтіну керек болды. Шамам келгенінше Сарыағашқа барып, емделіп жүрдім. Сарыағашқа алғаш барғанымда басымнан өткен мына оқиғаны айта кетейін. Сарыағашқа барып, емдік суын ішкеннен бастап қатты ауырдым. Тоғыз баламды үйге тастап, ауыздарынан жырып емделуге келгенімде көргенім осы болды ма?,-деп жылап, дәрігерлер отыратын көрпусқа бара жатқанмын. Сол кезде «Несібелі» деген дауысты естідім. Қарасам ауылдағы нағашымыз, үлкен қариямыз екен. Ол кісіні көрген соң одан сайын қатты жылап жібердім. «Менің бүйрегім ауырып жатыр»,-деп айтып жатырмын. «Айналайын бүйрегіңді қозғап жатқан ғой, жылама» деп жұбатты. Қатты күйзелгеннен болар, өңешімнен қара су да өтпей қалды. Содан дәрігерге барып жолықтым. Алдына емделу қағаздарымды қойып, «екі күннен бері бүйрегім қатты ауырып жатыр» деп айттым. Сөйтсем, дәрігер: «бүйрегің ауырса жақсы болыпты»,-деді. Маған кекетіп айтқан сияқты болып көрінді. «Неге олай дейсіз» дедім. «Бүйрегіңіз ауырса қуаныңыз. Бүйрегіңіздің шлагын қозғап жатыр»,-деді. Ойпырмай, жақсы сөз адам жанын ерітеді деген рас екен. Жаңағы бітеліп тұрған өңешім ашылды. Суды сіміріп ішіп алдым. Неше күннен бері ас батпай жүрген. Қарнымның ашқанын сезіндім. Жақсы тамақтана бастадым. Он жылдай осылай ауырдым Сарығашқа емделуге келген сайын. Бүйрегім ауырса, бұрынғыдай күйзелмейтін болдым. Сарыағашқа екінші жылы барғанымда жеке үйде кішкентай баласымен келген қызылордалық әйел екеуіміз жаттық. Мен бүйрегім ауырады ауыр көтеруге болмайды. Содан әлгі әйел суыма дейін әкеліп береді. Менің бар жағдайымды жасады. Осылай арада он күн өтті. Қимылдамай жатқаныма ыңғайсызданып әңгімені бастадым. Әлгі әйелдің есімі Фатима болатын. «Фатима саған мың алғыс. Сен мені күтуге келген жоқсың. Өзің демалайын деп келдің. Мен саған шексіз ризамын» дедім. Сөйтсем Фатима: «Бір пиала су артық ішіп жатырсыз. Өзім үшін ыдыс жуамын. Екеуін жусам үшіншісі етіп сіздікін жуамын. Мен артық қимылдап жатқаным жоқ,-деді. «Айналайын Фатима ықыласпен қызмет жасағаныңа ризамын. Алла қаласа мен екі күннен кейін тірілемін. Содан кейін дүкенге барып мата алайық, саған көйлек тігіп беремін»,-деп алғысымды жеткіздім. Арада екі күн де өтті. Сарыағаштың үлкен әмбебап дүкеніне барып, матаны алдық. Сол тұста дедорон деген әдемі мата болатын, мен сол материалдан 9 метр алдым. Қыздарымның басы бар, алды институтта оқиды, арты мектепте оқитын. Сөйтсем Фатима: «Мұнша көп алдыңыз, бәрін не істейсіз» дейді. «Кофта тігемін, қыздарым кимесе басқалар алып кетеді» дедім. Фатима сол материалдан үш метр алды. «Маған кеуде бүрме етіп тігіп беріңізші» деді. Өзінің айтқан модасына салып пішіп, қолыммен майдалап отырып, тігіп бердім. Ол кезде 44 жастамын, жаспын. Бір сағатқа жеткізбей бітіріп бердім. Біз жататын үйдің әйелі бір күн бұрын тігін машинкасын сұрағанымда бермеген. Фатиманың көйлегін көріп, таң қалған болуы керек. Бір уақытта келіп: «Несібелі біздің үйде қыздардың басы бар. Соларға да тігіп берші» деді. Өзім де көріп жүргенмін. Өйткені, әкімшілікте бас бухгалтер болып істейтін қызының көйлегінің алды таңқиып тұратын, кеуделі болатын. Сол ойымды байқаған болу керек: «Біздің Ұлбосын кеуделі» деді. «Ештеңе етпейді» дедім де қойдым. Сонымен сары сандығы ашылды. Көйлек тігу басталды. Көйлек тігуді өте жақсы көремін. Әлі 24 күн жатуым керек. Содан қыздарына көйлек тіге бастадым. Кеуделілерге кеуде қойып тіксе, кеудесінің үлкендігі білінбейді. Ұлбосын қызына арнап көйлек тіккенімде, кеудесінің үлкендігі білінбей өте жарасымды шықты. Қызының да анасының да қуанышында шек болмады. Барлық қыздарына көйлек тіктім. Көршілері де келіп, көйлек тіктіре бастады. 24 күннің ішінде ақшаны молынан тауып жаттым. Міне осылай Сарыағашқа қатарынан 34 жыл барыппын. Барған сайын Алланың берген несібесі болар, көйлек тігіп табыс тауып қайтып жаттым. Аллаға мың шүкір деймін. Алла тағала өзі адамға ынтымақ, береке дарытады екен. Біздің үйге де береке мен ынтымақ дарытты. Сарыағашқа барып емделіп те жатырмын, ұл-қыздарымды қатарынан қалдырмай, барлығын да жоғары оқу орнында оқыттым.Соның барлығы әуелі, Алланың берген ынтымағы мен берекесінің арқасында, одан кейінгі жерде Алланың бойыма дарытқан тігіншілік қасиетінің арқасында болды деп ойлаймын. Өзім де осы күні ойланып өткенге көз жіберемін: «Алла маған қандай мол береке дарытқан» деп өткен өмірін еске алды Несібелі апа.
СЫРДЫҢ СУЫ СУЫҚТАТТЫ
Осы арада Несібелі апа дені сап –сау болып жүріп, мүгедектікке ұрындырған өздерінің күріш егумен айналысқаннан болғандығын еске алды.
-Біз негізі «Еңбек Қызыл Ту» орденін алғанбыз. Жолдасым Сейіт Мәуленов екеуміз 13 жыл күріш ектік. Енді күрішпен айналысқанның машақаты өте көп екен. Жолдасым өте еңбекқор болатын. Күріш егетіндерге комиссия жиі келетін. Сонда совхоз директоры келген комиссияларды біздің үйге әкелетін. «Күрішшілердің барлығының үйі осындай. Жанұясы жанында, қазаны қайнап тұр. Ашытпа көжесі әрдайым дайын тұрады,-деп ішкізіп, жегізіп алып кетеді. Сондай мамыражай заманда, тура, «Ленин» орденін аларда біреуіміз көзден, біреуіміз бүйректен айрылдық. Екеуміз де қатты ауырдық. Сол 13 жыл су кешіп жүрдік десек те болады. Күріш деген судың ішінде өседі екен.
Телеарнада су тасқыны болған жерлерді көрсетіп жатыр емес па? Сол су тасқыны болған жерлерге дамбы қойып бекітіп жатыр. Күрішті егіп тастайды, айналасын сондай дамбы етіп қоршап қояды. Су орташа болып тұру керек. Су тасып, дамбыны бұзса, күріштің бәрін ағызып кетеді. Онда бүкіл бір жылғы еңбегің заяға кетті дей бер. Бір күні сондай жағдай болды. Су көбейіп, қоршауды бұзды. Сәуір айының іші болатын. Күн суық. Жолдасым Сейіт екеуміз де суды кешіп, қоршауды бітеп жатырмыз. Екі жағына сабан мен жыңғылдан қойып жатырмыз. Біраз жерге келгенде сабан мен жыңғыл таусылды. Енді арғы бетке өтіп, сабан мен жыңғылды қою керек. Жолдасым суды кешіп арғы бетке өтіп, сабандарды қойып жатыр. Содан сумен 5-6 сағаттай алыстық. Одан ол жерде жағатын от болмады. Үстімізді киімдерді кептірместен тірлігімізді істеп жүре бердік. Қазір жылы үйде жүріп, еденді бассаң суығы маңдайыңа бірден ұрады. Ал, біз тас аяқ суды 5- 6 сағат кешіп жүретінбіз. Біздің шықпаған жанымыз. Мұздай суда 5-6 сағат жүрдік, одан оны кептіре де алмадық. Осындай күндер басымыздан көп өтті ғой. Соның аяғы біреуіміз көзден, біреуіміз бүйректен айрылдық. Жақында су тасқыны болған он аймақтың жағдайын көріп, жаным ашығаны-ай…
Алла тағала ұлдарымызды, қыздарымызды сол бейнетіміздің есесіне еселі етіп берді. Қазіргі таңда Аллаға шүкір деймін. Менің өмірден түйген ойларым: адамға өмір беремін десе ұмтылыс болса береді екен. Сонда айтайын дегенім: ішім бір ай он күн ашық тұрды. Қойды сойғанда, қарнын жарып алғандай етіп, ішімді тілді, ашық тұрды. Қазіргі таңда менің арқамда қабырға жоқ, орны томпақ ісік болып тұр. УЗИ-ге түскен сайын, бүйрегім жоқ жақты түсіреді. «Әй, ол жақта бүйрегім жоқ, бүйрегім мына жақта» деп айтамын. Олар да «Бәсе, бүйрегіңіз көрінбейді» деп, айтады. Қайдан көрінсін, жоқ қой. Күйеуім де, өзім де мүгедек болсам да, ұл-қыздарымның барлығын жоғары оқу орнында оқыттық. Аллаға шүкір, қолымның өнерінің арқасында өз қатарларынан кем етпедім. Мен өлшеп, размерін алмаймын. Бірде мынадай жағдай болды. Ауылдағы таныс әйел көйлек тіктіруге келген. Әдеттегідей әкелген матасын алып, көзіммен өлшеп, болды,-дедім. Әлгі әйел шығып бара жатып: «Апай сіз ұмытып кеттіңіз бе, өлшемедіңіз ғой»,-деді. «Жоқ, өлшедім»,-дедім. Көйлегі дайын болғанда келіп, киіп көріп таң қалғаны. Сөйтсем, мына кісі «материалымды бүлдіретін болды. Адам деген өлшемей де киім тігеді ме?», – деп ойлапты. «Сізден ұялып, айта алмадым» деп, сол кезде не ойлағанын айтқанда екеуміз де жарыла күлдік. Менің өлшемей тіккеніме риза болды. Міне, менің өмірім осындай тағдырдан өрбіді,-деп әңгімесін аяқтаған Несібелі апаның қайсар мінезі, еңбекқорлығы, төзімділігі, парасат пайымы бүгінгі жастарға үлгі болады деген сенімдеміз. Несібелі апа бүгінде 9 ұл-қызынан 33 немере, 14 шөбере сүйіп отырған бақытты әже.
Ләззат САРЫБАЕВА.

Leave a reply