Saturday, November 23

ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМДАР – ЫРЫМ-ТЫЙЫМДАР

0
36

Халқымыздың сан ғасырлар бойы ұрпақ санасына сіңіріп, тәрбиенің алтын қазығы етіп келе жатқан киелі ұғымдарының бірі – ырымдар мен тыйымдар. Ақынсыз ел, атаусыз жер болмайтыны секілді, ырымсыз, тәлімі жоқ, өнегесіз ел де болмайды. Осы бір егіз ұғым қай ел, қай халықта болмасын бар. Тілі басқа болғанымен, түрі бір, мазмұндас болып келеді. Алайда осы ырымдар мен тыйымдар қазақ елінде алабөтен дамыған.
Ырымдар мен тыйымдар көп жылдардың жемісі. Сонау бағзы замандардан келе жатқан ескі қағида. Ұлттық тәрбиенің сан ғасырлыр бойы үзілмей бізге жеткен асылдың сынығындай жауһар дүниелері. Ұлағатты ойдың бұл екі түрі өзінің құрылымы жағынан афоризм тектес болып келеді. Екеуі да көлемі жағынан шағын, ықшам. Қай ырым мен тыйымды алып қарасаңыз да, құрылымы мен мазмұны жағынан егіз қозыдай ұқсастық байқалады. Жалпы тұжыра айтқанда халқымыз аз сөзге көп мағына сиғыза білген. Ырымдар мен тыйымдар өзінің жаратылысы, бітімі, философиясы жағынан адам өмірінің бүкіл бітімін бейнелейді. Шыр етіп жерге түскеннен, керек десеңіз ана құрсағында жатқан шарана шағынан бастап, бақилық болғанға дейінгі аралықты тегіс қамтиды. Мына бір жәйдің басын ашып, анық айтықымыз келеді.
Ырымдар мен тыйымдар сыртқы формасы, құрылысы жағынан бір-біріне ұқсас болғанымен, мазмұн, ой, тәлім жағынан екеуі екі түрлі нәрсе екенін есте сақтағанымыз жөн. Тыйымдарда айтайын деген ой, ниет, ықылас ашық, анық айтылады. Көбіне екінші жақтан айтылған бұйрық түрінде келеді. Белгілі бір жәйіттің орындалуын тікелей талап етеді. Ал, ырымдарда айтайын деген ой, ішкі нысана жорамал, болжам түрінде болып келеді. Болуға тиселі нәрсені белгілі бір нәрселерге орай тұспалдап, жорып, ырымдап айтады.
Енді қолдағы бар дүниелерге сүйене отырып, ырымдарға тоқталып өтпекпіз. Бала адамның бауыр еті, ертеңі және болашағы. Балаға байланысты да толып жатқан ырымдар бар.
*Жас балаға айдар қояды, немесе киімінің жағасына, төсіне көзмоншақ жасырады. Балаға көз тимесін дегені.
*Балаға екі, кейде үш адамның атын қабаттап қою – туған баласы тоқтамай, шетіней берген ата-аналардың ишарсы. Оған Ахметтұрсын, Мұсахмет, Есенаман, Досболберік, т.б. кісі аттары толығымен мысал бола алады. Кей халықтар туған баласы шетіней берсе, жаңадан туған сәбиге өзге ұлттың атын қояды. Мұндайда әулие тектес қазақ елінің аты таңдалады. Олар өз перзенттеріне Абай, Жамбыл, Айбек, Махамбет, т.б. есімдерді таңдайды. Мұндай есімдер әсіресе, ұйғыр, өзбек жұртшылығында жиі ұшырасады.
*Өмірге келген бала кіл қыз болса, ата-аналар жас сәбиге Ұлтуар, Ұлбосын, Ұлту деген есімді таңдайды.
*Бала көтермеген әйел көп бала тапқан әйелдің іш киімін киеді – тезінен екіқабат болсын дегені.
*Кей жағдайда туылған бала тоқтай бермесе, кейінгі туған балаға әдейі жат көзден аулақ, айбайсыз болсын деп өте өрескел, жаман ат қояды. Мысалы; Боқкөт, Көтібар, Салпыетек, Жаманқара, Қайқыбас, Итбай, Итемген, Итемер, Итаяқ, т.б.
*Туылған балсы тұрақтамаған ата-аналар кезекті өмірге келген сәбиін 41 үйдің есігінен кіргізіп, жапсарынан шығарып, тәңіріден тұяғының шетінемеуін тілейді, әрі сонша күн бойы ананың өзі емізбейді. Баланы басқа бір ана емізеді, 41 күн толғаннан кейін баланы емізген ана баланы өзінің туған анасына бір арқа отынға сатып беретін болған.
*Жасы тоқсаннан асқан кісі қайтыс болғанда да ырымдап, оның киімін алады.
*Алыс жолға шыққан адам еш қатер сезілмесе де, Алладан жолымды оңғар деп, мешітке, ол болмаса, жарлы-жақыбайларға садақа береді. Барарда бере алмаса, есен-сау үйіне оралғаннан кейін садақа таратуына да болады.
*Сырқат жан емханада, не болмаса емшінің ауласында дертінен айығып, сауығып шыққанда, ең әуелі ыдыс-аяғын, қасық-табағын қалдырмайды және жанының садағасы деп, ырымдап 300, 500, кейде тақ негізде 1000 теңге тастап кетеді. Бұл теңгені өзі қалаған адамына берсе де, яки сырқат жан өзі жатқан бөлмеге тастап кетсе де жарасады.
*Үлкендер де, бала да мүшел жасқа толады. Мүшел жас – адам өміріндегі қатерлі өткел. Мұндайда үлкендер ырымдап, мал сояды, садақа таратады, ал, балалар өзінің бір киілген, таза киімін өзінің ең жақын досына береді. Кейде тату достар өзара киім ауыстырса да үйлесе береді.
*Ауызға түкірту, немесе тақымнан өткізу – мұндайда әке мен шеше өзінің жас сәбиін болашақта от ауызды ақын, не болмаса батыр, палуан, яки әкім болсын деп, үйіне барған сол тектес адамдарға баланы аузына түкіртіп алады, не тақымынан өткізіп алады.
*Нәрестені суға шомылдырғанда суға асық, қант, тиын, жүзік салады.
Асық – бай болсын, қант – бауырларына өзар қанттай тәтті болсын, тиын мен жүзік шомылдырған әжелердің қол қарымы дегенге саяды.
*Жас баланың не ол ұл болсын, не қыз болсын, киімінің жағасына, бас киіміне, яки бала ұйықтайтын бөлмеге, бесігіне бүркіттің тұяғын, қасқырдың, аюдың азу тісін байлап қояды, жас жеткіншек бірдемеден қорықпасын, шошымасын дегені.
*Баланың тұсауын ауылдағы ең қадірлі адамдардың бірі шөппен, не болмаса қара ала жіппен кеседі, тірлігі шөптей қаулап өссін, бай болсын, біреудің ала жібін аттамасын, әділетті болсын дегенге меңзейді.
*Көп жасаған әйел адам өмірден өткенде, келіндеріне ұсталмаған ине, жіп, шай тарқатады. Себебі, ол адам тірлігінде біреуден бірдеме алған, біреуге бір нәрсе берген, қарызға алғанының бірін қайтарған, бірін қайтара алмаған. Қорыта келгенде алған-берген дүниелерінің қарымтасы.
*Ауыраяқты әйел жүктілік кезінде шашын қидармайды, бойынан береке кетеді.
*Елден ерек, кешірілмейтін қылмыс жасаған адамды, киімін теріс кигізіп, атқа теріс мінгізіп, елден аластап, бетіне қара күйе жағып, басына қара қалпақ кигізіп, қатал жазалаған. Қарақалпақ сөзі содан шыққан. Сондықтан да дүйім жұрт қара қалпақ кимейтін болған. Жамандақтың ырымы.
*Адыраспанмен не болмаса аршамен бала жатқан жерді, тіпті кейде үлкен адамдар дем алатын бөлмелерді ырымдап аласатайды, бөлменің ауасы таза болғаны жақсы.
*Мұсылман жамағатында жұма күні қол орамал жумайды, байлығың кетедіге саяды.
*Жұма күні мұсылман заңы бойынша кір жумайды, шаш-тырнақ алмайды, өте қат болмаса, сапар жолына да шақпайды, өйткені, бұл Аллаға сыйынып, ғибадат ететін күн.
*Жайнамазды жерге тастамайды, не болмаса есікке ілмейді – дінді сыйламағанының белгісі.
*Сойылған малдың, әсіресе, қойдың сүріншегін есікке шаптайды, атың жүйрік болсын дегені.
*Аңшылар алғашқы атып алған аңының бауыздау қанын мылтығының оқпанына тамызады, атар аң мол болсынға жорығаны.
*Соғым сойыларда, соғым шүйгін болсын деп, малдың құйрығына күл жағады.
*Баланы ырымдап, сүндетке отырғызады, мұсылман болғанының белгісі.
*Сауысқан есік жақта шықылықтаса – үйге алыстан қонақ келеді.
*Шыныдағы шайға сама түссе – тағы да қонақ келеді.
*Оң алақаның қышыса – бөгде біреумен амандасасың.
*Сол алақаның қышыса – ақша ұстайсың.
*Қабақ тартса, қуанасың, көз асты тартса –ренжисің.
*Оң құлағың шуылдаса, жағымды, сол құлағың шуылдаса, жәйсіз хабар естисің.
*Жас бала есікке қарап жолашар жасаса, жақсы көретін адамың үйге қонаққа келеді.
*Ұнатпайтын қабағың тартса,шөп қыстырады, жамандық шөппен кетсін дегенге саяды.
*Табаның қышыса – жол жүресің.
*Иығың тартса – жаңа киім киесің.
*Малдың қиына тайып жығылу – онша сәтсіздік емес.
Баланың ойнауына, қазанның қайнауына қарап, әр нәрсені ырымдауға болады…
*Айы-күні жетіп, босануға аз қалған келінге жарыс қазан жасайды, өмірге есен-сау сәби келедінің қамы.
*Алысқа жолаушылап кеткен адам кешіксе, тоқымқағар жасайды, тез келсін дегені.
*Елін қорғауға, майданға кеткен жауынгерге бүтін нан сақтайды, еліне, ауылына оралсын деп.
*Көктемнің алғашқы жаңбырында сүт көп, көмір аз деп, бос шөмішпен үйдің босағасын қағады, жаңбыр мол болсын, берекелі жыл болсын дегені.
Айдың тууына, күннің қоралануына, жұлдыздардың ауысуына қарап та түрлі ырымдар жасаған.
*Қойдың басын бала мұжымайды, әкені сыйламағандық болады. Ал, жетім балалардың бас мұжуына кеңшілік берген.
*Көкбауырды бала жемейді, көк бет болудан сақтағаны. Ақылды ата-аналар осы бір қарапайым нәрсе арқылы жас бала бойына ізгілік нұрын құя білген.
*Алдыңнан мысық өтсе – сақтан дегені.
*Алдыңды мысық қиып өтсе, бас киіміңді теріс киіп, артқа қарай жүріп сол арадан өтіп кету де көңілдегі күдікті сейілтеді.
*Жол жүргенде алдыңнан түлкі шықса, ойдағы мақсатың орындалмақ.
*Алдыңды жылан кесіп өтсе, дұшпаның сені басынғаны.
*Иттің ұлығаны – қашанда жамандықтың нышаны.
*Иттің төрт аяғын көкке көтеріп, еркелеп жатқаны, үйге қонақ шақырғаны, мал сойылсын дегені.
*Иттің оттағаны, шөп жұлып жегені – жақсылықтың нышаны.
Ілгерілегеннің иті оттайды,
Кері кеткеннің келіні ұрлық қылады,– деген ескілікті тәмсел содан қалған.
*Құс басыңа саңғытса – олжалы боласың.
*Босағаға шырпының талын шашып, қайта жинау – босанғалы отырған әйелдің толғағын жеңілдетеді.
*Жол жүрерде атың тезек тастаса, олжаға кенелесің, ал жол жүрерде атың қазығын шыр айналса, ісің шырғалаңға түседі.
*Күннің құлақтанғаны – жазда жауын, қыста қар жауадының белгісі.
*Күннің қызарып батқаны – ертеңгі болатын ыстықтың айғағы.
*Алған шашты отқа тастайды, шашы оттай қаулап өссін дегені.
*Шайдың төгілгені, шынының сызаттанғаны жанұядағы не болып жатқан, не алда болатын жайсыздықтың хабары.
Міне, қолдағы бар қазақи ырымдардың бір парасының айтар ойы, шертер сыры осындай. Қайсы бір ырымды алып қарсаңыз да, өнбойында жақсылықтың, ізгіліктің жұқанасы жатады. Тек қана адалдықты, сыпайыгершілікті меңзейді. Нәресте шыр етіп, ағаш бесікке түскеннен тартып, қашан жер бесікке бөленгенге дейін не қилы жамандықтан, тосын пәледен сақтандырады. Соның жолын кесуге, мүмкіндік болып жатса, болдырмауға күш салады. Бұл бір жағынан жанамалап айтқан ақыл болса, екінші жағынан ғибарат.
Адам баласының бүкіл тірлігі күн мен түннің, жарық пен қараңғының, жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен қарақшылықтың арасында өтеді.
Адам ғұмырында толып жатқан толағай табыс, жарқылдаған жақсылықтар болады. Сүт көп дегеннің шешілер түйіні осы шығар. Ал, кейде тосын жамандық, өміріңді мүлдем өзге арнаға түсірген қасіретті шақтар да болады. Ұдайы алмасып жатқан тірлік болмысы адам баласын отқа да салады, суға да салады, мәз етіп күлдіреді, зар еңіретіп жылатады. Ал, осындай болуға тиесілі құбылыстардың баршасының кейбір белгілері, көріністері, сұлбасы ұлттық ырымдарда жатады. Кей ырымдар болуға тиісті жақсылықтан хабар етсе, кейбір ырымдар болатын жамандықтан шалма тастайды. Әлбетте, ырымның көп бөлігі адамның күнделікті тірлігінде болады.
Ал, кей ырымдар нышаны түс арқылы да беріледі. Түс арқылы берілген нышандарға қарап та, ертеңді болжауға, меңзеуге болады. Ұлы Жамбыл «Адамның түсі оңалмай, ісі оңалмайды» деп тегін айтпаған. Демек, түсті де танып, оған көңіл бөліп, оның да оңы мен солын ажырата білген абзал. Кейбір тоғышар адамдар ырымға көңіл бөлмейді. «Біреулер бірдемені ырым етеді, онысы қырын кетеді» деп сөз аяғын су аяғы құрдымға тірейді. Түсті танып, жорып, бағалу былай тұрсын, тіпті түсінде көргендерін еске алмайтын надандар да аз емес. Бұны қалай жөн деп айтамыз. Адам өмірі өңінде болсын, түсінде болсын көзі шалған, елес берген нәрсенің бәрімен, қорыта келгенде табиғат болмысымен тікелей байланыста болады. Сондықтан не жәйттер болмасын сергек те саналы жүрекпен сезініп, ештемені санадан қалт қалдыруға болмайды. Өйткені адам ғұмыры тылсымға, жұмбақ сырға, құпияға толы…
Дәнеш Ахметұлы

Leave a reply