ТҮРКІСТАН: ТӨЛ ӨНЕРДІ ТӨРГЕ ШЫҒАРҒАН ТӨРАҒА

0
29

Мемлекет және қоғам қайраткері, тілші-ғалым Нұртас Оңдасынов – әуелі Халық Комиссарлар кеңесінің төрағасы, 1946 жылдан бастап атауы өзгертілген Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып, Қазақстан Үкіметін ең ауыр кезеңдерде (1938-1951) табан аудармай он үш жыл басқарған басшы. Тарихқа көз салсақ, отызыншы жылдарда аштыққа ұшырап, малы мен жанынан қоса айырылған ел-жұрт, жаппай көшіп-қону мен репрессия, Ұлы Отан соғысы, тұралаған халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары… Міне, осы кезең Нұртас Оңдасыновтың ел Үкіметін басқарған уақытына тап келді…
«…Ел басқару – өте қиын. Ел басқару біреуге – бақыт, біреуге – мехнат. Өзіме мехнат жолын таңдадым. Өз бала-шағамнан гөрі қазақ халқының жағдайын көп ойладым. Экономикасы мен мәдениетін, білім мен өнерін қалай көтерсем екен, ел қатарына қалай қоссам екен деп, күндіз-түні ойландым, әрекет еттім… Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, қиын кездерде ел басқардым, бірақ ешкімнің жаны мен қаны мойнымда жоқ – арым таза, екіншіден, ешқашан ешкімнен пара алған емеспін – қолым таза, үшіншіден, ешкімді, ешқашан руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!». Н.Оңдасынов. Бұл Н.Оңдасыновтың өз сөзі. Ел сауатсыздығына нүкте қойған жан. – Нұртас Дәндібайұлының өмірі мен қызмет жолын үшке бөліп қарауға болады. Біріншісі – Қазақстан Үкіметін басқарған кезі, екіншісі – Гурьев облысында әуелі Атқару комитетінің төрағасы, сосын партияның бірінші хатшысы болған жылдары, үшіншісі – ердің жасы 58-інде Хрущевтің қысымымен жасы жетпесе де зейнеткерлікке шығып, Мәскеуге көшіп, ғылыммен айналысып, нәтижесінде, «Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктер» жазған сәті. Оңдасыновтың қайраткерлігі, ел басқарудағы біліктілігі айтылып та, жазылып та жүр, бірақ ол кісінің өмірінің соңғы жиырма бес жылын арнаған керемет ұлы еңбегі – «Арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздіктері» туралы аз айтылады, тіптен ғылыми жағынан өз бағасын әлі алған жоқ, деп бастады әңгімесін оңдасыновтанушы, журналист Гүлсім Оразалықызы. – Нұртас Дәндібайұлы Үкімет басшысы қызметіне кіріскен бетте 20-жылдардан бері үздік-создық жүріп келе жатқан елдегі сауатсыздықты жою мәселесін бірден қолға алып, нүкте қойған адам. «Халықтың сауатын ашпай экономикада да, мәдениетте де ешнәрсеге қол жеткізе алмайтынымызды түсіндім» деген пікірі бар. Жер-жерден ликбездер ашқызып, халқының сауаттылығын көтеріп кеткен басшы. Кеңес Одағына енетін он бес одақтас республиканың ішінде сауаттылығы жағынан ең соңғы орында болған Қазақстан 1939 жылғы 17 қаңтарда жүргізілген санақ бойынша бесінші орынға шығады. Бұл – қазақ даласында өндіріс қарқынды дамып, жаңадан зауыт-фабрикалар cалынып жатқан кез. Оңдасынов ғылым, білім, өнер, мәдениетке қашанда Үкімет тарапынан қолдау көрсетілу қажет екендігін жете түсінген. Бұған оның атқарған істері дәлел бола алады. Соғыстың қайнап жатқан кезінде Қыздар педагогикалық институты, Ұлттық консерватория, Қазақ дене тәрбиесі институттарының ашылуына мұрындық болды. Педучилищелер, облыс орталықтарынан екі жылдық мұғалімдер институтын ашып, кейіннен олардың бәрі төрт жылдық педагогикалық институттарға айналды. Қыздар педагогикалық институты бүкіл одақтағы қыздарға арналған жалғыз жоғары оқу орны екенін ерекшелеп айтқым келеді. «Ауылдағы қара қыздарым білім алсын дедім, тұрмыстың да төмен кезі ғой. Мемлекет бар шығынды өз мойнына алды…» деп отыратын Нұртас ата. «Соғыс жылдарында елге жеткізіліп тұратын газет, журнал, кітаптар саны күрт төмендеді. Рухани азық азайды. Соғыс даласынан «қара қағаздардың» келіп жатқан кезі. Сондықтан халықтың рухын көтеру қажет болды. Үкіметтің қолдауымен 1943 жылы Алматыда ақындар айтысын өткіздік, ол радио арқылы республикаға таратылды. Бұл қазақ халқы үшін айтулы бір оқиға болды» дейтін Нұртас Оңдасынов.
«Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-38 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда, бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!». Бұл – мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Үкіметін 13 жыл басқарған Нұртас Оңдасыновтың ағынан жарылып айтқан сөзі. Нұртас Дәндібайұлының өмірі де, қызметтік жолы да нағыз «тар жол, тайғақ кешу» кезеңде өтті. Сталиндік репрессия мен Хрущевтің билігі жүрген алпысыншы жылдардың басына дейінгі аралықта уақыттың құлы болып қалу оңай еді де, халықтың ұлы болып қалу тым қиын еді.
Ақ-қараны анықтамай, талай қыршынды қынадай қырып кеткен 1937 жылдың соңына қарай бар-жоғы 34 жаста жоғары қызметтің жауапкершілігін арқалады. Оның есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланыс¬ты екені даусыз. Абай атындағы Опера және балет театрының, Қыздар пе¬дагогикалық институтының құрылуына атсалысып, шаңы¬рағын көтеріп, уығын өз қолымен қада¬ды. Бұдан басқа Қарағанды металлургия¬сын, Мойынты – Шу темір жолын, теріскейге темір ¬жол тарту, еліміздің мұнай-газ саласын игеруге ұйытқы болды. Қазақ Ғылым академия¬сын құрып, оған президенттікке Қаныш Сәтбаевты сайлауы адам танитындығын аңғартады. Ол Үкімет басында отырған он үш жыл ішінде жоғарыдан – Мәскеуден түскен бұйрықты бұлжытпай орындайтын орындаушы қызметкер емес, халық мүддесі үшін небір ірі-ірі мәселелер мен бастамалар көтеріп, оны шеше алған қайраткер дәрежесіне көтерілді. Бірақ, оның осынау қайраткерлігі Хрущевке ұнамай, екеуі қызмет барысында жиі-жиі келіспеушілікке ба-рыпты. Себебі Оңдасынов тың игеру нау¬қанындағы асыра сілтеуге ашық қарсы шыққан.
Нұртас Оңдасыновтың зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі өмірі Мәскеуде өтті. Оны Мәскеуге отбасылық жағдайына байланысты көшті деп жүр. Бұл жайттың түбіне тереңірек үңілсек, сол тұстағы биліктің Оңдасыновты зейнет жасына жетпей тұрып қызметтен аластап қана қоймай, өз ортасынан, өз пікір¬лестерінен де алыстатуға барынша күш салғанын байқауға болады.
Көзі тірісінде көрнекті қайраткер «Орын¬далмаған үш арманым бар, – депті. – Бірінші арманым – зейнеткерлікке шыққан соң Алматыда тұрсам деп едім, Мәскеуге өтіп кеттік. Маған Алматыда тұру бұйырмады. Екінші арманым – оңтүстік облыстарда керемет, талантты жігіттер бар еді, соларды қызмет бабында өсіре алмадым. «Жершіл, рушыл», деп айта ма деп қорықтым. Үшінші – жас кезімде ғылым қусам, кітап жазсам, ол артымдағы ұрпаққа қалса деп армандайтын едім. Бірақ тағдырдың, уақыттың әмірімен үкіметті, облысты басқаруға тура келді. Сөй¬тіп, жас кезімдегі арманыма жете алмадым». Нұртас Оңдасынов – арнайы ғылым док¬торы, кандидат деген атақ-дәрежесі болмағанымен, зейнеткерлікке шыққаннан кейін тапжылмай жиырма бес жыл арабша-парсыша-қазақша түсіндірме сөздік жазып, бір ғылыми институттың істейтін жұмысын жалғыз өзі атқарып тастаған азамат. Үш жасынан жетімдіктің тауқыметін тартып, ауыл молдасынан хат таныған ол тынбай оқу іздеп, білімділігімен биікті бағындырды. Жетелеусіз жемісті еңбек етіп, жетістікке жетті. Қайсыбір жылғы қоңыр күзде, яғни 15-16 қазанда көрнекті қоғам қайраткерінің кіндік қаны тамған киелі Түркістан шаһарында 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бұл той барша мұсылман баласы қадір тұтатын қасиетті рамазан айының басталуымен тұспа-тұс келді.
Қаланың орталығынан Нұртас Оңдасы¬новтың аллеясы, тарих тереңінен сыр шертетін мұражай мен «Дарын» мектеп интернаты ашылды. Азаматтың туған ауылы бұрынғы Аманкелді кеңшарында, қазіргі Нұртас ауылында аруағына Құран бағышталды. ХҚТУ-дың мәдениет сарайында ғылыми-теориялық конференция өтті. Бірақ бұдан Оңдасыновтың бар болмысы, атқарған ісі, тарихтағы орны, қайраткерлігі, азаматтығы – бәрі-бәрі айтылып, толық ашылды деуге болмайды. Негізінде ол ұлттың дәстүр-салтын, өнерін, мәдениетін ұмытқан емес. Бір әңгімелескенде «Бірде Орталық комитетте «Кеше Оңтүстіктегі көкпарда бір адам қаза болыпты. «Бұл ұлттық ойынды доғару керек» деген мәселе көтерілді. «Кеше Ташкенттен келе жатқан автобус аударылып, екі-үш адам қаза болды. Сондықтан автобустың жүруін де тоқтатайық» дедім. Бәрі үндемей қалды, көкпар мәселесі де бұдан кейін көтерілген жоқ» деген-ді. Халықтың төл өнерін дамытумен қатар театр, кино, сәулет, сурет сияқты өнер түрлерінің өркендеуіне барынша көңіл бөліп, Кеңес Одағының орталық мәдени ошақтарынан кәсіби мамандар шақырды. Осы салаларды игеру үшін қазақ жастарын Мәскеу, Ленинград, Харьков секілді басқа да қалаларға оқуға жіберді. «Мосфильм» және «Ленфильм» киностудияларын Алматыға шақырып, он шақты көркем және деректі фильмнің түсірілуіне Үкімет жағдай жасады. Орталықтандырылған көркем фильмдер бірлестігі ұйымдастырылды. Осының негізінде бүгінгі Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» құрылды.
Гүлшат ЫСҚАҚОВА, Мемлекет және қоғам қайраткері.

Leave a reply