ТҮРКІСТАН: МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ МЕТАЛЛДАН ЖАСАЛҒАН ЖӘДІГЕРЛЕР

0
37

Қазақ жерінде металлургия ісінің сонау ежелгі дәуірлерден бастау алатындығын ата-бабаларымыз өзінің өмір сүрген ортасындағы заттарды кәдесіне асырып, күнделікті тұрмысында қолданғандығын-ақ аңғаруға болады. Әсіресе Оңтүстік өңірде Қаратау қойнауында ежелден келе жатқан кен көздері көп болды және оны ел көне заманнан өз игілігіне қолданды. Түркістан аумағындағы көне кен көздері игеріліп, алынған кеннен қорғасын, күміс, темір балқытылды.
Яғни адамзат өркениетінің дамуында металды игеру жетекші, тіпті шешуші рөл атқарғандығы көрсетіледі. ХІХ ғасырдың соңына дейін темір өңдеушілерді өзара зергер, қолашы-ұста деп атады. Әсіресе ХІХ ғасырда бұл ұсталық өнер ерекше дамыды соның арқасында Ұстаның қолынан төс, көрік, әртүрлі балғалар, тістеуіш, қысқыш, егеу, қалып, үлкен балта, т.б. темір бұйымдар шықты. Олар сиырдың, ешкінің терісінен көрік жасап, ал қалыпты ұсақ құмға бидай ұнын қосып жасады. Бұл өнер орталық Шығыс және Оңтүстік Қазақстанда яғни шикізат көзі көп жерлерде жақсы дамыды. Кен орындарында көбіне жерге шұңқырлар қазылып ошақтар жасалды. Бірінші, ошақтағы қызған көмір үстіне суық көмір төгіп, оның үстіне темір шикізат салынатын болған. Содан соң, желқуар арқылы ауа беріледі. Еріген шойынды ыстыққа шыдамды, төзімді болу үшін, арнайы балшық жағылған темір шөмішпен алып, дайындалған қалыптарға құяды. Содан соң суыған дайын затты қалыптан алып егеумен тегістейді. Ұста-темірші шойын құюмен айналысумен қатар, оқ-қару, шаруашылық және тұрмыстық бұйымдар жасап шығарды. Ауқатты адамдар сусын ішуге, азық-түлік тасуға, сақтауға арналған ыдыстарды күміспен немесе алтынмен өрнектеген. Бұл бұйымдар өзіне тән әшекейлі пішімдерімен дастарқанға көрік берген. Сусын ішетін күміс және алтын ыдыстар сонау сақ мәдениетінен келеді. Оған Есік қорғанынан табылған алтынмен зерленген қола ыдыс және күміс қасық пен табақты айтуға болады. Бұл турасында К.Акишовтың «Курган Иссик» еңбегінен кездестіреміз. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қорында мыс, қола ыдыстар топтамасындағы заттар құман, шелек, шәйнек, леген, мыс көзе, саптыаяқ, шылапшындар, самаурындар көптеп кездеседі. Сонын бірі тұрмыста ертеден қолданыста келе жатқан бұл тазалық құралы болып есептелетін шылапшын. Шылапшын – металдан жасалынған ыдыс. Кейде леген, жам деп те аталады. Сыйымдығы 3-8 литр. Ернеуі қайырылған, түбі тегіс. Оны кір жууға, қолға су құюға, тағы басқа мақсаттарға пайдаланады. Музей қорында шылапшындар саны – 17. Көптеген шылапшын ішінде біз атап өткелі отырған шылапшын мыс, төменгі жағы сәл цилиндр іспеттес болып көтеріліп келіп ернеуіне қарай кеңейіп шалқая түскен. Музей қорында сақтаулы тұрған шылапшындар ХІХ-ХХ ғасырларға тән. Барлығы мыс, металдан жасалған. Халық арасында шылапшынның «леген», «жам», «кірлен», «шылаушын», «тағара» деген атаулары да кездеседі. Шылапшын сөзінің шығу төркіні А.Нұрмағамбетованың айтуынша шылапшын сөзі шылап шағатай тілінде: «су және лас» дегеннен шығады. Яғни кір су, лас су. Осыдан келіп кір жуатын ыдыс болып шығады. Сонда шылап – үшін «лас, кір су үшін» деген сөздерден құралады. Енді шылапшындардың басқаша атауларына да тоқтала кетсек. Дәшшой – шылапшынның бір түрі, дас – зат. Диал, леген, шылапшынның бір түрі. Жам – зат. Диал – кір жуатын ыдыс, леген, шылапшын, кірлен. Мыстан яки темірден істелген, ыңғайлы жеңіл шылапшын, леген, кірші – зат. диал. кір жуатын ыдыс, шылапшын, леген – қол жуатын жеңіл шылапшын, дағара – темірден, мыстан жасалған үлкен ыдыс, шара, леген, шылапшын. Леген деп түріктерде, албандарда айтылады, ал орыс, беларусь, украйн тілдерінде тазик деп айтылады. Енді тазик сөзінің түбіріне үңілсек Таз түрік тілі, түрік тас – «тостаған» – кең және таяз, дөңгелек немесе сопақ ыдыс, ванна, көбірек кір киімдер жууға арналған. Түрік тілінде таз, таш деп ертеректен қолданыста болған. Әдетте қырым татарлары да tаs «чаша, таз» деп атаған. В.Радловтың кітабынан толық беретін болсақ «таз, м. широкий и неглубокий сосуд (для умывания, стирки, кварки варенья и т. п.). Ср.рус. тазъ металлический круглый открытый сосуд, тазик, тазовый; «Обычно считают источникам тур., крым. тат. tas чаша, таз… которое производится из ар., откуда и ит. tazza, франц. tasse, нем. Tasse чашка» . «В Codex Cumanicus тас. Тур., аз., крым.-тат. тас…» Радлов тас (тур., крым., тюм., таб.) 1. (тур., крым.) чаша, чашка, шайка, миска; 2. (казан.) большой таз для омовения; таз (казан, из рус.) таз.» Сонымен тазик сөзінің түбірі түрік тілінен алынған болып шығады. (Словарь русских народных говоров, 2008, 161, 168, 174,). Дағара, тағара – темірден, мыстан, жезден жасалған үлкен ыдыс түрі. Жергілікті жерлерде бұл ыдысты шара, леген, шылапшын деп әртүрлі нұсқада айтады. Дағараны кір жууға, қол жууға, малға жем жібітуге, азық-түлікті қолмен тасымалдауға пайдалана береді. Өзбек халқы тоғара деп айтылып бүгінгі күнге дейін қолданып келеді. Кішкентай шылапшындар мыстан жасалған, қырыну үшін қолданылғандары да кездеседі; бұрынырақта байлар күмістен жасалған қырынатын тостақтарды ұнатқан. Сондай-ақ тұрмысы орташа адамдар мыстан жасап, күміспен зерленген ыдыстарды да пайдаланған. Ел арасында осы секілді күміс жалатылған немесе қосылған ыдыстарды «күміс ыдыс» деп атаған. Мысалы, күміс шелек, күміс құман секілді. Қазақ халқының металдан жасалған бұйымдары Орталық Азиялық бұйымдарға ұқсас болып келеді. Өйткені өзбек, тәжік, қазақ шеберлерінің жасайтын бұйымдарының пішіндері түрлері бірдей. Сырттарындағы өрнектер де ұқсас, өйткені темір бұйымдарды Бұхарада, Самархандқа негізінен өзбек, тәжік, Иран шеберлері жасап шығарды. Қазақтың қас шеберлерінің жасаған металл бұйымдары өзіндіктерімен ерекшеленеді. Мысалы, Орталық Азия шеберлерінің жасаған бұйымдары ою-өрнектерге өте бай болып келсе, ал қазақ шеберлері көбіне ондай оюөрнекті аз қолданған. Алайда біз атап отырған шылапшындарда ою-өрнек салына бермейді. Шылапшындарды киім жуумен қатар, көбіне көп дәрет алу және жуыну үшін пайдаланған. Металды көркемдік өңдеудің әртүрлі техникалық әдістері: соғу, құю, басу, қалыптау, оюлау, қара жүргізу, эмальмен әсемдеу, заттың жиегіне айнала өрнектеу, зерлеу, темірге күміс қақту, алтын жалату қолданылған. Ал бізде қорда сақталып тұрған шылапшындарда ою-өрнек жоқ, қарапайым түрде жасалған. Темірші, ұсталарды ел ішінде ерекше қадірлеп, олардың тұтынатын төс, көрік, балға, қысқыш, т.с.с. саймандарын қасиетті деп санаған. XVIII-XX ғғ. басында Орта Азиядағы қолөнер кәсіпшілігінің ішінде металл бұйымдарын жасау елеулі орын алды. Металл бұйымдарын өңдеу 19 салаға бөлінген. Қола, шойын құю, мысгерлер, зергерлер секілді металл бұйымдарын өңдеген, дайындаған орталықтар болды. Мысгер ұсталар қызыл, сары мыс материалдардан көрік, төс, балға, әртүрлі құралдарды қолдана отырып көркем бұйымдар жасады. Айта кету керек шылапшындарды таза мыстан жасамаған. Мыстың құрамына басқа да металдар қоспасын қосып отырған. Себебі таза мыс майысқақ келеді. Сонымен қатар шылапшындар металлдан ғана емес ағаштан да жасалатын болған. Қазақ жерінде де ұсталық қолөнер жақсы дамыды. Өте жақсы дамыған. Өткен ғасырда өмір сүрген қазақ ұсталары мен зергерлерінің мұраларын бүгінгі ұрпаққа насихаттау, музей қорында сақталған жәдігерлерді ел назарына ұсыну халқымыздың қолынан шыққан осы бір өнер туындыларын сан алуан қыры мен, жасалу шеберлігімен, құндылығымен қазақ халқының ұлттық байлығын, ұсталық, зергерлік кәсіптің бірегей, ерекше дәстүрін әлемге паш ету ұрпақ борышы. Музей қорында металдан жасалған жәдігерлеріміз жетерлік.
Байсейіт СҰЛТАН, Динара АРЫНОВА.

Leave a reply