ТҮРКІСТАН: КИЕЛІ МЕКЕНДЕГІ АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІ

0
72

10.12.2020 жылы елордада өткен «Ислам-мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың ІV республикалық онлайн-форумында «Ас беру мәдениеті» құжаты қабылданған.
Форумда аталған құжатты жан-жақты таныстырып, баяндама жасаған наиб мүфти Ершат Оңғаров: аталған құжат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің бірнеше мәжілісінде талқыланып, бекітілгенін баса айтты. Бұл құжатты қабылдаудағы негізгі мақсат – еліміздің барлық аймағы бойынша құдайы астарды шариғат шеңберінде, салт-дәстүр аясында өткізу. Сонымен қатар, кейбір отбасылардың әлеуметтік жағдайына салмақ салмайтын, ысырапқа жол бермейтін ас беру мәдениетін қалыптастыру және оны насихаттау.
Құжатта құдайы ас берудің тарихи мәні, анықтамасы, дін мен дәстүрдегі орны, өзектілігі жан-жақты сараланып, тәптіштеп түсіндірілген. Бұл құжатта құдайы ас беру мәдениетінің негізгі жеті тірегі ұсынылған. Жеті тірек ішінде шынайы ниет ету, құдайы асқа жиналу, Құран оқу, бата беру және дұға жасау, ысырапқа жол бермеу, құдайы аста уағыз-насихат айту, марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату, құдайы аста қарапайымдылықты сақтау сынды тақырыпшалар қамтылған.
Дүние салған кісіге сауабы тисін деген мақсатта берілетін асты «Құдайы ас» деп атайды. «Құдайы ас» атауынан көрініп тұрғандай (Алла Тағаланың разылығын алу үшін) қайтыс болған адамға арналған ас. Мұндай ас қайтыс болған кісі Алланың рақымы мен кешіріміне бөлену үшін өткізіледі.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші болашақ ұрпақ үшін дұрыс бағдар беріп, жөн сілтеу мақсатында дәстүрлі діни жөн-жоралғыларымызды шариғи һәм ғылыми тұрғыдан саралап жүзеге асыру – заман талабы. Қоғамда көрініс тауып отырған, шариғат пен дәстүрге сәйкес келмейтін шындығынан жорамалы басым, пайдасынан зияны көп кейбір әдеттердің ел арасында етек жая бастауы кім-кімді де алаңдатпай қоймайды.
Әсіресе, қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы басқа шараларда дастархан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда белең ала бастады. Мысалы, жақынынан айырылып отырған қаралы шаңырақ «көпшілікке ас беру – перзенттік міндетіміз» деп дастархан жайып, шектен тыс шығын жасап, аста-төк, ағын-төгін дастархан жаюда. Бұл, орташа табысы бар көптеген отбасыларға ауыртпашылық тудыратыны сөзсіз. Сондықтан бүгінгі күні еске алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу мәселесі шариғат заңдары мен салт-дәстүр бойынша реттеуді талап етеді.
Ауқатты отбасылар асқа ірі қара сойып, құрбан шалып жатқанда, жағдайы төмен және орташа отбасылардың одан қалысқысы келмейтіні түсінікті. Осыдан келе жұрттан қарыз алып, қауғаланып «парызымды орындаймын» деп дүниеден өткен жандарға ас беріп, шығындалып жүргендер де жоқ емес. Ал шын мәнінде шариғатта: «Жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» деген.
Бүгінгі күні осы сынды әдет-ғұрыптар мен рәсімдер реттелмесе, жыл өткен сайын бұл қиындықтар күшейе түсуі мүмкін.
Негізінде тірілерге де, қайтқан кісілерге де пайдасы тиетін дүниелерге бірдей мән берген дұрыс. Марқұмның атынан ас берілгенде, негізгі ниет – бір Құдайдың разылығын ғана табу болуы тиіс. Одан өзге ниет – астың сауабын кемітеді. «Мұсылманның ниеті ісінен қайырлы» деген.
Бүгінгі таңдағы Түркістан облыстық ақсақалдар алқасының көтеріп отырған өзекті мәселелерінің бірі, ас беру кездерінде ысырапшылдыққа жол бермеуге шақыру болып отыр.
Ас та төк ысырап жасау кез келген отбасыға материалдық тұрғыда шығын әкеледі. Қасиетті Құранда: «… ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла Тағала ысырап етушілерді сүймейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят).
Шариғаттағы көптеген міндеттер орта деңгейлі отбасының жағдайына қарай белгіленген. Мысалы, рамазан айындағы пітір садақасы – жан садақасы бола тұра, барлық мұсылмандарға емес, тек дәулеттілерге ғана міндеттеледі. Сол үшін шығынның көптігімен емес, ниеттің тазалығымен таразыланады.
Мал-дәулеті бар адамдар да құдайы асты қарапайым деңгейде бергені жөн. Алайда марқұмның атынан басқа да сауапты амалдар жасауды қаласа, жетім-жесірлерге, кедей- кепшіктерге қайыр-садақа беріп, мешіт, медресе, мектеп, бала-бақша, халық жүретін жол, көпір салып, ағаш егіп, басқа да ізгі істер арқылы өз ниетін іске асыруына болады.
Құдайы асқа арнап мал сою міндет емес. Өйткені құдайы аста жиналған адамдарды тойдыру шариғат талабына да, мақсатына да жатпайды. Ең бастысы, ас берушілердің және оған қатысушылардың ниеті таза болуы тиіс.
Құдайы аста кәде (сыйлық, тәбәрік, жыртыс және т.б.) таратуды шариғат талап етпейді. Оған жұмсалған қаржыға шын мұқтаждардың қажетін өтеу – әлдеқайда сауапты.
Дастарханға мейлінше тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтылған жандарды көбірек қатыстырған абзал. Оның сауабы молырақ болады.
10.12.2020 жылы елордада өткен «Ислам – мәдениет мен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың ІV республикалық онлайн-форумында қабылданған «Ас беру мәдениеті» құжатына сүйене отырып, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы облысымызда Құдайы астың дастархан мәзірін төмендегідей үлгіде берілуін ұсынады:
1. Ет немесе күріш. Екеуінің біреуі.
2. Нан, бауырсақ.
3. Шелпек, самса.
4. Шай, қант.
5. Құрма немесе алма. Диханшылық піскен кезде дастарханға жүзім, басқа да бақша өнімдерін қоюға болады.
6. Қымыз, қымыран немесе әртүрлі сусындар. Екеуінің біреуі.
7. Сөк, талқан, сарымай.

Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы, абыз ақсақалымыз Жарылқасын Әзіретбергенұлының бастамасы мен ой-толғауларын қағаз бетіне түсірген:
Облыстық Ақсақалдар алқасының мүшесі, «Түркістан қаласының Ақсақалдар мен Билер алқасы қоғамдық бірлес-тігінің төрағасы»:
Рысбеков Қыдырәлі Оспанұлы

Leave a reply