Thursday, November 21

ТҮРКІСТАН: СОЗАҚТА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП ЖАТЫР

0
81

Бүгінде жасанды балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұрған Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Бұдан бөлек 4 халықаралық маңызы бар, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген. Бүгінде тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік мекеме айналысуда.

Бұл бағытта облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын дамыту бойынша жұмысты ширатып, экспорттық әлеуетті көтеруге басымдық беруді тапсырған болатын. Осы ретте Созақ ауданында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы балық шаруашылығын жолға қойған азаматтардың кәсібі жандана түсуде. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа жобаны қолға алған Жартытөбе ауылдық округің тұрғыны Әлтеков Нұрлыбектің тоғандық балық шаруашылығымен танысты. Кәсіпкер жаңа жобаның тиімділігіне айрықша тоқталып, жұмыс барысымен таныстырды.

Айта кетейік, Әлтеков Нұрлыбек «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 8 млн 300 мың теңге 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алды. Мамыр айында 10000 дана сазан шабағын қолдан қазылған тоғанға жіберді. Қазіргі уақытта бұлақ суын ұтымды пайдаланған кәсіпкер өнімін сатуға дайындауда.

Түркістан облысында 134 өзен-көлде балық өсіріледі. Оның ішінде 88 жергілікті маңызы бар су айдыны балық шаруашылығы мақсатында табиғат пайдаланушыларға берілген. Қосымша 46 жергілікті маңызы бар су айдыны қайта конкурсқа қойылып, осы жылдың 2-жарты жылдығына дейін толығымен бекітілетін болады.

Бүгінгі таңда өңірде балық шаруашылығымен қуаттылығы жылына 8 мың тоннадан асатын 133 кәсіпорын айналысады. Оның ішінде үш ірі кәсіпорын — Шардара ауданындағы “Хамит” СТК, Сайрам ауданындағы “Көмеш балық” ЖШС және Түлкібас ауданындағы “FIRST FISH COMPANY” ЖШС бар. Айта кетейік, мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған өңірдің балық тауарын өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып келеді.

Leave a reply