ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СОЛТҮСТІККЕ КӨШІ-ҚОН БОЙЫНША КЕЗДЕСУЛЕР ӨТУДЕ

0
30

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында еліміздегі еңбек ресурстарының балансын есепке алудың тиімді әдістемесін әзірлеуді, сондай-ақ еңбек ресурстарының тапшылығы бар өңірлерде Үкіметке көші-қон үдерісін басқару үшін пәрменді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Бұл бойынша үкімет “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасын қолға алған еді. Осы тапсырма негізінде бүгін еңбек ұтқырлығын арттыру бойынша Оңтүстік өңірінің халқын Солтүстікке көшіруді қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Осы мақсатта бүгін «Отандастар қорының» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Әлфараби Мыңбай, ішкі көші-қон мәселесімен айналысатын «Tauekel» қоғамдық ұйымының төрағасы Бурахан Даханов, Ақжар ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Бауыржан Баржанов арнайы Сарыағаш ауданындағы Жартытөбе, Ынтымақ ауылдарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиында тұрғындар тарапынан коммуникация, жұмыс орындары, егіншілік жерлері жөнінде сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілген.

Сонымен қатар, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында арнайы насихатшы топ Келес ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді. Олардың қатарында Түркістан облыстық мәслихат депутаты әрі солтүстік көшін алғаш бастаушылардың бірі Жаңабай Ағабеков, «Отандастар қорының» Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Әлфараби Мыңбай, «Tauekel» қоғамдық ұйымының төрағасы Бурахан Даханов, Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Бауыржан Баржанов, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов бар.

Олар 142 мыңнан астам тұрғыны бар Келес ауданының тұрғандарымен кездесіп, Солтүстік өңірге көшкен азаматтарға мемлекет және қоғамдық ұйымдар тарапынан қандай қолдаулар көрсетілетінін баяндады. Сондай-ақ, көшуге ниетті азаматтарға қажетті құжаттар тізімі түсіндірілді.

Ұлттық жобада облысішілік, елді мекендер мен облыс, аудан орталықтары арасындағы ішкі көлік желісін дамытып, өңірлердің өзара байланысын арттыру және аумақтардың сыртқы байланысын күшейту көзделеді.12 мың шақырым жолдарды салу және қайта жаңарту есебінен 25 мың шақырым республикалық автомобиль жолын жаңғырту аяқталады. Жергілікті маңызы бар 27 мың шақырым автомобиль жолдарын салу және жөндеу есебінен олардың қанағаттанаралық жағдайдағы үлесі 95 пайызға дейін артады. Сонымен қатар жоба аясында жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының барлығын ұлттық стандартқа сай келтіру жоспарланған. Яғни олардың саны 1,8 мыңнан 2,3 мыңға дейін көбейеді. Сыртқы байланыстарды күшейту және көлік әлеуметін дамыту мақсатында «Достық-Мойынты» темір жол тармағының екінші жолын салу және электрлендіру есебінен «Қытай-Еуропа-Қытай» бағдарының өткізу қабілетін 5 есе арттыру көзделген. Сондай-ақ Сарыағаш стансасының өткізу қабілетін арттыру үшін «Дарбаза-Мақтаарал» темір жол желісі салынады. Ол жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Өңіраралық инфрақұрылымды және сыртқы байланысты дамыту мақсатында 5 әуежайдың инфрақұрылымы жаңартылады. Мұның барлығы 2025 жылға қарай транзит көлемін жылына 23,5 млн-нан 30 млн тоннаға, контейнерлер санын 876 мыңнан 1,6 млн-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Ұлттық жобаны іске асырудың нәтижесінде негізгі қызметтермен, атап айтқанда сумен жабдықтаумен 100 пайыз және кәріз жүйесімен 100 пайыз қамтамасыз ету есебінен өңірлер арасындағы өмір сүру сапасындағы айырмашылық қысқарады деп күтіледі.

Leave a reply