Четверг, 19 сентября

«ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР — ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ДРАЙВЕРІ»: ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ ТУРИЗМ САЛАСЫ ДАМУ ҮСТІНДЕ

0
17

Туризм – Қазақстан экономикасындағы қарқынды салалардың бірі. Қазақстанның әрбір аймағы – туризм кластерінің ошағы. Еуразияның кіндігінде орналасқан, Ұлы Жібек жолының дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар тұрғызылып, мәдени ошақтар салынды. Қазақстан өзінің бай табиғатымен, сырға толы өзен-көлдерімен, тау-тастарымен, орман-шөлейттерімен талай тарихи оқиғалардың куәсі болды. Мыңжылдық өркениет тоғысы бар шежірелі қалалар талай соғысты басынан өткізді. Қазақ хандығының, Қыпшақ ұлысының, Түрік қағанатының астанасы болған қалалар да жетерлік. Ондай қалалардағы ескерткіштер, мәдени орындар, ескі ғимараттар, шежірелі тарих болып қалмақ.

Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары. Әсіресе, туризм кластерінің басым бағыты, көлік инфрақұрылымы жақсы жолға қойылған. Облыс орталығы – Түркістан қаласы — тарихи туризмнің алтын ұясы. Қалада туристер мен қонақтарға, тұрғындарға қажетті ойын-сауық орталықтары, заманауи қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, драма театры, мейрамханалар, салтанат үйлері, аквапарк, спорттық-демалыс нысандары, базарлар мен супермаркеттер толықтай талапқа сай салынып, халықтың игілігіне жарауда. Сондықтан Түркістанда толықтай туристерге қызмет көрсете алатын орындар баршылық. Тарихи туризм ошақтары көп облыстың табиғаты әсем, шежірелі өлкелері де жетерлік. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, көне Отырар, Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстанбаб кесенесі, Бәйдібек ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас ауданының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық-табиғи паркі көптеген саяхатшыларды тамсандырған мекендер. Ұлы Жібек жолының орталығына айналған Түркістан қаласының тарихи-туристік нысандары да жұртшылыққа мәлім.

Өткен жылы Түркістанға 1300-ден астам туристер келген. Облыстық кәсіпкерлік индустриялық-инновациялық даму дәне туризм басқармасының мәліметінше, сол туристердің басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия, Италия елдерінен келген. Шетелдіктерден бөлек, Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер баршылық. Демек, туризм Түркістан үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы Түркістан қаласының өзі түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде талай туристі қонақжайлылықпен қарсы алатыны анық. Соған сай, көрсетілетін қызметтердің де сапасын жоғары талапқа сай етуді, қаланың туристік әлеуетін арттыру бойынша нақты қадамдық іс-шаралар жоспарын бекіту тиісті мекемелерге тапсырылған. Облыс орталығы атанған уақыттан бері бұл жұмыстардың ауқымы барынша ұлғая түскен.

Қ.А.Ясауи кесенесі – өңірге туристердің тартатын негізгі нысанның бірі. Ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші саналатын тархи ғимарат 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи қабірінің басына тұрғызылған. Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер көп. Жалпы 35 бөлме бар. Ғимараттың биіктігі 37,5 метр. Үш қабырғасының үстіңгі жағында көгілдір қышқа өрнектеліп Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да сәулет өнерінің інжу-маржандарының қатарына жатады. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

Облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан бар. Олар — ЮНЕСКО биосфералық нысандарының тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі мен «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.

Leave a reply