ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТУРИЗМ 3 БАҒЫТТА ДАМИДЫ

0
29

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, туризмды дамытуға тапсырма берген болатын. Түркістан облысына келушілер мен туристер санында оң динамика байқалып отыр. Өткен жылы өңірімізге 470 мыңнан астам турист келген. Орналастыру орындары – 253,4 мың, шипажайлар – 142,4 мың, табиғи аумақтар – 74,9 мың туристі қабылдаған. Оған қоса 1,2 миллионнан астам зияратшы мен қонақ келген. Дегенмен, туризм саласында әлі де ізденіс, жұмыс, тың идеялар керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы мәжілісте осы бағыттағы кемшіліктерге тоқталып, жұмысты күшейтуді тапсырды.

Ежелден рухани астана болып саналған Түркістан қаласы туризм кластері бойынша дамып, жылына миллиондаған туристерді қабылдайтын күнге де жетті. Ұлы Жібек жолының дарқан даласына айналған өлкеде ертеден қалалар пайда болды, мәдени ошақтар салынды. Соңғы үш жылда Түркістан облыс орталығы болып, адам танымастай өзгерді. Жаңа құрылыс нысандары ерекше үлгіде бой көтерді. Бұл қаланың өсіп-өркендеуімен қатар, туризмнің қарқынды дамуына серпінді әсер етері сөзсіз.

Өңірде халықаралық маршруттарға ену үшін инфрақұрылым жүйесі өткен жылдармен салыстырғанда жоғарғы деңгейде. Шаһарымыздың темір жол және тас жол даңғылында орналасуы, сондай-ақ ағымдағы жылда әуежайдың салынуы туристік алмасуды – трансферді оңтайландырады. Осындай керемет үлгіде салынған әуежайы бар киелі қалаға туристердің келуі әзірге көңіл көншітпейді. Ол үшін туризмді жетілдіру мақсатында шетелдік туристердің әуежай арқылы дүрмек-дүрмегімен ағылып келіп жатуы үшін саяхатталатын жердің жарнамасы (біздің шетелге асыққанымыздай, алдын ала барлық мәліметті біліп отыратынымыздай) көркем жасалса, көрсеткіштерін жақсарту үшін ҚР Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарында көзделген нысандарды салудағы инвестициялық жобалар тізіміне аталған жобаның еңгізілуіне басшылық тарапынан ықпал етілсе.

Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылды. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру керек.

Республикамыздың тұнып тұрған тұмса табиғаты мен ұлттық құндылықтарымызды паш етудің бірден-бір жолы – ауыл туризмін дамыту. Халқымыздың 40 %-ы ауылда тұрады екен. Бір жағынан туризм арқылы тұралап қалған ауылдардың әлеуметтік мәселесін шешудің бір жолы десек те болатын шығар. Адам аяғы баспаған жерлерімізді, жергілікті халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстыру арқылы елдімекендердің экономикасын көтеруді қолға алудың мүмкіндігі жоғары. Бүкіләлемдік тәжірибеге сүйенсек, ішкі туризм елдің экономикасына өте жақсы әсер етеді. Себебі үлкен инвестицияны қажет етпейді.

Нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда. Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда.

Leave a reply