ТҮРКІСТАН: АГРОӨНЕРКӘСІП САЛАСЫНДА ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАР ҚОЛДАНЫЛУДА
Салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылу үстінде. Қарқынды бау көлемі биыл 5405 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде өнімділік 5 есеге артып, 300-350 центнерге дейін өнім жиналады. Су үнемдеу технологиясы — 28 763 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9303 гектарға ендірілді. Аталған тәсіл ағын суды 2 есе үнемдеуге, өнімділікті 3 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді. Республикадағы жылыжайлардың 71% облысқа тиесілі. Жалпы көлемі 1511 гектарға жетті. Өткен жылы 91 мың тонна өнім жиналды. 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салу жоспарланып отыр. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде 3 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналды. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 60 жобаны іске асыру жоспарланса (құны 54 миллиард теңге, 1 318 жұмыс орны), бүгінгі таңға 16-сы іске қосылған.
Бұл ретте Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы әзірленуінің де зор пайдасы тиіп жатқанын атап өту қажет. Тұжырымдама аясында 2027 жылға дейін жалпы өнім көлемі мен еңбек өнімділігін 2 есе, салаға тартылатын жеке инвестициялар көлемін 6 есеге ұлғайту, қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 2,3 есеге ұлғайту міндеттері қарастырылған.
Тұжырымдама жобасы ағымдағы жылдың ақпан айының 7 – 10 күндері аралығында облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының төрағалығымен барлық аудан, қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, бөлім басшылары, мамандарымен жан-жақты талқыланып, 2023 жылға арналған 37 даму көрсеткіші ауыл округтері кесіндісінде, аудан/қала әкімдерімен бекітілді. Егіс көлемін 21,9 мың гектарға артып 881,8 мың гектарға жеткізіледі (2022 жылы — 859,9 мың гектар), мақта дақылы 46,3 мың гектар қысқартылып, дәнді дақылдар, оның ішінде: бұршақты дақылдар — 30,0 мың гектар (маш, лобия), дәндік жүгері 65,0 мың гектарға ұлғайту жоспарлануда, көкөніс, бақша және мал азықтық дақылдардың көлемі ұлғаяды. Ылғал, су үнемдеу технологиялары ендірілген алқап 52,0 мың гектар құрайды. «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасын кеңінен өндіріске ендіру тұрақты жалғасын табады.
Егіс көлемін ұлғайтудың негізгі бөлігі Шардара ауданы «Жаушықұм алқабын игеру» жобасы арқылы 12,0 мың гектар суармалы жер қосымша қосылып, жылына 14,0 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі.
Жылыжайлар көлемі 690 гектарға ұлғайып, 2259 гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде, алынған өнім көлемі 3 есеге дейін артып, 243,8 мың тонна өнім өндіріліп, Республика халқы қажеттілігі маусымаралық кезеңде 112 % қамтамасыз етіледі. (Республика халқының қажеттілігі — 217,2 мың тонна). Оның ішінде, 500 гектарға жылыжайларға агроиндустриалды аймақ құру жобасы бойынша Келес, Ордабасы, Қазығұрт аудандарында жер телімдері нақтыланды, Сайрам, Сарыағаш аудандарында жер телімдерін бөлу мәселелері қарастырылуда.
Анықтама ретінде айта өтейік, Агроиндустриальды аймаққа 500 гектар жылыжай салуға жеңілдіктер қарастыру мақсатында, несие желілерін ашу, «Инвестициялық салымдарды субсидиялау» бағдарламасы шеңберінде фермерлік жылыжайларды инвестициялық субсидиялауға жөнінде Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсыныстар енгізілді.