САУРАН: ШОРНАҚ ФУТБОЛ КОМАНДАСЫ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНА ЖОЛДАМА АЛДЫ
Сауран ауданына қарасты ауылдық округтері жастарының арасында «Әуесқойлар футбол лигасының» көктем-жаз маусымының жабылу салтанаты өтті. Аталған шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаты Ержан Мұстапаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай тағы да басқа қонақтар мен спортшылар қатысты.
Жарысқа 12 ауылдық округтен жасақталған 16 командадан 300-ден аса спортшы қатысып, өзара кіл мықтыны анықтады. Үш айға созылған доп додасы өз мәресіне жетті.
Айтулы жарыстың қорытындысымен марапаттау рәсіміне аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, кіші футбол көркін қыздырған барлық командаларға өз алғысын білдірді. Сонымен қатар, жеңімпаз және жүлдегер командаларды марапаттады.
“Ауданға қарасты барлық ауылдық округтерден командалар қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Аудандық деңгейде өткізіліп жатқан мұндай спорттық шаралардың жастар арасында бұқаралық спортты дамытуда берері көп. Еліміздің көк байрағын көкте желбіретіп, Қазақстанның абыройын асқақтатуда Сауран ауданының спортшыларының де елеулі үлесі бар. Сондықтан жарыста жеңімпаз болған Шорнақ футбол командасы республикалық чемпионатқа жолдама алып отыр. Жерлестерімізге республикалық чемпионтта да жеңіс тұғыранан көруіне тілектестік білдіремін», – деді Мақсат Асылбекұлы.
Спорттық шараға арнайы келген қонақтар Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Баймахан Сүлейменов, аудандық мәслихат депутаты Ержан Мұстапаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов, «Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері» кеңесінің төрағасы Тілес Ақай сөз сөйлеп, жеңімпаз бен жүлделі орыннан көрінген командаларды құттықтап, аталған спорттық шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған аудан әкімі Мақсат Таңғатаровқа өз алғыстарын білдірді.
Сонымен үш айға созылған доп додасында жүлделі 3-ші орынды Жүйнек командасы иеленсе, 2-ші орынды Қосмезгіл командасы еншіледі. Ал, Шорнақ командасы жеңімпаз болып танылып, 1 миллион теңге қаржылай сыйақымен марапатталып, әуесқойлар арасындағы республикалық чемпионатқа жолдама алды. Бұл да біздің аудан үшін үлкен мәртебе болмақ. Себебі осындай жас спортшыларымыз бен өнерпаздарымыздың арқасында ауданымыздың мәртебесі мен абыройы да асқақтай бермек. Сондай-ақ, қазіргі таңда елімізде аталмыш спорт түріне сұраныс та кем емес. Бұл дегеніміз ауыл, аудан, қала тіпті өңір деңгейінде де бұл спорт түрінен талантты жастардың жарыса шығуы. Сол таланттардың арасында өзіміздің ауданымыздың жастары да барына тағы бір мәрте көз жетті. Ендігі кезекті аталмыш спорт түрін аудан жастарына насихаттау мақсатында жалпы анықтама бере кетуді жөн көрдік.
Бүгінгі күні фубол әлемдегі ең дамыған, кең тараған спорт түріне жатады. Ол бізге Англиядан келді десек те, Ежелгі Египетте және майя үнділерінде оған ұқсас ойындар болған. Футбол жылдамдықты, тапқырлықты, шешім қабылдай білу мен төзімділікті дамытады. Жыл сайын футбол өзінің тартымдылығымен, тартысты ойынымен, қайткенде де жеңіске жетуге деген құштарлығымен ойнаушылардың қатарына мыңдаған ұл балалар мен ерлерді еліктіреді. Футзал — испан тіліндегі “futbol” және “sela” сөздерінің қысқаруынан пайда болған және “жабық алаңдағы футбол” деген мағына береді. Қазіргі уақытта FIFA-ға кіретін футбол қауымдастықтардың көпшілігі қолданады.
Футзал – доппен жабық алаңда және паркетте ойналатын футбол түрі.
Бұрын футзал (futsal) және мини-футбол (FIFA Futsal) деген екі түрлі термин қолданылып келді. Футзал мен мини-футбол арасында бірнеше айырмашылықтар бар. Футзал тек жабық алаңда және паркетте ойналады, ал мини-футбол ашық газонда да ойналады.
Әлемде аталған спорт түрін екі бөлек халықаралық федерация үйлестіреді. Олар AMF және FIFA. Мини-футбол деген атаумен белігі болған спорт қазір FIFA Futsal деп аталады. ФИФА федерациясына мүше елдердің көп болуына байланысты ФИФА мен УЕФА негізгі халықаралық турнирлерлерді, атап айтқанда Әлем Чемпионаты мен Еуропа Чемпионаты, Чемпиондар лигасын ұйымдастырады.
Футзал спортының ережесі. Футзалды екі команда ойнайды. Алаңда әр командада 4 ойыншы мен қақпашы, барлығы 5 адам қатысады. Әдетте әр ойынға команда 14 адам қоса алады.
Ойыншыларды ауыстыру
Футзалда ойыншыларды ауыстыруға шектеу жоқ. Ойыншыларды ауыстыру арнайы техникалық аймақта жүзеге асырылады. Ойынға кіретін адам, ауысатын ойыншы алаңнан шыққаннан кейін ғана қосыла алады. Егер бұл тәртіп бұзылса, онда ереже бұзған ойыншы сары қағаз алады. Ойыншыларды бір-бірден немесе бірден топпен ауыстыруға болады.
Ойын уақыты
Матч 20 минуттан тұратын екі таймнан тұрады. Хронометрист төрешінің әр ысқырығынан кейін бірден уақыт тоқтатады. Матч таза уақытпен өтеді. Егер плей-офф кезеңінде ойын тең түсетін болса, онда 5 минуттан тұратын қосымша екі тайм ойнатылады. Есеп тең болып қала беретін болса пенальти сериясы болады. Банкер әр таймда бір минут тайма-аут алуға құқығы бар.
Төрешілер
Ойынға үш төреші төрелік етеді. Екі төреші алаңның екі жақтауында, ал үшінші төреші хронометристпен байланыста болып, фолдар мен тайм-аут тәртібін бақылап отырады. Төрешілер өз шешімдерін арнайы белгілермен көрсетеді.
Фолдар
Пенальти мен айып доба футбол тәртібіне ұқсас орындалады. Егер команда бір таймда 5 фол жасайтын болса, онда әрбір келесі фол кезінде қарсылас топ даблпенальти орындауға мүмкіндік алып отырады. Даблпенальти 10 метрлік қашықтан орындалады. Тайм аяқталысымен барлық фолдар да күйіп кетеді. Қосымша уақыт кезінде екінші таймның фолдары сақталады.
Айып қағаздары
Екі сары қағаз немесе тікелей қызыл қағаз алған ойыншы ойыннан шеттетіледі. Ойыншы ойыннан шеттетілген уақыттан бастап команда 2 минут бойы бір ойыншыға кем ойнайды. Бұл аралықта гол өткізіп алған жағдайда толық құраммен ойнай алады.
Бесінші ойыншы
Бесінші ойыншы немесе Flying goalkeeper – қақпашыны алаңдағы ойыншымен ауыстыру арқылы бір ойыншыға артықшылықпен ойнау. Мұндай тактика барысынша алаң ойыншы міндетті түрде басқа ойыншылардан ерекшеленіп тқруы үшін қақпашының киімін киюуі міндетті.
Айып алаңы
Ойыншылар қақпашының айып алаңында, ал қақпашылар өз алаңынан сыртта ойнай алады. Дегенмен доп қарсыластың алаңына шығып қайтпаса немесе қарсылас команданың ойыншысына тиімей қайтып келсе қақпашылар допты ала алмайды. Доп ойыннан шықса қақпашы допты қолмен енгізеді, ал егер сыртқа шығып кетпесе аяқпен де қоса алады.
Аут
Доп алаң жиегінен немесе жоғары жаққа шығып кеткен жағдайда доп ойынға аяқпен енгізіледі. Ауттан тікелей ешкімге тимей кірген гол саналмайды.
Төрт секунд ережесі
Аут, айып добын, бұрыштама добын немесе қақпашының допты ойынға енгізуне 4 секунд уақыт беріледі. Төреші уақытты қолымен санайды. Егер ойыншы допты өз уақытында енгізе алмаса, онда қарсылас топ допты ойынға қосады. Қақпашы да допты өз алаңында төрт секундтан артық ұстай алмайды.Елімізде Қазақстан футзал ассоциациясы ұлттық чемпионатты негізгі ұйымдастырушы ұйым болып саналады. Ассоциация 19889 жылы құрылған, бірақ әртүрлі жылдары Қазақстан футбол федерациясының аясында қызмет етті. 2022 жылдан бастап қайтадан жеке ұйым ретінде әрекет ете бастады.