САУРАН: КӨНЕ ҚАЛАДАҒЫ МӘДЕНИЕТ ПЕН ТАРИХ БЕДЕРІ

0
14

Археологтар қазба жұмысын жүргізгенде тек көне қала жұртын зерттеп қана қоймай, түрлі мәдени қабаттардың да тылсымына терең үңіледі. Археологтің әңгімесі бізді ғылымилығымен ғана емес, танымымен де бау¬рай түсетіні анық. Алайда археологтардан сыр суыртпақтау да оңайға соқпайтыны тағы бар. Ph.D доктор, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, археолог Ералы Ақымбек бізге Сауран жұртындағы ғылым мен тылсымның әңгімесін айтты, алдағы уақытта басқа да шаһарлардың құпиясына қанығамыз деп сенеміз.
ҚҰПИЯ ДАУЫС ИЕСІ КІМ?
Ежелгі Сауран орта ғасырларға тиесілі дегенімізбен, онда бірнеше кезеңнің жұрты бар екенін айтып өткен дұрыс. Яғни ерте орта ғасырдағы, орта ғасырдағы, кейінгі орта ғасырдағы Сауран. Міне, осы шаһардың қазба жұмыстарын жүргізу барысындағы бірер оқиғаны әңгімелеп берсем…
2005 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Сауран шаһарына қазба жұмыстарын жүргіздік. Шаһар жұртының сыртында, мешіттің орны болған құрылыста Алмас Бейсебаев, қала шетіндегі ханака құрылыс орнында Дөкей Талеев, шаһар ішіндегі медресе орнында Руслан Шербаев, медресеге қарама-қарсы мешіт орнында Ерболат Смағұлов, Сейітжан Ілияс сынды білікті археологтар қазба жұмыстарын жүргізді. Біз, археолог, тарих ғылымының докторы, профессор Мадияр Елеуов¬тің жетекшілігіндегі экспеди¬ция сол-түстік-шығыс қақпа¬сын қаздық. Зерт¬теу жұмы¬сы қыркүйекте басталып, келесі жылы жалғасатын болды.
2006 жылы, қазан айында зерттеу қайта жалғасты. Басында жақын маңнан жасы бар, жасамысы бар: жұмысшылар алып бардық. Сенбі кешке қаладағы үйімізге қайтамыз да, дүйсенбі таңда ораламыз.
– Кім демалыста осында қа¬лады, жұмыс күніне күндік жалақы жаза¬мын, – деп едім, Қызыл¬ор¬даның Тереңөзегінде туған, Түр¬кістанда тұратын бір жігіт келі-сіп, қала жұртындағы киіз үй мен құрал-саймандарға қарауыл болып қалатын болды.
Дүйсенбі таңда келсем:
– Ереке, қанша ақша төлесең де ендігәрі мұнда демалыс күндері жалғыз қалмаймын, – дейді.
Себебін сұрадым. Жұмыс болып жатқан жерге тіккен киіз үйіміз Сауран шаһарының сол¬түстік-шығыс қақпасындағы ежелгі Жұма мешітінің ауласында тұр¬ған. Киіз үйдің есігіне қарама-қарсы Қарахан ата әулие атындағы көне зираты бар-тын. Демалыс күн¬дері қалған жігітіміз елегізіп, өзі қойшы, бізде жұмыс істейтін өзбек жігітін қасына шақырып алған екен.
– Екеуіміз киіз үйде отыр едік. Екі адам әңгімелесіп келе жатты. «Қазір кіретін болар» деп күттік. Бірақ екеуі әңгімелескен бойда үйге кірмей өтіп кетті. «Кім болды екен» деп сыртқа шықсақ, ешкім жоқ. Айдалада, кешқұрым, жалғыз тұрған киіз үйге кірмей, іргесінен өтіп кететін олар кім? – деді.
Бұл әңгімеге аса мән бермедім. Күндердің бір күні, қазба жұмысын жүргізіп жатқан бір топ жұмысшы, киіз үйде улап-шулап кешкі ас ішіп отырғанбыз. Соның алдында ғана Сауранның солтүстік-шығыс қақпасының алдыңғы көне қақпасы аршылған еді. Қақпа бағанасының құлаған шірінді қалдықтарын ашқанбыз.
Оқырманға түсінікті болу үшін айта кетсем, ол шақ күздің қара суығы, өсімдік атаулы қурап бітуге тақау мезгіл, айнала құмдақ. Жүрген жеріңнің барлығын жел суырып өтіп кетеді. Соның салдарынан Сауран жұртын таңда араласаңыз, түннен қалған із сайрап жатады.
Міне, сырттан дабыр-дұбыр әңгіме естілгенде, Сауранның қара күзінде кешкі асымызды ішіп отырғанбыз. Бәріміз бірден киіз үйдің есігіне қарап қалдық. Екі адам сөйлескен күйі киіз үйдің дәл іргесінен өтіп кетті. Ешкімді көрген жоқпыз, тек екі адамның сөйлесіп бара жатқанын түсіндік. Киіз үйдің есігі оңтүстікке қарай¬тын. Жұмысшылар арасында Жақ¬сылық деген сол кезде жігіт ағасы шағындағы азамат бар еді, өзім «Жақа» дейтінмін. Жақаң екеуіміз сыртқа шығып, әлгі екі кісінің дауы-сы шыққан жаққа қарай жүрдік. Дала тастай қараңғы, ештеңе көрінбейді. Тек екі адам¬ның көне шаһар жұртында дабырлай сөйлесіп бара жат¬қаны ғана естіледі. Не де болса екеуіне іле¬сейік деп шештік. Үнсіз еріп келеміз.
Қақпаның қазба жұмыстары жүріп жатқан тұсқа келгенде екеуі¬нің бір ғана сөзін анық естідім. «Мынаны орап қойыпты, орап қойыпты», – деді. Иә, сол күні ғана күн тиіп, мүжіліп кетпесін деп қақ¬паның бағанасын орап қойған едік. Қақпаның қасына тақадық. Ешкім жоқ. «Кім бар-ау», – деп айғайладым.
Сауранның қақпасын көрген адам, біледі. Өте биік. Ар жағына бармадық, ешкім жауап қатпаған соң кері қайттық. Әрі Ерболат Смағұловтың экспедициясы қамалдың солтүстік-батыс жағына үй тіккен болатын, солардың адамы ма екен деп ойладық. «Із көрінеді ғой, таңда келіп қарармыз» дедік. Боз ала таңнан әлгі жерге барсақ, Жақаң екеуіміздің келген-қайтқан ізіміз ғана тұр…
Кейіндеу күндері жұмысшы¬лардың бәрін қайтарып, жұмыс басында тек үш адам ғана: мен, Жақаң және университет берген көлік жүргізушісі Едіге деген кісі үшеуіміз ғана қалдық. Едағаң барлық жүргізушілер секілді өз көлігінен алысқа ұзамайтын, тіптен көлігіне түнейтін де, киіз үйде Жақаң екеуіміз ғана қонып жүрдік.
Өзім құс ұйқы адаммын. Тырс еткен дыбысқа оянамын. Бірде жеті қараңғы түнде алыстан арбаның дауысын естіп қалдым. Қиқ-шиқ етеді. Дөңгелегі ағаш арбаны бала күнімде көргенмін. Мынау сондай арбаның дыбысы. Күн де суыта түсті, түнге қарай арба дауысы да анығырақ естілетін болды.
– Жақа, жеті түнде арба дауысын естіп жүрмін, сіз ештеңе сезбейсіз бе? – дедім бір күні.
– Жоқ, байқамадым, – деді ол.
– Мен естіп жүрмін, ендігәрі сондай сәтте сізді оятсам бола ма?
– Жақсы, оят.
Біз осылай келістік. Арба дауысы шыға бастағанда Жақаңды ояттым.
– Естідіңіз бе?
– Естідім. Арба секілді.
Демек, екі адам естідік. Күн өткен сайын арба түннің жарымында емес, одан берірек уақытқа қарай «жүретін» болды. Кейде Жақаң да: «Сенің арбаң келеді», – деп қояды.
Бірде, түнгі он екіге тақау мезгіл, Жақаң екеуміз ұйықтай қоймай, әңгімелесіп жатқанбыз. Қиқ-шиқ еткен арба дыбысы естілді. «Ереке, арбаң келеді», – деді Жақаң күліп. Осы жолы арба тіптен жақындай түсті. «Мынау осы жолы тым жақындау келді ғой», – дестік өзара. Әлгі арба сол түні қазба жұмысын жүргізіп жатқан қақпаның тұсына тақады.
– Күйдірілген кірпіштерді ұрлап жүргендер ме?
– Ұрлыққа келген жан осылай дабыралап жүре ме?
Сол сәтте айнала тып-тыныш бола қалды.
Содан басталды дерсіз. Түрлі дауыс, дыбыс…
Мен ол дыбысты ортағасырлық ша鬬қастың үніне ұқсаттым. Қылыш¬тың қай¬-шыласқаны, жаралының ыңыр¬сығаны іспетті. Жақаңмен бірге киіз үйден шықтық. Алдымызда Сауранның биік қабырғасы. Алапат майдан әлгі қабырға ішінде жүріп жатқандай. Біз тек қабырға сыртында тың тыңдап тұрмыз.
– Жақа, барып көреміз бе?
– Қой, бармаймын.
Жақаң шорт кесті де, үйге кіріп кетті.
Ары кетсе он минут шамасында шайқас дыбысы естілді де, айнала тып-тыныш болып мүлги қалды.
Киіз үйде жатқан соң, біраздан кейін Жақаң тіл қатты:
– Ереке? Бұл не сонымен?
– Білмедім. Өзіңіз қалай ойлайсыз?
– Жылқының құйрығына шелек байлап жіберіп, үркіп шауып жүр ме екен?
Таңертең тұрып, қамал ішіне барсақ, жылқының да, басқаның да ізі жоқ. Жақаң екеуіміз аң-таңбыз. Жақаң бұл әңгімені ауыл адамдарына айтқан екен. Қойшы ауылда Баһадүр деген кісі бар еді. Кейін үйін жалдап тұрдық. Отбасы да жақсы адамдар, үнемі қамқор болып жүреді. Сол кісілер бізді ауызашарға шақырды. Баһадүрдің әкесі, қайын атасы бауырымен – үш қария үйде отыр екен. Сақалын әдемілеп қойған, тақия киген, шапаны өзіне құйып қойғандай жарасатын ауыл ақсақалдары болады ғой, міне сондай шежіре қарттар екені бірден байқалады. Ас бойымызға тарап, шай ішіп отырғанда:
– Балам, байқаймыз, осы жердегі жұмыстардың басы-қасында жүрсің. Бір әңгіме құлағымызға жетті. Анығын өзіңнен білсек. Сауран жұртындағы оқиғаны айтсаң, – деді.
– Көзбен көрген жоқпыз, қолмен ұстап алған да жоқпыз, бірақ дауыс¬ты естігеніміз рас. Оны ештеңемен байланыстырғым келмейді, – деп шынымды айттым.
– Кие қонған жер ғой, – десті ақсақалдар…
Ораза бітіп, айт басталды. Бізбен бірге жұмыс істеген Дулат деген жігіт Ескі Сауран деген ауылдағы үйіне айтқа шақырды. Атасының баласы болып өскен, қазақы шаңырақтың иесі Дулаттың үйіндеміз. Құран оқыдық, ас қайырдық.
– Баламнан естіп жатырмын, үлкен бір істе жүр екенсіңдер. Көне шаһарды өзім де барып көргім келеді, әттең, денсаулығым жарамайды. Сол жұрттағы оқиға туралы да әңгімені естіп жүрміз. Ол киелі жер, балам. Аталарымнан көне шаһар туралы көп әңгіме естіген едім. Сауран деген заманында өте мықты шәр болған. Жауы ала алмаған қала екен деп аталарым әңгіме айтатын. Қамалды бағындыра алмасын білген соң жау шаһарға керуен жібереді. Түйеге артқан қоржынға жүк емес, екі әскерден отырғызып, керуен қалаға кіріпті. Олар осылай айлакерлікпен ішке енген соң күзетшіні өлтіріп, қақпаны жауға ашып берген екен, – деді ақсақал.
Ақсақал маған мұны ауызекі тарих негізінде әңгімеледі. Ал Сауранның жау ала алмаған шаһар болғаны жазба деректер де сақталған. Хафиз Тыныш Сауранның мықты бекініс болғанын, бірнеше ай жауына төтеп бере алатынын жазады: «Сауран қамалы – өте берік бекітілген қорған, оның мықты және күшті қамал болғаны сон¬ша¬лықты, тағдыр тәлкегінің қолы қорғанының түбіне жетіп көрген емес».
Қала жұртындағы шайқастың ізін қазба деректер де дәлелдейді. Қа¬бырғаға қадалып қалған жебе ұш¬тарын таптық. Қабырғаны бұзу үшін лақтырылған домалақ жұмыр үлкен тастар да аршылып алынды.
Кейін қазба жұмысы жүргізілген жерде қона жатып жұмыс істеген балалар ондай ештеңені байқамағанын айтты. Табиғат-ана өз аясында болған кейбір оқиғалардың дыбысын ауада сақтап қала алады дейтін еді. Біз сол дауыстың сыртқа шығатын мезгіліне сәйкес жұмыс жүргіздік пе екен? Иә, сондай бір сәтке тап келген болармыз.

Leave a reply