САУРАН: АРХЕОЛОГИЯ РОМАНТИКА ЕМЕС

0
21

Археологтар қазба жұмысын жүргізгенде тек көне қала жұртын зерттеп қана қоймай, түрлі мәдени қабаттардың да тылсымына терең үңіледі. Археологтің әңгімесі бізді ғылымилығымен ғана емес, танымымен де бау¬рай түсетіні анық. Алайда археологтардан сыр суыртпақтау да оңайға соқпайтыны тағы бар. Ph.D доктор, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері, археолог Ералы Ақымбек бізге Сауран жұртындағы ғылым мен тылсымның әңгімесін айтты, алдағы уақытта басқа да шаһарлардың құпиясына қанығамыз деп сенеміз.
Мектепті 1995 жылы бітірдім. Бұл – ғылым ешкімге керек болмай қалған кез тұғын. Археология¬ны бала күнімнен армандап едім десем, өтірік болар. Мал бағу мен біт¬пейтін үй шаруасы аралығында ойын ойнап үлгеретін ауыл баласы археологияны қайдан білсін? Бірақ мектепті жақсы оқыдым. Жоғарғы сыныпта жоғары білім алу қажет екенін айқын ұғындым. ҚазҰУ-де оқу бітірген Съезд деген ағам Алматыға алып келді. «Қандай оқу оқығың келеді?» – деп сұрады. Гуманитарлық білімді жақсы меңгергенімді айттым. Тарих факультетіне барсақ, Археология ма¬ман¬дығына құжат тапсырған талапкер аз екен. Тәуекел дедім. Ағам да жақсы дайын¬дады да, оқуға түсіп кеттім. Тіпті бол¬маса әскери бөлімін оқып алсам, әс¬кери адам болам ғой деген ойдың да болғаны рас.
Алайда курс жоғарылаған сайын архео¬логия ғылым ретінде өзіне баурай түсті. Өзім саналы түрде байқа¬мағаныммен, бауырларым: «Бала күнің¬нен жер қазып ойнайтынсың, жарқа¬бақтарды ойып, ішіне үңіліп жүретін едің», – дейді…
Бакалаврды жақсы оқыдым, магистратураны үздік тәмамдадым, екі жылдай тәлімгер-ізденуші болдым. Үш жыл докторантурада оқыдым. Мектепті 11 жыл оқысам, университетте де 11 жыл жүріппін. Арасында Түркістан Халықаралық университетіндегі Археология ғылыми-зерттеу орталығында үш жыл еңбек еттім. Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтына кеше ғана келген секілді едім, 16 жыл уақыт зыр етіп өте шығыпты.
Біздің буын оқуға түскенде ғылым керексіз болып қалған уақыт еді дедім ғой. Сондықтан арада буын жалғасты¬ғы үзіліп қалған кез-тін. Атақты профессор, академик ғалымдармен қатар жұмыс істедім. Орта ғасырды зерттеуші археологтар Уахит Шәлекенов, Карл Байпақов, Нұртаза Алдабергенов, Мадияр Елеуов, Тамара Савельева, Ерболат Смағұлов, Арнабай Нұржанов және т.б. секілді мықты мамандармен зерттеу жұмысына араластым. Олармен арадағы жас айырмашылығы жиырма жылдан да көп еді. Қазір, шүкір, ғылымға қызығушылар қатары да көбейген.
Ал Уахит Хамзаұлы, Карл Мол¬дахметұлы, Ерболат Әкежанұлы, Арнабай Әбішұлы және т.б. сынды ғалымдар арамыздан кеткенде ортағасырлық археология ғылымының орны ойсырап қалғаны рас. Біз археология ғылымының негізін сол ғалымдардан үйрендік. Археология – үлкен ғылым. Оның әрбір зерттеуін ғылыми негіздеп, дәлелдеп бермесең, өте қауіпті. Археология – өте қиын мамандық. Оны қызық кәсіп, романтикаға толы деп ойлайтындар бар. Негізінде олай емес.
Мені ғалым ретінде, зерттеуші ретінде қалыптастырған атын атаған ұстаздарым болса, еңбек еткен екі мекеме де зерттеу жұмыстарымның іргелі бола түсуіне ықпалын тигізді.
Тәжірибе жинақтау мақсатында 2003 жылы Түркістандағы универси¬теттің Археология ғылыми-зерттеу институтында қызмет еткенімді айттым ғой. Қазір университеттерді дамытудың бір жолы есебінде мұғалім мен студентті көбейтеді. Негізінде ЖОО мықты болуы үшін онда дәріс оқитын, зерттеу жүргізетін ғалым мықты болғаны, бі¬лімді оқытушылар орталығын құр¬ғаны маңызды. Міне, сол кезде Түр¬кістан университеті сол тәжірибені енгізді. Өзіне мықты ғалымдарды жинады. Тарих ғылымының кандидаты, белгілі спортшы Зиядин Исабеков ашуға атсалысқан, өзі директоры болған орталықта профессор Мадияр Елеуов те зерттеу жүргізетін. 1997 жылы Мадияр Елеуовті арнайы іздеп барып, іс-тәжірибеден өткенім бар. Міне, осы орталық бізді маман есебінде шыңдады.
Әңгімемді бірден Сауран қала жұртын зерттеу ісінен бастап кеттім ғой. Енді сәл алға жылжиын. Кезінде «Мәдени мұра» атты өте керемет бағ¬дарлама болды. Сол бағдарлама аясында талай ғылым саласы іргелі жұмыс жүргізіп, зерттеулерге ден қойды. Сауран қала жұртын зерттеу ісі сол бағ¬дарлама аясында қолға алынған еді.
Кейін Археология институтына жұмысқа ауыстым. Бұл жер де бізді ғалым ретінде, зерттеуші ретінде ғылыми іргелі бағытқа бұрды.
АРХЕОЛОГИЯ ҒЫЛЫМЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ
Құжатты елден бұрын қазақшалап алғандардың қатарынанмын. Туу туралы куәлігімде аты-жөнім «Акимбеков Ералы Шардарбекович» деп жазылған. 1995 жылы өзім барып жүріп «Ақымбек Ералы Шардарбекұлы» деп түзеттім. Бірақ оның азабын бір кісідей-ақ таттым. Ол уақытта құжат рәсімдейтін жердің барлығында орыс тілділер отыратын. Міне, сол кісілер қазақ қарпімен жазылған аты-жөнімді орысшалап «Акымбек Ералы Шардарбекулы» деп базаға енгізген. Ол уақытта Әлеуметтік жеке код (ӘЖК) Салық төлеушінің тіркелген нөмірі (СТН) деген құжаттар болған, кейін зейнетақы қоры, міне осы құжаттардың барлығында аты-жөнім жеке куәлігімдегідей қазақ қаріптерімен емес, орысшалап жазылып кеткен. Оны айтасыз, аты-жө¬німнің 1995 жылы қазақшаланғанын өзім білемін, алайда сол құжат архивте де сақталмапты. Салғырттық па, салақтық па?
Мектепте қазақ тілі пәнін өте жақсы оқыдым. Сондықтан тіл тазалығына аса мән беремін. Мемлекеттік тілдегі археология ғылымының терминдері мен танымдық материалдарының көптеп шығуына бәріміз де мүдделіміз.
ҒЫЛЫМ МЕН НАНЫМ ҚАБЫСА МА?
Археология – ғылым. Бірақ ол ғылымды әр дәуір халқының наным-сенімі, салт-дәстүрінен ажыратып қарауға болмайды. Археологиялық ескерткіштердің көбін наным-се¬німнен, ғұрыптық дәстүрлерден, дін¬нен ажыратып тастай алмаймыз. Ежелгі бабалар үлкен жерлеу орындарын неге салды? Неге қайтыс болған адам¬ның қасына тамағын, киімін, тіптен жылқысы мен итін қоса жерледі? Себебі, олар өз түсінігіндегі сеніміне байланысты сондай әрекетке барды. Орта ғасырларда да сондай орындар кезедеседі.
Бүгінгі заманның адамы – өзіміз де дінге, кейбіріміз әлденеге сенеміз. Өзім жыл сайын құрбан шаламын. Экспедицияға шығатын мезгіл құрбан айтқа сәйкес келіп жүр. Арнайы мал атап, зерттеу жүргізіп жатқан ауыл тұрғындары мен әріптестеріме құрбан шалған малдың етінен ас әзірлеп беремін. Иә, бұл археолог болған¬дық¬тан емес, жалпы мұсылман баласы есебіндегі әрекетім.
Жазып алған
Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

Leave a reply