САУРАН: ОБЛЫСТА 691 МӘДЕНИЕТ МЕКЕМЕСІ ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТІП КЕЛЕДІ

0
20

Биыл Түркістанның облыс атауын алғанына алты жыл толды. Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде анықталуы – ел тарихының жаңа парағы. Енді, облыста туризмді, ауыл шаруашылығының барлық бағыттарын, өнеркәсіп саласын дамыту үшін тың қадамдар іске асырылатыны анық. Яғни бұл қадам өңірдегі экономиканың, бизнестің, инфрақұрылымның дамуына серпін бере отырып, Түркістанның тек киелі мекен емес, үлкен мәдениет орталығы, экономикалық ошағы ретінде дамуына мүмкіндік туғызады. Әкімшілік орталықтың көшірілуі жаңа жұмыс орындарын шоғырландырып, еңбекке жарамды халықтың басым көпшілігін жұмыспен қамтамасыз етеді. Жаңа әлеуметтік нысандар, тұрғын үй және басқа да жобалар қарқынды түрде жүзеге асырылады. Өңірде жалпы саны 2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 27 мұражай жұмыс істеді. Қорық-мұражайлардағы тарихи және мәдени ескерткіштердің саны 337 бірлікті құрады. Облыстың мұражайларында 23,1 мың экскурсия өткізілді және тыңдаушыларға 1,5 мың дәріс оқылды. Келушілердің жалпы саны 1492,5 мың адамды, одан балалар – 363,1 мың адамды құрады. Негізгі қордағы жәдігерлердің жалпы саны 143,2 мың бірлікті құрады, одан жыл ішінде 20,5 мың бірлік қойылып көрсетілді. Музейлермен өткізілген көрмелер саны 786 бірлікті құрады. Мұражайлардың ең көп саны Түркістан қаласында (7 бірлік) орналасқан.
Сонымен қатар облыста өткен жылдың көрсеткіші бойынша 395 кітапхана жұмыс істеді. Кітапханалардың кітапхана қоры 6050,2 мың экземпляр, электронды каталогтарының көлемі 897,7 мың бірлікті құрайды. Кітапханалардың оқу залдарындағы орындар саны 2,5 мың бірлік құрады. Кітапханаларда пайдаланушылар саны – 430,5 мың адам, соның ішінде интернет-ресурсын пайдаланушылар саны – 9,5 мың адам құрады. Кітапханаларға келушілер саны 3914,3 мың адамды құрады. Келушілердің ең көп саны Түркістан қ. (14,6%) және Сарыағаш (7,3%) ауданы кітапханаларында белгіленді. Сондай-ақ, өткен жылы облыста 3 драмалық театр жұмыс істеді. Театрлармен 338 іс-шаралар, одан 237 – балаларға арналған іс-шаралар қойылды. Көрермендер саны 47,7 мың адам құрады, оның ішінде балалар – 23,3 мың. Есепті жылы театр репертуары бойынша 38 спектакльдер көрсетілді, оның ішінде 9 – жаңа қойылымдар.
Өңірде демалыс орындарының саны күн санап артып келеді. Өткен жылы мәдени-демалыс ұйымдарының саны 252 бірлікті құрады. Мәдени-демалыс ұйымдары 1017,1 мың адамның қатысуымен 9,8 мың мәдени-көпшілік шара өткізді. Cонымен қатар, он-лайн режимде 395 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізді, қатысушылар саны 58,5 мың адам болды. Көрермендер залдарындағы орындар саны 47,6 мың бірлікті құрады. Ал ойын-сауық және демалыс саябағының саны 27 бірлікті құрады. Саябақтарда 49 мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді. Демалыс объектілерінің саны 72 бірлікті, ал демалыс объектілеріне келушілер саны 30 мың адамды құрады. Түркістан қаласының ойын-сауық және демалыс саябақтары ең көп жабдықталған, мұнда 27 демалыс объектілері орналасқан. Былтырғы жылы кино көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдар саны 6 бірлікті құрады. Кино көрсетулер 3 кинотеатрда жүзеге асырылды. 12,4 мың киносеанс өткізіліп, оған 285,7 мың адам қатысты. Кино көрсетуді жүзеге асыратын ұйымдардың табысы 401,9 млн. теңгені құрады.
Мәдениет саласы бойынша Түркістан облысының басым бағыттарын айқындау және өзіндік брендтерін қалыптастыру бағытында жұмыс күшейтіледі. Аппарат мәжілісінде облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мәдениет басқармасының басшысы мен аудан, қала әкімдеріне тапсырмалар бірқатар тапсырмалар жүктелді.
– Мәдениет саласында Түркістан облысының өз бренді, ерекшелігі болуы керек. Түркістанға келген қонақтар мен саяхатшылар өңірдің мәдениеттегі ерекшелігін сезінулері тиіс. Жыл бойы мәдени іс-шаралар өткізіліп, өңірдің және облыс орталығының мәдени өмірі қайнап жатуы керек қой. Сондықтан осы бағытта жүйелі жоспар әзірлеп, нақты ұсыныстар беріңіздер. Бұл ретте Мәдениет басқармасымен қатар аудан, қала әкімдіктері де жұмыс істеуі тиіс. Басқарма тарапынан жас таланттарды табу жолында түрлі байқаулар ұйымдастырылсын. Кітапханалардың жұмысын жандандыру да маңызды. Жастарды, жалпы тұрғындарды кітап оқуға қалай қызықтырамыз? Осы сұрақ бойынша жұмыс атқарылсын. Мәдениет адамның сана-сезімін жақсы бағытқа өзгертеді. Домбыра немесе басқа да музыкалық аспапта ойнаған баланың ойлау жүйесі жақсы қалыптасады. Мәдениеттің ел үшін, қоғам үшін маңыздылығын түсініп, осы саладағы жұмысты жандандырған жөн, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 691 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді.
Мәдениет және өнер мекемелерінде 30 мыңнан аса мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды. Халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде байқаулар мен фестивальдер, ақындар айтысы, конференция мен симпозиумдар, мерейтойлық іс-шаралар өткізілді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе республикалық «Рухани қазына – 2022» өнер фестивалі және «Алтын домбыра» ақындар айтысы ұйымдастырылған.
Өңірдегі 3 кәсіби театрда 5 жаңа спектакль сахналанып, ағымдағы 588 спектакль қойылған, 103859 көрермен қамтылып, 15 гастрольдік іссапар ұйымдастырылған. Р.Сейтметов атындағы Түркістан сазды-драма театры мен Түркістан музыкалық драма театры халықаралық, республикалық театрлар фестиваліне қатысып, жүлделі орындармен марапатталды. «Бөрте» қойылымы театр саласы бойынша өнер саласындағы тұңғыш «UMAI» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды.
Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония мен «Конгресс холл» көп салалы кешенінде 224 концерт және мәдени іс-шаралар өткізіліп, 88200 көрермен қамтылып, 13 қайырымдылық концерт ұйымдастырылды. Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония жанынан «Яссы» би ансамблі, «Qagan» этно-фольклорлық ансамблі, «Алаш» вокалды аспаптар ансамблі жаңадан құрылды. Филармония ұжымы Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Италия елдерінде өнер көрсетіп, Алматы мен Шымкент қаласында «Шарықтасын Шәмшінің асыл әні» атты гала-концерт өткізіп, 3 мыңға жуық көрермен қамтылды.
Жалпы Мәдениет саласындағы инфрақұрылым тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытта қарқынды дамып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасы аясында тың серпіліс алды. Аталған стратегиялық құжатта 2025 жылға дейін елімізде 1 500 мәдениет нысанының құрылысы мен жөндеу жұмыстары жоспарланған. Былтыр ғана республикада 22 нысанның құрылысы мен 287 объектіге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биылғы жоспар бойынша 40 объектінің құрылысы мен 260 нысанға жөндеу жұмыстарын жүргізілуі тиіс. Олардың ішінде Түркістан өңірінде 15 мәдениет нысанына жөндеу және 3 нысанына құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. Сонымен қатар Түркістан өңірінде биыл «Гауһар Ана», «Отырар», «Сауран» визит-орталықтары ашылып, туристерге қолайлы жағдай жасалмақ.
«Ел спортының ертеңін еселеу, санасы сергек, бойы шымыр ұрпақ тәрбиелеу – әрқайсымыздың борышты міндетіміз. Бұл мақсатқа қол жеткізудегі маңызды мәселе – спорттық инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың қолжетімділігін арттыру», — деді ол. Осы бағыттағы жұмыстар стратегиялық құжаттар аясында жалғасын табатын болады. Мәселен, 2025 жылға дейін 113 жаңа спорт нысаны салынып, жұмыс істеп тұрған 26 нысан қайта жаңғыртылады. Жалпы спорттық инфрақұрылымды дамыту мақсатында, біріншіден, еліміздегі барлық спорттық инфрақұрылымды тексеру, екіншіден, спорт нысандарын санау әдістемесіне өзгерістер енгізу, үшіншіден, спорттық инфрақұрылымның бірыңғай тізімін қалыптастыруды жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде тапшылық бар өңірлерде, шалғай ауылдарда тез салынатын модульдік нысандарды құру жұмыстарын жүргізілмек.
Сала қызметкерлерін әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында сабақтан тыс спорттық секцияларды өткізгені үшін дене шынықтыру мұғалімдеріне лауазымдық жалақыдан 100% қосымша ақы төленеді, мектеп-интернаттардың жаттықтырушы-оқытушыларына олардың біліктілігіне қарай 6 мың теңгеден 22 мың теңгеге дейін санат бойынша үстемақы енгізілді. Мамандар әлеуметтік тұрғыда қолдау үшін жаңа шешімдер қабылданатынын жеткізді. Жаттықтырушы-оқытушыларға топтарды басқарғаны үшін, сондай-ақ айрықша спорттық атақтары үшін үстемақылар мен қосымша ақылардың жаңа түрлерін енгізу жоспарланып отыр. Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, жалпы жоғары спорт жетістіктері саласында алдымызда бұдан да үлкен міндеттер тұр. Ұлттық құрама командалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Спорт түрлері бойынша ұлттық құрама командалардың штаты 1 000-нан 3 000-ға дейін ұлғайтылды. Бұл мемлекеттен қаржыландырылатын атлеттердің пулын кеңейтуге және ұлттық құрамдағы орын үшін бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарына, олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы төлемнің мөлшері 24-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін артты.
Сонымен қатар чемпиондар мен олардың жаттықтырушыларын өмір бойы қамтамасыз ету мөлшері 4 есе өсіп, спорт төрешілерінің жалақысы 2024 жылға қарай негізгі лауазымдық жалақының 100%-на дейін көтеріледі. Заңнамалық тұрғыда спортшыларға Ұлттық біріңғай тестілеуді тапсырмай, жоғарғы оқу орнына түсу үшін грант беру туралы норма енгізілді. Оған қоса, олимпиадалық резервті дайындау пирамидасы күшейтілді. Пилоттық режимде Республикалық спорт колледжінің базасында Жаттығу орталығы өз жұмысын бастады. Спорт саласындағы білікті мамандарды даярлау мақсатында 2000 жылдардың басынан бері құрылысы тоқтап қалған Олимпиадалық жаттығу орталығы қайта қолға алынды. Олимпиадалық жаттығу орталығы осы жылы, ал Олимпиадалық даярлау орталығының құрылысы 2025 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Мәдениет және спорт министрінің айтуынша, спорттық медицинаны жаңғыртпай, инновациялық технологияларды енгізбей, заманауи спорттық құрал-жабдықтарды жаңартпай, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарды көбірек өткізбей, жоғары нәтижелерге жету мүмкін емес. Бұл бағытта кешенді ғылыми топтар құру, ұлттық құрама командаларды спорт дәрігері, травматолог, реабилитолог, нутрициолог, спорттық медицина бойынша физиотерапевт, спорт психологтары, массажистер және өзге де мамандармен жасақтау жөнінде шаралар қабылдау жоспарлануда.
«Сонымен қатар біз оқу-жаттығу процестері мен спорттық іс-шараларға қатысатын спортшыларға жедел шұғыл көмек көрсету бойынша фармакологиялық құралдар тізбесін жаңарту, инновациялық спорттық технологияларды енгізу бойынша жұмыс істейтін боламыз. Еліміз жылдан-жылға қарыштап дамып, ұлттық спорт та қанат жайып, еліміздің рухын көтеріп ел мақтанышына айналуда», — деді Асхат Оралов.
Бұл бағытта ұлттық спортты, ат спорты мен ат туризмін заманға сай жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі биыл да жалғасын табады. Министрдің айтуынша, Қазақстан 2024 жылы Қазақстан Бүкіләлемдік көшпенділер ойындарын өткізу мүмкіндігіне ие болды. Жыл соңына дейін бұлардан да бөлек тың жобалар қолға алынып, ел спорты еселене бермек. Министрдің айтуынша, мемлекет қабылдаған шараларға байланысты бизнестің инвестициялық белсенділігі артты. Мәселен, 2021 жылы 226 млрд теңгеге 100-ден астам инвестициялық жоба енгізілсе, ал 2022 жылы 34,7 млрд теңгеге 123 инвестициялық жоба іске асырылды және 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында салаға 513 млрд теңге тартылды.
Сонымен қатар 2023-2024 жылдары Түркістан облысында жалпы сомасы 41,7 млрд теңгеге туристік инвестициялық 18 жоба жоспарланған. Атап айтқанда, «Medina Palace» қонақ үйі, «Отау» ойын-сауық орталығы, фитнес-клубы, теннис орталығы және «Turkistan Mall» орталықтары сияқты жобалар іске асырылуда. 2022 жылы 15 туристік нысан пайдалануға берілді.
«Біз 2 елмен 80 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасын қалпына келтірдік. 74 ел үшін визасыз режим жаңартылды, құрлық шекаралары ашылды және елдер санын 100-ге дейін жеткізу жоспарланып отыр», — деді А. Оралов. Биыл жаңа құрал – туристік кэшбэк енгізу жоспарланып отыр. Бұл бағдарлама жолдамалар ресми туристік агенттіктерден сатып алынған жағдайда азаматтарға тур құнының 20%-на дейін қайтаруға мүмкіндік береді. Демалушылармен қатар, жергілікті туристік компаниялар да артықшылықтарға ие болады. Мысалы, Абай, Ұлытау облыстары сияқты жаңа бағыттарға шығындар сомасының 20%-ы қайтарылатын болса, Алматы, Бурабай сияқты танымал және сүйікті бағыттарға кэшбэк 10%-ды құрайтын болады.
Сонымен қатар бүлдіршін саяхатшылар да назардан тыс қалмайды. Өткен жылы Kids go free бағдарламасы шеңберінде Қазақстан бойынша тегін әуе сапарын пайдалана алатын балалар саны 1 500-ге дейін жетті. Ал осы жылы 2 мың балаға дейін жеткізу көзделген. Бұл отбасылық демалыс үшін қосымша мүмкіндіктер. Одан бөлек, жыл басынан бері қонақүйлерде тұрған әрбір шетелдік туристерден Bed Tax салығы алынады. Жиналған қаражат жергілікті бюджетке бағытталып, өңірлерде туристік инфрақұрылымды дамытуға, туристердің демалыс орындарын абаттандыруға және туристік әлеуетті ілгерілету жөніндегі іс-шараларды өткізуге жұмсалады. Мәдениет және спорт министрлігі іске асырып жатқан жоғарыда барлық аталған шара бірінші кезекте отандастарымыздың дұрыс демалысын дамытуға бағытталған. Туристер арасында демалыс мәдениетін қалыптастыру – министрліктің негізгі міндеттерінің бірі.
«Түркістан шаһары – облыс орталығы ғана емес, еліміздегі ұлттық болмысымыздың, рухани қазынамыздың орталығы, түркі дүниесінің рухани астанасы. Топырағы талай сырды ішіне бүккен киелі және тарихи мекендер жетерлік. Облыс аумағында 1 754 тарихи-мәдени ескерткіш орналасқан. Бұл Түркістанның туристік әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Тарихи туризмнің алтын ұясы десек те артық болмайды. Сондықтан бұл қасиетті де киелі мекенімізді одан әрі дамыту біздің ортақ парызымыз», — деп айтып өтті мәдениет және спорт министрі. Министрдің айтуынша, туризмді насихаттау мақсатында халықаралық платформаларда жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, TripAdvisor платформасында 40-тан астам туризм нысаны, 37 қонақ үй енгізілді. IZI.Travel халықаралық туристік платформасында 100 туристік нысанның координаттары мен 3 тілде аудио нұсқаулықтар енгізілді. Сонымен қатар ішкі туризмді насихаттау мақсатында «Neo Nomad» ауқымды акциясы басталды. «Neo Nomad» заманауи көшпенді атағын және құнды сыйлық жыл бойы 20 туристік фототүсірілімде суретке түскен туристер алады.
Әлемге назар салатын болсақ, экономиканың үздіксіз дамуына ілесіп және техниканың жаңалануына байланысты Халықаралық туризм күн өткен сайын қанатын кеңге жаюда. Көлік-коммуникациясы қолайлы болған сайын қарым-қатынас, жүріс-тұрыс қарқын алып келеді. Адамдардың табысы жоғарылай бастаса, бірдеңе ойлай бастайды. Яғни дүниені кезіп, саяхаттау екінің бірінде болатын арман. Кәсіпкерлер мен тұрақты капиталы бар байлар онсызда әлемді шарлауды күн тәртібіне қояды. Осылайша туризм бүгінгі күннің жаңа өрлеуі болып отыр. Құрлықтарды кесіп, теңіздерді кешіп бөтен ел мен бейтаныс жерлерді көру адамдардың көксегені. Жер шарындағы саяхат ежелден бар екені анық. Әскери және ғылыми экспедиция ретінде қалыптасып өмірге келген. Алайда, ол ішінаралық қана болып келген еді. ХХІ ғасыр басталғалы саяхат пен туризмнің дәуірі туды деуге болады. Ақшасы бар адам материалдық жақтан қанағаттанып ылғи да қарап отырмас еді. Ол үшін өзге дүниеден рухани ләззат алу керек болады. Сол сәтте ішпегенді ішіп, көрмегенді көріп рақаттануды ойлаған адам туризмге ден қояды. Ғаламшарға зер сала қарасақ, туризмнің заманы жүріп жатыр, оның өсу жылдамдығы мықты. Тек кезектегі «індеттің» тосқауыл болып, жұрттың қол аяғын байлап қойғаны болмаса, дүние қалыбына келіп, сабасына түссе туризм саласы дүр ете қалайын деп тұр.
ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілген: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, көне Отырар мен Сауран қалашықтары, Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі, Бәйдібек би ауданындағы Бәйдібек ата, Домалақ ана кесенелері мен Ақмешіт үңгірі, Түлкібас аудандарының қайталанбас әсем табиғаты, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтары, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі бәрі-бәрі осы облыста орналасқан. Өткен жылдың өзінде Түркістанға 1 миллионнан астам турист келген. Саяхаттаушылардың басым көпшілігі Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, АҚШ, ҚХР, Германия және Италия азаматтары болып отыр. Бұл дегеніңіз қызығушылықтың өте жоғары екенін аңғартады Шетелдіктерден бөлек өзіміздің Қазақстанның барлық аймағынан шипажайларға, тарихи орындарға келушілер дені көп. Туризм Оңтүстік үшін таптырмас табыс көзі болғалы тұр. Облыс орталығы мәдени астана ретінде алдағы уақыттарда талай туристі қонақжайлықпен қарсы алатыны анық.

Leave a reply