САУРАН: ТАРИХЫ ТЕРЕҢ ҚҰМАН-ҚҰМЫРАЛАР

0
19


«Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-музейі – еліміз бойынша бүгінде келушілер саны бойынша көш бастап тұрған рухани орталық. Халықаралық мәртебесі бар, 1978 жылы негізі қаланып, 1989 жылы қайта құрылған музейде сан алуан жәдігерлер сақталған. Музей қызметкерлері мұнда әртүрлі тақырыптық бағыттағы көрмелер ұйымдастырумен қатар, тұрақты түрде экспедициялық жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар, өткен заманның рухын сезіндіруге мүмкіндік беретін қызықты тарихи-театрландырылған қойылымдар өткізіледі.
Келушілердің назарын өзіне аударатын осындай тарихи жәдігерлердің бірі – құман-құмыралар. Қорық-музей қорында ХІІ-ХІІІ ғғ. тән сыртқы пішіні сәнді болып жасалып, өзіне ғана тән ерекшеліктерімен өрнектелген ыдыстардың бірнеше түрі бар. Оңтүстік Қазақстанның барлық дамыған ортағасырлық қалалары мен қоныстарынан табылатын бұл құман-құмыралар қадалық (реперлік) жәдігер деп есептеледі, басқаша айтсақ, ХІІ-ХІІІ ғғ. бет пердесі деуге болады. Археологияда мұндай табыстар «хронологиялық жәдігерлер типі» деп аталады. Құман-құмыраларды салтанатты ыдыс түрлеріне жатқызуға болады.
Қаратөбе-Сауран қазбасынан табылған құман-құмыраларды әшекейлеуге геометриялы сызықшалар, шиыршық тәрізді комбинациялар мен өсімдік тектес өрнектер қарапайым әрі күрделі болып, қара қоңыр түспен ашық түсті ангобқа түсірілген. Тұтқалары кішкене көлденең сызықтардан тұратын өрнекпен сәнделіп, өрнектер иық, ауыз тұстарына және ыдыстың жоғарғы бөлігіне тұтастай салынған.
Олардағы өрнектер шырша, түзу, ирек, көлденең сызықтармен шиыршықтардан құралған геометриялық жолақтардан және сәулесі шашырап тұрған күн, өсімдік тәрізденген өрнектермен қосылып, жалпы бір композицияны құрап тұр деуге болады. Сырты ангобпен өрнектелген қыш құмандардың пішіндері қазіргі заманғы шәйнектерді еске түсіреді, алайда олар арнайы отқа қоюға арналып жасалмағандықтан, тек қол жуғыш құмандар ретінде қолданылған. Оларды мұсылман амалдарын орындау кезінде ғұсыл, дәрет алу үшін және су тасушы ыдыс ретінде қолданған болуы керек деп пайымдаймыз. Сол себептен де оларды «құман» деп атауға болады. Құмандарда мойын мен ауыз жоқ. Олар құмыра түрінде пішінделіп, жоғарғы жағы үрлене шығыңқыланып, аузы жоқ бітеу болып, түбіне қарай тарыла жасалған. Жоғарғы мойын тұсына жақын жерінен, d-3-4см. көлемінде шүмек орындары сақталған. Осы шүмек құман аузының да, тұтқаның тіреуіші де қызметін атқарған. Құман тұтқасы дәл төбеден шығып, осы шүмектің ауыз жағына бекітілген. Кейбірінің түбінен жоғары ернеу аралықтарына қара ангобпен жіңішке сызықшалар төрт жерінен түсірілген. Төбесіне шаңырақ тәрізденген өрнек, яғни қара ангобпен жіңішке ұзынша сызықтар тігінен, ал ортан беліне жолақ тәріздендіріліп қиғаш сызықшалар бір жамбастап түсірілген.
– Құман-құмыралар асханалық басқа ыдыстар тәрізді аузы жіңішке болғанымен, сыйымдылығы жағынан сұйық зат молынан кеткен. Бұған қарап, ыдыстардың бұл түрі тұрмыста су тасуға және дәрет алуға пайдаланылғандығы байқалады. Орта Азиядағы Х-ХІІ ғғ. қыш құмыралар топтамаларында мұндай пішіндегі қыш құмандар онша көп кездеспейді. Мұндай құман-құмыралар дәстүрлі түрде «асханалық» ыдыс категориясына жатады. Бұлардың пішіні жағынан бірден-бір өзгеше ыдыс ретінде, шығу тегі жағынан грек ыдыстарымен байланысы барлығы дәлелденген. Олар алғаш рет Ежелгі Бактрияда пайда болып, одан кейін ғана Орта Азияға тараған сыңайлы, – дейді тарихи-музейдің қор сақтаушысы Ә.Егеубаева.
Маман, сондай-ақ, Қаратөбе-Сауран қазбасынан табылған ерекше үлгіде жасалынған мұндай құман-құмыралар жоғалып қайта жанданған дәуірді еске түсіретін артефактілер деуге болатынын айтады. Ыдыстағы өрнектер стилі жағынан жергілікті көшпелі халықтардың тұрмысында қолданып келген әртүрлі бұйымдардағы (кілем, текемет, сырмақтар) ою-өрнектерге жақын болып келетіні байқалады.
Д.ТОЙЛЫБАЙҚЫЗЫ

Leave a reply