Пятница, 20 сентября

САУРАН: ҚАЗАҚТЫҢ ЗЕРГЕРЛІК ӨНЕРІ – ҚАСТЕРЛІ ӨНЕР

0
4


Тамырын тереңге жайған көрікті әрі көрнекті саланың бірі — зергерлік өнер. Осы саланың хас шебері болу киелі әрі қастерлі өнер болып есептелген. Ол үшін әуелі адам бойында тумысынан дарыған ерекше талант болуы қажет. Негізінен осы ықылым заманнан келе жатқан зергерлік өнерде қолынан бал тамған шеберлер түрлі құрал-саймандар өздері жасап, қолданып отырған. Әсіресе зергерлер қыз-келіншектердің бұйымдарын көп жасаған. Осы орайда Сауран ауданының тұрғындарының назарына маңызды мағлұматтарды ұсынып отырмыз.
Қазақтың арулары кеуделеріне алқа, құлақтарына сырға тақса, шаштарына шолаы, білектеріне білезік тағып жүрген. Бүгінгі материалымызда белгілі суретші-этнодизайнер, профессор Дәркембай Шоқпарұлы мен зергер Дәулет Дәркембайұлының «Қазақтың қолданбалы өнер» атты кітабын негізге ала отырып, назарларыңызға зергерлік өнері туралы айтатын боламыз.
Қазақта «Зергер адам – зерделі адам» деген жақсы мақал бар. Көптеген ғасыр бойы қаймағы бұзылмай жеткен қазақтың дәстүрлі қолөнері бірнеше салаға бөлінеді. Әсіресе соның ішінде түрі мен мән-мазмұны жағынан аса бай болып келеді. Осы зергерлік өнердің шоқтығы биік тұр деуге болады. Өйткені мамандар оның күрделі әрі қиын сала екенін айтады.
Өз саласының хас шеберлерінің қолынан шыққан ер-тұрман, ат әбзелдері, қару-жарақ сынды өзге де күнделікті тұрмыста пайдаланылатын көптеген заттар мен көздің жауын алатын сәндік әшекей бұйымдар бүгінде шынайы өнер туындысына айналып үлгерген.
Шеберлер әсіресе қыз-келіншектердің сәндік бұйымдарын асқан шеберлікпен, жоғары талғаммен жасаған. Оларға сақина, жүзік, шолпы, сырға, білезік, алқа, түйме, және тағы басқаларын жатқызуға болады.
Темір ұсталармен салыстырғанда зергерлердің қолданатын құрал-жабдықтары мен атқаратын жұмысы көп екені рас. Олар да темір ұстасы сынды дүкендерде қызмет етеді.
Мүйізден болмаса ағаштан жасалатын көлемі кішілеу атауыз іскенже деп аталады.
Сондай-ақ зергерлер ұсақ зергерлік бұйымдарды өңдеумен айналысады.
Түрліше диаметрдегі шығышықтарды сақина-жүзіктердің бауырын иіп,шеңбер пішініне келтіріп, өңдеуге әрі жылтыратуға болатын зергерлердің құралын саусақ қалып деп атайды. Бұл құралдың ұзындығы шамамен 25-30 см-дей болады.Оның жуан жағы 25 мм-дей болса, сүйір ұшы 8 мм-дей болып қалады. Ал оның бауыры теп-тегіс келеді.
Шеберлердің қайшысы көлемі жағынан кішірек және жеңіл және қолға ұстауға ықшамды, ыңғайлы болып келеді. Онымен көбіне қақталған металдарды қияды. Ал тұмсығы қисық қайшыны металдарды мәнерлей қиюға қолданады. Бір айта кетерлігі. Шеберлер қайшының ұшы жеке ашылып тұру үшін сабының арасына қосымша жұқа серіппе орнатады. Бір тиімдісі, ондай қайшымен жұмыс істеген өте жеңіл.
Ал көптеген метал қорытпаларын, кепсер мен химикаттарды өлшеу үшін шеберлер көлемі кішкентай аспалы және күйенталы таразыларды пайдаланады. Сондай-ақ оның иықты күйінтелерінің қос ұшына кішірек қобыланған металл құтыны байлайды.
Оның бір басына өлшенетін зат салынса, екіншісіне гир тастары қойылады. Оның тілі ортадағы горизонталь бетте көрсетілген сызыққа тура келген уақытта салмағы өлшенетін зат пен гир тасы теңеседі. Осындай таразыларды шеберлер өз қолдарымен жасайды. Егер гир тасы болмаса, онда бір түйір қорғасынды қолданады.
Сумсуірді біреулер кейде сым болмаса сымтартқыш деп те атап жүр. Олай аталу себебі әуел баста сымсуырғыш деп аталса, кейін сүмсуір деп аталған.
Оның көлемі жалпақтау келген. Ал ұзындығы бір қарыс. Бұл құралдың көмегімен жуандығы қылдай көптеген алтын, күміс сым жасайды. Осы құралмен суырған алтын сымға зергерлер зер деп атау берген.
Жалпы осы құралдың көмегімен суырылған сым сыртынан әдемі болып көрінеді. Оның яғни сүмсуірдің ең үлкен көзі алты мм дей болса, ал ең жіңішкесі әсіресе қылдың жуандығындай нәзік келеді. Онымен сым суыру үшін алдымен металды қорытып алады. Кейін қауашыққа құяды. Ал салқындаған соң төрт қырлай соғып, созу қажет. Ал соғу кезінде металл қатайса, онда оны жасытып алу қажет.
Ширатқы. Шеберлер көлемі жіңішке металл сымда екі болмаса үш қабат етіп ширатады. Және оны көптеген мәнерде иіп, түрлі көздің жауын алатын зергерлік бұйымдар жасаған. Тіпті кей кезде бес-алты ендібірде одан да көп сым талшықтарын өріп, түрлі бұйымдар жасаған. Сол себепті сымды бірнеше қабаттап бұрай ширатуға арналған ширатқыны пайдаланады. Ол бұранда темірден иіліп істеледі. Оған ұзындау кертілген ағаш кигізеді. Кейін ол дәл аша ағаштың қос бұтағының арасына қойылады. Кейін сабынан жұқа ағаштардан кесіліп, тіл бекітіледі. Ал енді бір ұшыбұранда тұтқаның сыртында тұратын жұмырлау келген ағаштың кертігіне тіреліп қойылады.
Жалпы бұл тұтқаның ұшы имек болып келеді. Осы имек ұшына ширататын сымды іліп алады және екінші ұштарын бір адам екі қолымен керіп ұстап тұрғаны дұрыс. Ал екінші адам бұранданы алға қарай бұраған сайын сым да кеңейе береді. Оның тілі әр кертікке тиген сайын одан жағымды үн шыға бастайды. Мұнда тілдің атқаратын жұмысы ширатқының тұтқасын кері айналып кетпеу үшін тіреп қою үшін қажет.
Жалпы осындай ширатылған сымды жазық металл үстіне түрлі өрнектермен безендіріп, бағдар жалатқан уақытта сым бұлардың ортасын ажыратын су ретінде қолданылады.
Болат, темірден жасалған бұйымның үстіне шауып, қышыр салуға арналған қос жүзі де асыл балғаны шапқы балға деп атайды.
Темірдің үстіне қышыр салған уақытта балғаның сабына көп күш түсетіні белгілі. Сол себепті шапқы балғаның 4 жақты қос ұнғысы болады.
Бұған қатты ағаштардың бұтақтарын кигізеді және саптайды. Және қатты темір сынамен бекітіп қояды. Сондай-ақ шапқы балға, егеуге және түрпіге де қышыр салып қояды.
Шұбар балғаны шеберлер темірге күмістерді қақтағанда және жалатқанда кіріктіру мақсатында пайдаланады. Мұндай балғаны алдымен жасытып алып, жүзіне шапқы балғамен қышырлар салып, кейін суарады. Оның жүзінде айқыш-ұйқыш шабылған қышыры болады. Сондықтан оған шұбар балға деп атау берген.
Мұндай балғалар кезінде кеңінен пайдаланылып, осы күндері ұмыт болған құралдардың қатарында тұр.
Ғасырлар бойғы фольклорлық-этнографиялық көптеген экспедициялардың ақпараттарын өңдеп әрі эксперименттер өткізудің нәтижесінде бұл қос құрал да бұл күндері қайтадан жаңғырып, бірқатар қолөнер шеберлерінің пайдасына жарап жүр.
Әсіресе осы шұбар балғамен жұмыс істеу тәсілін көрсетіп әрі оның бір нұқсқасын дайындап берген Алматы облысы Нарынқол ауданы Қарасаз ауылынан Жәмәли Сұлтанаев деген кісі болатын.
Түртпе кейде су жүргізгіш, ат салғыш болмаса жүргізбе деп те аталып жүр. Бұл шеберлердің бұрыннан дәстүрлі түрде қолданып келе жатқан басты дәстүрлі құралы болып саналады. Бұл құралмен металдың бетіне үздіксіз сызық салынып отырады. Балғамен ұрған сайын ол алға қарай біртіндеп жылжып отырады.
Оның ұзындығы сегіз-он см, ал жуандығы кәдімгі қарандаштың жуандығындай болып келеді. Кейін ол төрт қырлы болып соғылып, сабынның саусаққа ілінетін жағы бұралатын болады. Жалпы дәл бұрала біткен жағы саусақтан таймайды. Ол әртүрлі ирек сызықтар мен өрнектер салған уақытта саусақтармен бұрап, бағдарлауға өте қолайлы болып келеді.
Мәселен, осы түртпемен салынған сызық өрнектерді қазақ шеберлері «су жүргізу» деп атап келеді.Ол өрнектің контурын қуалай сызық салады.
Түртпені бұрынғы уақытта қазақ шеберлері кеңінен пайдаланып, кейін келе ұмытылған болатын. Ал жиналған қолдағы фольклорлық-этнографиялық деректерді негізге ала отырып, сонау 1970 жылдары эксперимент жүзінде түртпемен қызмет етуді қайтадан түлеткен болатынбыз дейді еңбекте автор. Сол шаруалардың нәтижесіндебүгін осы құралды (аспапты) үйреніп және жұмыс істеуді О.Таңсықбаев атындағы колледждің, Т.Жүргенов атындағы Қазақтың Ұлттық өнер академиясының студенттері мен зергер шеберлер іс жүзінде жүзеге асыруға сүбелі үлестерін қосып жүр.
Бүгінде осы құралды қайта жаңғыртуға біраз еңбек төгілген болатын. Осы түртпемен жұмыс істеуді еліміздегі танымал шеберлер атап айтсақ, А.Хасенов, А.Құмаров, Д.Сейдуалиев, Қ.Егізбаев, М.Құлманов, Б.Атамқұлов, және тағы басқа зергерлер өздерінің шығармашылық жұмыстарында барынша көбірек қолданып келеді.
Келесі кезекте нақыш салғыштар туралы айта кетсек… Нақыш салғыштар дегеніміз металл үстіне көптеген ою-өрнектер түсіретін, бедерлейтін қол құралы. Ал бұл құралдың ұзындығы шамамен 12 см-дей болады. Жуандығы 0,2-ден 1,0 мм-ге дейн жетеді. Көбіне нақыш салғыштардың жүзінде түрліойық, бедерлі өрнектері болады. Кейбіреуі жүзі теп-тегіс болмаса дөңес болса, енбіреулері ойыс, сайлы т.б. көптеген түрде кездеседі.
Олардың жүздері жұмыр болмаса шаршы, шар көлемінде ромб, үшбұрыш, және т.б. түрге келтіріп әзірленеді. Кейін ол суарылады. Көбіне нақыш салғыштарды бедерлеме шаруаларына қолданады.
Ағаштарға сапталған болмаса алақанға ұстай алатын жағы иіле әрі жұмырлана біткен, және жүзі асыл біз тәріздес құралды безеуіш деп атайды. Бастысы құралдың жүзі қашау пішінде және бір жаққа қарай қиғаш қайрылып тұрады.
Көбіне жүзі безендіретін металл үстіне көлбей етіп тіреп, оң және сол қолдардың буындарын ары және бері ығыстырып, металл үстіне біркелкі әрі теп-тегіс өрнектер түсіріледі. Мұндай безендіруді зергерлер «мыңырғақ», «безеуөрнек» деп атаса, ал безеуішті кей уақытта ырғақ деп ата жүр.
Жалпы тіліміздегі осы безендіру, «тілін безеу», безеу сынды сөз тіркестері осылардан қалыптасқан болуы да әбден мүмкін. Кейде зергер шеберлер осы безеуіштің жүзінің ортасын егейді. Кейін екі аша кейіпке келтіріп жатады. Мұндай безеуішпен жасалынған өрнектерді «тышқан ізі» деп те аталады.
Қазақ халқының зергерлік өнері Қазақстанның Алтайдан Оралға және Сырдариядан Солтүстік орман далаларына дейінгі жерлерін мекендеген көшпелі халықтар мәдениетінің дәстүрі негізінде қалыптасты. Археологиялық қазбалар жүргізген кезде осы аталған аймақтардан алтын, күміс, қоладан жасалған, қымбат тастармен әшекейленген ескерткіштер табылған. Табылған заттар арқылы қазақтың зергерлік өнерімен салыстырып, түрлі-түсті асыл тастарды, алтынды пайдалану тәсілдерінің сол уақыттан бері келе жатқанын анықтаған.
Зергерлік бұйымға көз орнатқан қай өңір
Зергерлік бұйымға шыны, көз орнату Орталық Қазақстан, Жетісу және Маңғыстау жерін мекендеген халықтарға тән. 16 ғасыр тарихшысы Рузбихан мәліметіне сәйкес, Сырдария қалалары мен Орталық Қазақстан, Жетісу ауылдары қолөнер орталығы болған. Осы жерден кесу, құю, қашау, шекілеу істерінің атақты шеберлері шыққан.
Рузбиханның жазуы бойынша Шайбани хан қазақ шеберханаларын жауыздықпен жойған, ал Бұрындық хан дәуірінде қазақтар Дешті қыпшақ пен Алтын Орда дәуірінде дамыған өнерге жан бітірген. Ал сол кезеңдегі шеберханаларды адам әдейі бұзғанын 16-18 ғасырларға жататын шеберханалар қалдығы, пештер мен ою-өрнектер, ру таңбалары әшекейленген керамикалар дәлелдейді. Шеберхана қалдықтары мәдениет саласы жақсы дамыған Отырар, Сауран, Сығанақ, Күлтөбе, Тараз және Түркістан қаласынан табылған.
16-18 ғасырларда жазғы және қысқы ауылдарда темір соғатын орын – темірхана, темір өңдейтін орын – ұсталық, зергерлердің жұмыс істейтін орны – шеберхана болған.
19 ғасыр зерттеушілері зергерлік бұйымдарды өндіру жұмыстары суреткерлік пен шеберлікті талап ететінін анықтаған. Халық ауыз әдебиеті үлгілерінде де шаңырақ, ер тоқым, сарай, сандық, жүген, қылыш, әйелдер әшекейлері сияқты қолөнер бұйымдары назардан тыс қалмаған.
Алтын мен күмістен бұйым жасайтын шеберлерді «зергер» деп атаған. Зергерлерді кей жерде алтын, күміс соғушы деп те атаған.
Әйелдердің әшекей бұйымдары
Зергерлер алтын мен күмістен әйелдер әшекейін жасады. Оларға қымбат тастардан, маржаннан көздер орнатқан. Қазақ әйелдерінің омырау әшекейлеріне тікбұрыш пішінді өңіржиек, доға тәрізді тұмарша немесе бойтұмар жатады. Қыздардың шаш ұшына байланатын әшекейі шолпы деп аталған.
Зергерлер бұдан басқа да шаш салпыншағын – шашбауды, сондай-ақ білезік, жүзік, сырға, қапсырма, ілгек, сәукеле әшекейі – шілтірді, түйме мен түрлі түйреуіш жасаған.
Қазақ әйелдері жасына қарай қандай көйлек киген
Халық киімдері қоршаған орта, тұрмыс жағдайы, климат, сондай-ақ көшпелі халықтың талап-сұранысына қарай дамиды. Соның ішінде қазақ әйелдерінің киімдері сұлбасы, пішімі мен әшекейленуіне қарай бір-біріне ұқсас, алайда материал таңдау, түр-түс үйлесіміне қарай айырмашылығы бар.
Қазақ әйелдерінің көйлектері аймаққа қарай бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Олар әртүрлі тігіледі, алайда барлық жерде қыздар киімі, жас келін киімі, ересек әйел киімі кездеседі.
Қазақ қызының көйлегі
Қыздар киімінің жиегі бағалы жіптермен, майда моншақтармен әшекейленеді. Алтын, күмістен жасалған салпыншағы, қымбат және жартылай қымбат тастары бар әшекейлері және үкі тағылған баскиімімен ерекшеленеді.
Қыздардың киімі алыстан көзге түсіп, айрықша көз тартарлықтай етіп тігілген. Өте жеңіл ұзын көйлектердің етегіне, жеңіне, жағасына желбіршек салынған. Өте әдемі көрінетін көйлектерді жұқа жібекпен әрлеген. Қазақ қыздары мойнының әсемдігін көрсету үшін көйлектің жағасына аса мән берген.
Қыздардың күнделікті көйлегі өте жұқа матадан тігілген. Етегі мен белінде аздаған бүрме болған. Жеңі ұзын болады, ол да бүрмеленген. Жағасында дөңгелек бүрмесі бар.
Кей деректе бұл көйлектер 19 ғасырдың екінші жартысында пайда болған. Ал оның алдында қазақ әйелдерінде ерлер жейдесі сияқты, бірақ одан ұзындау және кең пішімді көйлектер болған.
Тұрмысқа шықпаған қыздардың басына бөрік болатын. Қыздар бөркінің төбесіне үкі немесе әртүрлі шашақ тағып, жіппен кестелеп, меруерт, маржан тізбелер мен алтын немесе күміс түймелер таққан. Жиегінің белгілі бір аң терісімен көмкерілуіне байланысты құндыз, сусар, пұшпақ бөрік деп аталады. Кәмшаттың үлбірімен көмкерілген бөрік – «кәмшат бөрік» деп аталған.
Қазақ келіншегінің көйлегі
Қазақта тұрмысқа шыққан әйелдерге ашық түсті матадан желбіршекті, кестелі көйлек кию ұят саналған. Жас әйелдер тығыз матадан тігілген, өте бай әрленген жеңсіз көкірекшені көйлек үстінен ілген. Басына ақ матадан тігілген, ұшы иыққа түсетін жаулық тартқан.
Қазақтың әдет-ғұрпы бойынша бала босанған әйелдердің көйлегінің етегі қыздардың көйлегіне қарағанда ұзын болған. Оған желбіршек салынбаған. Көйлектің сыртындағы түймеленетін қамзол ерекше сән беретін. Басында кимешек болған. Сол арқылы шашын жасырған, себебі әйелдер үйден шыққан кезде екі бұрымға не одан да көп бұрымға өріп, көрсетпей жүрген.
Кимешек – тұрмысқа шыққан әйелдің баскиімі. Кимешектің әйелдің бет-жүзін көрсетуге арналған ойығы бар, әйелдің иығын, омырауын жауып тұратын бөлігі болады.Сондай-ақ кимешек әйелдің жас ерекшелігіне қарай әшекейленген. Кей дерекке сәйкес, кимешек өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін қазақ әйелдерінің тұрақты бас киімі болып саналды. Ол үшін ақ түс таңдалған, себебі әйел бас киімінің символикалық түсі ақ деген ұғым қалыптасқан.
Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу өңірінде әйелдер барқыттан немесе жұқа шұғадан тігілген қамзолға қызығушылық көп болды. Ал Орталық және Солтүстік Қазақстан әйелдері талғамына қарай қамзол астынан әшекейлермен әрленген шытыр деп аталатын көйлек киген.
Қазақстанның батыс аймағындағы әйелдер көйлегінің жағасына тамақша деген металдан жасалған әшекей қадаған, қамзолына күмістен ақша тәрізді дөңгелектерді, маржаннан тізілген сым тізбектерді әшекейлеген.
Ересек әйелдер жөн көйлек киген
Өнертану ғылымдарының профессоры Сабыркүл Асанованың «Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы» еңбегінде ересек әйелдер жөн көйлек кигені жазылған. Жөн көйлек – еркін пішімді астарлы көйлек. Оның үстінен ұзын етекті, жеңі жоқ, белі сәл қынамалы, қалтасы бар қамзол киген.
Орталық Қазақстанда осындай қамзолдардың күміс түймелері болған. Ал оңтүстік-шығыста шыттан дайындалған белбеумен буған.
Ересек әйелдер басына биік етіп орамал таққан немесе кимешек тартқан.
Әйелдер күн суық кезде барқытпен тысталған немесе сырылған шапан киген. Ал әл-ауқатты отбасында тұратын әйелдер мамық аңның терісінен тігілген үлбірмен тысталған ішік киген. Осындай ішік киім иесінің байлығын көрсеткен.
Өңіржиек – кеудеге тағылатын әшекей зат. Дәстүрлі қазақ қоғамында өңіржиекті мереке күндері қыздар мойын-омырауына сән ретінде таққан. Өңіржиек төртбұрышты немесе дөңес етіп жасалған бірнеше күміс тілікшеден тұрады, олардың арасы қатар түскен бірнеше жіңішке шынжырмен шығыршық арқылы жалғасады. Қазақ шеберлері тілікшелерді жұқа немесе арасын қуыс етіп, ортасына ақ балшық толтырып жасайды.
Тұмарша – ою-өрнегі үшбұрыш болып келетін тылсым күші бар әрі сұлулық үшін тағылатын әшекей. Әдетте тұмар тіл-көзден сақтау үшін тағылады.
Шолпы – қыздардың бұрымға тағатын әшекейі. Шолпыны екі үзбелі етіп, күмістен соққан. Күмістен әшекей үшбұрышты не төртбұрышты етіп жасалады, ортасына асыл тас орнатылады. Төменгі жағына бірнеше салпыншақ тағылады. Дәстүрлі қазақ қоғамында шолпының көзді шолпы (асыл тас қондырылған), қозалы шолпы, қоңыраулы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы, меруертті шолпы сияқты түрі мен атауы кездеседі. Шолпыны, ең алдымен, әйелдер қара ниетті тылсым күштерден қорғану үшін таққан. Кейде олардың салмағы 3 келіге жеткен. Шолпы жас қыздардың жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастырған.
Шашбау – қыз-келіншектер шашына тағатын сәндік әшекей бұйым. Әйел шашының ажарын аша түсетін, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін алтын, күміс тиындар, кейде маржан қадалған бұйым таққан. Шашбауды түркі халықтары ежелден қолданып келеді. Жасалу, әшекейлеу әдістеріне қарап оларды үзбелі шашбау, шашақты шашбау деп топтастырады. Шашбау көбіне күмістен соғылады, ұшына теңге тағылады. Шашбау, әйел шашының өсуіне ықпал етеді.
Зерттеушілердің айтуынша, қазақ әйелдері шаштарына темір ақша тәрізді әшекейлер таққан. 18 ғасырда жазылған Георги жазбаларында «Әйелдер шаштарына кең көлемді, жылтыратылған және әсемдетілген әшекей таққан» деген мәліметтер де кездеседі. Шаш әшекейлері алтын не күміс ақша тізбегінен құрастырылған.
Білезік – білекке тағылатын әшекейлі, сәнді бұйым. Білезік сөзі білек және жүзік (білекжүзік) сөзінің бірігуінен шыққан. Білезік қымбат металдардан жасалады. Білезіктің көлемі, пішіні, әшекейі әр алуан болады. Оған асыл тастардан көз орнатылады.
Бұйымдар ішінде білезіктің түрі өте көп болған. Олар баулы шынжырмен қосылған сақиналары бар білезіктер, асыл тастан көз орнатылған көзді білезіктер деп бөліне береді.
Жүзік – соғу, қалыптау, ширату, сәндеу арқылы жасалып, сәндік үшін саусаққа салынатын әшекейлі сақина. Жүзік сөзі жүз сөзінен шыққан деген де дерек кездеседі. Жүзіктер құю не шекілеу тәсілі арқылы дайындалған. Батыс Қазақстан жүзіктері көлемінің үлкен болуымен, асыл тастармен көмкерілгенімен ерекшеленген.
Сырға – қыз-келіншектердің құлаққа тағатын сәндік әшекей бұйымы. Сырға тағу барлық елдің дәстүрінде бар деуге келеді. Ал қазақы нақыштағы сырғада ою-өрнек бейнеленеді. Сондай-ақ ұзатылатын қызға алдымен сырға салу дәстүрі де қазірге дейін жалғасып келеді.
Қапсырма – қамзол, кәзекей, кеудеше тәрізді әйелдердің сыртқы киімінің екі өңірін бір-біріне қаусырып тұратын ою-өрнекті, сіркелі, асыл тасты, асты ілгекті күміс әшекей. Оның астыңғы бетіне киімнің екі өңірін бір-біріне бекітетін ілгек орнатылады. «Қапсырма» сөзі қаусыру сөзінен туындаса керек. Оны қазақ зергерлері қыз-келіншектер киімін сәндеу үшін жасаған. Қапсырманы қымбат бағалы металдардан әшекейлеп, асыл тастардан көз орнатып жасайды. Қапсырма ілмек, сақина тәріздес екі бөлшектен тұрады. Сөйлеу тілінде қаптырма, қаусырма, тістестірме деп те атайды.
Әйелдер әшекейлерін дайындау барысында құю, қашау, шекілеу, мөр басу секілді тәсілдер қолданылған.
Өнертану саласының маманы Сабыркүл Асанованың «Қазақтың ұлттық киімдері және қолөнері тарихы» еңбегінде ауқымды сырғалар ертеден келе жатқан дәстүрлі әшекейлердің бірі болғаны айтылады. Олардың пішіні дөңгелек тәрізді және оларға асыл тастардан салпыншақ қосылған.
Зергерлік өнер түрлері
Құю – зергерлік өнердегі қола дәуірінен белгілі ежелгі техниканың бірі. Құю тәсілімен алтыннан және басқа да металдардан жүзік, жүген, бас киім әшекейлері дайындалған.
Мөр басу үшін мырыштан жасалған дискілер қолданылған. Мөр басу тәсілі Сырдария, Орталық Қазақстан мен Торғай алқаптарында, Маңғыстауда сақталған. Мөр басу тәсілі арқылы сәукелеге арналған әшекейлер дайындалған. Ірі жапсырмалар белбеу мен жүген әшекейлері үшін қолданылған.
Безеу – болат кескіштер және шекіме көмегімен бедер түсірудегі ежелгі техниканың бірі. Безеу тәсілімен ат әбзелдерін, киімдерді, ыдыстарды әшекейлеген.
Тағы бір зергерлік тәсіл – шекілеу. Шекілеу тәсілімен металдан жасалған бұйымдарға әртүрлі өрнектер, иректер, айқаспалар түсірілген. Осы тәсілмен жасалған бұйымдарға көбінесе геометриялық өрнектер қолданылған.
15-19 ғасырдағы қазақтардың зергерлік өнерінде кең дамыған тәсілдің бірі – филигрань. Филигрань алтын және күміс сымдардың бірге балқытылған балқымасынан жалпақ тілікшелердің үстіне «шырша», «арқан жіп», «бау», «ши» бейнелері пішінінде дәнекерлеу тәсілі. Білезіктер, омырау әшекейлері және жүзіктерге қолданылатын филигрань техникасы Маңғыстау, Атырау, Қызылорда және Орталық Қазақстан облыстарындағы шеберлердің зергерлік бұйымдарында сақталған.

Leave a reply