Thursday, November 21

САУРАН: САУРАН ҚАЛАШЫҒЫНА ТУРИСТЕР ТАРТУ – БАСТЫ БАҒЫТ

0
61


Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көне Сауран қалашығына барып, жай-күйімен танысты. Ғалымдар мен зерттеушілермен бірге Сауранның тарихи маңызын дәріптеу, туристік мүмкіндігін молайту, рухани және туризм орталығына айналдыру жолдарын саралап, ақылдасты.
– Дәл Түркістанның іргесінде аса құнды тарихи қаламыз тұр. Сауранды туристік бағытқа енгізіп, тұрақты түрде насихаттау керек. Салынып жатқан «Сапар орталығында» осы қала туралы толық мағлұмат беріліп, туристерге сапалы материалдар мен жәдігерлер ұсынылуы тиіс. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келетін туристерді осы жаққа да бағыттаған жөн. Жауапты басқарма басшылары жұмысты үйлестірсін. Сауранның туристік әлеуетін арттыру бойынша жоспар, іс-шара бекітіңіздер. Жол, инфрақұрылымын реттеуді де жүйелі түрде атқарған жөн, – деген Дархан Сатыбалды ғалымдардың ұсыныстарын тыңдады.
Тарихшы-археолог Марат Тұяқбаев Сауран қалашығының тарихынан ой қозғап, бұл Орталық Азиядағы ең жақсы сақталған тарихи қалалардың бірі екенін атап өтті. Арнайы суландыру жүйесі болған. Көне құдықтардың орны сақталған. Тарихшы осы аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, жақын тұста көгалдандыру керектігін айтты.
Профессор Мадияр Елеуов тарихи нысанды бизнеске тапсыру, туризм орталығына айналдыру маңызды екенін жеткізді. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова Сауран қалашық емес, үлкен қала екеніне тоқталды. Сауранды туристік нысанға айналдыру үшін кешенді шаралар атқарылуы тиіс екенін атап өтті. Біріншіден, ғалымдар жүйелі зерттеу жұмысын жалғастырғаны жөн. «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбековтың да ұсыныстары тыңдалды.
Облыс әкіміне Сауран қалашығына баратын жолды қысқарту жобасы да таныстырылды. Түркістаннан Сауран қалашығына бұрылатын қысқа бағыт ашылмақ. Тиісті қүрылыс басталады. Бұрын саяхатшылар Сауранға бару үшін Қызылорда облысының аумағына өтіп, қайтып келетін болса, енді тарихи қалаға баратын жол қысқара түспек.
Айта кетейік, Сауран туралы алғашқы жоба деректер Х ғасырда жазылған. Тарихы жүзжылдықтарға жетелейді. Бүгінде «Әзірет-Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Сауран қалашығы аумағынан «Сапар орталығының» құрылысы қолға алынған. Бөлінген жер көлемі – 1 гектар, құрылыс аумағы – 968,41 шаршы метр. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған.
Мақала соңында танымдық ақпарат ретінде саурандық және Сауран ауданының қонақтарының назарына Сауран қалашығы жайлы қызықты мағлұматтарды ұсынып отырмыз.
Әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі, Ақ орданың астанасы болған, « елім-айдай» зарлы әннің, халқымыздың басынан кешкен қилы тағдырының куәсіндей ежелгі Сауран қалашығы жайлы «Көне дүние» айдарынан таныс болыңыздар.
Сауран – ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған Қазақстандағы қорған дуалдары неғұрлым толық қалпында сақталған әйгілі ортағасырлық қалалардың бірі. «Сауран қамалы – өте берік бекітілген қорған, оның мықты және күшті қамал болғандығы соншалықты, тағдыр тәлкегінің қолы оның қорғанының түбіне жетіп көрген емес және көктегі аспанның өзі де әлем жерінің төрттен бірінде мұндай берік қамал көрген емес. Оның биіктігі соншалықты, күннің көзі де одан асып көрген емес. Қамалдың беріктігі соншалықты, оның мұнаралары мен дуалын қирату ешкімнің ойына да кіріп шықпайды».
Сауранды жаулап алмақшы болған Абдаллах ханның әскери жорығын суреттеген (ХVІ ғ. екінші жартысы) автор қамал-қала туралы осылай деп жазған. Аталмыш шайбанилік билеуші және оған дейін басқа да жолы болған және болмаған жаулап алушылар Сауранды (Сабранды) ұлан-ғайыр Дешті-Қыпшақ даласын мекен еткен тайпалар мен халықтарға үстемдік орнатуға мүмкіндік беретін стратегиялық бекініс ретінде қарастырған.
Бүгінде туристер мен мектеп оқушыларын да Сауран қорғанының қираған үйінділері аса қызықтыратындықтан, олар мұнда жиі экскурсия жасайды. Сауран қалашығы Түркістан қаласынан 43 км қашықтықта орналасқан ортағасырлық қалашық, ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған. XIV ғасырдың бірінші жартысында Сауран Ақ Орданың астанасы болған. Сауран 1723-1727 жж. жоңғарлардың тас талқан еткен қалаларының қатарында болған. Қазақстанның ортағасырлық қалалар мәдениетінің ең маңызды ескерткіштерінің қатарынан болғандықтан мемлекеттік «Әзірет Сұлтан» мұражай – қорығының құрамына кіреді.
Сауран 17-ғасырдың аяғы мен 18-ғасырдың басында әлсіреп, 19-ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550 – 800 м дөңгелек алаң. Биіктігі 6 м қабырғамен қоршалған қалашық. Көне тарих құпияларымен өзіне тартып тұратын қаланың ішіне көпірден өтіп қақпа арқылы кіруге болады. Мұнда ең алдымен таң қалдыратыны қыш құмыра, уатылған кірпіштер мен түрлі-түсті әшекейлі қыш ыдыстардың үгінділерінен аяқ алып жүре алмайсыз. Сәл қазып көрсеңіз – міндетті түрде біреуі шыға келеді. Осыларды таң қала тамашалай жүріп қорған алдағы уақытта жан-жақтан келген туристер үшін ашық аспан астындағы нағыз мұражай болар еді деген ойға қаласың.
Өзіміз сонау мектеп қабырғасынан, одан кейін жоғары оқу орындарынан қызығып оқып білгеніміздей, тарихи деректерге, жүргізілген зерттеулерге сүйене отырып білетін Сауран қаламыз ортағасырлар кезінде шырайлы шаһарлардың бірі болған. Көне деректер бойынша Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деседі. Сауда-саттық және қолөнердің ірі орталығы болған қала дала халқы мен қала тұрғындарын бір ортаға жинаған.
Сауранның қираған орны Қазақ тарихының талай құпия сырларын бүгіп жатқан секілді. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналған. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған ордың тереңдігі үш метрден астам. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмаған. Сауранға археологиялық зерттеу жұмыстары жүз жылдан астам уақыт бұрын жүргізілгені туралы деректер кездеседі. Сауранның көне орны Қазақстандағы ортағасырлық қала мәдениетіне жататын маңызды ескерткіштердің бірі болып саналады.
Сауран туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде кездеседі. Ол кезде Сауран Сырдария алабындағы маңызды стратегиялық және сауда орталығы ретінде белгілі болған. Араб тарихшысы Мақдисидің шығармасында «Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның ішінде рабат, мешіт бар» деп жазған. Шыңғыс хан шапқыншылығына байланысты оқиғаларда Сауран туралы деректер кездеспейді.
XIII ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болды. XIV ғасырдың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Мұндағы үлкен мешіт Қазақстанға ислам дінінің тарауына ықпал еткен. Сауран XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басында әлсіреп, XIX ғасырдың басында біржолата күйреген. Қазіргі кезде Сауран қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары бар, ауданы 550-800 м дөңгелек алаң. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады. Қаланы қоршаған дуалдың сырт жағында көптеген каналдардың іздері сақталған. Жүргізілген зерттеу жұмыстары қаланың VII-XVIII ғасырларға жататынын дәлелдейді. Шаһар ұзақ уақыт бойы Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ. Сауран үшін өзбектер мен қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билеуіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80-жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылықпен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады.
Ортағасырлық Сауран қаласының Дала мәдениеті мен Орталық Азия қалаларының мәдениеті түйіскен жерде орналасқан «сауда-саттық айлағы» әрі Жібек Жолы бойындағы маңызды торап ретінде Қазақстан тарихында алар орны ерекше. Сауран қаласы жайлы ортағасырлық деректерде көптеген мәліметтер кездеседі. Қаланың тарихы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі моңғол шапқыншылығына дейінгі VІ-ХІІІ ғасырларды қамтыса, екінші кезеңі ХІV-ХVІІІ ғасырларды алып жатыр.
«Жұттан, жаудан жаяу басын алып қашқан ел шұбырған шұбырындысы аппақ сүрлеу болып қалады екен» – «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» кезінде жоңғарлардан үштен екісі қынадай қырылып, үдере қашқан қазақ халқы Сауран айналып, Бұхараға ауған. Ел аузында «Сайран айналған» деген тіркес содан қалып, жау қолында қалып бара жатқан туған жерін, ұлы отанын аңсаған зар мен мұңға толы этностық «Елім-ай» әні туған.
Тарихы
Ортағасырлар кезінде Сырдария өзенінің ортаңғы ағысындағы аймақты Түркістан өлкесі деп атаған. Сол өлкенің аса гүлденген қалаларының бірі Сауран еді. Ертеректегі деректерде Сауранның жеті қатар қорғаныс қабырғасы бар деп айтады. Дешті-Қыпшақ даласы мен егіншілікпен айналысқан өлкенің қақ ортасында орналасқан шаһар дала халқы мен қала тұрғындарын байланыстырған, сауда-саттық орталығы болған. Арабтың географы әл-Магдиси: «Сауран (Савран) – үлкен шаһар, ол бірінен соң бірі салынған жеті қабырғамен қоршалған. Рабаты бар, мешіті ішкі шаһарда орналасқан. Ол оғыздар мен қыпшақтардан қорғауға арналған шекаралық шаһар» деп жазған. Ұзақ уақыт аралығында шаһар Қазақстанның оңтүстігіндегі сауда мен қолөнерінің ірі орталығы болып, мәдени дамудың бесігіне айналды.
Шыңғысханның шапқыншылығы жайлы жазылған деректерде Сауранның аты аталмайды. Бірақ ХІІІ ғасырда Сырдария арқылы өткен армян патшасы Гетум қаланы Савран деп, Сығанақ (Сгнах), Қарашық (Харачук), Иасы (Асон) қалаларымен бірге атап жазған. Ғалымдардың пайымдауынша, моңғол шапқыншылығынан кейін қала орнын ауыстырып, басқа жерден салынған. ХІІІ ғасырға дейінгі Сауранның орны қазіргі Қаратөбе қала жұрты. Онда жүргізілген зерттеу жұмыстары қалашық бірнеше қорғаныс қабырғасымен қоршалғанын анықтаған. Қазба материалдары қаланың тіршілігі моңғол шапқыншылығынан кейін тоқтағанын көрсетеді. Оның есесіне жаңа қаланың орны Қаратөбеден солтүстікке қарай үш шақырым жердегі кең жазықтан бой көтерген. Сауран қаласы ХІV ғасырда Ақ Орданың құрамына кіріп, бір кездері оның астанасы да болған. 1320 жылы қайтыс болған Ақ Орданың билеушісі Сасы Бұқа осы қалада жерленді. Оның ұлы Ерзен Сауран, Отырар, Жент және Баршынкент қалаларында медресе, мешіт, ханака секілді қайырымдылық мекемелерін салдырды. Шаһар саяси және экономикалық орталық ретінде өзінің маңызын кейінгі жүзжылдықта да жоғалтқан жоқ. Сауран үшін өзбектер мен Қазақ хандары арасында қаншама қанды шайқастар өткен. Қазақ хандығының құрамына шаһар толығымен ХVІ ғасырдың соңында өтіп, оның басты қалаларының біріне айналды. Дегенмен Сауран бұған дейін де белгілі бір уақыт аралығында қазақтардың билеуіне өтіп тұрды. Мысалы, қазақтың алғашқы хандарының бірі, Жәнібектің ұлы Жиренше хан ХV ғасырдың 80 жылдарында шаһарда бірнеше жыл билік құрған. Деректерде Сығанақ пен Сауранның маңында тонаушылықпен айналысып жүрген Мұхаммед Шайбанидің әскери тобын Сауранның билеушісі Жиренше ханның жасақтары талқандағаны жайлы айтылады. Ашық даладағы жазық жерге салынған осы шаһардың тамаша табиғаты мен жаныңды жадыратар тұнық ауасы, оны айнала қоршай салынған алып қорғаныс қабырғалары жайлы көптеген жылнамашылар жазған. Сол кездегі жаугершілік жағдайға лайықтап тұрғызылған қалың қорғаныс дуалдары осы күнге дейін жақсы сақталған. Шаһар Қазақ хандығының құрамына толықтай өткеннен кейін ерекше көркейіп, ірі рухани орталыққа айналады. Сол кезде қаншама мешіт, медреселер салынған. Сондай керемет құрылыстардың бірі қос мұнаралы медресе мен жұма мешіті жайлы ХVІ ғасырда бір жылға жуық Сауранда тұрған ақын-жазушы Уәсифи қызыға жазған. Шаһарды сумен қамтамасыз ету әлемде сирек кездесетін суландыру тәсілі «кәріздер» арқылы жүргізілген. Уәсифидің айтуынша осы суландыру жүйесін шаһарға мұсылман әулиелерінің бірі Мір Араб сыйға тартқан. Басын шаһардан 7 шақырым жерден алатын осы кәрізді каналды салуға 200 үнді құлдары пайдаланылған. Сол әулиенің есімі осы күнгі Саураннан солтүстікке қарай 6-7 шақырым жердегі Міртөбе бекінісінің қираған орнында қалған. Әлгі кәріздердің басы да сол маңнан басталады.
Шамамен ХІV ғасырда салынған екінші Сауранның орны Түркістан қаласынан Қызылордаға қарай өтетін теміржолдың бойымен 45 шақырым жерде сақталған. Археологиялық зерттеулер кезінде Уәсифи жазған медресе мен кәріз құбырларының орындары табылды. Сондай-ақ шаһарда болған жұма және айт мешіттерінің қалдықтары қазылып, олардың сақталған бөліктері қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазба кезінде шаһардың бас қақпасы мен оның сыртынан қазылған орға салынған аспалы көпірдің тұғырлары табылды. Қорғаныс қабырғасын қоршай қазылған терең ордың ішіне кезінде су жіберілген. Арнайы салынған қазба 48 қатар қаланған кірпішпен нығайтылған терең ордың тереңдігі үш метрден астам екендігін көрсетті. Қаланы қоршаған жаудың талай жауынгерлері осы ормен қабырғаны ала алмай жер құшқан. Қазба жұмыстары кезінде қабырғаға қадалған және ордың ішіне құлаған жебенің темір ұштары көп табылады. Қабырға бұзғыш қондырғылардың домалақ тас оқтары мен орға құлап өлген жау әскерінің қурап қалған қаңқалары да кездесіп жатады. Қазіргі кезде шаһардың орнындағы көне ғимараттарды қалпына келтіріп, туристер көретін музей жасау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Дүкенбай Досжан зерттеу мақаласында: «Қаланы алты мұнарлы үлкен қорған қоршап тұрған екен. Қорған саз балшықтан, кей жері күйдірген қыштан өріліпті. Әр мұнарада қарауыл қарайтын күмбез, жауға оқ ататын тесіктер бар. Осы белгілер Сауран қаласының негізігі міндеті – ел күзету, басқыншы жауға бірінші тосқауыл болу екенін байқауға болады. Қорған төрт бұрышты етіп салынған. Қалаға кірер қақпа мен шығар қақпа бір-біріне тұспа-тұс орнатылған. Оңтүстік шығыстьан солтүстік батысқа көлбеу жатыр. Тосын көзге бірден шалынатын нәрсе – қала халқының өте тығыз отырғанға ұқсайтындығы Өйткені белдеу-белдеу, қатпар-қатпар болып жатқан топырақ үйінділері бұрынғы үйлерді, дуалдарды көз алдыңа елестетеді. Сонымен қатар ескі қару-жарақ, қыш құмыра, ыдыстарынан аяқ алып жүргісіз. Сәл қазып көрсеңіз – бірі болмаса, бірі шыға келеді. Қаланы 1219 жылы Жошыхан қиратқанымен Сауран ХV ғасырдың аяғына дейін өмір сүрген», – деп жазады.
Тағы бір деректе XIII ғасырдың орта тұсында Сауран қалашығы Ақ Орданың астанасы болғаны жазылады. XIV ғасырдың аяғында Сауранды Әмір Темір әскери қамалға айналдырған, осылайша Сауран қалашығы ислам дінінің Қазақстанға таралуына ықпал еткен деседі.
Көне шаһардағы ірі құрылыстардың арасында «шайқалмалы минаретті» сондай-ақ шаһарды ауыз сумен қамтамасыз еткен кәріздері – жердің астынан салынған канал ерекше көзге түседі. Осы күнге жеткен Сауран қалашығының қабырғалары мен мұнараларының қалдықтары дөңгелек алаң ретінде қаз-қалпында жатыр. Ауданы 550 – 800 м құрайды. Қаланың ішіне қақпа арқылы кіруге болады.
Қираған көне шаһар бекінісі қабырғаларынан қалған қалдықтар Түркістан қаласынан батысқа қарай 45 шақырым жерде жатыр. Тарихи деректерге сенсек, Сауран – көне әрі құпияға толы шаһар. Бұл сөзімізге 100 жылдан астам уақыт бойы ғалымдардың назарын өзіне тартып келе жатқан сырға толы Сауранның тарихы куә.
Сауран ерекше әскери-стратегиялық әрі сауда-экономикалық, мәдени-тарихи мәні бар қала болған. Сауранды зерттеген ғалымдардың бәрі Сырдария бойында және қазақ даласында болған оқиғалар жайында жазғанда шаһардың ортағасырлық екенін алға тартады.
Сауран туралы алғашқы деректер Х ғасырдың бірінші жартысына жатады. Сауранның тарихынан сыр шертетін тарихи деректер Истахридің кейін әл-Мақдисидің, «Худуд-әл-алам» анонимдік географиялық шығармасында (10ғ.), у ибн әл-Асирде (13ғ.), Якуттың «Елдер сөздігінде» (13ғ.), Гетум 1 кіл-армян патшасы Меңгу моңғол ханының ордасына кері қайтарда жасаған сипаттамасында (13ғ.ортасы) бар. 15-16ғғ.жазбаша деректерінде кездеседі.
XIII ғасырдың басы мен орта тұсында Сауран үлкен қала санатында «Испиджаб сияқты харадж төлемейтін» шекаралық қала болған. Ал, XIV ғасырда Сауран Ақ Орда құрамына кіретін тіпті оның астанасы ретінде аталады. XV- XVI ғасырларға тән деректерді зерттеушілер Түркістандағы билік үшін қазақ хандықтары мен шайбаниліктер арасындағы күресімен байланыстырып жазады.
Сауранға археологиялық зерттеу жұмыстары жүз жылдан астам уақыт бұрын жүргізілгені туралы деректер кездеседі. Орыс ғалымдары П. Лерхтың шығармаларында, П. Пашино жолсапар естеліктерінде сондай-ақ А. Федченконың есептерінде айтылады. Қазба жұмыстарында табылған археологиялық жәдігерлердің ішінде биіктігі 10 метр болатын құмнан салынған Сауран сарайын зерттелуін жатқызуға болады.
«Мәдени мұра» Қазақстандық бағдарламасы жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде Сауранның орталық бөлігінен табылған күйіктас, гипс сынықтары мұнда мешіт пен медресенің болғанын дәлелдейді. Тарихшылардың пікірінше, осы жерді мекендеген адамдар айтарлықтай жоғары білімді болған. Қазақстан бойынша теңдесі жоқ, бірегей қаланы сумен қамтамасыз ету технологиясы болғаны да осы Сауран жерінен табылып отыр.
Сауранның көне орны Қазақстандағы ортағасырлық қала мәдениетіне жататын маңызды ескерткіштердің бірі болып саналады. Ал сақталу дәрежесі бойынша археология жағынан бірегей болып табылады.
Ә.Марғұлан атындағы Археологиялық институт экспедициясы жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесінде 2004-2005 жылдары Саураннан орта ғасырлық мешіттің орны табылды. Мешіттің ені 31 метр, ал жалпы аумағы 1200 шаршы метрді алып жатыр. Ғибадат орынының жобалық композициясы Сауран мешіті Самарқандтағы Бибі-ханым, Ташкенттегі Жами және Бұқарадағы Калян жұма-мешіттерімен сыңарлас келетінін аңғартады. «Жаңақорған» кітабында «Сауран қаласының тағы бір ерекшелігі – усадьбаларының көптігінде. Аэрофотосъемка суреттерін талдау барысында Сауран маңында 350-ге жуық селолық усадьбалар болғаны анықталды» деген дерек кездеседі.
Бертін Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының археологиялық экспедициясы ортағасырлық Сауранның төңірегіндегі жобасы мен атқарған қызметтері әртүрлі болып келген сәулет ескерткіштерінің қиранды орындарында кең ауқымды зерттеулер жүргізді. Мұндағы мақсат – аршылған архитектуралық бөліктерде «Қазқайтажаңғырту» арнаулы қайта қалпына келтіру кәсіпорынының күшімен консервациялау жұмыстарын жүргізіп, Сауран шаһарын ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру.

Leave a reply