КЕНТАУ: ДҮЙСЕНБАЙ ПАЙЗИЕВ – «ЕҢБЕК ДАҢҚЫ» ОРДЕНІНІҢ ТОЛЫҚ КАВАЛЕРІ
Дүйсенбай Пайзиев Қаратау бөктерінде дүниеге келген. Балалық шағы Қарнақ ауылы маңындағы Шаштөбе елді мекенінде өткен. Кейін Кентау қаласына келіп, кешкі мектепте оқыған. 11 сыныпты бітірген соң, құрылыс саласында жұмыс істеген. Қазақстанның түстіметаллургия саласындағы ірі кәсіпорындарының бірі болған «Ащысайтүстіметалл» комбинатында еңбек еткен. 1977 жылдары Кентау кен-металлургия техникумын өндірістен қол үзбей оқып бітірген. Замандастарымен бірге шапшаң кен өндіру бойынша дүниежүзілік рекордтар жасаған. Нәтижесінде І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанған.
Дүйсекең 18 жасқа толған сәтінде «Рудник «Западный» шахтасына жұмысқа орналасқан. Ол жерде жылға жуық еңбек еткеннен соң, Отан алдындағы борышын өтеуге әскерге аттанған. Әскерден келгеннен кейін, шахтадағы жұмысын қайтадан жалғастырған. Алдымен еңбекті ұйымдастырушы звеношының көмекшісі, кейіннен үңгуші (проходчик) болып, жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқарған. Дүйсекең түскен бригада, қорғасын, барит, мыс, алтын алу ісінде бүкіл әлемдік рекорд жасаған өз ісінің мамандары еді. Сонымен жұмыста қыза түседі. Кен алуға мамандар барын салды. Нәтижесінде бір айда жасалуы тиіс жұмыстарды, екі үш аптаның ішінде атқарып тастады.
Жалпы, бригада құрамында 36 адам болған. Баршасы звеноға бөлініп, үш ауысыммен жұмыс істейтін. Ережеде жер астын айына 120 метр бұрғылап өту қажет болса, Дүйсекең бастаған команда 150, 180, тіпті 200 метрге дейін бұрғылайтын. Нәтижесінде кеңес одағы елдері ішінде рекорд жасады. Жұмысты жоғары деңгейде атқарған азаматтар ІІІ-дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды. Ішінде Дүйсекең де болды
Аталаған ұжым кейіннен жеке бригада болып, тек шапшаң үңгілеуде (проходка) жүрді. Тәжірибелі мамандар кеңес одағы елдеріне барып, біліктілігін арттырып отырды. Әріптестеріне қалай рекорд жасау керектігін үйретіп, кеңес берген кездері көп.Сондай-ақ, Кентаудың өнертапқыш жастары сол кездің өзінде жұмыс істеу тәсілін жеңілдететін бұрғылаушы құрылғыны ойлап тапқан. Кейіннен ол өндіріске енген.
Сол аппараттың арқасында жұмыс өнімі артқан. Кейіннен еңбек адамы атанған Дүйсекең ІІ-ші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін алған.
Ал, «Бірінші дәрежелі «Еңбек Даңқ» орденін алу үшін Дүйсекең бастаған бригада өзен астын қазып өткен. Содан 1986 жылы І-дәрежелі «Еңбек Даңқ» орденімен марапатталды.
Жалпы Дүйсенбай Пайзиевтің бригадасы кен өндіру ісінде екі рет бүкіл одақтық рекорд жасаған. Жұмыс барысында бір адам қайтыс болғандықтан бірінші рекордтық жұмысты санамай қойыпты. Ал екіншісі Кремль тарапынан жоғары бағаланған.
Кейіннен Дүйсекең Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. Дүйсекеңнің есімі 1986 жылы Қазақ КСР мемлекетінің алтын кітабына жазылды. Кентау қаласының құрметті азаматы атағын алған.
Дүйсенбай Пайзиев өмір жолында жұбайымен үш ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірген.
Амал нешік, сұм ажал қарияны ортамыздан алып кетті. Жатқан жері жаннат болсын!
Айта кетейік, 2014 жылғы сәуірде Мәжілісте «Ақ жол» фракциясының депутаттары экономика және әлеуметтік салада мемлекеттік, жеке немесе қоғам секторларында 40 және одан да көп жыл еңбек еткен азаматтарға «Еңбек ардагері» атағын, тиісті төсбелгіні – медалді табыстаумен қайта жаңғыртуды ұсынды. 2014 жылдың мамырында Үкіметтен «Еңбек» ордені мен «Еңбек ардагері» медалін тағайындау жоспарланып отырғаны туралы жауап алынды.
«Еңбек ардагері» құрметті атағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 31 шілдедегі № 855 қаулысымен тиісті медаль табыс етілді.
Мемлекет басшысы 2015 жылғы 17 наурызда жаңа мемлекеттік марапат – «Еңбек Даңқы» орденін тағайындағаны үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік-еңбек саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру және автоматтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Мемлекет басшысы 2020 жылғы 9 қарашада «Еңбек Даңқы» орденмен марапатталған тұлғалардың тізімін кеңейтетін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергетика, көлік және мемлекеттік марапаттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
«Еңбек даңқы» орденімен өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да салалардың жұмысшылары мен қызметкерлері кәсіпорындарда, мекемелерде, ұйымдарда жемісті ұзақ жұмыс істегені үшін, сондай-ақ өндірістегі жоғары көрсеткіштері, еңбек өнімділігінің өсуіне және өнім сапасын жақсартуға, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал еткені үшін марапатталады.
Үш дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегерлері мәртебесі бойынша «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған тұлғаларға тең.
«Еңбек даңқы» ордені үш дәрежеден тұрады:
I дәрежелі «Еңбек даңқы»;
II дәрежелі «Еңбек даңқы»;
III дәрежелі «Еңбек даңқы»;
Орденнің ең жоғары дәрежесі — I дәреже. Марапаттау III дәреже, II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі.
I дәрежелі
1-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің төс белгісі кәдімгі бесбұрышты стильдендірілген жұлдыздан тұрады. Жұлдыз сәулелерінің жиегі фигуралы шығыңқы жиекпен безендірілген. Жұлдыздың сәулелерінің орталықтары мөлдір лағыл эмальмен жабылған, оның астында ромб тәрізді кедір-бұдырлы өрнек көрінеді. Жұлдыз сәулелерінің арасында ұлттық ою-өрнегі бар жатаған беде пішінді жапырақшалар орналасқан.
Бесбұрышты жұлдыздың ортасында диаметрі 14 мм дөңгелек қалқан түріндегі бастырма бар. Қалқанның ортасында мөлдір лағыл эмаль аясында — «Еңбек Даңқы» деген жазу жазылған. Қалқанның асты көк эмальмен қапталған таспамен және гералдикалық қалқанмен жабылған. Гералдикалық қалқанда мөлдір лағыл эмалдің аясында тәртіп дәрежесін білдіретін — рим цифры «I» орналасқан.
Орден белгісінің диаметрі 45 мм, алтын жалатылған күмістен жасалған.
Орденнің белгісі құлақша мен екі шынжыр арқылы тікбұрышты тағанға бекітіледі. Тағанның биіктігі — 22 мм, белгіні бекітуге арналған екі сақинасын қосқанда ені — 37 мм. Тағанның өрісі екі қызыл диагоналды жолағы бар көк эмальмен толтырылған.
Тағанның артқы жағында бұйым киімге бекітілетін қалқалы бекітпесі бар түйреуіш орналасқан.
Бұйымдағы барлық кескіндер мен жазулар шығыңқы әрі жылтыр.
Жұлдыздың артқы жағында реттік нөмірі ойып жазылады.
II дәрежелі
2-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің төс белгісі кәдімгі бесбұрышты стильдендірілген жұлдыздан тұрады. Жұлдыз сәулелерінің арасында ұлттық ою-өрнегі бар алтын түсті жатаған беде пішінді жапырақшалар орналасқан. Бесбұрышты жұлдыздың ортасында диаметрі 14 мм дөңгелек қалқан түріндегі алтын түсті бастырма бар. Қалқанның ортасында мөлдір лағыл эмаль аясында — «Еңбек Даңқы» деген жазу жазылған. Қалқанның асты көк эмальмен қапталған таспамен және гералдикалық қалқанмен жабылған. Гералдикалық қалқанда мөлдір лағыл эмалдің аясында тәртіп дәрежесін білдіретін — рим цифры «II» орналасқан.
Орден белгісінің диаметрі 45 мм, жартылай алтын жалатылған күмістен жасалған.
Орденнің белгісі құлақша мен екі шынжыр арқылы тікбұрышты тағанға бекітіледі. Тағанның биіктігі — 22 мм, белгіні бекітуге арналған екі сақинасын қосқанда ені — 37 мм. Тағанның өрісі төрт қызыл диагоналды жолағы бар көк эмальмен толтырылған.
Тағанның артқы жағында бұйым киімге бекітілетін қалқалы бекітпесі бар түйреуіш орналасқан.
Бұйымдағы барлық кескіндер мен жазулар шығыңқы әрі жылтыр.
Жұлдыздың артқы жағында реттік нөмірі ойып жазылады.
III дәрежелі
3-дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің төс белгісі кәдімгі бесбұрышты стильдендірілген жұлдыздан тұрады. Бесбұрышты жұлдыздың ортасында диаметрі 14 мм дөңгелек қалқан түріндегі бастырма бар. Қалқанның ортасында мөлдір лағыл эмаль аясында — «Еңбек Даңқы» деген жазу жазылған. Қалқанның асты көк эмальмен қапталған таспамен және гералдикалық қалқанмен жабылған. Гералдикалық қалқанда мөлдір лағыл эмалдің аясында тәртіп дәрежесін білдіретін — рим цифры «III» орналасқан.
Орден белгісінің диаметрі 45 мм, күмістен жасалған.
Орденнің белгісі құлақша мен екі шынжыр арқылы тікбұрышты тағанға бекітіледі. Тағанның биіктігі — 22 мм, белгіні бекітуге арналған екі сақинасын қосқанда ені — 37 мм. Тағанның өрісі алты қызыл диагоналды жолағы бар көк эмальмен толтырылған.
Тағанның артқы жағында бұйым киімге бекітілетін қалқалы бекітпесі бар түйреуіш орналасқан.
Бұйымдағы барлық кескіндер мен жазулар шығыңқы әрі жылтыр.
Жұлдыздың артқы жағында реттік нөмірі ойып жазылады.