Пятница, 18 октября

Жасыл экологияға жол

0
4

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында АЭС құрылысына қатысты мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұсынды. АЭС салу энергетикалық қана емес, экологиялық та қауіпсіздік, ғылыми-техникалық саясат, ол дамыған елдердің геосаяси мүдделерімен де астасып жатыр. Жасыратыны жоқ, қазіргі жаһандық климат проблемасы әлем елдерінің негізгі бас ауруына айналды. Сол себепті адамзат экологиялық тұрғыда таза әрі қауіпсіз энергия көздерін дамытуды қарастыруда.

АЭС дегеніміз не? АЭС ядроның нейтрондармен әсерлесуінен туатын энергия көмегімен жұмыс істейді. Ядролық реакторда жылу шығарғыш элемент – цилиндр немесе пластинка түріндегі ядролық отын, нейтрондарды баяулатқыш және бөлінген жылуды тасушы (су, газ, сұйық металдар) заттар орналасады. Реакторда бөлінген жылу жылу алмастыру қондырғысына беріледі. Соңғы екі қондырғы АЭС-тың ішкі тұйық контурын құрайды. Жылу алмастырғыш арқылы жылу сыртқы контурға бу түрінде беріледі. Бу турбинаны қозғап, электр генераторын жұмысқа келтіреді. Осы заманғы АЭС-терде турбиналар қатты қыздырылған бумен жұмыс істейді. Ядролық отын ретінде уран, плутоний, торий изотоптары пайдаланылады. Бұлардың жылу шығарғыштық қабілеттері деңгейлес, ал, кәдімгі отыннан (1 келі уран 100 тонна көмірге, 60 тонна мұнайға тең) бірнеше миллион есе артық. Мысалы, 1 келі уран 2 млн. 1010 ккал энергия береді.
Ғылымның дамуымен қатар су электр стансалары мен жылу электр стансаларының, сондай-ақ, қайта қалпына келетін энергия көздерінің рөлі электр энергиясын өндіруде күннен-күнге артып келеді. Оларға күн, жел, геотермалдық энергия сияқты негізгі қайта қалпына келетін энергия көздері жатады. Қайта қалпына келетін энергия көздері қоршаған орта үшін экологиялық тұрғыдан таза болып саналады. Алайда, бұлтты ауа райында және жел жоқ кезде мұндай энергия өндірісі мүлдем тоқтап қалады. Ал, жылу электр стансаларында энергия көмір немесе газ есебінен өндіріледі. Мұндай энергия өндірісінің шикізат бағасы күн сайын өсіп келеді. Ал, атом электр стансасы отын ретінде өте аз мөлшерде уранды пайдаланып, өте көп мөлшерде энергия өндіреді. Көптеген елдерде атом электр стансалары өнеркәсіптік және тұтынушылық мақсатта қолданылатын электр энергиясымен қамтамасыз ететін негізгі көздердің бірі болып табылады.
Атомдық генерацияның басқа энергетикалық технологиялардан артықшылығы неде? Экологиялық қауіпсіздік жағынан салыстырсақ, АЭС-тен алынған бір гигаватт қуат жылына 5,9 мегатонна көмірді немесе 2,2 мегатонна мазут пен 26 мың текше метрге дейін газды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал, заманауи жүйелермен жабдықталған жылу стансасы бір жылда атмосфераға 7-ден 120 мың тоннаға дейін күкірт тотығын, 2-20 мың тоннаға дейін азот тотығын, сондай-ақ, 700-1500 тоннаға дейін күл (тазартусыз екі-үш есе көп) және 3-7 миллион тоннаға дейін көмірқышқыл газын шығарады. Бұдан басқа кадмий, қорғасын және сынап секілді улы металдардан тұратын шамамен 400 мың тоннаға жуық зиянды қалдық пен 300 мың тоннадан аса күл пайда болады екен.
Дүниежүзілік ядролық қауымдастық мәліметі бойынша, әлемдік уран өндірісінің үштен екісі негізінен Қазақстан, Канада, Намибия сияқты үш елге тиесілі. Оның ішінде Қазақстан 2023 жылы әлемдік нарықтағы уранның ең көп бөлігін өндірген (әлемдік үлесі – 43 пайыз), одан кейін Канада (15 пайыз) және Намибия (11 пайыз). Көріп отырғанымыздай, бейбіт атом энергиясын игеруде еліміздің әлеуеті орасан зор.
Уран өндіру Қазақстанның тау-кен өнеркәсібінің жетекші салаларының бірі болып табылады. Еліміз уран өндіру бойынша әлемде бірінші және оның қоры бойынша Австралиядан кейін екінші орында. Уран кендерінің басым көпшілігі біздің Түркістан облысында (Созақ, Отырар аудандарында) орналасқан.
Уран өндіру кезінде денсаулықты, өнеркәсіптік қауіпсіздікті және қоршаған ортаны қорғаудың озық тәжірибелері мен бақылау құралдары (ISO 45001 және ISO 14001 сертификатталған) қолданылады.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде 2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиясының академигі болған Оразалы Балабековтің басшылығымен гранттық қаржыландыру аясында жыл сайын уран өндіруші кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсері бойынша мониторинг түрінде ғылыми зерттеулер жүргізіледі. Онда топырақ, су көздерінің, флора мен герпетофаунаның ластану деңгейі анықталады. Нәтижесінде тәжірибелік учаскедегі өсімдіктер биомассасындағы ауыр металл иондарының мөлшері экологиялық таза аудандардың көрсеткіштерінен айтарлықтай ерекшеленбейтіні анықталды. Өсімдік фитомассасындағы радиациялық фоны шекті рұқсат етілген концентрациядан аспағанын көрсетті. Біз зерттеген организмдердің анатомиялық құрылымында да ауытқулар жоқ.
Атом электр энергиясына қажетті уранның мол қорына ие бола тұра Қазақстанның энергетикалық жүйесі кейінгі жылдары өткір тапшылықты сезініп отыр. Энергетика министрлігі 2023 жылы елімізде 6 миллиард киловатт/сағатқа жуық электр энергиясының тапшылығы болғанын хабарлады. Сәйкесінше қазір бұл көрсеткіш тәулігіне 1 гектоваттан асады. Министрліктің мәліметінше, 2029 жылға қарай энергия тұтыну 20 пайызға артады, ал, өндіріс тек 17 пайызды құрайды.
Еліміз бойынша барлығы 207 әртүрлі меншік нысанындағы электр стансасы бар. Бірақ, олар тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары, халқының саны күн санап өсіп жатқан қалаларымыз үшін жеткіліксіз. Қазақстанда энергия өндірудің 60 пайызы әлі күнге дейін көмірге тәуелді болып отыр.
Жасыл экономика жөніндегі ақпараттық порталдың мәліметіне сүйенсек, елімізде қуаты 2388 МВт жаңғырмалы энергия көздерінен 130 нысан жұмыс істейді. Олардың ішінде: қуаттылығы 957,5 МВт жел электр стансаларының 46 нысаны, қуаты 1149 МВт күн электр стансаларының 44 нысаны, қуаты 280 МВт болатын 37 гидроэлектр-станса ғимараты, қуаты 1,82 МВт болатын 3 биоэлектр стансасы бар.
2022 жылдың басындағы жағдай бойынша әлемде қуаты 391 ГВт болатын 439 реактор жұмыс істейді. Атом электр стансаларын 32 мемлекет пайдаланады. Оның басым көпшілігі Еуропада, Солтүстік Америкада, Шығыс Азияда (Жапонияда 14 АЭС, Америкада – 63, Францияда – 19, Ресейде – 11, Оңтүстік Кореяда – 4, Германияда – 3, Түркияда – 2, Үндістанда – 6, Украинада – 2, ОАӘ – 2 және бұрынғы КСРО аумағында орналасқан. Қазіргі уақытта 19 елде электр қуаты 55 ГВт болатын 52 реактор салынып жатыр. Бұл ретте Беларусь, Біріккен Араб Әмірліктері, Бангладеш және Түркия алғашқы атом электр стансаларын салуда.
Қауіпсіздік мәселесіне тоқталсақ, реакторлардың қазіргі жобаларында қауіпсіздікті арттыратын, жобалау кезінде апатты алдын алу тұжырымдамасына сәйкес, жобалау сатысының өзінде реактордың активті аумағының балқуымен өтетін гипотетикалық ауыр апатты жағдайларды болдырмау жолдары қарастырылған. Мұның бәрі атом энергетикасын экологиялық тұрғыда таза және қауіпсіз энергия көзі ретінде бағалауға негіз береді. Тағы бір айтатын мәселе, атомды ғылым, медицина, өнеркәсіп салаларына пайдалану үшін қолданады. Сондай-ақ, радиотерапия, радиациялық терапия-иондаушы радиациямен қатерлі ісіктерді емдеу үшін қолданылады.
Жылу электр стансалары үшін әлемдегі көмірсутек отынының шектеулі қорларын және Қазақстандағы атом электр стансалары үшін уранның орасан зор қорын ескере отырып, Қазақстанның тұрақты даму үшін электр энергиясын өндіруде қоғамның өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған барлық мүмкіндіктері бар. АЭС салу мәселесі көп жылдан бері жоғары деңгейде және қоғамдық талқылаудың бірнеше кезеңінен өтіп, оның артықшылықтарына көз жеткізілген кезең келді деп ойлаймын.

Халима САРТАЕВА

Leave a reply