Пятница, 18 октября

Ел энергетикасының келешегі – ЖЭК, ГТЭС, АЭС

0
4

Әр елдің экономикасының дамуы және келешегі оның энергетикалық жағдайына, табиғи байлығының мүмкіншілігіне байланысты болады. Шикізат көлемінің жеткілікті болуы және оны тиімді пайдалана білу халықтың әлеуметтік-тұрмыстық деңгейіне оң әсер ететіні сөзсіз.

Қазақстан миллиондаған тонна шикізат өндіріп жатыр деп көкірегімізді ұрғанда алдымызға жан салмаймыз, ал, ол қайда кетіп жатыр, одан қаншалықты пайда көріп жатырмыз, нәтижесінде еліміз қандай деңгейге көтерілді, бұл көпшілігіміз үшін құпия болып тұрғаны жасырын емес. Біз органикалық шикізаттың бүгін болмаса ертең, ертең болмаса одан кейінгі күндері таусылатынын естен шығармауымыз керек. Әрі қарай қалай күн көреміз? Сол тиынға кетіп жатқан шикізатты ертең қайтып сатып алып отырмасымызға кім кепіл?! Мен осы сұрақтарға сол саланың маманы ретінде жауап беруге тырысып көрейін.
Қазақстан Республикасы – әзірше, экономикасы даму үстіндегі, бағыттары белгіленген, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын, табиғи шикізатқа бай мемлекеттердің бірі. Біз жердің асты-үстіндегі барлық шикізатты өндіруді, содан шамалы өнім шығаруды үйрендік. Сол өнімдердің негізгі көлемі ең төменгі бағамен экспортқа шығарылады. Ал, шикізаттың бәрінен дайын өнім шықса, оның бағасы қымбат болатынын жақсы білесіздер. Өкінішке қарай, тәуелсіздік алғалы бері экономиканың бір-екі бағытында болмаса, біз ауыз толтырып айтатындай үлкен өндірістерді іске қоса алмадық. Біздің бюджет сол шикізатты өндіріп сатуға икемделгендіктен әлеуметтік сала, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, қауіпсіздік мәселелері шикізаттың әлем деңгейіндегі бағасына байланысты болып тұратыны белгілі. Үкіметтің стратегиялық, қысқа мерзімді, ұзақ мерзімді бағдарламалары, өкінішке қарай, өз деңгейінде толық орындалмады. Әрі оған біраз қаржы да кетті. Дегенмен, уақыты келген кезде экономиканың дамуына жауапты кісілер жаңа технологияның келмегеніне, инновацияның дамымағанына жауап береді деп үміттенемін. Ал, енді әрмен қарай не істеу керек, қандай бағыт тиімді, технологиялары дамыған алпауыт елдердің қатарына қалай қосыламыз? Әрине, олардың бізден бірнеше онжылдыққа озып кеткені белгілі. Осы арада мен ерекше көрсеткім келіп отырған сала – ол жалпы энергетиканың негізгі тармағы электроэнергетиканы дамыту іс-шаралары, ертеңгі экономиканың драйвері, әртараптандырудың, жаңа технологиялық дамудың баламасыз бағыты деп айтар едім.
Бізде «жасыл экономиканың» концепциясы қабылданды, нақтылай айтқанда, ол – «жасыл энергетика». Оның ішіндегі бірінші қадам – үлкен қарқынмен жүргізілетін жаңартылған энергия көздерінің (ЖЭК) дамуы. Бүгінгі күні бірнеше жоба Түркістан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстарында іске асырылды. Атап айтқанда, Түркістан облысының Қазығұрт ауданында Өгем өзенінің орта ағымында су электростансасы каскадының (бірнеше) алдын-ала жобалау (ТЭО) жұмыстары аяқталды. Бес ГЭС-тен бірінші кезеңде 72 МВт (жалпы концепция бойынша 153 МВт) электр қуаты өндіріліп, өңірдегі 5 ауданда ауыз су мәселесі шешіледі. Жылына 110 млн. текше метр су алынады. Сол сияқты осы облыстағы Ақсу, Арыс, Сайрамсу, Қасқасу өзендерінің бойында бірнеше жоба жүзеге асырылуда. Отырарда қуаты 50 МВт КЭС (күн электр стансасы) салынып жатыр. Ал, 2019 жылы тамыз айында Сайрамсу өзенінің жағасында ШГЭС «Кеңес-1» 2,5 МВт (жобасы 3,75) іске қосылды, қасында ШГЭС «Кеңес-2» жобалау жұмыстары басталды. Сарыағаш, Созақ, Бәйдібек, Келес аудандарында, Кентау қаласында жаңа жобалар іске асырылды. Бүгiнде баламалы энергетикаға қажетті барлық заңнамалық актілер бар. Қазақстан бойынша осы бағыттағы мүмкiншiлiктер жеткiлiктi екенi белгiлi. Атап кетсек, бiздiң елде электр қуатынын 70%-ы көмiр пайдаланатын стансаларда өндiрiледi, ал, бұл жағдай экологияға қалай әсер ететiнiн бәріміз жақсы бiлемiз. Қазақстанда жоба бойынша 23000 МВт электр қуатынан 17000 МВт тұтынылады. Бұл әзiрге жеткiлiктi. Егер ертеңiмiздi ойлайтын болсақ, мiндеттi түрде органикалық шикiзаттардың шексiз емес екенiн түсiнуiмiз керек. Осындайда келер ұрпаққа не қалдырамыз деген сұрақ туындайды. Сол үшін қазiргi энергетикалық жүйенi баламалы қуат өндiруге қарай бұрғанымыз абзал. Мысалы, желмен өндiретiн қуаттың Қазақстан бойынша әлеуеті 92 млрд.кВт/с, ал, өзендерден өндiретiн электр куатының әлеуеті 62 млрд.кВт/с, сондай-ақ күн сәулесiнен өндiрiлетiн қуаттың көлемi де, әсiресе, онтүстiк өңiрде сол шамада, ал, жел қуаты батыс-солтүстiк аймақтарда жеткiлiктi.
2009 жылы «Жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жарық көрдi, кейiн заңды iске асыруға байланысты бiрнеше заңнамалық актiлер қабылданды. Атап айтқанда, Қазақстанның «жасыл энергетикаға» көшуі нақты индикаторлармен белгiленiп, 2030 жылға – 10%, ал, 2050 жылға жалпы электр өнiмiнiң – 50%-ын жаңартылған энергия көздерiне жеткізуіміз керек. Қазiргi уақытта ЖЭК көлемi жалпы өндiрiлетiн электр қуатының 3,6%-ын құрайды. Энергетика министрлiгi заңға байланысты бiрқатар шараларды icке асырып жатқанын атап өткен жөн. Бұған өндірілген электр қуатын белгіленген тарифпен және аукционнан сатып алу, ҚЕАО (қаржы есеп айрысу орталығы) арқылы электр өнімін тарату жүйесі, инвестициялық жеңілдіктер, қосымша жинақ қорын құру қаржылай міндеттемелерді қамтамасыз ету үшін, ЖЭО құрылымдарын орналастыру жөніндегі жоспар, инвестициялық шығындардың кепілдігін аукциондық тәсілмен азайту, т.б. жұмыстарды жатқызуға болады. Негізі сараптама бойынша оңтүстік облыстарда біраз жоба іске асырылып жатқанын атап айту керек, ал, басқа өңірлерде қарқын төмен. Келешекте жалпы стратегиялық мәні зор бұл бағытта барлық өңірлерде жақсы инновациялық жобалар іске асады деген үлкен сенім бар. Мен бүгінгі күнге дейін іске асырылып жатқан жобалардың қорытындысы бойынша су электр стансаларының жобаларын қазіргі ЖЭК-тен алып тастап, нақтыланған (фиксированный) тарифке көшіруге ұсыныс жасаймын. Ол үшін жоғарыда айтылған заңға өзгеріс енгізу керек болады. Өйткені, ГЭС жобаларының шығыны көп, қайтарымы аз. Қазақстанның үдемелі дамуына, оның технологиялық әртараптандыруына күрделі және маңызды екінші қадам – ол атом энергетикасының дамуы. Өйткені, өзімізде уран барын, оның қоры бойынша әлемде 2-ші орында екенімізді ескерсек, уран өндіруден әлемде ешкімді алға жібермей келе жатқанымызды еске алсақ, экономикамыздың деңгейін жаңа инновациялық тиімді пайдалы жолға қоямыз деген мақсатты қолға алу қажет. Бұл бағытта ең маңызды қадам – атом электр стансасын салу. Қазіргі заманауи технологиялардың деңгейі атом стансасын салуға жеткілікті. Егер оның тиісті барлық халықаралық (МАГАТЭ) талаптарға сай қауіпсіздік ережелерін сақтап, міндеттелген стандарттарын қолданып, істен шыққан қалтқыларды залалсыздандырып, тиісті шараларын орындап отырса, қауіп-қатер деңгейі төмендейді. Керісінше, ол бізге үлкен мүмкіншіліктер береді. Экономикалық тұрғыдан қарасақ, тиімділігі жоғары болатыны анық. Электр энергиясының құны төмен. Іске қосылғаннан кейін газ және көмірмен салыстырғанда төмен бағада, өзіндік құнымен өндіріледі. Уран – салыстырмалы түрде арзан әрі тиімді отын. Бізде ол көп. Тұрақты отын бағасы көмірсутектілермен салыстырғанда тұрақсыздықтарға тәуелді емес, нарығы тұрақты отын. Ұзақ қызмет ету мерзіміне байланысты (60 жылдан астам) атом реакторларының пайдалану шығындары да төмен болады. Бұл АЭС-терді бастапқы жоғары шығындарына қарамастан, экономикалық тұрғыдан тиімді етеді. Электр энергиясы тұрақты. Осы себептердің негізінде жалпы атом электр стансалары тұтынушыларға ауыртпалық түсірмей, өзін-өзі ақтайды. Қазақстанның энергожүйесін, энергобалансын, базалық қуатын әртараптандыруына және жабдықтаудың тұрақтылығына оң әсерін тигізеді. Жалпы, атом энергетикасын дамыту халық шаруашылығының барлық салаларына әртараптандырумен инновациялық жаңа технологиялық серпіліс беретін, еліміздің жарқын келешегіне жол ашатын бағыт болады. Халықаралық міндеттемелер Қазақстанды парниктік газдар шығарындыларын азайтуға міндеттейді және Еуродақтан көмірсутекті төлемдерден құтқару мәселелерін шешеді.
Кезінде станса салу жөнінде біраз саяси пікірлесулер болғаны белгілі. Бірақ, мамандар сауатты түсіндіру арқылы нақты ақпараттар берсе, оның қажеттілігі мен маңыздылығы айтылса, халық қолдау көрсетеді деген ойдамын. Бұл мәселе бойынша еліміздің Президенті референдум жариялап отыр. Әрине, халықтың қолдауы болады деп сенемін. Оның бергі жағында көршілес Өзбекстан бұл мәселеде бізден алға шығып, құрылыстарын бастап та кетті. Сондай-ақ, Белоруссия Островец атом электр стансасының бірінші блогын іске қосып, екіншісін дайындап қойды. Бүгінгі күні Алматы облысының Балқаш ауданындағы Үлкен ауылында таңдалған жер дайын. Екінші талаптарға сай келетін жер – Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласының маңы.
Келешекте Атом өнеркәсібі министрлігін құруды қолға алу керек. АЭС-ті заманауи технологиямен салуды (Америка, Жапония, Франция, Ресей, Корея, Қытай) ашық баламалы бәсекенің арқасында шешуге болады. Сонымен қатар, газ электр қуатын да естен шығармаған жөн. Қысқа мерзімді келешекке бағыттасақ, газ стансаларының пайдасы бізде өте зор болады. Олар атом стансасына қарағанда арзан және қысқа мерзімде іске қосылады. Біздің елдің батыс өңірінде мұнаймен бірге газ да шығады, бірақ жартысынан көбі қайта жер астына жіберіледі. Ол газды пайдалану үшін бірнеше газ өңдейтін зауыттар салуымыз керек. Сонда Қазақстанның барлық өңірінде газотурбиналық стансалар салып, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады. Мысалы, бүгінде Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Састөбе ауылында үлкен химиялық кластерге арналған 320 МВт ГТЭС-тің (газтурбиналық электр стансасы) жобалау жұмыстары басталды. Тағы бір нысан Төлеби ауданында 1 ГВт ГТЭС жоспарланып жатыр. Ал, енді, үшінші, ең күрделі мәселе – энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында энергия үнемдеу және оның тиімділігін арттыру саласында еліміздің жалпы ішкі өнімінің энергия сыйымдылығын 2020 жылға кем дегенде 25%-ға және 2050 жылға қарай кем дегенде 2 есе төмендету бойынша міндет қойылған. Бүгінде Қазақстан ЖІӨ (жалпы ішкі өнімнің) энергия сыйымдылығының көрсеткіші орташа әлемдік көрсеткіштермен салыстырғанда 2 есеге, ЭЫДҰ (экономикалық ынтымақтасу және даму ұйымы) елдерімен салыстырғанда 4 есе жоғары, ал, ТМД елдері арасында 5-ші орында келеміз. Бұл мәселенің маңыздылығын, тиімділігін, экономиканың негізгі көрсеткіштерінің бірі екенін мойындай отырып, келешекте дамыған елдер деңгейіндегі мемлекеттердің қатарына қосыламыз десек, қазірден бастап шұғыл әрекеттерге кірісуіміз қажет.
2012 жылы 13 қаңтарда «Энергияны үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» жаңа заң қабылданып, оны іске асыру үшін қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітілгені белгілі. Мемлекеттік энергетикалық тізілім құрылды, электр энергетикасы және энергия үнемдеуді дамыту институты құрылды, энергия тиімділігінің Картасы тізілді, энергетикалық аудит, энергия сервистік шарттар жүйесі енгізілді, тағы да басқа қажетті іс-шаралар қолға алынып жатыр. Бұл бағыттар біздің экономикамыздың барлық салаларын қамтиды. Әрине, мемлекет деңгейіндегі экономиканы әртараптандыру, осы бағыттағы технологиялық, инновациялық үдемелі қадамдардың қажеттігі, өңірлік саясат жүргізу, кадр даярлау шаралары бүгінгі күні кезек күттірмейтін міндеттер. Жоғарыдағы пікірлерімді қорытындылай келе, жалпы энергетика саласы келешекте өте маңызды, шешуші орын алады дер едім. Қазақстан экономикасы дамыған алпауыт елдермен терезесі тең болуы үшін еліміздің барлық өңірлерінде жаңартылатын энергия көздерін көбейту мақсатында атом стансасын салу, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру шараларын қамтамасыз етуіміз қажет деп санаймын.

М.ОРДАБАЕВ,
инженер-электрик, ТМД-ның,
Қазақстан Республикасының
еңбегі сіңген энергетигі.

Leave a reply