Wednesday, October 30

КЕНТАУЛЫҚ АНА ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАРДЫ КӘСІП КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРДЫ

0
1

Жиырма бірінші ғасырдың әлем алдында тұрған ең күрделі мәселесі – қатты тұрмыстық қалдықтар (ҚТҚ) жайы. Дүниежүзіндегі әр тұрғын шамамен жылына 300 кг жуық қоқыс шығарады екен. Бұған зауыттар мен фабрикалар секілді ірі өнеркәсіптерден бастап, қоғамдық тамақтану орындары мен коммерциялық нысандарды қоссаңыз, тау болып үйілген қоқыс полигондарын көз алдыңызға елестете беріңіз. Осындай күрделі мәселенің алдын алудың алдыңғы көшін өз жерлесіміз бастағандай. Себебі, Кентау қаласында мемлекеттен берілген қолдауды тиімді пайдаланып, өз кәсібін ашқан шағын кәсіпкерлердің қарасы көбейіп келеді. Тіпті олардың арасында қала үшін тиімді жобаларда бар. Ол – пластмасса бөтелкелерді пресстеу. Қала тұрғыны, іскер ана Гүлназ Жайықбаева қоқыстың өзін кәсіп көзіне айналдырған.
Ол тұрмыстық қатты заттарды сұрыптап арнайы зауытқа өткізеді. Болашақта оларды ұнтақтап өңдеуді жоспарлап отыр. Бұндай іспен айналысуға мемлекеттен берілетін грант негіз болған.
Гүлназ Жайықбаева отбасымен бірге бұған дейін құр бакалашка қабылдап жүрген. Кейін бөтелке, маклатура, пластмасса жәшіктері мен салафандарды да қабылдай бастаған.
«Үнемі көшеде кез-келген тұрғын бакалашкасын тастап кетеді. Кейін ойыма кәсіп ашу ой келді. Осыдан не істеуге болады, әрі сүйікті қаламның тазалығын сақтап, экологияға үлес қосқым келді. Жолдасыммен ақылдаса отырып тәуекел етіп бастап кеттік. Тұрғындар қазір үйреніп келеді. Жинап бізге өткізуде»,дейді іскер ана.
Тау болып үйілген заттарды әзірге шикізат күйінде өндіріс орындарына өткізеді. Мемлекеттен алған қаржыға қалдықтарды жинайтын құрылғы сатып алған. Алдағы уақытта қалдықтарды ұнтақтайтын техника алуды жоспарлауда. Ол кезде жұмыс әлдеқайда тиімді болмақ. Кейін пластмассалардан түрлі зат шығару ойларында бар. Айта кетейік елімізде жыл сайын 5 мил­лион тоннадан аса тұрмыстық қал­дық­тар жиналып, оның ішінде қағаз, кар­тон өнімдері, металл, плас­тик, тамақ қал­дық­тары, ағаш өнімдері, шыны сынықтары сияқ­ты қалдықтардан өзге қоршаған ортаға зиянды әрі адам өміріне қауіпті батарея­лар, электр құралдары, тұрмыстық техника, бояғыштар, медициналық қалдықтар, пестицидтер, тыңайтқыштар, химиялық заттар мен құрамында сынабы бар басқа да заттар суға, топыраққа және ауаның ластануына аса жоғары әсерін тигізеді. Бұдан бөлек, түрлі буып-түю секілді заттың сыртқы орама қаптары да осы қоқыстардың қатарында. Сон­дықтан қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып тұрған жайы бар.
Бұл ретте 2025 жылға қарай қатты тұр­мы­с­­тық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 34%-ға дейін жеткізу мемлекет алдында тұр­ған нақты міндеттердің біріне айналып отыр. Аталған мәселені шешу үшін эко­логиялық қаупін азайтуға мүмкіндік бере­тін технологиялық және экономикалық сая­сатты талдап, әлемдік тәжірибедегі оның даму тенденцияларын ескеруді және өзі­міз­дің әрекетімізге қарай бейімдеуді қажет етеді. Егер Еуропаның Германия, Аустрия, Швеция және Нидерланд сияқты алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіндегі негізгі үш бағытқа сүйенсек, аталған өнімнің құн­ды компоненттерін қайталама шикізат ре­тін­де қолдануға және қайта өңдеуге ба­сымдық беруге болады. Өйткені адам ең­бе­гі­­мен жасалынған көптеген өнім бір рет қолданғаннан кейін, мәселен, қағаз қал­дықтары, консервіленген және алюмин құтылары, пластмасса мен шыны бөтел­ке­лер­ді қайталама энергетикалық ресурстар ретінде пайдаланып, кейін залалсыздандыруды керек етеді. Бұның бәрі белгіленген табиғатты қорғау нормалары мен ережелерге сәй­кес қалдықтарды полигонға жеткізеді. Нәтижесінде, біріншіден, қалдықтың 40-65%-ы қайталама материалдық ресурстар ретінде қолданылса, екіншіден, 25-35%-ы энергияны кәдеге жарату арқылы жағылып, оның 20% – дан азы көміледі екен. Осылайша, бұл мәселе қайталама материалдық пайдалану арқылы шешілді деуге болады. Яғни ҚТҚ-ның кем дегенде 50%-ы қайталама материал ретінде іске асырылды деген сөз.
Мұндай көрсеткіш біздің елімізде нөлге тең. Бұл мәселені шешудің, өкінішке қарай, ғылыми негізделген стратегиясы жоқ. Еуро­па­­ның алдыңғы қатарлы елдерінде қатты тұр­мыс­тық қалдықтармен жұмыс істеу дең­гейі жоғары және олардың бір-бірімен араласып кетпеуін қатаң қадағалайды. Мәселен, батареялар, термометрлер, манометрлер, сынап шамдары мен бояғыш қалдықтарының өз жолы мен өңдеу әдістері бар. Ал бізде әлі күнге қалдықтар сұрыпталмайды, барлығы бір үйіндіге жиналады. Бұл ретте халық ара­сында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тір­шілік ету ортасының сапасына жауап­кер­ші­лікпен қарауды, қоқыстың бөлек жиналу ма­ңыздылығы мен қажеттілігін, халықтың эко­логиялық санасын, қоғамдық пікірін қа­лыптастыру мен сұрыптау ережелерін түсіндіру керек.
Дамыған елдердің тәжірибесінде, қоқыс­ты қайта өңдеу тек энергия көзі ғана болып қой­­май, сонымен қатар қосымша ресурстар өндіре алады. Осылайша, «Apple» компаниясы 2015 жылы «trade in» (ескі құрылғыларды жа­ңаларына айыр­бастау) есебінен бір тон­на­ға ­жуық ал­тын және тағы үш тоннаға жуық күміс өндірген.
Елдегі ҚТҚ өңдеу үлесіне көз жүгіртсек, рес­публикалық маңызы бар 3 қалаға (Астана, Алматы, Шымкент қалалары) және 4 өнер­кә­сіп­тік өңірге (Қарағанды, Павлодар, Атырау мен Маңғыстау облыстары) қоқыс өңдеудің деңгейі 38%-дан жоғары, қалған өңірлерде 15%-дан аспай отыр.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды азайту, сондай-ақ тапшы электр энергиясын өндіру мақсатында еліміздің бірқатар өңірінде заманауи қоқыс жағу зауыттарының құрылысы қолға алынып, қазірдің өзінде 6 қоқыс жағу зауытын салу жоспарланған. Бұл қоқыс өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тартуға және ҚТҚ өңдеу арқылы табыс табуға ниеттенген жеке компаниялардың санын арттырады деген үміт бар.
Қатты тұрмыстық қалдықтар нарығын да­мы­туды ынталандыру мақсатында Бәсеке­лес­­тікті қорғау және дамыту агент­тігі, Эко­ло­гия және табиғи ресурстар ми­нистр­лігімен бірлесіп іс-шаралар жоспарын бе­кіт­кен еді. Реформа шеңберінде тариф­тік реттеу қағидалары қайта қаралап, нарыққа қаты­­сушыларды іріктеу өлшемшарттарын бекіту, шарттар жасасу мерзімдерін рег­ла­менттеу және жергілікті атқарушы орган­дардың ве­дом­стволық бағынысты ұйым­да­рының ҚТҚ на­ры­ғына қатысуын қысқарту жос­парланып отыр. Бұл өз кезегінде бизнес­тің бәсекелестік орта­да жұмыс істеуіне мүм­кін­дік туғызады.

Leave a reply