Thursday, November 14

ТҮРКІСТАН: КӨК ТҮРІКТЕРІНІҢ МҰРАСЫ – КӨК ТУ

0
29

Туды қырғыз – желек, әзербайжан, өзбек, түрікмен, татар, башқұрт, түрік – байрақ деп атаса, тек қазақ ғана – ту дейді. Осы орайда түркістандықтардың назарына көк туымыздың қасиеті жайлы аз-кем мағлұматты ұсынып отырмыз. Ту туралы алғашқы мәлімет¬тер б.з.д. VI ғасырдан бергі әдебиет, тарих және мәдениет ескерткіштерінде, эпостық, лиро-эпостық жыр-дастандарында, қиссаларда келтіріледі. Ежелгі қазақ туларында үш түрлі тотемдік белгі болған: күн мен ай, қыран, көкбөрі. Күн мен ай ғұндардың, көкбөрі көк түріктерінің туында бедерленген. Ал қазақ елінің туында күн және қыран бейнеленген. Тудың түсі – көк түс. Ол түс қазаққа көк түріктерінен мұраға қалған. «Көк түріктері» дегендегі «көк» сөзі көне түрік тiлiнде «аспан» ұғымын берген. Көк түріктері аспанды Көк Тәңіріне балаған. Олардың дүниетанымы бойынша, өсіп-өнуді білдіретін көк түс – киелі түс саналады. Этно-мәдени мәнге ие «көк» сөзі бүгінгі тілде түс атауы болғанымен, оның бастапқы мағынасы киелікке, құдірет¬ке қатысты болған. Қазақ төрт түліктің де «көк» түстісін артық санаған. Құрбандыққа «көк қасқа» айтып, «көк қасқа» шалған. Шетпе ауруына шалдыққан баланы «көк ешкінің» терісіне ораса – шипа болады, ал баланың өкпесі ауырса, «көк биенің сүті – дауа» деген. Бағзыда көк – шығыс, ақ – батыс, қара – терістік, қызыл – түстік ұғымын білдірген. Шығысқа қарап, тілек тілеген, киіз үйдің есігін шығысқа қаратқан. «Көк» сөзінің көне қыпшақ тілінде «тамыр, тек, түбір, негіз» деген мағынасы бар. Қазіргі қазақ тілінде «көк» сөзі жиі қолданылады. Көкбөрі, көктем, көктөбе, көкдолы, көкбет, көкмұз, көкаяз, көкбақа, көкмылжың, көкбазар, көкжиек, көк шұбар, көк ми, көк сүт, көк шалғын, көк майса, көк шыбық, көктерек, т.б. Көк түріктерінің тулары аспанкөк түсті болған. Олар аспанкөк түсті адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, т.б. ізгі қасиет¬тердің көрінісі деп білген. Бүгінде төбемізге көтеріп, әуелете желбіретіп жүрген аспанкөк түсті тудың тарихы Бірінші Түрік қағанатының (552-603) іргетасын қалаған Бумын қағанның (ресми атағы – «Ел қаған». 490-553) әкесінің есімінен бастау алады. Оның есімі – Ту (Туву).
Түрік қағанат¬тарынан (552-603/603-704/682-743) кейін билік жүргізген Хазар қағанатының (651-983), Селжұқ сұлтандығының (1040-1157), Тұран (Әмір Темір) әмірлігінің (1370-1507), Қазақ хандығының (1465-1747) бірқатар хан-сұлтандары, қолбасшылары, батырлары аспанкөк түсті ту көтерген. Тарихта Әмір Темірдің аспанкөк түсті ту ұстағаны жайлы дерек бар.
Түрік қағанат¬тары кезінде ту ұстау¬шыны – «туғашы» (тубегі) деп атаған. Туғашы бас қолбасшыдан кейінгі орында тұрған. Жорықта ту ұстау мәртебесін иеленетін туғашыны хан кеңесі тағайындаған. Оларда ұрысқа кірерде ақбоз жылқыны құрбандыққа шалып, қанын туға жағатын ғұрып болған. Оны «туды қандау» деп атаған. Қандалған ту әскердің алдына кернейлетіп, сырнайлатып, айрықша сән-салтанатпен әкелінген. Бас қолбасшы туға қымыз бүріккен, тізерлеп отырып, маңдайын тигізген. Бұл туға деген құрмет¬тің белгісі саналған. Қазақта туды сүймейді, күш-қуат тілеп, маңдайын ғана тигізеді. Туды сүю бізге еуропалық әскери дәстүрден енген (қазақ әулиенің басына түнеп, рухына тағзым еткенде де маңадайын ғана тигізген). Бейбіт күнде туды сандықта сақтаған. Сандықтың қарсысына ешкім отырмаған. Ту тұрған үйдің маңайында шуламаған. «Ту – тірі рух» дейтін наным-сенім болған.
Білге қаған жазбасында: үч туғлұғ түрүк бұдұн («үш тулы түрік халқы») тіркесі бар. Тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати (1499-1551) «Тарих-и Рашиди» еңбегінде «туман туғ» (түмен туы), «кушун туғ» (қосын туы), «чарбар туғ» (чарбар туы) деген әскери тулар жайлы дерек келтірсе, «Диуани лұғат-әт-Түрк» еңбегінің авторы, лингвист Махмұд Қашқари (1029-1101): «Ханның қол астындағы елі мен жері, қалалары қаншама көбейіп кетсе де, мәртебесі қанша өссе де туғ (ту) тоғыздан асырылмайды. Өйткені тоғыз санына қасиет¬теп мән беріледі. Тоғыз – көшпелілерде «тоғыз бұрышым толықтанды» деген мағына беретін киелі сан. Сондықтан ханды «тоқұз туғлұғ хан» деп атайды. Ханның тулары көкпеңбек түсті асыл жібек, не шәйі матадан жасалады. Оны да жақсы ырыммен қасиет¬ті деп санайды», – дейді. Демек, тудың санына белгілі шектеу қойылған. Шыңғыс хан да осы «тоғыз тулылық» дәстүрді ұстанған. Ол Ұлы даланы бірлікке келтірген соң, тоғыз ту көтерген. Моңғолдың құпия шежіресінде: «Киіз туырлықты ұлысты түзулетіп, біріктіріп, ілбіс жылы (1206) Онон өзені басында жиналып, тоғыз тұғырлы ақ туын орнатып, Шыңғыс қаған атағын сонда береді», – деп жазады. Тіпті Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тараған төрелердің ақсүйектік саны да – тоғыз, қазақтардікі – жеті. Төрелер ұрпағына тоғыз атасын, қазақтар жеті атасын жат¬татқан. Төрелер тоғыз атадан, қазақтар жеті атадан аспай қыз алысып-беріспеген. Бұл үрдіс шаңырақ күлдіреуіштерінде көрініс тапқан. Қазақтардың шаңырағы – үш, бес, жеті күлдіреуіштен, төрелердің шаңырағы − тоғыз күлдіреуіштен тұрған.
Қағандық, хандық, әмірлік дәуірде мемлекет¬тің туы – тақта отырған әулет¬тің туы болды. Шығыстанушы-ғалым Құрбанғали Халиди (1843-1913) келтірген деректерге қарағанда, Жошы әулеті – қызыл ту, Шағатай әулеті – ақ ту, Үгедей әулеті – көк ту ұстаған, яғни Жошы әулеті билеген Қазақ хандығының туы – қызыл ту болған. Академик Әлкей Марғұлан қазақ хандары көтерген тудың түсі қызыл болғанын, шетінде тоғыз құйрық байланғанын, ал ортасында төре таңбасы кестеленгенін жазған. Кезінде Жошыдан тарайтын Орыс ханның қызыл туын оның ұрпақтары Есім, Жәңгір, Тәуке, Болат, Әбілмәмбет, Әбілпейіз хандардың мемлекет¬тік ту етіп бекіткені тарихта таңбаланып қалған. Төрелердің туларына қатысты поляктың этнограф-ғалымы Адольф Янушкевич (1803-1857): «Құсбектің туы – ақ, Барақтың туы – қызыл, Кенесарының туы – жасыл», – дейді.
Ту қазіргі кез¬де түрлі маталардан жасалғанымен, бұрындары жылқының түгінен, қылынан (кекіл, жал, құйрық) тоқылатын. Ту (флаг) тектес бұйым¬дарға байрақ (штандарт), жалау (знамя), жалауша (флажок), белгіше (прапора) жатады. Алайда сыртқы пішінінде, ішкі мәнінде ұқсастық болғанымен, бұлар бірінің синонимі ретінде бірінің орнына қолданылмайды. Бірақ өкінішке қарай, мемлекет¬тік деңгейдегі алқалы жиындардың өзінде де туды байрақ немесе жалау деп айтатын жайт¬тар жиі ұшырасады.
Қазіргі көк туымыздың шығу тарихы жайлы белгілі жазушы Мұхтар Мағауин: «Комиссия мүшелері әр тарапқа тарт¬ты. Шерхан Мұртаза бөрінің суретін салып әкелді. Ақселеу Сейдімбек басқа таңба ұсынды. Шота Уәлиханов айдың суреті бейнеленгенін қалаған. Кейін барып қазіргі нұсқаны қабылдат¬ты. Ал мен алдымен тудың түсіне келісіп алуды ұсындым. Жартылай қызыл, жартылай көк болғанын талап ет¬тім. Содан к嬬鬳н оның бетіндегі таңба төре таңбасы болуы керек деген ұсыныс айт¬тым. Ол таңба төре руының таңбасы емес, ол – бас таңба дегенді білдіреді. Бүкіл қазақ хандарының таңбасы, ол Шыңғыс ханнан бастап, Абылайға дейінгі таңба еді. Бірақ оған ешкімді көндіре алмадым. Негізінен дамыған мемлекет-тердің туы қарапайым болады», – дейді.
Ескерту: 1992-1996 жылдары Қазақ¬стан Республикасының Мемлекет¬тік жалауы деп қолданылған атау 1996 жылы 24 қаңтарда «Қазақ¬стан Республикасының Мемлекет¬тік туы туралы» №1372-XII заңымен Қазақ¬стан Республикасының Мемлекет¬тік туы болып өзгертілді. Дегенмен мемлекет¬тік туымыздың көк түсіне жасыл араластырып, түсін көгілдір (бирюзовый) қылып жібергені қынжылтады…
Бүгінде еліміздің көптеген қалаларында «Мемлекет¬тік рәміздер алаңы» ашылған. Мәселен, Қазақ¬стан Республикасының мемлекет¬тік туы орналасқан Астанадағы тутұғырдың биіктігі – 111, ұзындығы – 30, ені – 15 метр; Ақтөбедегі тутұғырдың биіктігі – 91, ұзындығы – 20, ені – 15 метр; Қарағандыдағы тутұғырдың биіктігі – 91, ұзындығы – 20, ені – 10 метр; Атыраудағы тутұғырдың биіктігі – 91, ұзындығы – 29, ені – 14,5 метр; Өскемендегі тутұғырдың биіктігі – 62, ұзындығы – 24, ені – 12 метр;
Түркістандағы туұғырдың биіктігі – 62,5, ұзындығы – 24, ені – 12 метр, т.б…
Біз қазақ әдет¬те ру сұрасамыз. Ру сұрасу арқылы бір-бірімізге туысқан, ағайын, жамағайын, нағашы-жиен, құда-жекжат болып жақындаса түсеміз. Әрине, руыңды білген дұрыс. Бірақ одан да маңызды мәселені – өзіңнің қазақ екеніңді басты орынға қою керек. Қазақтың біртұтастығы румен емес, тумен өлшенеді. Бір тудың астына жиналу деген – елдегі тұрақтылықтың кепілі!
Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,
геральдист.

Leave a reply