Ы. АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ БАСТАЛУҒА ЖАҚЫН
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ы. Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылыс барысын бақылады. Мердігер мекеменің өкілдерімен кездесіп, құрылыс сапасына қойылатын талаптардың сақталуын және жобаның әр кезеңінің мұқият орындалуын ескертті.
Қазіргі таңда құрылыстың ішкі және сыртқы жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп, фасадтары травертинмен қапталуда. Жаңа білім ошағының техникалық жабдықталу деңгейі 4 есеге арттырылған. Мұнда робототехника кабинеттері, зертханалар және хореография залдары қарастырылуда. Оқу кабинеттері заманауи интерактивті тақталар және компьютерлермен жабдықталатын болады.
Мектепішілік кеңістікті тиімді әрі жайлы ету мақсатында бастауыш, орта және жоғары буын оқушылары үшін бөлек блоктар жасалмақ. Бұл жоба ауданымыздың білім беру жүйесін жаңа биіктерге көтеріп, оқушыларға сапалы білім мен қолайлы орта ұсынатын болады.
Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Бүгінде өңірімізде осындай мектептер бой көтеруде. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған болатын. Бүгінде Президент тапсырмасына орай оқу ордалары мектеп санын көбейтпек. Естеріңізге салайық Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды.
Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Осы саладағы мамандарға қойылатын нақты талаптар бекітілуге тиіс. Олардың жұмыс жүктемесін де біртіндеп азайтқан жөн. Өз ісіне адал ұстаздар білім беру саласының дамуына зор үлес қосады. Сондықтан, балабақшаны емес, тәрбиешіні аттестациялау қажет.
Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды.
Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» деген болатын.
Елімізде аталған жоба аясында 842 мың балаға арналған 401 жаңа мектеп салынады. Қазірдің өзінде республика бойынша 225 мыңға жуық оқушыға орын жетпейді екен.
Жаңа үлгідегі мектептер 2025 жылдың соңына дейін қалаларда да, шалғай елді мекендерде де салынады. Құрылысқа отандық өндірістегі материалдар қолданылады.
Мектептерді жобалау Қазақстанның қолданыстағы нормаларына, ҚР Үкіметі бекіткен техникалық тапсырмалары мен білім беру ұйымдарын салудағы озық халықаралық тәжірибеге негізделеді. Ұлттық жобаның бірыңғай операторы – «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы.
Осы жоба аясында біздің облысымызда 63 жаңа мектеп бой көтермек. Жалпыұлттық жобаның жүзеге асуы өңір басшысы Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Ұлттық жобаның негізгі шарттары мақұлданғанын айтқан облыс әкімі салаға жауапты басшыларға құрылысы 2023 жылы басталатын мектептер бойынша проблемаларды жедел шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, өңір басшысы ол мектептерді сапалы, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, оқу процесін цифрландыруға қажетті шараларды шұғыл жүзеге асыруға назар аударды. Жалпыұлттық жоба аясында жаңа форматтағы мектептер салу жоспарланған. Жер бөлу мәселесі шешілген.
Жаңа үлгідегі мектептер салу үшін жер телімдерін бөлу, инженерлік жүйелерін жүргізу, педагогтермен қамту және уақытында құрылысын аяқтау сынды тапсырмалар міндеттелді. Осы арқылы үш ауысымды, апатты, ескірген мектептер санын жою көзделген.
– Бұл – ерекше жоба. Бағыт – айқын. Заманауи мектептердің құрылысын барынша тездету үшін жыл соңына дейін жер, инфрақұрылым мәселесі толық шешілуі тиіс. Бұл жоба білім сапасын арттыруға мол мүмкіндік береді. Жайлы мектептерде балаларға барынша қолайлы жағдай жасалады. Өңірде демографиялық өсім жоғары. Сондықтан сапалы білім беретін оқу орындарының санын арттыру аса маңыз-ды, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Өңірімізде бұл жобаны іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 400 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінбек. Жоба аясында ашылған мектептер заманауи құрылғылармен толық жабдықталады. Зертханалармен қамтамасыз етіледі. Бастауыш сыныптар үшін жеке блог болады. Мақсат – оқушылар мен оқытушыларға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау және білім беру қызметінің сапасын арттыру.
Аталған мектептерді салуға беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылады. Сонымен бірге, жұмыс барысы қатаң қадағаланады. Ол іске аса білікті техникалық қадағалаушылар шақырылмақ. Мұндай мектептер облысымыздағы халық көп шоғырланған аймақтарда салынады.
Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 немесе 2500 орынды деп белгіленген жеті түрдің біріне сай салынуы керек. Олардың әрқайсысында робототехника кабинеті, бірнеше зертхана, аумағы 88 шаршы метр болатын хореография залы, үш коворкинг алаңы (бастауыш сынып оқушылары, орта сыныптар және мұғалімдер үшін) болуы керек. Сондай-ақ, мұндай мектептерде бастауыш сыныптар (9х18м) мен орта буын, жоғары сынып оқушылары үшін (36х18м) бөлек-бөлек спорт залдары болады. Әр сыныпта интерактив тақта және мұғалімге арналған компьютер қарастырылған.
Жақын арада компания мектептерді жобалау, салу бойынша да кешенді қызмет көрсетушілерді анықтайтын ашық конкурс өткізеді. Олар мектепті толық салып, дайын күйінде тапсыруы керек, кейін құрылыс аяқталғаннан кейін төлем алады.
Құрылысты қадағалау инженерлік қызметтері де ашық конкурстық негізде сатып алынады, бұл қосымша ашықтықты қамтамасыз етеді. Барлық сатып алу жалпыға қолжетімді онлайн платформада жүзеге асырылады. Байқау комиссиясының құрамына «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының өкілдері ғана емес, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесі, әкімдіктер мен Оқу-ағарту министрлігінің тәуелсіз сарапшылары да кіреді.
Мониторингтің ақпараттық жүйесі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында жұмыс істейтін болады. Тікелей бейнетрансляция және құрылыс алаңдарының фоторепортаждары бар интерактив карта жасалады. Кез келген адам 401 жаңа мектептің құрылысын тәулік бойы бақылай алады. Жобалаушы және техникалық қадағалау есептері апта сайын жарияланады. Осылайша жұмыс барысына қоғамдық бақылау қамтамасыз етіледі.
Еліміздегі мектептер негізінен тәуелсіздік алғанға дейін салынған, көпшілігі ерекше балалар үшін өте қолайсыз. Жаңа мектептерді барлық оқушының қажеттілігін ескере отырып, заманауи технологияларды қолданып салу жоспарланды. Кедергісіз, ыңғайлы кеңістік: арнайы пандустар, лифтілер, дәретхана бөлмелері болады. Сондай-ақ, әрбір мектепте инклюзивті білім беру кабинеті болуы керек. Мұның бәрі балалардың қоғамға жақсырақ бейімделуіне қажет алғышарттармен қамтамасыз етеді.
Жаңа ғимараттарды салуға отандық үздік инженерлер, сәулетшілер мен дизайнерлерді тарту, заманауи технологияларды қолданып салу жоспарланып отыр. Жобалық-сметалық құжаттамаға ашық конкурс негізінде «Samruk-Kazyna Construction» интерьер дизайны мен сәулеттік шешімдерді әзірлеу кезінде бірқатар элементтің ұлттық нақышта болуын талап етеді.
Жаңа мектептер ең алдымен мектеп тапшылығы бар аймақтарда салынады. Бекітілген жоспарға сәйкес, мектептердің көпшілігі Алматы облысында (63), Түркістан облысында (63), Шымкентте (25), Маңғыстау облысында (24), Астана (24) мен Алматыда (22) салынады. Қалған мектептер шағын қалаларды қоса алғанда, бүкіл Қазақстан бойынша теңдей бөлінеді.