САЙРАМ: АУДАН ЖАСТАРЫН ДІНИ РАДИКАЛИЗМДІ НАСИХАТТАУШЫ УАҒЫЗШЫЛАРДАН САҚТАНДЫРУ БАҒЫТЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Ұлықбек Алиакбарұлы және аудандық Ішкі Саясат Бөлімінің бас маманы Молдияр Бахтиярұлының қатысуымен Сайрам ауданы «№61 С.Базарбаев» ЖББМ-де білім алатын оқушылар мен ұстаздар арасында діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын парақшалардан сақтану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Аталған іс-шараның мақсаты – аудан жастары арасында жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру және ақпараттық түсіндірме жұмыстары арқылы келешек буынның діни ағымдар мен секталардың жетегінде кетуден сақтандыруға бағытталды.
Кездесу барысында тақырыпқа байланысты бірқатар сауалдар және ой-пікірлер ортаға салынып, тиісті жауаптар жолданды.
Осы орайда «Діни экстремизм – қоғам дерті» атты Қанат Әділханұлының www.muftyat.kz сайтына шыққан мақаласын ұсынбақпыз. Экстремизм сөзі «шеттеу», яғни «орталықтан ауытқу, белгіленген жерден тыс кету» деген мағынаны береді. Бұл ұғым қоғам ішіндегі жеке тұлғаның немесе топтардың жалпы тәртіпті мойындамауы, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасауы сипатында көрініс табады. «Экстремизм» сөзінің ең жақын синонимі – радикализм. Ал терроризм – сол экстремизмнің барар нәтижесі.
Экстремистік пікірлер түрлі салада орын алуы мүмкін, соның ішінде дін саласындағы экстремизм анағұрлым қауіпті. Себебі діни эктремизмде көпшілік құрметтейтін діннің атын жамылу бар. Діни экстремизм деумен, белгілі бір дін меңзелмейді, яғни жалпы барлық дінді ұстанушылардың ішінде экстремистік ойдағылар табылуы мүмкін. Исламнан өзге дінді ұстанушы кей азаматтардың да экстремистік ой-пікірлерінің барын жоққа шығара алмаймыз. Алайда олар көп жағдайда Ислам атын жамылғандардың көлеңкесінде қалып қояды.
Қазіргі таңда қоғамымызда Ислам дінінің атын жамылып, Алланың жіберген орта жолынан ауытқып жүргендер көптеп кездеседі. Олар кез келген жаңа істі, дінге қайшылығы болмаса да бидғатқа балап, ананы харам, мынаны ширк деп, жұрттың шырқын қашыруда. Осындай эктремистік пікірлермен уланған әлгілердің арасынан террористердің шыққанын да білеміз. Нәтижесінде терроризмнен тіксініп, лаңкесттіктен лоқсыдық. Соның кесірінен елімізде исламофобия, яғни Ислам діні мен оның құндылықтарына шекеден қараушылық пайда болғанын да жасыра алмаймыз.
Анығында Ислам – орта жол, ал мұсылмандар – сол орта жолды ұстанушылар. Алла Тағала Құранда бұл жайында: «Осылайша сендерді орташа үммет еттік», – деп («Бақара» сүресі, 143-аят), исі мұсылманды «орта жолды ұстану» сипатына назар аудартып отыр. Демек Ислам – орта жолды ұстануға шақыратын дін. Ислам дінінде орта жолдан шетке ығысуға жол жоқ. Мұны біз Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына бір хадисінен көре аламыз. Бірде Алла елшісінің үйіне үш кісі келеді. Олар Алланың елшісін үйінен таба алмай, сыртта тұрып Пайғамбардың жұбайларының біріне Алла елшісінің үйдегі амалы туралы сұрақ қояды. Оларға Пайғамбардың үйдегі жасайтын амалдары жайлы айтылғанда, бұл істерді азсынып: «Біздің жағдайымыз пайғамбардай емес қой, оның бұрынғы, әрі келешектегі күнәлары кешірілген», – дейді. Үшеудің бірі: «Мен өмірбақи түнімді құлшылықпен өткіземін, ұйықтамаймын», – дейді. Екіншісі: «Мен өмір бойы ораза ұстап өтемін», – десе, үшіншісі: «Мен әйел затымен оңаша қалмаймын, өмірімнің соңына дейін бойдақ болып өтемін», – дегенді айтады. Бұл жайттан хабардар болған Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әлгілерге барып: «Мұны айтқан сендер ме?» – деп сұрайды. Сосын оларға мынаны жеткізеді: «Алладан ең қатты қорқатын араларыңдағы тақуа жан менмін. Алайда солай бола тұра мен (нәпіл) ораза ұстаймын, аузымды ашып та жүремін. Түннің бір уағында ұйықтап та аламын. Әрі әйелдермен үйленемін. Міне осы – менің сүннетім. Кімде-кім менің сүннетімнен бас тартса, ол менен алыс» (Бұхари). Діни амалдың атқаруда шектен шығып бара жатқан сахабаларына Пайғамбарымыз осылай ескерту жасаған болатын. Демек кез келген діни амалдың өз өлшемі бар.
Экстремизм қоғамда екі түрлі сипатта көрініс табады. Біріншісі – идеологиялық насихат, екіншісі – экстремистік идеология негізінде қоғамдағы азаматтарға зорлық-зомбылық, қысым көрсету, яғни экстремизмнің терроризмге ұласуы. Соған сай экстремизге қарсы күрес те екі сипатта болады: ақпараттық күрес және билік күшімен жасалатын күрес. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала Құран арқылы жөнге келмегенді қылыш арқылы жөнге салады», – деген хадисі осыны аңғартса керек. Әрине, ең алдымен Алла елшісі Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Отарынан алыстаған қойды қасқыр жейді», – деген хадисінен шабыт ала дана халқымыздың: «Бөлінгенді бөрі жейді», – деп қысқа ғана қайыра айтқан ұлағатты сөзін басшылыққа алып, экстремизмге душар болғандарға жан ашытқанымыз жөн. Жан ашыту дінге қызыққан жақындарымызға дұрыс жол сілтеумен арқылы болады. Ондай жандарды еліміздегі салтымызбен біте қайнасқан дәстүрлі бағытты насихаттаушылар – мешіт имамдары мен Ханафи мәзһабын ұстанатын дінтанушылармен жолықтырған ләзім. Әсіресе, бойында қоғамның тарихи қалыптасқан діни ұстанымдарына, салт-дәстүрге қарсы келу сипаты байқалғанда тиісті мамандармен жолықтыру қажет. Мұндай жағдайда енжарлық, немқұрайлыққа салынбау керек.
Хақ Исламның орта жолынан шетке ығысып, көпшіліктен бөлініп, шала бүлінген азаматтардың дұрыс жолға түсуіне ел болып себепші болайық! Біле білсек, бұл – өте сауапты іс. Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыз хазіреті Әлиге: «Сен арқылы бір адамның тура жол тауып кетуі сен үшін жер бетіндегі күн сәулесі түскен кез келген заттан артық», – деген екен.
Қазіргі таңдағы экстремистік ағым – салафизм-уахабизм ағымы. Себебі олар дәстүрлі бағыттан ауытқыған. Алайда олардың бәрі бірдей емес. Араларында ол идеологияға қатты беріле қоймағаны да бар. Сондықтан олармен жоғарыдағыдай сауаттандыру бағытында жұмыс жасау керек. Сондай-ақ араларында бірбеткей тоңмойындары да бар. Олармен тиісінше жұмыс жасау керек. Бұқара халықтың діни сауатсыздығын пайдаланған салафизм-уахабизм жолындағылар үгіт-насихаттарын жүргізіп жүр. Соның салдарынан олардың қатары күн санап көбейіп, қоғам дертіне айналып бара жатқаны белгілі. Жат ағымға қазірден тыйым салмасақ, жағдайдың осылай жалғаса беруі елімізге тиімсіз болмақ. Сондықтан салафизм-уахабизм ағымын экстремистік ағым деп танып, Қазақстанда аталған ағымға заң жүзінде тыйым салу қажет.