Кентау қаласында орналасқан №5 жылу энерго орталығында бас инженер болып қызмет атқаратын Мұхтар Мұхитдиновты көпшілік жақсы таниды. Көшеде көрсе жылудың жайын сұрап, орталықтың жағдайын біледі.
Мұхтар Мұхитдиновтың жылу энерго орталығына жұмысқа келгеніне биыл 21 жыл толып отыр. Қызметті қатардағы жұмысшы болып бастаған еңбек адамы осы уақыт аралығында бас инженер лауазымына дейін көтерілді. Еңбектің түрлі сатыларынан өтті. Тәжірибесін шыңдап, біліктілігін арттырды.
«Мен 2003 жылдан бастап жылу энерго орталықта жұмыс істеп келемін. Бұған дейін электр дәнекерлеуші, қазандық цехының басшысы қызметтерін атқардым. Арасында шахтаға барып жұмыс істеп келдім. Содан 2007 жылы қалаға жылу беріледі бастады. Қаншама жылдан бері тоқтап тұрған жылу энерго орталықты іске қосу оңайға соқпады. Ол кезде Кентаудағы пәтерлердің көпшілігі бос еді. Иелері басқа қалада. Оларды іздеп тауып, жүйелерді ашу керек болды. Орталық магистралдық жүйедегі ақауларды түзету жұмыстарын атқардық. Күн-түн демей тәулік бойы жұмыс істедік. Күннің суығында жертөледе жарылып кеткен құбырларды жалғадық. Қар мен мұзда су кешіп жүріп, еңбек еттік. Нәтижесінде қаншама жылдан бері жылу алмаған үйлерге орталық арқылы жылу бердік» – дейді ол.
Мұхтар Мұхитдинов биылғы жылдың мамыр айынан бастап жылу энерго орталықтың бас инжернері болып тағайындалды. Қазір жылу энеро орталығында жөндеуден өтіп жатқан қазандықтардың жұмысын қадағалап, сапалы әрі уақытылы атқарылуына баса мән беріп келеді.
«Бүгінде Кентау қаласындағы «Кентау Сервис» МКК-на қарасты №5 Жылу электр орталығындағы тозығы жеткен қазандықтарды қайта құру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта 6 қазандықтың қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, №8,11 қазандықтар 30 тамызда аяқталса, №9,10 қазандықтарды қыркүйек айының соңында дейін аяқтау жоспарланған. №7 және №12 қазандықтардың қайта құру жұмыстары қараша айының соңына дейін жалғасады. Бұдан бөлек, 2 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылуда. №5 қазандықты жөндеу бюджет есебінен, №6 қазандықты жөндеу демеушілер есебінен іске асырылып жатыр. Жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр» – деді ол.
Мұхтар Мақұлбекұлы жылу энерго орталықтағы жағдайды жақсы біледі. Тіпті әрбір жүйенің жұмыс жасауын жаттап алған. Қандай көмір қажет?, қалай сапалы жылу беруге болады? – деген мәселелердің шешімін оңай табады. Әрине, бұл көптеген жылдардан бері жинақталған тәжірибе екенін даусыз.
«Бізге топан көмір керек. Әрбір қазандық салынатын кезде сол өңірдегі көмірдің сапасына лайықталып жасалады. Себебі, қызуына қарай есептеледі. Біз көмірдің шаңдатып жағамыз. Құм сияқты шаң болады. Соны ыстық ауамен үрлеу арқылы жылу береміз. Бұрыңғыдай күрекпен салып қойып, астын кесеумен шұқалап отыратын кезең келмеске кетті. Ал, көпшілік әліде солай түсінеді. «Топан көмір жағып жатыр», «балон жағып жатыр» деп халық шулайды. Біз қазандыққа балон сала алмаймыз. Үйде диванда жатып алып айта беретіндер көп. Олар орталықтағы технологияны түсінбейді. Қазір барлық жүйе автоматтандырылған. Соған сәйкес мамандарды да оқытып жатырмыз. Тіпті күлдің өзі қазандықтың астындағы суға түседі. Оны кесеумен емес, сумен жуып шығарамыз. Насостармен айдаймыз» – дейді еңбек адамы.
Бүгінде жылу энерго орталықтағы қазандықтар күл ұстағышынан бастап, төбесіндегі мұржасына дейін ауысып жатыр.
«Қазіргі таңда орталықта 150 –ге жуық адам жұмыс істеуде. Жылыту маусымы басталғанда жұмысшылар саны 350-ден асатын болады. Одан бөлек, мердігер компанияда 200-ден астам адам жұмылдырылған. Жұмысшылар күндізгі және түнгі ауысымға бөлінген. Жаңадан орнатылып жатқан қазандықтардың келешекте газға ауыстыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Алдағы уақытта газға көшетін боламыз. Оған дейін көмір тұтынамыз» – деді Мұхтар Мұхитдинов.
Мұхтар Мақұлбекұлы Кентау қаласында дүниеге келген. Ы.Алтынсарин атындағы №1 мектепте білім алды. Жұбайы екеуі 4 ұл-қызды тәрбиелеп өсірді. Жоғары білім беріп, ұлдарын үйлендіріп, қыздарын ұзатты. Қазір еңбек адамы немерелерінде еңбекпен есеюге үйретіп жатыр.
Авторы: Қайрат Зайнишов