Суббота, 1 марта

«Түркістан – ұлт руханиятының түпқазығы»

0
20
Ертай АЛТАЕВ, облыс әкімінің орынбасары: 
– Ертай Кенжебекұлы, облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалғаныңызға  жарты жылдан аса уақыт өтті. Әдетте, бұл мерзімде қызмет барысы елекке түсіп, алдағы бағыт-бағдар айқындалады. Облысқа келгелі өзіңіз де өңірдің рухани келбетін қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп келесіз. Айтыңызшы, осы аралықта өңірді идеологиялық тұрғыдан дамыту жолында нақты қандай қадамдар жасалды? Әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Түркістан қаласында өткен екінші отырысында Түркістанды «Ұлы дала өркениетінің мызғымас темірқазығына» балап, оның ғасырлар бойы қазақ мемлекетінің маңызды саяси орталығы болғанын және көптеген хандарымыздың осы жерде орда тігіп, ел басқарғанын тілге тиек еткен болатын. Міне, осы бабалар аманатын жалғап, Түркістанның дамуына қалтқысыз қызмет етуді өзімнің перзенттік парызым деп есептеймін.
Өткен жыл Түркістан жұртшылығы үшін табысты да нәтижелі болды десек, артық айтқандығымыз емес. Атап айтар болсам, өзім жетекшілік ететін мәдениет, спорт, дін, тіл, ассамблея, жастар саясаты, азаматтық қоғам салаларында біршама жұмыс атқарылды.  Басқа-басқа, дәл осы маңызды салалардың ұлттың руханиятына, өңірдің дамуына тигізетін әсері мол. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынғалы бері жөнделмеген бірқатар мәдениет ошақтары қайта жаңғыртылып, жаңа кейіпке енді. Бұдан бөлек, Отырар ауданында төрт, Сарыағаш және Келес аудандарында бір-бір Мәдениет үйі пайдалануға берілді. Биыл Бәйдібек, Түлкібас, Сауран аудандары мен Қарашық ауылында бір-бірден және Мақтаарал ауданында 2 мәдениет ошағын ел игілігіне беруді жоспарлап отырмыз. Құрылысы жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатқан Түркістан қаласындағы 500 орынды Мәдениет үйінің құрылысы да биыл аяқталады деген жоспар бар.
Өткен жылы өңірдегі рухани-мәдени саланы дамытудың  2025-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленген болатын. Онда алдағы екі жылда атқарылатын жұмыстар, өңірді осы бағытта дамыту жолдары қарастырылған. Биыл бұл жоспар аясында бірқатар іс-шаралар өткізуді мақсат етіп отырмыз.
– Түркі әлемінің рухани астанасы атанған Түркістанды бала күніңізден біліп, танып өстіңіз ғой. Бұл өңірдің рухани, мәдени діңгегі не деп санайсыз? 
– Түркістан – тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл түркі әлемі үшін қасиетті мекен. Бұл өңірдің рухани және мәдени діңгегі – Қожа Ахмет Ясауи мұрасы. Оның ілімі тек діни бағытта ғана емес, рухани тазару, адамгершілік пен ізгілік жолын көрсетуімен де құнды. Біз Ясауи ілімін, мұрасын насихаттау арқылы халықтың мәдениетін қалыптастырып, ұлттық болмысымызды сақтап қаламыз. Сонымен қатар, Түркістанның қазақ хандығының алғашқы астанасы ретіндегі де орны ерекше. Бір сөзбен айтқанда, Түркістан – тарих, руханият және ұлттық сана-сезімнің түпқазығы. Оның мәні ғасырлар өтсе де жойылмайды, керісінше, қайта жаңғырып, түркі халықтарының бірлігін нығайтатын символға айналып келеді.
Жалпы, Түркістан облысында 705 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетеді. Былтыр 3 кәсіби театрда 18 жаңа спектакль сахналанып, жыл бойы 436 спектакль қойылды. Түркістан музыкалық драма театрының «Келіндер көтерілісі» қойылымы «Kazakhstan Ticketon Awards–2024» байқауында «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясына ие болды. Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театры Көкшетау қаласында
С.Жүнісовтің 90 жылдық мерейтойы аясында өткізілген  ІІ халық- аралық комедиялық «Сәлем» фестивалінде «Қазылар алқасының жүлдесімен» марапатталды. Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында белгілі сатирик, жазушы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай өткен «Жүз шымшыма…» атты халық театрларының республикалық әзіл-сықақ байқауында Келес ауданының халық театры ІІ орын иеленді. Түркістан музыкалық драма театрының «Фариза» қойылымы ІІІ халықаралық «Театр all»  фестивалінде үздік атанды.
Шалғайдағы Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры ұжымы да өткен жылды табысты қорытындылады. Ғ.Қаппаровтың «Құдайы қонақ» комедиясы, Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Қайдасың, Гауһар?», Қ.Мұраттың «Ұстаз», С.Балғабаевтың «Қаңбақ шал», М.Супониннің «Сотқар теке» және Қ.Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясы» сияқты жаңа қойылымдары көрермен көңілінен шықты. Театр ұжымы 1-5 қазан күндері Өскемен қаласында Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай өткен республикалық ХХХ фестивальге қаламгердің «Қайдасың, Гауһар» драмасымен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды. Былтыр театрда 6 премьера өтіп, барлығы 241 қойылым көрсетілді. Биыл театрдың құрылғанына 56 жыл толып отыр. Осыған орай Қ.Аманжолдың «117-пәтер» мелодрамасының премьерасы өтті. 26-28 ақпан күндері театрдың Түркістан қаласына есепті гастролін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, түркі елдері өнерпаздарының басын қосатын «Voice of Turan» халықаралық қазақ әндерін орындаушылар фестивалі де жыл сайын өткізіліп келеді. Сонымен қатар күйшілердің «Күй құдіреті» республикалық байқауы, термешілердің «Түркістан мақамдары» республикалық байқауы, балалар шығармашылығын дамыту бойынша «Turkistar» облыстық өнер фестивалі, Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған балалар байқауларының түркістандықтар үшін мәні ерекше.
– Бүгінде өзіңіз айтқандай өңірдің мәдениет саласында атқарылып жатқан іс-шаралар аз емес. Елдің дамуына, жастардың болашағына осы іс-шаралардың әсері қандай деп ойлайсыз?
– Түркістан өңірінің мәдениет саласында соңғы жылдары үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Қаланың туристік және рухани орталыққа айналуы, түрлі фестивальдер мен халықаралық шаралардың өткізілуі – осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі дер едім. Мұндай іс-шаралар елдің рухани-мәдени тұрғыдан дамуына айтарлықтай ықпал етеді. Біріншіден, ұлттық сананы күшейтеді. Түркістанның тарихи, рухани маңызын жаңғырту арқылы жастардың ата-бабалар мұрасына, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығы артады. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы, қазақ хандарының тарихы, ежелгі өркениеттің сабақтастығы жастардың өзіндік болмысын қалыптастыруға ықпал етеді.
Екіншіден, мәдениет саласындағы іс-шаралар өңірдің дамуына айтарлықтай серпін береді. Түркістан халықаралық деңгейдегі ірі орталыққа айналып келе жатқандықтан, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Түркістанда апта сайын театр, музыка, қол-өнер және әдебиет саласында түрлі форумдар, фестивальдер өтіп жатыр. Мұндай іс-шаралар жастардың мәдени білімін арттырып қана қоймай, шығармашылық дамуына да ықпал етеді.
Үшіншіден, Түркістанның мәдени орталық ретінде дамуын ұлт руханиятының темірқазығы деп атауға болады. Қала тек рухани астана ғана емес, болашақта Қазақстанның мәдени туризм орталығы болуы керек. Бұл үдерісте де жастардың рөлі ерекше, себебі олар осы мәдениетті әрі қарай дамытып, жаһандық деңгейде танытуға атсалысады.
Қысқасы, Түркістанда атқарылып жатқан мәдени іс-шаралардың жастардың ұлттық рухын көтеруге, болашақтағы қадамына әсері мол. Олар өз тарихын, мәдениетін жаңа форматта дамыта отырып, жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтауға ықпал етеді.
– Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы кітап оқу екенін еске салды. Айтыңызшы, жаппай кітап оқитын ұлтқа қалай айналамыз? Президент бастамасы өңірде қалай жүзеге асырылып жатыр? Жас ұрпаққа кітап оқытудың кітапхана ғимараттарын салудан басқа қандай жолдарын ұсынар едіңіз?
– Мемлекет басшысының Түркістандағы Ұлттық құрылтайда айтқанындай, озық ойлы ұлт қалыптастыру үшін кітап оқуды насихаттау өте маңызды. Бұл – қоғамды рухани тұрғыдан дамыту үшін аса қажет қадам. Өйткені, адам кітап оқу арқылы ой-өрісін кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін дамыта алады.
Жалпы, жаппай кітап оқитын ұлтқа айналу ұзақ мерзімді қажет етеді. Ол үшін кітапханалар ғана емес, халықтың кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыратын ортақ мәдениет қалыптастыру қажет. Әр адам кітап оқуды өзінен бастап, оны дағдыға айналдырса, ұлттың интеллектуалды деңгейі арта түседі.  Қазір бұл бағытта облыста біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Оған дәлел ретінде кітапхананың жылжымалы пункттерін, мешіттердегі, орталық базарлардағы, әкімдіктердегі және әлеуметтік орталықтарда ашылған кітапханаларды айтуға болады. «Фараб» кітапханасының да Түркістан қаласында 5 жылжымалы пункті бар, ондағы кітапханаларға келушілердің де қатары қалың.
Президент тапсырмасына орай қала мектептерімен түзілген екі жақты келісімшарт негізінде кітапханалық танымдық іс-шаралар өткізіле бастады. Себебі, балаларды кітап оқуға көптеп тартуымыз қажет. Сұранысқа байланысты кітапшалар басып шығару ісін де бір ізге түсіруге мүмкіндік туады. Тағы айта кететін жайт, мектептерде «Бір ел – бір кітап», «12 айда – 12 кітап» байқаулары, мектеп оқушылары, мұғалімдер және мемлекеттік қызметкерлерден құралған «Оқырман», «Оқы, өзгеге ұсын», «Talk Like» оқырман клубтары да өз жұмыстарын жүргізуде.
Әрине, кез келген кітапхана оқырманға жайлы болуы қажет. Кітап оқу үшін кітапхананың кез келген жерін жайлы орынға айналдыру, әр жастағы оқырманның сұранысын қанағаттандыру – қазіргі кітапханаларға қойылатын басты талаптар. Бұл тек жайлы, үлкен, жарық кітапханаларда ғана оқырман бар деген сөз емес, ауылдық, аудандық кітапханалардың да оқырмандары жеткілікті. Қазіргі оқырман арасында дәстүрлі кітап оқу сәнге айналды деп айта аламыз.
– Міржақып Дулатұлының «Қай елдің баспасөзі күшті болса, сол елдің өзі де күшті» деген сөзі бар. Қазір бірсыпыра сарапшылар «ұзын-сонар мәтінді ешкім оқымайды» деген пікір қалыптастырды. Дәстүрлі БАҚ-тардың таралымы кеміп, есесіне, сайттар мен әлеуметтік желілер үстемдік құра бастады. Әлеуметтік желілерде өзін кәсіби журналистке балайтын блогерлер қаптап кетті. Бұл отандық журналистиканың кәсібилігіне, сапасына әсер етпей ме?
– «Әуелі, газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген Ахмет Байтұрсынұлының қанатты сөзі бар. Газет – тарихты таңбалап тасқа түсіретін, халықты сауаттылыққа шақыратын үлкен күш. Иә, жасыратыны жоқ, XXI ғасыр – ақпарат ғасыры. Қазір дәстүрлі БАҚ-тармен қатар әлеуметтік желілер қарқынды дамып кетті. Фейк ақпараттар, түрлі ақпараттық манипуляциялар осы әлеуметтік желінің әсерінен кейбір сыртқы күштердің құралына айналды. Ақпараттық соғыста кәсіби журналистер мен дәстүрлі БАҚ, телеарна, баспа басылымдардың рөлі басым. «Газет керек емес, ұзын-сонар мәтінді ешкім оқымайды» деу, меніңше, қате пікір. Газет – түйткілді мәселелерді көтеріп, халықтың мұң-мұқтажын жоғарыда отырғандардың назарына жеткізуші әрі халықты жақсы істерге жетелейтін тиімді құрал. Алайда, өңірдегі газеттердің қазіргі жағдайы көңіл көншітпейді. Бүгінде бір газетті шығаруға аз қаржы жұмсалмайды. Қағазды айтпағанда, типография бағасы да жыл өткен сайын қымбаттап барады. Оның үстіне, жас журналистер газетте жұмыс істегісі келмейді. Өйткені, жалақы мардымсыз. Ең өкініштісі, ұрпақтар сабақтастығы үзіліп қалды. Маман тапшылығы, жалақының аздығы бүгінде барлық газеттің бас ауруына айналып отыр.
Біз ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін, бүгініміз бен өткенімізді тарих ретінде қалдыру үшін газеттерді сақтап қалуымыз керек. Газеттер заман талабына сай оқырманға өтімді болу үшін мәселен, «New York Times»,  «The Washington Post» және т.б. газеттер секілді түрлі маркетингтік қадамдар жасау арқылы халықтың газетті қызыға оқуына жұмыс істеуіміз керек.
– Қазақтың өзіне ғана тән, ата-бабамыздан келе жатқан отбасы құндылықтары, ұлттық салт-дәстүрі бар. Соңғы кездері жастарымыз шөре-шөре күйге түсіп бара жатыр. Біреуі вахабит, біреуі гүленші, біреуі тәңірші, біреуі қос жынысты некені қолдайды, біреуі әсіреұлтшыл. Бұлардың бәрін ортақ идеологияға жұмылдыру үшін не істеу керек?
– Қазақтың салт-дәстүрлерінің орны ерекше. Халқымыздың әрбір ісінен, тіршілігінен салт-дәстүрдің иісі аңқып тұрады. Қазіргі таңда дәстүрлі емес діни көзқарастағы кейбір азаматтарымыз салт-дәстүрлерімізге менсінбеушілікпен қарап, оны құбыжық етіп көрсеткісі келеді. Осындай келеңсіз оқиғалар қазіргі қоғам ішінде жамағаттарға бөлінумен қатар туған-туыс, ата-ана, бауырлар арасына да іріткі салып жатыр.
Мұндай радикалды топтардың пайда болуы тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдармен тұспа-тұс келді. Дін саласындағы заңнаманың жұмсақтығы, дін үйренемін деген жастарымыздың шекара асып, ресми емес діни оқу орындарында білім алуы және сырт жақтан келген діни миссионерлердің ықпалымен дін түрлі топтарға, жамағатшылдыққа бөлінуге себеп болды. Осы кезеңде азаматтарымыз ақ пен қараны ажырата алмай, деструктивті дін уағызшыларының уытты уағыздарына имандай сенді.
Жалпы, мұндай дәстүрлі емес діни ағымдарға қарсы тұра алатын бірден-бір күш, ол – дәстүрлі ұлттық құндылықтарымыз бен дін. Кемеңгер ата-бабаларымыз бізге ұлан-байтақ жерді ғана емес, ғасырлар бойы бізді адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп, қазақтың баға жетпес ұлттық дәстүрлерін мирас етіп қалдырды. Бүгінгі жастарымыз осы рухани мирасты, ата дәстүрді, ғасырлар сынынан өтіп, сұрыпталып жеткен ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіре білсе, бүкіл қоғамның тәрбиесі түзелер еді.
– Бекзаттай саңлақты дүниеге әкелген Түркістан өңіріндегі спорт саласының бүгінгі даму деңгейін қалай бағалар едіңіз? 
– Былтыр облыс спортшылары қысқы сурдолимпиада ойындарында 1 қола медаль, Азия-Тынық мұхиты ойындарында 2 алтын медаль жеңіп алды. Жалпы, әлем, Азия және Қазақстан чемпионаттарында облыс спортшылары былтыр 1622 медальді қанжығаларына байлады. Сондай-ақ, Астана қаласында өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 32 спортшымыз қатысып, ел қоржынына  16 алтын, 10 күміс, 5 қола медаль салды. Бұл – өңірлер арасында ең үздік көрсеткіш.
Қазіргі таңда облыс аумағында 300-ге жуық спорттық ұйым жұмыс істейді. Оларда 87 611 спортшы спорттың 63 түрімен (36 Олимпиада және Азия ойындары бағдарламаларына енген, 10 ұлттық,  және 17 олимпиадалық емес) тұрақты түрде тегін шұғылданады. Олардың қатарында ұлттық құрама сапында бақ сынап жүргендері де аз емес. 616 спортшымыз  ұлттық құрама сапында ел намысын қорғайды. Бүгінде Олимпиада ойындарының бағдарламаларына енген спорт түрлеріне және ұлттық спорт түрлеріне басымдық беріліп жатыр. Бұдан бөлек, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында жыл сайын 3 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіледі. Оған 300 мыңнан аса адам қатысып тұрады. Олардың арасында ауылдықтардың үлесі басым.
– Президентіміз биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп белгіледі. Айтыңызшы, мәселеге идеологиялық тұрғыдан келгенде, қарапайым жұмысшылардың мәртебесін қалай көтеріп, рухын қалай асқақтата аламыз?
– «Жұмысшы мамандықтары жылы» – бұл қарапайым еңбек адамының мәртебесін арттыра отырып, кез келген мамандықтың қадірлі екенін ұқтыру. Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялаған сәттен бастап облыста ақпараттық-насихат жұмыстары белсенді жүргізіле бастады. «Тurkistan» телеарнасы еңбек жетістіктерімен ерекшеленген жұмысшы мамандар мен жас жұмысшылар туралы «Жүз күнде – жүз жұмысшы» атты арнайы жоба бастады. Сонымен қатар, «Жұмысшы мамандықтары жылына» орай «Адал азамат – адал еңбек», «Құрметті жан», «Біздің буын» атты бағдарламалар көрермен назарына ұсынылып жатыр. Облыстық газеттерде арнайы айдарлар ашылып, еңбек адамдары тұрақты насихатталып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Әлеуметтік желілерде қарапайым жұмысшылардың тіршілігі жөнінде бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Жұмысшы мамандықтары жылына орай түрлі байқаулар ұйымдастырылып, нағыз еңбек адамдарына арнайы сыйлықтар табыстаймыз.
Атап айтар болсақ, мектеп оқушылары арасында Jasskills шеберлік байқауы, «Табысты колледж» инновациялық конкурсы, жұмысшы мамандар беделін арттыру мақсатында спорттық жарыстар өткізу, «Үздік медицина қызметкері», «Үздік құрылысшы»  байқауларын өткізу,  кәсіпорындар арасында «Еңбек кубогы» спартакиадасын өткізуді жоспарлап отырмыз.
– Сіздің азаматтарды жиі қабылдап, олардың көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдайтыныңызды байқап жүрміз. Біздің өңірдің тұрғындарын негізінен қандай мәселелер алаңдатады?
– Қабылдауыма жазылған азаматтар көбіне мәдениет және спорт нысандарын салу, ескерткіш орнату, кітап шығару ісіне көмектесуімді сұрайды. Жеке мәселемен де келетіндер аз емес. Әрине, оларға әрбір айтылған мәселе заң аясында шешілетінін түсіндіреміз.
– Соңғы сұрақ, кітап оқуға, театрға баруға уақыт табасыз ба? Соңғы оқыған кітабыңыз қандай?
– Мемлекеттік қызметшінің уақыт кестесі өте тығыз. Дегенмен, арасында Түркістан музыкалық театрына, Р.Сейтметов атындағы сазды драма театрына барып, жаңа қойылымдарды тамашалап тұрамын. Дәл қазір Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» кітабын оқып жатырмын.
– Әңгімеңізге рахмет! Алдағы жұмысыңызға толағай табыстар тілейміз!
 
«Оңтүстік Қазақстан».

Leave a reply