Воскресенье, 2 марта

ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ТҰРМЫСТЫҚ САЛТ-ДӘСТҮРЛЕРІНЕ НЕ ЖАТАДЫ?

0
15

Тұрмыстық салт-дәстүрлер қазақ этнография ғылымының ең үлкен салаларының бірі. Тұрмыстық салт-дәстүрлер сонау ескі заманнан басталып ұлтымыздың егіншілік, мал шаруашылық, орманшылық, аңшылық, теміршілік, сушылық, шипагерлік қатарлы алуан салаларман тамырласып жатады.

Қазақтың төрт түлік мал, аңшылық, егіншілік, балықшылық, ағашшылық, зергершілік, кестешілік секілді ұлттық өнерлері, киіз үй мәдениеті, үй жиһаздары, ыдыс-аяқ, ұлттық тағамдардың түрлері мен ерекшеліктері, ас-су және дастарқан әзірлеу, ұлттық киім-кешек қатарлы қыруар тұрмыстық салт-дәстүрлерімізді тереңнен тану, мән-мағынасын түсіну, зерттеудің маңызы өте зор.

Ата-бабаларымыз атам заманнан бері жылқы, сиыр, түйе қатарлы төрт түлік мал өсіруге ерекше мән беріп келген. Халқымыз төрт түлік малға қатысты аңыз, ертегі, өлең-жырларды өте көп шығарған. Сонымен бірге төрт түлік малдың иесі бар деп қарап, «Жылқы пірі – Қамбар ата, қой пірі – Шопан ата, түйе пірі – Ойсыл қара, сиыр пірі – Зеңгі баба, ешкі пірі – Шекшек ата» деген таным-сенім қалыптастырып, төрт түлік малды қорласа оның иесі шамданады деп ырымдап отырған.

Тұрмыстық салт-дәстүрлерде төрт түлік малға айғайлап ұрысуға, «Кет» деп зекуге, жатқан малдың үстінен аттауға, малға қарап дәрет сындыруға, малға теріс қарап мінуге, малдың өрісін бұзуға, түнде далаға мал шығаруға, ұрлық істеген, өтірік айтатын адамға мал бақтыруға, өзі баққан малды өзі союға болмайды. Малжанды қазақ баласы наурыз айында туылған төлді «Наурыз төлі» деп ырымдап, «Төл басы» ретінде қастерлеп, соймай, сатпай, сыйға бермей ерекше күтімге алып баққан.

Қазақ халқы төрт түлік малдың ішінде жылқы түлігін ерекше қастерлеп, «Жылқы ер-қанаты», «Ат – адамның серігі, ит – малдың серігі» деген қанатты сөздер шығарған.

Тарихи материалдар мен батырлар жырында айтылуларға қарағанда, ел үшін еңіреген қазақ батырларының ата жаулармен болған қиян-кескі шайқастарда қуса жететін, қашса құтылатын тұлпарлары болғандығы сөз болады. Мысалы: Қобыландының Тайбурылы, Ертарғынның Тарланы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қара қасқасы, Қабанбай батырдың Қубас аты, Қангелді батырдың Қарт күреңі, Райымбек батырдың Көк ойнағы, Ер Жәнібектің Көк дөнені қатарлы атақты тұлпарлар мен сайгүліктер болған. Батырлар қиын-қыстау кездерде өздерінің мінген тұлпарларын сенімді серігіне санаған. Ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының «Аттың сыны»  атты өлеңі қасиетті жылқы түлігінің түр-тұлғасы мен сынын ең тамаша бейнелеп берген. Жылқы түлігіне байланысты бәйге, көкпар, қызқуар, теңге ілу, аударыспақ, қамшы тастау, түрлі ат секірту қатарлы спорттық ойындар өткізіледі.

Қазақ үйірлі жылқысының ішінен біреуге мал ұстап берген кезде, сол жылқының жалынан бір тал қылды жұлып алып, оған сол жылқының сілекейін жағып алып қалып отырған. Бұны халық «Сілекей сірне» деп атаған. Бұнысы – әлгі жылқымен бірге ырыс кетпесін деп ырымдағаннан туған таным. Қазақ баласы көп мінген ардақты атын қартайғанда соғымға сойып, басын қастерлеп ағашқа немесе биік жерге іліп қойған.

Қазақ халқы тұрмыс-тіршілігі барысында тағам мәдениетіне ерекше көңіл бөліп – «Ас – адамның арқауы», «Асқа адалдық, денге саулық берсін!» деген секілді мақал-мәтелдер шығарып, өздері азықтанатын тағамдарының түрін молайтып, сапаландырып отырған.

Ертеректе халқымыз жылқы, сиыр, қой, ешкі етін көбірек тұтынған. Кей жерлерде түйе, қодастардың етін де азық еткен. Төрт түлік малдан сүт, қаймақ, уыз, қатық, кілегей, айран, іркіт, сарымай, құрт, ірімшік, қымыз, шұбат, қуырдақ қатарлы дәмі тіл үйіретін тағамдар жасалса, астық дақылдарынан нан, бидай көже, арпа көже, бөкпе, жарма, жент, қарма, қаттама, май шелпек, бауырсақ, тары, талқан, бөктерме, тағы басқа тағамдар жасаған. Сонымен бірге халықтық тағамдар арқылы науқас адамдарды да емдеген.

Қазақта қонақ күту үлкен мәдениеттілік есептеледі. Келген қонақтың мәртебесіне, жасының үлкен-кішілігіне қарай сый-құрмет көрсетіледі. Қонақтарға тартылатын табақтың түрі көп. Қонаққа тартылатын табақ түрлері – бас табақ, қос табақ, сый табақ, күйеу табақ, келін табағы, жастар табағы, жай табақ болып бөлінеді. Сыйлы қонақтарға бас табақ тартылады. Бас табаққа бас, жамбас, ортан жілік, белдеме, қазы, қарта, жал, жая салынады. Егер жай табаққа тартылатын жауырын, тоқпақ жілік, қабырға, омыртқа бас табаққа тартылса, үлкен білімсіздік, көргенсіздік, тәрбие көрмегендік есептеледі.

Қазақ «Қонақ – қызыр», «Қонақ – құт» деп таныған. Қонақты «Құтты қонақ», «Құтсыз қонақ» деп екіге бөлген. Бұлай айтудағы себеп үйінде бірер көңілді жағдай болса, оны «Құтты қонақ», көңілсіз жағдай болса, оны «Құтсыз қонақ» деп ырымдаған. Жолы жақсы құтты қонақты «Ақ жолтай қонақ» болды деп, жора-жосын жасап құрметтеген.

Халқымыздың тұрмыстық салт-дәстүрінен орын алған ұлттық қолөнер бұйымдары, дәмді тағамдарымыз, киім-кешектеріміз туған жердің саяхат кәсібін дамытуда, экономикамызды жандандыруда, әйгілі бренд өнімдер жаратуда ерекше маңызды рөл атқарады. Біз өзіміз жаратқан асылымызды туысқан ұлттарға кеңінен таныстырып, өзіміз кәдеге жарата алсақ, нұр үстіне нұр болар еді.

Әлеуметтік салт-дәстүрлер

Халықтық салт-дәстүрлер ғасырдан — ғасырға, ұрпақтан — ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес асыл мұра. Ата салт-дәстүрлеріміздің қайнар көзі ежелгі Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Алан, Дулат, Түркеш, Албан, Найман, Керей, Қыпшақ қатарлы ру-тайпа, ұлыстық дәуірлерден бастау алған. Ұзақ ғасырларда қалыптасқан ата салтымыздың ішінде әлеуметтік салт-дәстүрлер ерекше орын алған.

Ұлтымыздың әлеуметтік салт-дәстүр мәдениеті үй болуға байланысты кәделер (құда түсу, құдаларды қарсы алу, қыз жасауы, келін түсіру, тағы басқалар), өлім жөнелту (естірту, көңіл айту, өлген аламды жерлеу, дауыс айту, қырық нәзірін, асын беру), наурыз мерекесі, ораза айт, құрбан айт өткізу, ақындық-шешендік өнерлер, бата-тілек, ақындар айтысы, халықтық музыка аспаптары, сал-серілер, туыстық қарым-қатынас қатарлы алуан мазмұндарды өз ішіне алады.

Той жасау – бір отбасының, бір рудың қуанышы болып қалмастан бүкіл бір ауылдың қуанышы есептеледі. Қазақта қыз ұзату тойы мен сүндет той ерекше дабыралы өткізіледі. Тойға туыс-туғандар, алыс-жақындағы ағайын, дос-жарандар, тіпті басқа ұлт өкілдері де шақырылады. Қазақта «Той – құдайдың қазынасы», «Той десе қубас домалайды» деген қанатты сөздер айтылады.

Тойға сойылатын малдың түсі де таңдалып алынады. Мысалы, түйе болса ақ, жылқы болса көк қасқа, қой болса ақ сарбас немесе қызыл қасқа болуды шарт етеді. Тойға малға бата жасатқанда, береке-бірлікті ұйытқы етіп басқа рудың әйгілі адамдарына, көпті көрген беделі жоғары қарттарға бата жасатады. Тойға алыстан қымыз әкелгендердің сабаларының түбіне бір-бір жіліктен «Салым» салып қайтаратын жора болған.

Дабыралы өткізілетін той мен астарда ат бәйге, қызқуар, жорға, ат секірту, балуан, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, жаяу жарыс, ақындар айтысы қатарлы халықтық ойындар мен өнерлер көрсетіледі. Жүлделі болғандарға жол беріледі.

Қыз ұзату тойында «Тойбастар», «Жар-жар», «Сыңсыма», «Қоштасу» қатарлы өлең-жырлар айтылады. Тойда айтылатын «Тойбастар» жырында:

Өлеңді тіл бастайды, ән қостайды,

Екеуі тыңдағанға ой тастайды.

Ақындық атасынан үзілмеген,

Өлеңді біз тұрғанда кім бастайды? – деп, той бастап, өлең айтушы өз кәдесін алады.

«Беташар» жыры келін түскенде айтылатын халқымызда ежелден жалғасып келе жатқан дәстүрлеріміздің бірі. Жаңа түскен келіннің бетін ешкімге көрсетпей желек (жұқа жібек салы) жауып әкеледі. Той иесінің жақын туыс-туғандары жиылып, келіннің бетін ақын жігітке ашқызады. Мұның мағынасы жас келіннің әдеп-ғұрыпты білу, ибалы болуға тәрбие беріп, болашағына жол сілтейді.

Міне, осындай өлең-жырлар арқылы жас келінге әдепті, ибалы болу тәрбиесін жүргізіп, өсек-өтіріктен аулақ болуды ескертіп, бір отбасының ғана емес, бір ауылдың үлгілі келіні болуға баулып отырған.

Наурыз мерекесі – Қазақ халқының өте жоғары бағалап, қастерлеп өткізетін тарихы ұзақ ұлттық мерекелеріміздің бірі. Наурыз – жаңа жыл мен жаңа күн басталған қасиетті күн. Қазақ күнтізбесі бойынша жаңа жылдың басы, әр жылдың 22-ші наурызында күн мен түн теңеліп, ұлыстың ұлы күні – наурыз басталады. Ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеев наурыз мейрамы туралы «Қазақтың қазақ болғанда, өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама» деп айтса, ұлы ақын Абай «Ол күнде наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамша қылады екен», – дейді.

Наурыз жырында халқымыздың жаңа жылдың басы болған ұлыстың ұлы күнін тойлау, қуанышты көңіл-күйге қатысты тілектер бейнеленіп отырған.

Наурыз көже – ет, сүт, су, тұз, бидай, құрт, жеміс сияқты жеті түрлі дәмнен жасалады. Наурыз күні басқалармен ренжісуге, көңіл ауыртатын ауыр сөз айтуға тыйым салынады. Өйткені «Жыл басы қалай басталса, соңы да солай болады», – деп ырым жасаған.

Қазақ халқы өлімді айрықша қастерлеп жөнелткен. Қазақта жан үзген адамға қарата «өлді», «өліп қалды» деген сөздерді қолданбаған. Қайта «қайтыс болды», «дүние салды», «қаза болды», «дүниеден өтті» деп айтқан. Қайғылы, қазалы хабарды естірткенде атпен шауып келіп, шеткі үйге ғана хабарлайды. Ол үй қасындағы көрші отырған үйлерге хабарлайды. Қайтыс болған адамның сүйегі үйінде бір күн не үш күн түнейді. Қайтыс болған адамның киімін төсегінің тұсынан жіп тартып іліп қояды. Қаза болған адамның тірі кезінде мініп жүрген атының құйрық-жалы күзеледі. Мұны «Тұлданған ат» деп атайды. Көші-қон кезде тұлданған атқа қайтыс болған адамның ер-тоқымы ерттеліп, оған шапан жауып, ердің қасына тымағын кигізіп жетелеп жүреді. Марқұмның жыл уағы толғанда тұлданған ат сойылады. Ат сойыларда жоқтау айтып отырған қыз-келіншектер атқа таласып, атпен қоштасады. Соңында ат сойылып, қайтыс болған адамның жылдығы беріліп, асын өткізеді.

Қазақ өлім жөнелтуде үлкен сын көзбен қарайтын болған. Сондықтан халық: «Өлім байдың малын шашады, кедейдің артын ашып кетеді» деп түсінген. Қайтыс болған адамға қаралы үйдің әйелдері мен қыздары жылдық асын бергенге дейін жоқтау, дауыс айтқан. Егер қайтыс болған беделді адамға қаралы үйдің адамдары дұрыстап жоқтау айтпаса, ауылдың қазыналы қариялары жағынан сын айтылған.

Өлім жөнелту дәстүрінде көңіл айту, жаназа шығару, жерлеу, жетісін, қырқын, жылдығын(асын) беру, жоқтау, дауыс айту, ат тұлдау, ту тігу, ине-жіп үлестіру, жүк түзеу, қазан күйдіру, тағы басқа жосындар түгел орындалуы шарт. Сонда ғана ел-жұрты өлімді жақсы жөнелтті, марқұмның аруағы разы болды деп қараған. Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөз осыған қаратылса керек.

Мен бұл мақалада қазақтың дәстүрлі этнография мәдениеті туралы қысқалай шолу жасадым. Жүйелі зерттеу алдағы күндердің міндеті.

Қазақтың дәстүрлі этнография мәдениетінің тарихы өте тереңге тамыр тартып,халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасып кеткен. Бір ұлттың мәдениеті сол ұлт қалыптастырған аса бай халықтық этнография өркениетінің деңгейімен өлшенеді. Әр қандай ұлт өркениет биігінен көрінемін десе, оның құнарлы, бағалы, кемелді халықтық этнография мәдениеті болу керек. Халықтық этнография – ұлтымыздың тілін, әдебиетін, салт-дәстүрін, ырым-тыйымдарын, шежіресін, тағы басқасын тарихтан-тарихқа үзбей жалғап келе жатқан алтын көпір.

Қазақ этнографиясы – ұлтымыздың  зат-тық мәдениеті мен рухани мәдениетін зерттейтін ғылым. Оның арнасы кең, мазмұны мол, жан-жақтылы ізденуді қажет ететін салмағы ауыр ғылым екенін  есімізден  шығармағанымыз  жөн.

Leave a reply