Понедельник, 3 марта

ТҮРКІСТАН: САЛТ-ДӘСТҮР — РУХАНИ-МӘДЕНИ АЗЫҚ

0
19
Қазақ халқы – салт-дәстүрге өте бай халық. Ал салт-дәстүрге бай болу елдің мәдениетті әрі тәрбиелі екенін айғақтайды. Салт-дәстүр – ел өмірімен біте қайнасып кеткен рухани және мәдени азық. Біздің халқымыз өз ұрпақтарын қасиетті салт-дәстүрмен, өнегелі әдет-ғұрыппен, ырым-тыйыммен тәрбиелеп, ұлағатты ұл мен инабатты қызды теріс жолға түсірмей тәрбиелей білген. Қазақтың салт-дәстүрінде көп мән — мағына бар. «Мейірімділікті анадан үйрен, әдептілікті данадан үйрен» дегендей, көп әдепті де,тәртіпті де, тәрбиені де қазақтың салтынан үйренуге болады. Себебі, салт-дәстүр тұнып тұрған тәрбие. Б. Момышұлы «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбилеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деп жазады. Бұдан отаншылдық, ерлік, мәрттік, жомарттық, адамгершілік қасиеттердің бәрі салт-дәстүр арқылы даритынын түсінуге болады. Яғни, салт-дәстүр адамды адастырмас тура жолмен жүруге, жөн-жосықты біліп, үйренуге және өмірде қолдануға үгіттейтін мызғымас заң іспетті десек те болады. Ресей шығыстанушысы, этнограф, археолог, Петербург Ғылым Академиясының академигі В.В.Радлов: «Қазақтар — әдет-ғұрып, салт-сана, тіл жағынан біртұтас ұлт»-деп айтып кеткен. Ал дәстүр мен ұлт мәдениетін үйретудің басы – ана тілі. Б.Момышұлы «анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деп жазған. Тіл мен ұлт мәдениеті, ұлттық сана, салт-дәстүр – біртұтас ұғым. Олар этностың ең негізгі көрсеткіштері. Сондықтан халықтың өткен жолын, даму кезеңдерін сол этноспен бірге дамып келе жатқан тілінің деректері арқылы да анықтауға болады. Біздің мақсатымыз – осы тіл деректері арқылы халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, діни наным-сенімдерін ашып көрсету. Ғ.Мүсіреповтің сөзімен айтар болсақ: «Қазақ халқы бар тарихын көше жүріп өткізсе де, батпаққа батырмай, құмға шашпай, жұртында қалдырмай, шабындыға шалдырмай, барлық жинаған сөз байлығын, күй мен жырын бізге жеткізді. Бұл бәрімізге де қымбатты мұра, бай қазына». Осындай бай қазынаны жас ұрпаққа жеткізу – біздің міндетіміз. Атамыз қазақ айтқандай «Жақсы заңын болғанша, жақсы дәстүрің болсын»-деп бекер айтпаса керек. Салт-дәстүр-әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы. Ар-ұжданның ақ туын көтерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына осыншалықты кең-байтақ атамекенді мұра қылып қалдырды. Сонымен қатар бізге ең басты байлық-дін дәстүрлерімен өрілген теңдессіз ділімізді, ұлттық болмысымызды, салт-сана, әдет-ғұрпымызды атаның батасымен, ананың ақ сүтімен бойымызға дарытқан. Ендеше «жаным арымның садақасы» деген баһадүр бабаларымыздың салып кеткен сара жолынан айнымағанымыз жөн. Салт-дәстүріміздегі қонақ асы туралы Шортанбай ақын: Құдайдан қорыққан мұсылман, Қонаққа сояр лағын,–дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қонақпен еріп келетін құт жайлы: «Жақсылық қонақ күтілген үйге пышақтың түйенің өркешіне жетуінен бұрын жетеді»,–деп баяндаған. Хадисте айтылған жақсылық – Алланың берген нәсібі. Қонақ келсе жалғыз атын сойып берген бабаларымыз осы нәсіптен құр қалмауға қам жасап: Кісіні көрсең есікке, Жүгіре шық, кешікпе, Қарсы алмасаң мейманды Кесір болар нәсіпке! Қонақ келсе үйіңе құрметтеп ал, Көңілін оның қалдырма, хақтан ұял. Пәле кетіп, қонақпен рақмет келер, Ырза қылып әркімнен бата алып қал,–дейді. Пайғамбарымыздың тағылымдарынан нәр алған халқымыз: «Қонақпен еріп құт келеді», – деп, даналық қорытынды жасаған. Қорыта келе «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар»-демекші, салтын сүйген әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт-дәстүрінің жанашыры болатындығына сеніммен айтуға болады. Дәстүрлi мәдениеттiң құндылығын ХХ ғасырдың басында Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Халел Досмұханбетов басқа да қазақтың бiртуар азаматтары табиғи күйiнде, тәрбиенiң ажырамас бөлiгi ретiнде түсiндi. Олар ұлтымызды оянуға, бiлiм алуға, сауатты болуға шақырды. Кейiн бұл арыстардың көбi қазақ алфавитiн құрастыруда, оқулықтар жазуда, қазақ фольклорын жинақтауда, газет шығаруда, уағыздау жұмыстарын жүргiзуде көптеген жұмыстар атқарды. Мiржақып Дулатов өзiнiң мақалалары мен өлеңдерiнде «бiлiмдi мыңды жығады, бiлiктi бiрдi жығады», «жақсымен өткен мәжiлiстiң бiр сағаты бiр жылға тең», «шығады асыл – тастан, өнер – жастан, тәрбие тәуiр болса әуел бастан» деген қанатты сөздер мен өлеңдерiнде, мақалаларында алға тартып, халқын оқу-бiлiм алуға шақырады. Одан кейiн тәрбиенiң рөлi жөнiнде: «Жылқы бiткен дүлдiл болмайды, құс бiткен бұлбұл болмайды»,– дей келiп, – «Адам баласы да солай. Жұрттың бәрi шешен, әнші, ақын, данышпан болып туа бермейдi. «Күйсiз көлiк жүрмейдi» деген бар. Дүлдүлге де күй керек, бұлбұлға да жайлы орын, көңiлдi бақша керек. Адам баласы бәрiнен де артық күй таңдайды. Туысында қанша зеректiк болса да, ғылымсыз, тәрбиесiз кемелiне жетпейдi. Кiмде-кiм өзiнiң табиғатында не нәрсеге шеберлiк барын сезiп, өз жолына түссе ғана көзге көрiнедi, – дейдi. Этностық пен өзiндiк менталитеттiң өзiндiк ерекшелiгi мен даму сипатына байланысты қалыптасатын халықтық педагогика проблемалары этнопедагогикалық мәселелердi түсiнуге мүмкiндiк жасайды. Сонымен бiрге дәстүрлi өнердiң табиғи сипатын, оның шығу көздерiн ұғуда бұл түсiнiктерге ғылыми сараптама беру құрғақ дау-дамайды азайтады деп ойлаймыз. Оның үстiне әр терминдi, ұғымды өз ретiнде пайдалануға жағдай жасамақшы. Дәстүр (латынша, traditio — жалғастыру) – тарихи қалыптасқан қоғам үшiн пайдалы, ұрпақтан-ұрпаққа берiлiп және белгiлi уақыт аралығында сақталып отыратын адамзат тәжiрибесiнiң жалғастығы мен жиынтығы, мәдени мұрасы: әдет-ғұрыптар, ырымдар, жүрiс-тұрыс қалыптары мен тәртiптерi, үрдiстер, жөн-жоралғылар, мейрамдар, салтанаттар және т.б. Адам қажеттiлiгiн өтейтiн барлық құндылықтар – материалдық, әлеуметтiк және рухани құндылықтар – дәстүрдi құрайды. «Салт-дәстүр – тiл мен мәдениет бастауларының анасы»,–  деген 18 ғасырдағы немiс ағартушысы И.Г.Гердер оның жазба мәдениет пен азаматтық қоғам қалыптасқанға дейiнгi уақыттағы мәдениеттi тасымалдаушы маңызын бағалап отыр. Дәстүр ұғымы «сабақтастық», «мәдени мұра», «төлтумалық», «ерекшелiк» түсiнiктерiмен тығыз байланысты. Ғылыми талдау олардың айырмашылығын талап етедi. «Сабақтастық» – тарихи-мәдени тәжiрибе процесiндегi жаңа мен ескi арасындағы объективтi қажеттi байланыс. Бұл байланыс тұтастықты қамтамасыз етедi және мәдениеттiң үдемелi дамуының алғышарты болып саналады. «Мұра» – бұл уақыт ағымында өзгермейтiн өткенге қатысты рухани-мәдени материал және ұрпақтардың рухани дамуының iргетасы болып табылады. «Төлтумалық» өзiндiк дамуға бағытталған қоғамның динамикалық принципi, оның «өмiрлiк ядросы» деген ұғымды бiлдiредi. Нағыз мәдениет, төлтумалылығымен, бiрегейлiгiмен (идентичность – identity) дараланады. А.Сейдiмбековтың сөзiмен айтқанда: «Елiктеудiң шын аты – қайталау. Рухани сұғанақ (плагиат) болған ел, бiрiншiден өзiнiң болашағынан айрылса, екiншiден өзгенiң асылын малшылайды». Дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар жанұяда қалыпты қатынастардың бекiтiлуiне, үлкен мен кiшi арасындағы қатынастарды, қалыптар мен ережелердi игеруге, шаруашылық жүргiзудiң қалыптасқан тәжiрибесiн жалғастыруға, еңбекке баулуға, ұлттық мәдениет пен тарихты қадiрлеуге, ұлтжандылық тәрбиесi мен туған жерге деген сүйiспеншiлiктi арттыруға, эстетикалық және көркем мәдениеттi сақтауға жағдай жасайды. Белгiлi уақыттарда күшейе түсетiн дәстүрге қайта бет бұру, оны зерттеуге ұмтылу тарихтағы өтпелi кезеңдерде ерекше мәнге ие болатын қоғамдағы үлкен қызығушылықтан туады. Мұндай жағдайда қоғамның рухани өмiрiнде «қайта өрлеу», «жаңғырту», «реставрация», «ревайвал» сияқты мәдени элементтер орын алады. Дәстүрлi құндылықтар жүйесi дағдарысқа ұшыраған тұста дәстүрлердi заман талабымен үйлестiру мәселесi туындайды. Бұл жағдайда қоғамда «дәстүршiлдiк», «жаңашылдық», «архаистiк», «батысшылдық», т.б. тенденциялар пайда болады. Қазақ халқының дәстүрлi мәдениетi кеңес дәуiрi тұсында тоталитарлық режимнiң қысымымен «мазмұны пролетарлық, түрi ұлттық социалистiк мәдениет» деген ұранмен мәдени қуғындаушылықты бастан кешiрдi. Оның салдары ұлттық сананың мәңгүрттенуiне әкелдi. Қазақстан Республикасы өз тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн 90-жылдардың алғашқы жартысында халқымыздың ұлттық дәстүрлерiн қайта жаңғырту барысында бұқаралық сипатта көптеген iс-шаралар атқарылды. Ал соңғы жылдарда нарықтық экономиканың өмiрге терең енуi мен батыстық өркениеттiң «жемiсi» – бұқаралық мәдениеттiң дамуына барынша керi әсерiн тигiзуде. Ұмыт қалған дәстүрлер мен ұлттық дүниетаным ғылыми тұрғыда зерттеле бастады. Ә.Марғұлан, Х.Арғынбаев, Ө.Жәнiбеков, Ә.Тәжiмұратов, С.Ақатай, М.С.Мұқанов, А.Сейдiмбеков, С.Қасиманов, Б.Байжiгiтов, Н.Шаханова т.б. еңбектерiнде дәстүр философиялық-этнографиялық-мәдениеттанымдық тұрғыда жан-жақты қарастырылады.

Leave a reply