СОЗАҚ: Сүйінші, шөптің бағасы реттеліп келеді!

0
107

Оқырмандарымыздың есінде болса, екі- үш жыл болды әр жаз маусымы келген сайын төрт түлік малдың жем- шөбін дайындау жүдә өзекті мәселе боп алды. Әйтпесе, сонау кеңес заманынан бері де ауыл және мал шаруашылықты біздің ауданымыз үшін малдың қыстайғы азығын дайындау өзекті шаруа болатын. Ал енді, бұл шаруа қожалықтарға және тұрғындардың қолында бар малының жем- шөбін дайындау науқанын бұрынғыдан да өзекті етіп отырған не нәрсе? Әрине, бірінші кезекте социализмнен капитализм деп аталатын жүйеге өткеніміз. Мәселен, кеңес кезінде компартия бар еді дағы барлық жұмысты жүйелеп қоятын. Нәтижесінде, елдегі жұмыстың барлығы сағаттың тіліндей ретімен сырғып отыратын. Қадағалау мықты болғандықтан, жуапкершілік те мықты еді. Оның үстіне, бәрі қоғам үшін деген психология бар еді дағы жекеменшік деген мүдде мүлдем жоқ болатын.

Ал қазір бәрі жеке меншіктік мүдде тұрғысынан қарайды және жергілікті билік бұл тұрғыда кәсіпкерлерге бірдеңе деп бұйыруға заң алдында қауқарсыз. Бар болғаны: «Бұлай етсек болмай ма, олай етсек қалай болады?»- дан аса алмайды. Мұны, бұқара халықтың сұрануымен осы жем- шөптің бағасын реттеу үшін ауданнан шығатын жұмысшы топтың құрамында жүрген соңғы үш- төрт жылда анық аңғардым. Жылда, Жартытөбенің халқы Жондағы шөптің тым қымбаттап кеткенін айтып аудан әкімдігіне шағымданады. Соның нәтижесінде, аудан әкімдігінің ауылшаруашылық бөлімінің ұйымдастыруымен Ардагерлер, Қоғамдық Кеңес мүшелері, мәслихат депутатттары, БАҚ өкілдерінен жасақталған жұмысшы топ Жонға барамыз.

Аудан және ауыл халқы, жұмысшы топ өкілдері және осы ауылшаруашылығы саласында жүрген кәсіпкерлер болып, жем- шөптің жайын сөз етеміз. Әуелі, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің қызметкерлері арнайы дайындап барған калькуляциямен жиналғандардың барлығы танысады. Нақты дайындалып барған калькуляцияны кәсіпкерлердің өздері мойындауға мәжбүр болады. Айтар уәждері болмаған соң, жылдағы әдеттері бойынша жиылған көпшілктің алдында мамандар дайындап барған калькуляциядағы бағаға өздерінің үстеме бағаларын қойып, ортақ мәмілеге келеді.

Артынша, барша жиналған жұртшылық бәтуәласып, ауыл ақсақалдары бата беріп тарқасамыз. Тіпті, былтырғы жұмысшы топтың құрамында бұрынғы аудан әкімі Салыхан Полатовтың өзі де болды. Сонымен, бұқара мен биліктің арасына алтын көпір боп жүрміз дегенге масайрап, жергілікті БАҚ өкілдері бұл бәтуа жөнінде өкіртіп аудандық Созақ үні газетіне үндеу мақала етіп жариялаймыз ғой кеп. Бірақ, нәтиже жоқ. Себебі, бұқара да билік те кәсіпкерге өтініш айта алады, бұйыра алмайды. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай кәсіпкердің құқығы заңмен қорғалған. Заңмен қорғалмай тұрған тұтынушының ғана құқығы. Негізінде, тұтынушының құқығы жөнінде де заң бар, бірақ жұмыс істемейді. Бәлкім істеп те жатқан шығар, біз, бұқара халық әлі- әзір оның пайдасын көре алмай отырмыз. Әсіресе, былтырғы жылы еліміз бен облысымыздың бірқатар аймақтарында қуаңшылық орын алып, шөп шықпай қалды да шөптің бағасы шарықтап кетті. Асылында, біздің ауданымызда шөп былтыр бітік шықты, бірақ, көршілерімізде болмағаны үшін солар тура егістіктің басынан қымбат бағада сатып алып, тасып алып кетті. Міне, бұл жағдайда да «Әй- дейтін әже, қой- дейтін қожа» табылмады. Әрине, бұл ретте жұмыс атқарылмады деуге болмас. Бірақ, бәрі нәтижеге байланысты ғой, ол бізде нөл болды. Есесіне, суармалы жоңышқаның бағасы 1000 т мен 1500 теңгенің арасында шарықтап тұрды. Суармалы емес жоңышқа мен дала шөбінің бағасы да сол мың теңгеге жете жығылды. Кәсіпкердің қалтасы қампайды, ал, халықтың тұрмысы талтайды. Міне, осы жағдай биыл тағы да қайталанбас па екен деп елеңдеген ел бұл жолы ерте бастан шуласты. Көктем шығып, жаз кіргелі жерлестеріміз барлық әлеуметтік желілерде осы жем- шөп бағасын талқылаумен болды. Сондай бір талқылау таяуда, Шолаққорған ауыл әкімі Әділ Елібаевтың есеп беру жиынында орын алды. Парасаттықтар мен жергілікті қоғамдастықтың мүшелері, ауыл шаруалығына қатысты бөлімдер мен шаруа қожалық иелері қатысқан жиында көптеген өзекті мәселелердің арасында осы жем- шөп бағасы да болды. Нәтижесінде, кешегі аптаның соңында ауданнан жұмысшы топ шығып, Шолаққорған ауылындағы жүк-көліктері тұратын тұраққа және жерлестеріміз Жон атап кеткен егістік алқаптарына барып қайттық. Байқағанымыз, жылда бұқара мен билік өкілдері шулай жүріп реттей алмаған шөптің бағасын биыл Құдай реттепті. Қалай дейсіз ғой? Былтырғыдай емес, биыл көктемгі жауын- шашын көл- көсір болып, еліміз бен облыс аумағы шөпке көміліп қалды. Нәтижесінде, ауданымызға көршілес облыс, аудандардан шөп тиеген жүк көліктері ағылып келуде. Әрине, ә дегенде суармалы жоңышқаның бағасын 900 теңге деп тіренген алып сатарлар, толассыз жауған жауынның салдарынан жоңышқаны 700-650 теңгеге, ал, дала шөбін 500- 450 теңгеге түсіруге мәжбүр болды. Өйткені, біріншіден, шөп көп. Екіншіден, орылып егіс даласында жатқан шөптің барлығы дерлік көгеріп, жарамсыз боп қап жатты. Меніңше, бұл кәсіпкерлерге сабақ болды. Ал енді, қай кезде де аудан тұрғындарына шөптің көп бөлігін беретін Жондағы егістік алқаптары, жоңышқаға да бидай мен арпаға да бітіп қапты. Бұны, өткен Бейсенбі күні Жонға барғанымызда байқадық. Уақыттың тапшылығына қарай бір ғана «Бабата- 1» ЖШС- ның иесі Сәуле апайымыздың ұлы Абылаймен ғана жолығып, сұхбаттасудың реті түсті. Абылайдың сөзінен ұққанымыз, биыл бидай да, жоңышқа да жылдағыға қарағанда бітік шығыпты. Нақтырақ айтсам, 150 гектар жерге егілген көктемгі бидайдың белуардан келетінін ортасына бойлап барғанымызда аңғардық. Ал, былтырғы еккен жоңышқасы орылып, дестеленіп, гүлімен (пәрігімен) жатыр екен. Бағасын 600 теңге деп тұр екен, аудан тұрғындары атынан біраз саудаласып, 500 теңгеге келістірдік. Әрине, бұл үшін Абылай інімізге рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен, Шолаққорған ауыл әкімдігіне қарасты шаруақожалық иелері суармалы жоңышқаның бағасын әлі де болса 900- 800 теңге деп, әлі де қасарысып отыр.Кейіпкеріміздің айтуынша, жоңышқалықтың көлемі 200 гектарды құрайды екен. Соның ар жағында жерлесіміз Сапаров Мараттың егістік алқабы бар екен. Арпа егіпті деген соң барып көріп едік, бұл егістік алқабы да керемет жайқалып тұр екен. Ең бастысы арпаның да бидайдың да дәндері кәдімгідей толық екен. Былтыр кәсіпкерлер түсіріп жіберген көңілімізді биыл Құдайдың өз көтерді. Жайқалып тұрған Жонның егіс алқаптары көздің жауын алатындай еді. Бір өкініштісі, алдыңғы жылдары дұрыс өнім ала алмаған бірқатар шаруақожалық иелері биыл қорқақтап, егін екпей қалыпты. Міне осы орайда,деген мақалы еріксіз есіме түсіп отырғаны. Айтайын дегенім, былтыр қымбат сатсам деген кәсіпкердің де арзан алсам деген халықтың да биыл Жаратқан дұғасын қабыл алып, егісті үйіп- төгіп бере салыпты.

Данияр Бек

(Созақ үні газетінің №43 15.06.2022ж басылымынан)

Leave a reply